1.11.5 Орманның вегетациялық және тұқым арқылы жаңару артықшылықтары мен кемшiлiктерi. Орманның вегетациялық және тұқыммен жаңаруы орман өскен ауданның экологиялық жағдайына және ағаш түрлерінің биологиялық ерекшеліктеріне байланысты болады.
Тұқыммен жаңару артықшылықтары:
1) үлкен өмiршеңдiгi;
2) шiрiкпен зақымдануының аздығы;
3) сүрегiнiң жоғары техникалық сапасы;
4) iрi мөлшерлi және іске жарамды сүректiң шығым пайызының жоғарылығы;
Оның кемшiлiктерi:
1) тұқымды жылдар кезеңдiлiгi;
2) жаңару кезеңiнiң ұзақтығы;
3) алғашқы жылдары баяу өсуi;
4) табиғи жаңаруға ықпал ету үшін қосымша шығын қажеттiгi.
Вегетациялық жаңару артықшылықтары:
1) алғашқы жылдары жылдам өсуi;
2) орманның жаңа ұрпағын шығару үшін қосымша шығын талап етпейдi;
3) тұқыммен көбеюге қарағанда, аналық ағаштардың бағалы белгiлерi мен қасиеттерi ұрпағына жақсы берiледi.
Оның кемшiлiктерi:
1) өмiршеңдiгiнің қысқа болуы;
2) шiрiкпен көп зақымдануы;
3) сүрегiнiң техникалық сапасының бiршама төмендiгi;
4) iрi мөлшерлi және іске жарамды сүректiң шығым пайызының аз болуы;
5) аналық ағаштың қажетсiз белгiлерiнiң ұрпағына берiлуi.
Орман шымылдығы астында және кесiлген жерлерде табиғи жаңару табыстылығын бағалау үшiн арнайы шкалалар (орман орналастыру ережелері, И.Д.Юркевич, Б.Д.Жилкин, Д.С.Голод) қолданылады.
Сұрақтар
1. Орманның тұқыммен табиғи жаңаруының түсінігін айтып беріңіз.
2. Орманның алғашқы, ілеспелі және кейінгі жаңаруы дегеніміз не?
3. Орманның тұқыммен табиғи жаңаруына қандай әсер ететін жағдайлар бар?
4. Қазақстандағы негізгі орман түзуші ағаш түрлерінің гүлдеу, тұқымдарының пісу мен жерге түсу уақытын сипаттаңыз.
5. Ағаштар мен сүрекдіңдердің жеміс беруін зерттеу және есептеу тәсілдерін айтып беріңіз.
6. Орманның жаңаруына тірі топырақ жамылғысы мен орман қордасының рөлі қандай?
7. Ағаш түрлерінің қандай вегетациялық жаңару түрлері бар?
8. Орманның тұқыммен және вегетациялық жаңаруының маңызы неде?
Достарыңызбен бөлісу: |