11.2 Тәрбие міндеттері мен қызметтері
Тәрбие педагогикада бірнеше қырларымен танылған:
– әлеуметтік мағынада – бұл аға буын жинақтаған тәжірибені жас ұрпақ өкілдеріне өткізу. Тәжірибе дегеніміз – адамзаттың өз тарихи даму барысында жасаған рухани мұрасы, дәлірек айтсақ : адамдарға белгілі болған білімдер, ептіліктер, ойлау тәсілдері, құқықтық, адамгершілік және т.б. нормалар.
– педагогикалық мағынада – бұл тәрбиеленушіге ықпал жасау үшін ұйымдастырылған арнайы іс-әрекет, тұлға қалыптастыруға бағытталған мақсатты процесс.
Тәрбие қоғамдық талаптарға сәйкес болуы міндетті. Егер қоғам құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатса, ендеше ондағы адам тәрбиесі адамгершілік, азаматтық заңдар мен қылық-әрекет нормалары рухында жүріп жатуы қажетті. Жалпы адамзаттық құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын ескерумен бірге әлеуметтік ортаның кездейсоқ та, мақсатты бағытта да әсер, ықпал жасайтынын естен шығармаған жөн.
Қазіргі заман тәрбиесі гуманистік негізде болып, тұлғаның әлеуметтік-мәдени (өмір және әрекет-қылық кейпін таңдау және іске асыру), даралықты (тұлғаның өзіндік қалыптасуы), жауапкерлікті қатынас (құндылықтар таңдау) бағыттарында дамуына орайласады. Мұндай тәрбие технологиялық
икемшілдігіменен (адамның қабылдау және психологиялық даму заңдылықтарына сай орындалады), көңіл-күйге сәйкестігімен (көңіл-күй тәжірибесін қалыптастырады), сұхбаттастығымен (екінші біреуге ұсыну үшін емес, өз меншікті тәжірибесін құрастыру үшін), жағдайға орай орындалуымен (негізгі құралы – тәрбиелік жағдай), болашаққа бағытталуымен (дамудағы тұлғаға арналады) ерекшеленеді.
Сонымен, тәрбие – бұл жалпы, ортақ міндеттерді іске асыру барысында мұғалім мен оқушының ықпалдасты әрекеттерін қамтамасыз етуші арнайы ұйымдастырылған тәрбиелік жүйе жағдайында мақсаты тұлға қалыптастыру болған әлеуметтік процесс.
Берілген анықтаманың мазмұндық құрылымына зер салайық:
«мақсаты тұлға қалыптастыру болған әлеуметтік процесс» мәні- процесс нақты мақсаты болғанда ғана тәрбие деп аталуы мүмкін.
«әлеуметтік процесс» мәні – тәрбие әрқашан адамды ұнамды өзгеріске келтіруші көптеген қоғамдық іс-әрекеттердің арнайы түрі.
«тұлға қалыптастыру» мәні – бұл тәрбиеге басқарым, оны іске асыруға жағдай жасау, тәрбиелік іс-әрекеттерді ұйымдастыру (зорлау, әкімшіл ықпал мүлде болмауы тиіс). Қалыптастыру екі өзара байланыстан тұрады: педагогикалық қызмет және тәрбиеленушінің жауап іс-әрекеті.
«арнайы ұйымдастырылған тәрбиелік жүйе» мәні: неліктен жүйе? Себебі практикалық іс-әрекет процесінде қандай да жалғыз әдіс, тәсіл, жоба қолданумен шектелуге болмайды. Бұлардың бәрі өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып, жетілдіретін болса ғана, оқу нәтижесі тиімді болады.
«тәрбиелеуші мен тәрбиеленушінің ықпалдасты әрекеттері» мәні – тәрбие процесі кері байланысқа міндетті түрде негізделуі тиіс, ол болмаған жағдайда мұғалім қызметінің нәтижесі жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес.
Тәрбие процесінде ықпалдасты іс-әрекеттердің арқасында тәрбиеленуші ұсынылған ұйымдастырылып, белгілі тәжірибені игереді. Осыдан, тәрбиелеушінің басты міндеті – оқушыны көргенін, оқығанын қайталап, оларды өз бойына сіңіріп, өзінің меншікті әрекеті ретінде қайта жаңғырта алатындай оқу жұмыстарына қосудың жолдарын табу. Сонымен, тәрбие- бұл әрқилы іс-әрекет түрлерін ұйымдастыру процесі. Тәрбие теориясында мұндай бағыт тұлғалық- іс-әрекеттік атауын алған. Оның мәні: адам барша әлеуметтік тәжірибеден өзіне табиғаты жағынан жақын, әрі қызықтысын таңдайды.
Тұлғалық – іс-әрекеттік бағыттың негізгі мазмұндық бірліктері төмендегідей:
сан қилы тұлғааралық қатынастардың бәрінің негізі – ортақтасу (общение):
іс-әрекет барысында тұлға дамуына басшылық жасау;
тұлға дамуы мен әлеуметтенуі. Гуманистік педагогикада тәрбие –көзделген мақсатқа жеткізуші тәрбиелеуші мен тәрбиеленуші арасындағы тиімді қызметтестік процесі.
Мақсат –адамның қол жеткізуі тиіс нәтижені саналық деңгейде алдын-ала ниеттеуі.
Тәрбие мұраттарын анықтауда жаңа жағдайлар мен жаңа қоғамға икемдескен адам мұраты арқау етіледі. Тәрбие мазмұны, формасы, әдістері – бәрі де мақсатқа тәуелді. Тәрбие мақсатын түсінуден оны іске асырудың технологияларын
таңдауға жол ашылады. Жан-жақты әрі үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу мақсаты ҚР «Білім туралы» Заңында бекітілген.
Оның баптары:
тәрбие процесінің мазмұнын анықтайды;
тәрбие нәтижесінің шарттарын белгілейді;
педагог қызметінің өлшемдері ретінде қызмет етеді;
тәрбие жүйесін толықтай айқындайды.
Тәрбие мақсаттары жалпы (барша адамдарға арналған) және даралықты (жеке адамға арналған) болып бөлінеді.
Тәрбие мақсатын белгілеуде жекеленген іс-әрекеттердің ғана емес, бүкіл оқу– тәрбие процесінің де бірлік элементі ретінде психологиялық-педагогикалық диагностика маңызды роль атқарады. Осыдан, тұлғаны зерттеудің әрқилы әдістерін білу және олар негізінде тұлға мен ұжымды зерттеудің бағдарламаларын түзе алу қажеттіктері туындайды.
Бір тәрбиелік жүйеде әрдайым бір тәрбие мақсаты көзделеді, ал мақсатқа орай орындалатын міндеттер (жалпы не нақты) көптеген болуы мүмкін. Тәрбие мақсаттары қоғамның даму қажеттерімен айқындалып, әлеуметтік және техникалық прогреске, қоғам, ересектер мен балалардың мүмкіндіктеріне тәуелді келеді. Тәрбиелік іс-әрекет нәтижесінде көрініс беретін көкейкесті мақсаттар : әр адамның даралықты дамуы және оның әлеуметтенуі, ал бұл өз кезегінде ақыл-ес, адамгершілік, әсемдік (эстетикалық), азаматтық, еңбектік және тән-дене тәрбиесі міндеттерінің орындалуымен анықталады.
Тәрбие міндеттерінің шешімі тұлға мәдениеттілігінің негізін қалайды
Достарыңызбен бөлісу: |