1.11.3 Орманның тұқыммен жаңаруына әсер ететiн факторлар. Орман қордасы оның қалыңдығына, тығыздығына, құрамына, шiру және топырақты жабу дәрежесiне қарай тұқымдардың өсiп-өнуiне және өскіндердің тамырлануына елеулi әсер етедi.
Өскiннiң өсу және даму табыстылығы едәуiр мөлшерде шөп және бұта жамылғысына, сондай-ақ, ағаш түрлерінің биологиялық ерекшелiктерiне, олардың арақатынастарына, биотикалық және абиотикалық себептерге байланысты болады.
Бiр климаттық орман-өсiмдiк аймағы шегiнде өскiннiң өсiп, дамуына топырақтың құнарлылығы мен ылғалдылығы, температура жағдайы, жарықтың түсуі, жауын-шашынның мөлшерi мен жиiлiгi, сондай-ақ, физиологиялық, биофизикалық, биохимиялық және механикалық жағдайлары көп әсер етедi.
Орман шымылдығы астындағы өскiннiң саны мен сапасы сүрекдiң жасына, тегiне, құрамына, пішініне, өнiмдiлiгi мен түйісуіне, орман мен орман-өсiмдiк жағдайы түрiне, аналық сүрекдiң тегiне, құрамына, жасына, орман қабырғасының және кесiлген жердiң жарыққа бағытталуы мен қашықтығына байланысты болады.
Орманның жаңаруына үсiк пен күннің ыстығы, топырақтың шектен тыс құрғауы мен артық ылғалдылығы, тығыздануы мен шайылуы, оның шымдануы, зиянкестермен, аурулармен, жануарлармен зақымдануы терiс әсерiн тигiзедi.
Достарыңызбен бөлісу: |