Болмыс. Материя. Сана ұғымдары



бет5/5
Дата13.12.2021
өлшемі31,18 Kb.
#125722
1   2   3   4   5
Байланысты:
1 лекция

материяның түрлері: зат пен өріс, метагалактика мен биосфера. Материяның алуан түрлілігінің шексіздігін мынадай факті көрсетеді: материя тек зат түрінде ғана ( «элементарлық» бөлшектерден құралатын құм түйіршіктерінен бастап зор аспан денелеріне дейінгі айналамыздағы заттардың бәрі) емес, сонымен қатар өріс түрінде де (электромагнит өрісі, ядро өрісі, тартылыс өрісі) өмір сүреді. Материяның осы негізгі екі түрі өзара тығыз байланысты және өзара бір-біріне айналып тұруға қабілетті келеді.

XX ғ. 80-ші жылдарында материяның құрылымы осындай болып көрінеді: Метагалактика (оған галактикалар, макро-микро-денелер, молекулалар, атомдар, элементарлық бөлшектер жатады) және Биосфера (оған қоғам, биоценоз, көпклеткалық организмдер, клеткалар, ДНК, РНК жатады). Дәуір өткен сайын, адамның өндіріс қызметі жан-жақты күрделі процеске айналған сайын, адамдардың қызметтері сан алуан болып кетті. Материя туралы адамзаттың түсініктері заманына сай өзгере береді.

Материя үшін заттық форма оның негізі емес, негізгі форма - қозгалыс. Бұл қорытынды тек адамның дүние де болу формасына ғана емес, ол жалпы болмыстың барлық формаларына қатысты.

Материя үнемі қозғалыста болады. Болмыстың ішкі табиғаты - қозғалыс, Сондықтан да бұрынғы материалистер де мұны белгілі бір дәрежеде болжаған. Философияда көпойшылдар қозғалыссыз материя жоқ деген пікірге ойыстаған. Бірақ қозғалысты әртүрлі түсінген. Қозғалыс табиғаттағы, қоғамдағы барлық өзгерістерді түгел қамтиды. Қозғалыстың ішкі өзіне қарама-қарсы бір сәті - тыныштық. Тыныштық қозғалыстан бөлек, оған бөгде нәрсе емес. Тыныштық - қозғалыстың белгілі өткінші қалпы. Дәлірек айтсақ, тыныштық - қозғалыстың біршама, бір сәткі тұрақтылығы.

Материя қозғалыстың бір формасынан екіншісіне ауысып отырады. Бірақ ол денелер жерге қатынасында тыныштық қалпында. Қозғалыс негізгі себебі барлық тіршіліктің формалары шын мәнінде қозғалыс. Тіпті тыныштықтың өзі де - қозғалыс немесе қозғалыстың біршама тұрақты қалпы дедік. Сондықтан тыныштық относительдік (салыстырмалы) нәрсе. Тыныштық белгілі бір қатынаста ғана тыныштық, басқа барлық қатынастарда - қозғалыс. Материя қозғалысының негізгі формалары: механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық, әлеуметтік. Механикалық қозғалысқа әртүрлі денелердің кеңістіктегі орын ауыстыруы: аса ұсақ бөлшектердің қозғалысы, атомдар мен молекулалардың орын ауыстыруы кіреді. Физикалық өзгерістерге жылу процестері, ядро мен атомның ішінде болатын өзгерістер, «элементарлық» бөлшектердің өзара әрекеттері, т.б. кіреді. Қозғалыстың химиялық формасына атомдардын молекулалар болып қосылу және молекулалардың ыдырау процестері, заттардың органикалық және органикалық емес табиғатта болып жататын құралу және бұзылу процестері кіреді. Қозғалыстың биологиялық формасы дегеніміз - тіршіліктің алуан түрлі көріністері, тірі организмдердің өзара және өлі табиғатпен арадағы қарым-қатынастары. Қозғалыстың әлеуметтік (қоғамдық) формасы өндіріс саласындағы өзгерістерді, таптық және ұлттық қатынастарды қоса алғанда қоғамда болып жататын алуан түрлі процестердің материалдық және рухани мәдениеттің даму процестерін, қоғам мен табиғаттың өзара жасайтын әрекеттерін қамтиды.

