Дефектология – педагогикалық ғылым саласы
Дефектология (лат. Defectus - кемістік, грек. logos - сөз, ілім) педагогикалық ғылымның саласына жатады. Кемістігі бар балалардың психо-физиологиялық ерекшеліктерін, оларды тәрбиелеудің және оқытудың ерекшеліктерін зерттейді.
Дефектология ғылымы таным саласы ретінде денесінде және психикасында кемістігі бар балаларды және оларды оқыту мен тәрбиелеу мәселесімен шұғылданады. Дефектология бірқатар дербес салаларды біріктіреді, олар есту қабілетінің кемістігі бар балаларды оқытып, тәрбиелеу мәселелерімен шұғылданатын - сурдопедагогика; көру кемістігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу - тифлопедагогика; ақыл-ойында кемістігі бар балаларды оқытып және тәрбиелейтін - олигофренопедагогика; тіл мүкістігі бар балаларды зерттеп, түзету мәселесімен айналысатын - логопедия. Дефектологияның құрамына кемістігі бар балалардың психологиялық ерекшеліктерін зерттейтін арнайы психология да кіреді. Дефектология ғылыми зерттеудің түрлі әдістерін пайдалана отырып, кемістігі бар балалардың өсу заңдылықтарын зерттеп оларды тәрбиелеу және оқыту жүйесін негіздейді және жетілдіреді.
Дефектологияның негізгі міндеттері:
1) Түрлі кемістіктері бар балалардың дене және психикалық дамуының обьективті заңдылықтары мен ерекшеліктерін терең жан-жақты клиникалық-физиологиялық, психологиялық, педагогикалық зерттеу. Оның құрамына: кемістіктің негізі мен құрылымын және түрлі ауытқуы бар балалардың коррекциялық компенсаторлық мүмкіндіктерін анықтау; нақтылы оқыту және тәрбиелеуді ұйымдастыру үшін, кемістігі бар балаларды педагогикалық іріктеу мәселелерін шешу; кемістігі бар балаларды тауып, есепке алу.
3) Кемістігі бар балаларға арналған арнайы мекемелерді ұйымдастырып, дамытудың принциптерін жасау және негіздеу.
4) Кемістігі бар балаларға арналған мекемелердегі оқу - тәрбиелеу процесінің мақсаттарын, ережелерінің мағынасы мен әдістерін анықтау.
5) Балаларда кемістікті болдырмаудың алдын-ала профилактикалық шаралар жүйесін жасау.
6) Кемістігі бар тұлғаларды дамытудың алуан кезеңдерінде қоғамға араластыру процесін арттыру.
Педагог - дефектологтың алдына қазіргі уақытта төмендегідей міндеттер жүктеліп отыр:
Оқушыға білім беру.
Жалпы білім беретін пәндер арқылы оқу дағдысын еңбек пәнімен байланыстырып қолдану.
Жағымды мінез-құлық қалыптастыру: айналадағы адамдарға қайырымды болуға, махаббатқа, еңбекті сүюге, әлеуметтік бейімделуге үйрету.
Бұл міндеттерді негізге ала отырып, психологиялық, педагогикалық түзету жұмыстары мынадай принциптерге сүйенеді:
баланы жан-жақты, жеке тұлға ретінде зерттеу;
шаршағандығын ескеру;
оқу дағдыларын ойын түрінде ұйымдастыру және ойын арқылы тапсырмаларды орындау, кеңістікте бағдарлау және т.б.;
мектеп өміріне, тәрбие сағаттарына қатыстыру;
оқытуды арнайы әдістемелер арқылы ұйымдастыру;
оқушының жылдық психодиагностикалық деңгейін бақылау.
