1.5.3 Ағаш түрлерінің жарық сүйгiштiгi және оның сыртқы белгiлерi. Ағаш түрлерінің жарық сүйгiштiгiн ағаштың және сүрекдiңнiң сыртқы белгiлерi бойынша анықтайды.
Оларға жататындар:
– ағаш желегінің тығыздығы және селдiрлiгi – селдiр желекті ағаш түрлері тығыздылармен салыстырғанда жарық сүйгiштеу келедi. Бiрiншiге, мысалы, мыналар жатады: қайың, қарағай, балқарағай, екiншi топқа, шырша, шамшат, майқарағай.
– ағаш желегінің ұзындығы – едәуiр ұзын желекті ағаш түрлері (майқарағай, шырша) көлеңкеге төзiмдiлер болып саналса, ал қысқа желектілер (қайың, терек) жарық сүйгiштер болып табылады.
– ағаш қабығының қалыңдығы – көлеңкеге төзiмдi ағаш түрлері – шырша, майқарағай, шамшат – жұқа қабықты болса, жарық сүйгiштер – қарағай, балқарағай – қалың қабықты болып келедi.
- өсу жылдамдығы – жарық сүйгiш ағаш түрлері, әдетте, баяу өсетiн көлеңкеге төзiмдiлерге қарағанда тез өседi.
– дiңдердiң бұтақшалардан тазару жылдамдығы – жарық сүйгiш ағаш түрлерінде дiңдердiң бұтақшалардан тазаруы жылдам жүретiндiгi анықталған.
- табиғи сиреудiң жылдамдығы – жарық сүйгiш ағаш түрлерінен құралған сүрекдiңдердiң жасына қарай табиғи сиреуi, көлеңкеге төзiмділерден жылдамырақ жүредi;
- қалың сүрекдiң шымылдығы астындағы өскiннiң шығымының өсу қарқыны мен ұзақтық дәрежесi – жарық сүйгiш ағаш түрлерінің өскiндерi көлеңкеде тез жойылады, көлеңкеге төзiмділердің өскіндері басылыңқы жағдайда болса да ұзақ уақыт өмiр сүредi;
- орман шымылдығы астындағы топырақтың жарықтану дәрежесі– жарық сүйгiштерде ол жоғары болса, ал көлеңкеге төзiмділерде аз болады. Аумағы бойынша ағаштар саны бiрдей болғанымен жарықтану дәрежесiнiң айырмасы 80-90 пайызға жетедi;
- жапырақтардың қалың болуы – ағаш желегі қалың, көлеңкеге төзiмді ағаш түрлерінде ғана жапырақтар бiр-бiрiн көлеңкелеуге төзе алатын қабiлетi болғандықтан, осы ағаш түрінің желегі неғұрлым қою болса, ол көлеңкеге көп төзiмді келедi.
Достарыңызбен бөлісу: |