Қозғалыстың жеке формалары жөніндегі көзқарастар ғылымның дамуына байланысты өзгеріп отыра бермек.Ол жеке ғылымдардың айналысатын мәселесі. Себебі философия материяны, онын формаларын ойлауға кеңірек алып ауқымды алғанда - адамға қатыссыз, одан оқшау алып зерттемейді дедік. Бұлай зерттеу жеке ғылымдардың міндеті. Қозғалыс табиғаттағы, қоғамдағы барлық өзгерістерді түгел қамтиды.

3. Материяның қозғалыстан шығатын келесі негізгі формалары - кеңістік пен уақыт. Қозғалыс өзін кеңістік пен уақыт формасында айқындайды. Олар қозғалыстың көріну формалары деуге болады немесе оның сыртқы өлшемдігі. Қозғалысты біз кеңістік пен уақыттың арақатынасы арқылы өлшей аламыз. Кеңістік – қозғалыстың әр сәттегі орналасу қалпы. Кеңістік пен уақыт материя қозғалысының сандық айқындығы. Кеңістік деген ұғым материялық объектілердің қатар өмір сүруін және олардың өзара орналасуын білдіреді. Оның өлшемдері: ұзындығы, ені, биіктігі. Бұл өлшем тек заттық формаға ғана тән емес, процестерге де тән.

Уақыт - қозғалыстың формалары мен құрамды бөліктерінің (не элементтердің) бір бірінен туындап ұласу формасы. Уақыт деген ұғым материялық процестердің бірінен соң бірінің кезектесіп келуін, заттар мен құбылыстардың өмір сүруінің ұзақтығын білдіреді. Уақыт заттың емес, тек процестің сипаты. Уақыттың айнымайтын белгілі бір бағыты болады. Ол өткеннен болашаққа қарай жылжиды және оның қайтып оралмаушылық қасиеті бар. Өткенді өзгертуге болмайды, өткенге қайта оралуға болмайды. Уақыт бір өлшемді.

Кеңістік пен уақыт адамдардың санасынан тәуелсіз өмір сүреді және материялық заттар мен құбылыстардың объективті қасиеттері мен қатынастарының жиынтығын білдіреді. Ғылым мен материализмнің тарихында қалыптасқан қағидалардың бірі: материя кеңістікте шексіз, уақыт жағынан мәңгі. Яғни материяның аяқталатын немесе таусылатын шегі жоқ. Материя таусылмайды. Адамдардың кеңістік және уақыт туралы түйсіктері мен сезімдері әлеуметтік-тарихи процестердің, тарихи дамудың ағымы, оның ішкі ырғақтарын әрі жасайды, әрі бейнелейді. Сондықтан кеңістік пен уақытты тек физикалық кеңістік және уақыт деп түсіну қате. Жеке адам санасы болсын, қоғамдық сана болсын ондағы кеңістік және уақыт туралы категория (ойлаудың формасы) әлеуметтік кеңістік, әлеуметтік уақыттың нәтижесі, Маркс экономикалық еңбектерінде әлеуметтік кеңістік жөнінде көп айтқан. Мысалы, тауарайналымының өрістеуі, оған сәйкес нарықтың кеңеюі туралы ұғымдар бар. Нарықтың кеңеюі ол географиялық, не территориялық кеңею емес. Сол бір территорияның ауқымында айырбас қатынастары жан-жақты өрістейді. Яғни физикалық кеңістік өзгермейді, бірақ соның көлемінде адамдар қатынастарының шеңбері кеңиді. Түпкі табиғаты бір болғандықтан, кеңістік пен уақыт бірінің функциясын екіншісі атқара алады. Бұл әсіресе даму процесінде, соның ішінде қоғамдық дамуда көзге түседі. Яғни, уақыт дамуда түрған кейбір құбылыстар үшін кеңістіктің рөлін атқарады. Адамның дамуы кеңістіктен гөрі уақыттың шеңберінде өрістейді. Адамдар, әрине, өздеріне дейінгі қалыптасқан табиғаттағы физикалық, т.б. кеңістік пен уақытты өз тәжірибесінде игереді әрі дамытады. Соның негізінде кеңістік пен уақыттың әлеуметтік формасын жасайды. Ол формалар да тарихи өзгеріп отырады.

Қазіргі жинақталған этнографиялық деректер, адамдар ойлауының әр замандағы ерекшеліктері туралы зерттеулер олардың кеңістік пен уақыт туралы ұғымдарының соншалықты сан алуан екендігін көрсетеді. Себебі әр заманда олардың әлеуметтік тәжірибесінің өзі бір-біріне ұқсамайды және соған сәйкес келетін кеңістік баскаша үйымдастырылып, уақыт та басқаша өтеді. Мысалы, көшпелі халықтарға киіз үй әлемнің моделі болған. Уақыттың өлшемі «көш» , «мүшелі» болған. Қазақ тіршілігінің негізгі түп қазығы кең дала, жазық жер. Ұлы Даланы Алтай, Тянь-Шань, Орал, Кавказ таулары қоршап тұр. Бұл шекара тауларда және одан әрі қарай жау бар деген түсінік халық санасына терең ұялаған. Алайда, эпостық кеңістіктегі тау, өзен сияқты кедергілерді, даланың шекараларын «басқанікі» деп түсіну өзгермелі болды. Әртүрлі тарихи қозғалыстар, этностардың белгілі бір территорияда қалыптасуы, олардың мекен-жайларын өзгертуі, басқа этностардың бұл территорияға енуі, т.б. осы сияқты процестер, «біздікі- өзгенікі» оппозициясын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Биік таулар этностың киелі жеріне, жаудан сақтанып, қуат алатын қасиетті мекендеріне, ал қала көшпелілердің туысқандары тұратын, тіршілік үшін қажетті заттар алатын тұрақ-жайға айналуы әбден мүмкін.

4. Дүниеде ең ғажап, керемет қүбылыс - адамның рухани дүниесі, сана, ой. Адамзат игілігіндегі барлық материалдык және рухани жетістіктер зәулім қүрылыстар, түрлі техникалық табыстар, өнер, дін, әдебиет, философия, ғылым - осылардың бәрі сол сананың құдіреті. Объективтік дүниеде сананың баламасы жоқ. Ол тек адамға ғана тән. Сонда сана дегеніміз не? Ол қайдан, қалай пайда болады? Сана - бейнеленудің қасиеті. Бейнелеу - жалпы материяның қасиеті. Бейнелеудің негізінде бір құбылыстың екінші құбылысқа, бір дененің екінші денеге тигізген әсерінің салдары жатыр. Сана да сол әсерінің нәтижесі. "Бүкіл материяның шын мәнінде түйсікке ұқсайтын қасиеті, - деп жазды В.И.Ленин, - бейнелену қасиеті. Бұл пікір тірі материя мен өлі материя арасында табиғи байланыс бар екенін көрсетеді. Бұдан келіп, ең жоғары бейнелену - сананың өзі де бірден пайда болмай, бірте-бірте дамудың нәтижесінде шыққанын көреміз. Өлі материяда бейнеленудің екі түрі кездеседі, бірі - изоморфизм, екіншісі - гомоморфизм. Изоморфизмде бейнеленетін объект пен оның бейнесі арасында айнымас ұқсастық болады. Мәселен, нақты ұшақ пен онын кішкентай моделі. Ал гомоморфизм дегеніміз - бейнеленетін объект пен оның бейнесі арасындағы ұқсастық дәлме-дәл емес, жоба түрінде болатыны. Мәселен, жер бедерінің картадағы көрінісі.