Тиімді жұмыс атқару үшін маман өзінің пәніндегі әртүрлі әдіс-тәсілдерді білуі, оқушылармен қарым-қатынаста болуы қажет. Осы мәселелерді әрдайым сабақта, сабақтан тыс уақытта, белгілі бір мақсатта емес әр түрлі жағдайларда қолданып отыру, атқарылған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Жоғарыда көрсетілген кемістіктерді ескере отырып «Ерекше білім беруді қажет ететін бастауыш сынып оқушыларына арналған түзете-дамыту бағдарламасы» атты тақырыпта авторлық бағдарлама құрастырдым. Авторлық бағдарлама ерекше білім беруді қажет ететін бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс жасауға арналған. Мектепке қабылданған мүмкіндігі шектеулі балаларда бас миы қызметінің дамымауымен қатар, психикалық және тұлғалық қасиеттерінің жеңіл және ауыр түрде бұзылуы кездесуі мүмкін. Аталған балалармен мақсатты түрде түзете-дамыту жұмысын жүргізу қажет. Мұндай балалар ақыл-ой қабілетінің деңгейі, кемістіктің түрімен бір-бірінен ерекшеленеді. Балаларда қоршаған ортаға әртүрлі бейімделуі, моториканың әртүрлі деңгейде дамуы және эмоциялық көріністердің сипаты кездеседі.
Осы санаттағы балаларды оқыту және тәрбиелеу кезінде балалардың жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктері ескеріледі. Оқытудың әдістері мен тәсілдерін, әр түрлі қызмет түрлерін, баланың ақыл-ойы мен жеке қасиеттерін ескере отырып жасалынады.
Түзету жұмысы ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың оқу, танымдық қабілеттерін түзету мен дамытуға ықпал ету жүйесі болып табылады. Жүргізілген диагностика мен алынған нәтижелер негізінде, сонымен қатар баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып түзету жұмысын құруға негіз болатын басым бағыттар бөлінеді.
Бағдарламаның мақсаты: оқушылардың оқу қабілетін, танымдық іс-әрекетін дамытудағы кемшіліктерді түзету.
Бағдарламаның міндеті:
жағымды тәрбиелік қасиеттерді қалыптастыру;
эмоциялық стрессті жою, психикалық процестерді түзету (есте сақтау, зейін, даму, ойлау, қиял), сөйлеуді дамыту.
Бағдарламаның ерекшелігі: есте сақтау қабілеті мен сөйлеу тілін дамытуға арналған мнемокестелерді пайдалану.
Күтілетін нәтиже: берілген бағдарлама бойынша жаттығулардың курсын өткен бала танымдық қабілеті дамиды.
- бейнелі және сөздік-логикалық есте сақтаудың көлемі ұлғаяды;
- есте сақтаудың тәсілдері қалыптасады;
- мағыналы есте сақтаудың даму деңгейі жоғарылайды;
- тапсырма орындауда дербестілік қалыптасады;
- зейіні дамиды (тұрақтанады, шоғырланады, зейін көлем ұлғаяды);
- қабылдауы мен қиялы дамиды (есту және көру арқылы қабылдау);
- сөйлеу тілі дамиды (оқу мен жазу).
Қорытып айтқанда, тәрбиелеу-оқыту үдерісінде оқушы, педагог пен ата-ананың тығыз байланысы нәтижесінде адамгершілік тәрбие алады, зияткерлігі, құзыреттілігі дамиды, зейіні, байқағыштығы шоғырланып, тіл байлығы, сөздік қоры дамиды, жеке тұлға болып қалыптасады, ой-өрісі кеңейеді, жан-жақты дамиды.
Қазіргі кезде қоғам дарынды қабілетті адамдарды қажет етеді. Жеке тұлғаның өсуіне психологиялық-педагогикалық жағдай жасай отырып, өз ортасында және өзге ұжымда өзін еркін сезіне алуға тәрбиелеу, өзіне-өзі сенімді, жауапкершілік қасиетті сіңірген тұлға ретінде қалыптастыру жатады.
Уақыт түсінігін қалыптастыру, Кеңістікте жазу
Достарыңызбен бөлісу: |