65
соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға
«Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халық
бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.
Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық
жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап
тұрды. Халық жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, Түркістан
қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. Осындай қарсылықтарды
ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жәнібек, Малайсары және т.б.
халық батырлары болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр қатысты.
Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалақ
өзендерінің ағысын өзгертуге шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз
еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана әбден әлсіреген халық қаланы
жауға беруге мәжбүр болады. Тек қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың
ұйымдасқан қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша қазақтар
шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен.
Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да қазақ жеріне
шабуылы жиіледі. Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға
ұйымдасқан тойтарыс берді. Осынау қиын-қыстау кезде халық сұлтандар мен ру
басыларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра бастады. Қазақ
жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек,
Әйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан
басталды. Бұл жылы негізгі әскери қақтығыстар Орталық және Батыс Қазақстан
территориясында болды. Бұл қақтығыстарда Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты
қимылдады. Әбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл
жылдары Әбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 жылы
Әбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың соны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып
алған жерлерін азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен
тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ
сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы Садырбұлақ
өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр
тауына қуып тығып, жойып жіберді.
Мәшһүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан қайтып келе жатқан
Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жәнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында
жоңғарларды талқандады делінеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен
кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды.
Бұл шайқаста Әбілқайыр ханның, батырлар Тама Есет, Тама Жантай, Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер
«Қалмаққырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы
ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті.
1726-27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат етуде қазақ руларының
басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы бағытта Кіші жүз ханы Әбілқайыр белсенділік
танытты. 1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз
өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары - Әбілқайыр,
Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер,
батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен
қуу мәселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп
шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мәселенің бірі – бүкіл қазақ жасағының
қобасшысын сайлау туралы мәселе болды. Ордабысында Әбілқайыр хан бас қолбасшы
болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы
Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ
халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады.
А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды.
66
1727 жылдың жаз айларында үш жүздің біріккен қолы әскери дайындықтан өтіп, қару-
жарақты жетілдірумен, дайындаумен айналысты. Әбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып
алып, әскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі тағайындаған.
Сонымен бірге әскери барлау ісіне үлкен мән берілді. Күзде Сарыарқа даласындадағы
Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп
аталады. Осы маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарамолда
деген жерде болды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс тапты. Кейіннен шайқас болған
аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ
күреске жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында
бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Әбілқайыр хан және Бөгенбай батырдың басшылығымен
Қаракерей Қабанбай, ошақты Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жәнібек, тама Есет,
Малайсары, тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы қазақтардың
ерлігі туралы мәліметтер М. Тынышпаевтың, А.И. Левшиннің, А. Диваевтың еңбектерінде
айтылады. Үмбетай, Ақтамберді, Тәттіқара, Бұқар, Көтеш тағы басқа жыраулардың
жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары жан-жақты сипатталған.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор
шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-
батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға
созылды. Бұл шайқастың болған орны М. Тынышпаевтың, А. Диваевтың зерттеулерінде
нақты сипатталған. 1997 жылы Қазақстанның халық жазушысы Ә. Кекілбаев пен тарихшы
М. Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді.
Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына
да үлкен мән берілді. Балқаш көлінің оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты
(Сұмқайтты) өзені, қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Әбілқайыр сайы
бар. Ал халық ауыз әдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай жеңілген деген мәлімет бар.
Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп
табылды.
1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз,
Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ
әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық
басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жәнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей
Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай және т.б. Мыңдықтар
құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын
Әбілмәмбет хан,
Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды.
Әскердің оң қанатын
Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды.
Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар
басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да
бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың әскерінің саны да 28-30 мың
болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы,
атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-
жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе-
жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын
көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр)
Абылай есіміне ие болды.
Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей
Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек,
Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың
алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар
өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен
таныс тәжірибелі ерлер еді. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған қазақ билерінің жалынды
ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын