1.9.4 Орманның топыраққа әсерi. Орманның топыраққа әсерi негiзiнен орман қордасы арқылы көрiнiс табады, олар жапырақ, қылқан, бүршiк, тұқым, бұтақ, қабық қалдықтарынан, қурай бастаған тiрi жер жамылғысын құраған бөлiктерден құралып отырады. Топырақ қордасы өз тарапынан топырақтың су және жылу режиміне әсер етедi.
Орман қордасының немесе қара шiрiгiнiң негiзгi үш түрiн ажыратады:
1) мулль – жалпақ жапырақты ағаш пен бұта қалдықтарының тез шiритiн жұмсақ, борпылдақ қордасы. Азот және күл тәрiздi заттарға бай.
2) модер – қалыңдығы 3-5 см қарашiрiктiң аралық түрi. Жалпақ жапырақты ағаштар немесе аралас қылқанды-жапырақты сүрекдiңдер астында пайда болады. Түрлi дәрежеде шiрiген үш қабаттан тұрады. Реакциясы әлсіз қышқылды, сүрекдiң мен топырақ арасындағы зат алмасу баяу жүредi.
3) мор – қатқыл қорда. Ол негiзiнен қылқан жапырақты алқа ағаштарда оттегi жетіспеушілігінен пайда болады, баяу шiритiн үш қабаттан тұрады.
Әлсіз қышқылды қарашiрiнді құрайтын ағаш түрлері топырақты жақсартатындар (шаған, үйеңкi, қандыағаш, қайың, майқарағай), ал күштi қышқылды, қатқыл қарашiрiнді беретiн ағаш түрлері (майқарағай, шырша, қарағай) топырақты нашарлататындар деп аталады.
Ағаш түрлерін осылай бөлу тым шартты, себебi олардың топыраққа әсерi, негізінен топырақтың өзiне, климатқа және ағаш түрлерінің араласуына байланысты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |