5. Компьютерде сегіздік және он алтылық санау жүйелері неліктен қолданылады?
Компьютерлерге ыңғайлы екілік жүйе адамдар үшін ыңғайсыз, оның разрядтары жылдам көбейеді және арифметикасы да басқаша.
Ондық сандарды екілік жүйеге және керісінше түрлендіруді машина орындайды. Компьютерді толық пайдалану үшін машина сөздерін түсіне білу қажет. Міне осы мақсатта сегіздік және он алтылық жүйелер қолданылады. Бұл жүйедегі сандар ондық сандарға ұқсас, ал екілік жүйеге қарағанда үш (сегіздік) және төрт (он алтылық) есе аз разрядтар санын қажет етеді, өйткені 8 бен 16 – екінің үшінші және төртінші дәрежелері.
Сегіздік санау жүйесіндегі программаның командаларының жазылуы екілік санаумен салыстырғанда үш есе қысқа болады.
Он алтылық санау жүйесі де сегіздік санау жүйесі сияқты программаларды құрған кезде командаларды қысқа әрі ыңғайлы түрде көрсету үшін қолданылады.
Сегіздік және он алтылық сандар екілік жүйеге өте жеңіл түрленеді: олардың әрбір цифрын соларға сәйкес екілік триадамен (үш цифрмен) немесе тетрадамен (төрт цифрмен) алмастыру жеткілікті.
Санды екілік жүйеден сегіздік немесе он алтылық жүйеге көшіру үшін сол санды үтірден оңға және солға қарай триадаларға (сегіздік) немесе тетрадаларға (он алтылық) бөліп, әрбір топты соған сәйкес сегіздік (он алтылық) цифрмен алмастыру керек.