Материяның түрлі құрылымдық даму дәрежесіне сәйкес бейнеленуі де әр түрлі болып келеді. Материяда ондай бейнелеудің негізінде зат, дене бірте бірте мүжіліп, үгітіліп, бара-бара жойылып бітеді. Ал тірі материяда ондай әсерге белсенді түрде бейімделу пайда болады. Мысалы, өсімдіктердің жарыққа созылып, күнге бой тартуы. Бейнеленудің ең жоғары түрі тіршілікке, өмірге байланысты биологиялық формасы. Ал енді тіршілік өмірдегі бейнелену формалары қандай? Ол да түрліше. Ең алғашқы қарапайым бейнеленуге тітіркену жатады. Ол барлық тірі организмдерге тән құбылыс. Орталық жүйке жүйесі бар организмде ол рефлекс тудырады.



Адам миына сыртқы дүниедегі түрліше ақпараттар қалай келеді? Ол сезім мүшелері арқылы қабылданады. Адамда бес түрлі сезім мүшелері бар: көру, есту, иіскеу, дәм, сезу, яғни, тері түйсігі. Бес сезім мүшесі арқылы келген хабарды сезімдік бейнелеу дейміз. Сезім мүшелері адам миын сыртқы дүниемен байланыстырушы. Ол сезімдік формасы омыртқалы жануарларда да бар. Бірақ олардың түйсігі өз тіршілігіне сәйкес сыңаржақ дамиды,яғни өзіне қажеттіні ғана қабылдайды. Ал адам сана, тіл арқылы өзінің сезім мүшелерінің мүмкіндіктерін жан-жақты дамытады. Ол сезім мүшелерін ақылға билетеді. Адамға микроскоп, телескоп, сейсмографсияқты құралдар көмекке келеді. Сөйтіп, адам сезім мүшелері арқылы заттың қасиеттерін біледі. Бірақ заттың қасиеті әртүрлі болады. Затты бүтіндей, толық білу үшін оның қасиеттерін жан-жакты танып, тусіну кажет, Ол үшін таным-түйсіктен бірте-бірте ойлауға көтеріледі. Сана өзінің шығуы жағынан екінші. Бірақ сана енжар өмес, белсенді, пәрменді рөлі бар құбылыс. Сонымен, адам миы түрлі түйсіктер арқылы келетін мәліметтерді орталық жүйке жүйесі қабылдап оны қорытады, белгілі ой тұжырымдарын жасайды. Сана қалай пайда болды деген сұраққа жауап біреу ғана: ол түйсік мүшелер арқылы объективті шындықты бейнелендіріп, оларды қорыту арқылы пайда болады. Оған түйсік, қабылдау, ойлау сияқты негізгі элементтердің жиынтығы кіреді.

Сана дүниені бейнелеп қана қоймайды, сонымен қатар оны өзгертеді, қолдан жасайды. Сана ең жоғары ұйымдасқан материя - мидық функциясы ретінде бірден пайда болған жоқ. Ол талай дәуірден өтті. Сана адам миы қызметінің жемісі. Бірақ ми жан жануарларда да бар, Ал сана тек адам миының ғана жемісі. Оның пайда болуы екі факторға байланысты: бірі - еңбек, екіншісі - тіл. Адам санасы оның еңбек ету процесінде пайда болып, дамыды. Еңбек - еңбек құралын жасаудан, басқаша айтқанда, белгілі мақсатқа жетуде алғашқы адамдардың тасты қашап одан кесуге болатын, не соғуға болатын құрал жасаудан басталады. Ондай құралды табиғат жасамайды, табиғат заттарын өңдеп, адам жасайды. Ол бір. Екіншіден, сол еңбектенген адамдар бір-бірімен түсінісу үшін тіл керек болды. Тіл де бірден пайда болған жоқ. Оның алдында түрлі дыбыс, қимыл-әрекеттермен алғашқы адамдар бір-бірімен ұғысқан. Сана тілмен бір бірге дамиды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет