Балл қою кестесін құрастыру кезінде нені ескеру керек? Балл қою кестесінде жауап үлгілерін дескриптор түрінде жазуға болмайды, себебі балл қою кестесінде тапсырманы орындау қадамдары емес, балл тағайындалған дұрыс (болжамды) жауап үлгілерін көрсету керек.
Балл қою кестесіндегі қосымша ақпарат әртүрлі маңызды ақпаратты қамтуы мүмкін, мысалы:
бірнеше балл берілетін тапсырмалар. Бұл жағдайда әр балл не үшін қойылатыны туралы нақты түсініктеме жазылады;
оқушының күтілетін жауабына қосымша анықтамалар;
қабылдауға болмайтын жауаптар;
дұрыс жауап ретінде қабылдануы мүмкін барлық балама (альтернативті) жауаптар.
Сонымен, қалыптастырушы және бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары үшін дескрипторлар құрастырылады. Ал тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларына балл қою кестесі құрастырылады.
Тоқсандық жиынтық бағалау нәтижелерін мұғалім оқушылардың оқу бағдарламасын, оқу мақсаттарын қаншалықты меңгергенін, қандай дағдыларды игергенін талдау үшін қолданады. Бұл ақпарат сондай-ақ, қалыптастырушы бағалау нәтижелері сияқты, мұғалімге алдағы іс-әрекетін жоспарлауға, оқыту тәжірибесін жетілдіруге көмектеседі.
Енді Сіздерге бағалауға арналған тапсырманы әзірлеу барысында ескеретін бірнеше ұсыныс: 1. Сыныпта меңгерілген материалды бағалаңыз.
2. Оқушылардан берілген дереккөздерге сүйеніп, дұрыс жауабы бар 1 немесе 2 тапсырма құрастыруды сұраңыз.
3. Жұмысты орындауға қанша уақыт қажет екенін анықтау үшін келесі ақпаратты қолданыңыз:
шындықты анықтау тапсырмасы үшін – 30 секунд;
көп таңдауы бар тапсырма үшін – 60 секунд;
қысқа жауапты қажет ететін тапсырма үшін – 120 секунд;
толық жауапты қажет ететін тапсырмаға/эссеге – 10-15 минут;
жұмысқа шолу жасау үшін – 5 - 10 минут.
4. Оқушылардың кем дегенде 50-70 пайызы жауап бере алатындай немесе күрделілігі орташа тақырыпты таңдаңыз.
Сапалы бағалау – жақсы құрастырылған бағалау құралдарымен қатар бағалау процедурасына қатысты түсіндірме жұмысын дұрыс жүргізумен де байланысты. Оқушылар бағалаудың мақсатын жақсы түсінуі және өздерінен не талап етілетінін білуі тиіс.
Cапалы бағалау арқылы оқушылардың үздік нәтижеге қол жеткізуіне Сіздің қосар үлесіңіз мол!
Сапалы тапсырмалар әзірлеу - сіздің қолыңызда!
Бағалау тапсырмаларын әзірлеу тәжірибеңізге сәттілік тілейміз!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: Негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау
бойынша нұсқаулық: Оқу-әдістемелік құрал. / О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциялауымен – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2016. - 54 б.
«Физика» пәні бойынша «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық.