Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау процедурасын қарастырайық. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыптарды аяқтаған кезде өткізіледі.
Бөлім бойынша жиынтық бағалаудың міндеті – оқушылардың ағымдағы оқу жетістігін, аралық нәтижелерін белгілеу. Оның нәтижесі бойынша білім алушыларға тоқсандық баға қою кезінде есепке алынатын балл қойылады. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын мұғалім оқу бағдарламасындағы өтілген материалдың күрделілік деңгейі мен мазмұнын есепке ала отырып құрастырады. Тапсырмалар оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес болуы тиіс.
Бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу алгоритмі келесі кезеңдерден тұрады: 1) оқу бағдарламасын, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша оқу мақсаттарын талдау;
2) жиынтық бағалауда тексерілетін оқу мақсаттарына сәйкес бағалау критерийлерін анықтау, оларды ойлау дағдыларының деңгейлерімен сәйкестендіру;
3) ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес келетін тексерілетін критерийлердің, оқу мақсаттарының мазмұнын қамтитын бір немесе бірнеше тапсырма дайындау;
4) әр тапсырмаға дескрипторлар құрастыру және балл белгілеу;
5) білім алушыларға, олардың ата-аналарына жиынтық бағалау нәтижелерін ұсыну үшін бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау рубрикасын құрастыру, бағалау критерийлеріне сәйкес деңгейлерлерді сипаттау.
Бөлім бойынша жиынтық бағалауға бөлінетін уақытты мұғалім берілген тапсырмалар мен оны орындауға кететін орташа уақытты есепке ала отырып жобалайды. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды сабақта 15-20 минут уақытқа есептеп жоспарлау ұсынылады.
Мұғалім бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың нәтижелеріне талдау жасайды. Бұл оқушыларға пайдалы кері байланыс беруге, сыныптың оқу жетістігі деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұғалім қажеттігіне қарай алдағы сабақ жоспарларын, тапсырмалар мен қалыптастырушы бағалау тәсілдерін, жиынтық бағалау тапсырмаларын қайта қарастыруы мүмкін.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауда орындалған жұмыстардың нәтижелері оқушыларға түсінікті болып, одан әрі білім алуға ынталандыруы қажет. Кері байланыс білім алушылардың қол жеткізген оқу жетістігінің деңгейі туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Бұл оқушылар мен ата аналарға оқушының әр бағалау критерийі аясындағы оқу жетістігін сипаттайтын рубрика түрінде беріледі.
Енді бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын әзірлеу алгоритмінің дескрипторлар құрастыру, балл анықтау қадамына тоқталайық.
Тапсырманы орындаудың әрбір қадамын сипаттайтын дескрипторларды құрастыруға ерекше назар аударуды ұсынамыз.
Өздеріңіз білетіндей, тапсырманы орындаудың қадамдарын сипаттайтын дескрипторлар мұғалімге оқушылардың осы тапсырманы орындау барысында нені түсінбегенін анықтауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұғалім өзінің оқу жоспарын жетілдіріп, оқу процесіне түзету енгізуі мүмкін.
Дескрипторлар қалыптастырушы бағалау мен бөлім бойынша жиынтық бағалау процесінде қолданылады.
Бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларында әрбір дескриптор 1 балмен бағаланады.
Дескрипторлар тапсырмамен қатар әзірленеді. Бұл тапсырманың, бағалаудың сенімділігі мен валидтілігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әртүрлі тапсырманы тексеруші мұғалімдердің объективті және дұрыс бағалауына көмектеседі.
Дескриптор құрастырғанда нені ескеру керек?
Дескриптор оқушының қиындықтарын анықтауға және оған кері байланыс ұсынуға көмектесуі қажет.
Дескрипторларды тұжырымдау кезінде «біледі», «түсінеді», «жасайды» сияқты сөздерді қолданбаған жөн. Мұндай сөздер бағалауда қиындық туғызады және тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты әрекетті сипаттамайды.
Ашық тапсырмаларға дескриптор құрастыру таңдалған орындау тәсілдерін сипаттаудан басталады. Бұдан әрі аралық әрекеттер мен алынған жауап сипатталады.
Мұғалім өз тәжірибесіне және кәсіби пайымдауына сүйене отырып, тапсырмаларды орындау кезінде қандай аралық қадамдарды бағалауы керектігін анықтайды.
Тапсырмалардың дескрипторлары бағалау кезінде мұғалімнің шешімі объективті болуы үшін анық, нақты болуы қажет. Бұл бағалау нәтижелері бойынша оқушылар мен олардың ата-аналарына сындарлы (конструктивті) кері байланыс ұсынуға мүмкіндік береді.
Осы материалды бекіту үшін Сіздерге практика бөлімде берілген тапсырмаларды орындауды ұсынамыз.
Енді тоқсан бойынша жиынтық бағалау процесінқарастырайық. Тоқсандық жиынтық бағалау тоқсан аяқталғанда оқушының оқу тоқсаны көлеміндегі жетістігін өлшейді, оқу бағдарламасы мазмұнындағы білім, дағды және түсінуге қатысты дәлелдеулерді ұсынады. Оның нәтижесінде тоқсандық қорытынды баға қою кезінде есепке алынатын балл қойылады.
Тоқсандық жиынтық бағалауда әр түрлі бақылау-тексеру жұмыстарын өткізу қарастырылады. Жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастырғанда оқушының түрлі ойлау дағдыларының деңгейін көрсететін деңгейлік тапсырмаларды қарастыру қажет. Тапсырмалар төменгі ойлау деңгейлерімен қатар тест спецификациясына сәйкес талдау, жинақтау және бағалау сияқты жоғары ойлау дағдыларын бағалауға мүмкіндік беретіндей әзірленеді.
Тоқсандық жиынтық бағалауды жоспарлау мен ұйымдастыру пәннің оқу бағдарламасы мен оқу жоспарларына сәйкес жүргізіледі. Тоқсандық жиынтық бағалауды жоспарлағанда алдымен тест спецификациясын, оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттарына шолу жасау керек.
Оқу пәндерінің күрделілік деңгейін есепке ала отырып, бір күнде үштен артық тоқсандық жиынтық бағалау өткізуге болмайды. Сондай-ақ бағалау жұмысы тоқсан аяқталатын соңғы күні өткізілмейді. Бір пәннен бөлім және тоқсан бойынша бағалау жұмыстары бір күнде өткізілмейді.
Тоқсандық жиынтық бағалау процесі пән бойынша тапсырмалар мен балл қою кестесінің үлгілері ұсынылған тоқсандық жиынтық бағалау спецификациясына сәйкес ұйымдастырылады.
Тоқсандық жиынтық бағалаудың спецификациясы бағалаудың мазмұнын, құрылымын анықтайтын келесі бөлімдерден тұрады:
ойлау дағдыларының деңгейіне байланысты тексерілетін мақсаттарды әр тоқсан бойынша бөлу;
тоқсандық жиынтық бағалауды өткізу ережесі;
тоқсандық жиынтық бағалауға шолу;
тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларының сипаттамасы;
тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларының үлгілері;
тапсырмалардың балл қою кестелері.
Әр мектеп өз бетінше тапсырмаларды құрастыруына болады. Бөлім және тоқсандық жинтық бағалау тапсырмаларын мектеп мұғалімдерінің өздері құрастырады.
Тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру спецификацияға сәйкес бір параллель бойынша барлық сыныптарда бірыңғай талаптар негізінде жүзеге асырылады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды бағалау үшін мұғалім сараланған, жеке тапсырмаларды дайындап, қолданады.
Тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары әр түрлі болуы мүмкін, мысалы:
шығармашылық сипаттағы тапсырмалар, практикалық тапсырмалар, зерттеу тапсырмалары, жобалар, эссе және т. б.;
Тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын әзірлегенде пәннің сынып бойынша дайындалған спецификациядағы «Жиынтық бағалау тапсырмаларының сипаттамасы» кестесін басшылыққа алу керек. Мұнда оқу мақсаттары, бөлімге белгіленген балл мөлшері стандартталған, ал кестедегі жұлдызшамен белгіленген тапсырмалардың саны мен түрін, оқу мақсаттарына сәйкес балл мөлшерін мұғалім ыңғайына қарай өзгертуіне болады.
Тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру алгоритмінің келесі қадамдарын анықтауға болады:
оқу бағдарламасының ұзақ мерзімді жоспарына шолу жасау, талдау;
нақты тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларының сипаттамасына шолу;
тоқсандық жиынтық жұмыс нұсқаларын құрастыру;
тапсырмалардың балл қою кестесін құрастыру.
Сонымен, қорытындылайтын болсақ, тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмалары пәннің сынып бойынша дайындалған тоқсандық жиынтық бағалау спецификациясына сәйкес әзірленеді. Жиынтық жұмыс тапсырмаларын бағалау үшін оларға сәйкес балл қою кестесі құрастырылады.