1.8.7 Егін қорғайтын орман жолақтары. Ол – аңызақ желдердiң өнiм мөлшерiне зиянды әсерiн азайту, су режимiн жақсарту және топырақ жамылғысының жоюлу қаупінің алдын алу (топырақты орып, шайып және үрлеп кету) үшiн жасалған, енi 10-60 метрлік жасанды қорғаныш орман алқа ағаштары болып табылады. Жасалуы бойынша жолақтар былай жіктеледі:
а) тығыз – жапырақтанған кезде жолақтарға тiгiнен және ұзынынан қарағанда жарық саңылаулары болмайды;
б) селдiр – екi, үш және одан көп сатылы (қабатты) орман жолағы, бiрақ тығыздығы аз;
в) жел өтетiндер – бiр сатылы (қабатты) ағаштар, желегі қалың қабатты және орман астары болмайды.
Дұрыс құрастырылып жасалған орман жолақтар жүйесі ағаш биіктігінен 25-30 есе артық қашықтықтан бастап, желдің жылдамдығын азайтады.
Көп жылғы тәжiрибе деректерi бойынша, орман жолақтары арасында орналасқан учаскелердегi астық өнімдерi ашық даладағыдан орташа есеппен 20-25 пайыз, ал құрғақшылық жылдары бiрнеше есе көп болып келедi.
Сұрақтар
1. Атмосфера және ауа құрамын атаңыз.
2. Ауаны ластайтындарды атаңыз.
3. Фитонцидтік дәрежесі бойынша ағаш-бұта түрлері қалай бөлінеді?
4. Көмірқышқыл газы мен оттегінің маңызын айтып беріңіз.
5. Ауа құрамындағы көмірқышқыл газының ауытқуы қандай?
6. Ауадағы көмірқышқыл газы мөлшерін реттеу әдістері қандай?
7. Орман және фитонцидтер дегеніміз не?
8. Ауадағы зиянды қоспалар және олардың орманға әсері қандай?
9. Ағаш түрлерінің зиянды газдарға қатынасын атаңыз.
10. Орманның газға төзімділігін арттыру жолдары қандай?
11. Орманның шаң-тозаңды тоқтату және сіңіру әсерінің ерекшеліктерін атаңыз.
12. Жел дегеніміз не?
13. Желдің орманға тиімді және кері әсері қандай?
14. Желдің ағаштың тамыр жүйесіне және топырақтың ауа режиміне әсері қандай?
15. Орманның желге әсері қандай?
16. Желдің әсеріне төзімді ағаш түрлерін атаңыз, олардың төзімділігінің себебі неде?
17. Сүрекдің құрамының, пішінінің және жасының орман ішіндегі, орман сыртындағы жел жылдамдығын төмендетуге әсері қандай?
18. Егін қорғайтын орман жолақтары дегеніміз не және олар не үшін жасалады?
19. Егін қорғайтын және қорғаныш орман жолақтарының шаруашылық маңызы қандай?
20. Ағаштардың тамыр жүйесіне және топырақтың ауа режиміне әсері қандай?
Тапсырма
Жылына 1 адамды оттегінің оптималды нормасымен (400 кг) қамтамасыз ету үшін 0,1-0,3 га алқа ағаш болуы тиіс. Өндірістік қалаларда ауаның газдану әсерін ескеретін болсақ, фотосинтездің қуаты 10 есе азаяды. Оттегімен қамтамасыз ету үшін қаланың 1 тұрғынына және тұрғын саны 1 млн болатын қалаға минимум қанша алқа ағаш ауданы (S) қажет екендігін есептеңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |