Оның құрамына пепсин, химозин, липаза ферменттері, сондай-ақ тұз қышқылы мен шырыш жатады.
Дамуы
Асқазан, құрсақ ішілік дамудың 4-ші аптасында пайда болады. Ал екінші айдың кезінде оның барлық негізгі бөлімдері қалыптасады. Асқазанның бірқабатты призмалық эпителийі ішек түтігінің энтодермасынан жетіледі. Асқазан шұқырлары ұрықтың дамуының 6-10-шы аптасынды түзіледі, ал бездер асқазан шұңқырларының табанында бүршіктер түрінде пайда болады, қарқынды өсе келіп, одан әрі шырышты қабықшаның меншікті табақшасында орналасады. Ең әуелі оларда – париетальдық жасушалар, одан соң – басты және шырышты жасушалар қалыптасады. Дәл осы кезде (6-7 апта) мезенхимадан алдымен – бұлшық етті қабықшаның айналмалы қабаты, содан кейін – шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы дамып шығады. 13-14 аптада бұлшық етті қабықшаның сыртқы бойлай және сәл кейінірек ішкі қиғаш қабаты түзіледі.
Құрылысы
Асқазанның қабырғасы шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшық етті және сірі қабықшадан тұрады. Асқазанның шырышты қабықшасының беті онда үш түрлі түзілім: қатпарлардың, алаңдардың және шұңқыршалардың болуының салдарынан тегіс емес. Асқазан қатпарлары шырышты қабықшадан және шырыш асты негізден құралады. Асқазан алаңдары шырышты қабықшаның өзара атыздар (жыралар) арқылы бөлектенген аймақтары болып келеді. Асқазан мен шұңқыршалардың шырышты қабықшасының бетін жауып тұрған эпителий – бір қабатты призмалық. Бұл эпителийдің өзгешелігі – оның бездік сипатында, асқазанның барлық үстіңгі эпителиоциттері үнемі мукоидты (шырыш тәрізді) секрет бөледі. Ол ас түйіршіктерінің механикалық әсерінен ғана емес, сонымен бірге асқазан сөлінің химиялық ықпалынан қорғайды.