Дәріс 1 Жыраулық поэзиясының даму жолдары Дәрістің мақсаты


Дәріс 3 Қазтуған жыраудың өмірі, шығармашылығы



бет2/5
Дата31.01.2018
өлшемі0,87 Mb.
#36551
1   2   3   4   5

Дәріс 3 Қазтуған жыраудың өмірі, шығармашылығы 
Дәрістің мақсаты:Қазтуған жыраудың өмірін,шығармашылығының зерттелуін

толық игерту.



Тірек сөздер:Жырау,эпик ақын,шайыр,алдаспан. 

Дәрістің жоспары:1.Қазтуған жыраудың өмірінен мәлімет.Жыраудың

көшпенділер аристократиясынан шыққандығы. Туып өскен

жері туралы.

2.Қазтуған жыраудың қолбасы батыр болған деген аңыздың

шындыққа жақындығы.

3.Мұрат ақын, Мұрын жыраулар жырлаған «Қазтуған»,

«Қарға бойлы Қазтуған» атты толғау-поэмалары

туралы. 

4.Қазтуғанның нәзік лирик, әрі ірі эпик, жорық жырауы

болғандығы.

5.Қазтуғанға дейінгі жыраулардың аты жеткенмен,

толғауларының жетпегені туралы, аз болса да ұлы жырау

шығармаларының бір кішкене үзігінің бізге жеткені

жайында. 


6.Қазтуған жырларының маңызы. Қиял байлығы, суреттеу

шеберлігі, таза ұлттық рух, ұлттық тіл тазалығы.

7. Қазтуған толғаулары-орта ғасырлық әдебиеттің алтын

мұрасы-жыраулықтың тамаша үлгісі екендігі.

Алтын Орда заманындағы ноғайлы-қазақ дәуірі әдебиетінің ірі өкілі Қазтуған жырау. Ноғайлы аталып, артынан бір-бірінен бөлініп кеткен түбі бір, тілі бір түркі тектес тайпалардың, шынтуайтқа келгенде, сол кезде жеке халық болып қалыптасқан қазақтардың бай әдебиеті, ақын-жыраулар поэзиясының бастауында тұрған үлкен эпик. Оның шығармалары бүгінгі уақытқа толық жеткен жоқ, көбі мүлде ұмыт қалса, қолда бары, баспа бетін көріп келе жатқандары үзінді күйінде ғана ақын мұрасынан азды-көпті мағлұмат береді. Қазтуған жыраудың өлеңдері алғаш рет Ғабдолла Мұштақ құрастырған «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында (Орынбор, 1912) жарияланса, кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1971), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1984), «Ұлы арман» (1990), Ленинградтан тұнғыш рет орыс тілінде жарық көрген «Поэты Казахстана» (1978), «Поэты пяти веков» (Алматы, 1994) жинақтарында, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясында (1993) басылды. Жырау өмірі мен шығармашылығы туралы азды-көпті болсын С. Сейфуллин, М. Мағауин, Ә. Дербісәлин, Қ. Сыдиықов, X. Сүйіншәлиев, Ж. Тілепов сияқты белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар қалам тербеді.

Қазтуған XV ғасырда өмір сүрген ноғайлы батыры, би әрі ақын-жырауы екені анық. Алайда, ол туралы деректер өте жұтаң. Сол себепті де жоғарыда аталған ғалымдар жырау туралы азды-көпті жазды деуіміз де осыған саяды. Бұған дейін XIX ғасырдағы көрнекті қазақ ақыны Мұрат Мөңкеұлының «Қазтуған» толғауында айтқандай, Қазтуған жыраудың қонысы «Жайықтың күнбатыс шетіндегі Нарын, Қабыршақты, Қаралау деген жерлер екен» деген жалғыз ғана мәліметке сүйеніп келдік. Жау жағадан алып, қысылтаяң кез туған шақта Қазтуған елін аман сақтап қалу мақсатында жұртты бастап Еділ, Жайықтан Қазақстанның күншығыс жағына ауған деседі. Оның басты себебі – талай құтты қоныс болған туған жердің жайсыз мекенге айналып, ел бірлігінін қожырай бастауынан болса керек. Ел қамын ойлап, халық мұңын жоқтаған Қазтуғандай жаужүрек батыр, қол бастаған басшы жұртын соңына ерте білді, елінің болашағын тереңнен толғанып, оны аман-есен сақтай алуды перзенттік парыз деп білді.

Қазтуғанның ақындық қуатын танып, жыраулық жыр жолдарын биікке көтерген шығармалары санаулы ғана. «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Бұдырайған екі шекелі», «Белгілі биік көк сеңгір» деп басталып, бүгінгі ұрпаққа сақталып жеткен үш жырының өзі оның үлкен эпик ақын болғанын дәлелдейді.

Қазтуған жырларындағы шоқтығы биік шығарма – оның туған жермен қоштасу жыры.

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұл Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт…

деген, адамды елжіретер түйдек-түйдек сөз тізбектері, жыр жолдары арқылы туған жерінен еріксіз үдере көшкен ел көрінісі көз алдымызға келеді.

Қазтуғанның Еділ өзенін жағалап, Ақтұба, Бозан бойын жайлаған қазақ, ноғай тайпаларының рубасы, көсемі, қолбасшысы, әрі атақты батыры болғаны мардымсыз тарихи аңыздар арқылы белгілі. Осы қоштасу өлеңі оның XV ғасырдың екінші жартысында өз қарамағындағы руларды бастап Еділден еріксіз ауып, Қазақ мемлекеті құрамына өткенінен сыр шертеді.

Салп-салпыншақ анау үш өзен,

Салуалы менің ордам қонған жер,

Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер…

Шиыршық атып, шымырқанған тебіреністен туған бұл теңеулер батыр жыраудың туған жерге сағынышын, шексіз махаббатын білдіріп, ақындық қиял ұшқырлығы мен өршіл романтикалық шығармашылық шеберлігін дәлелдей түседі.

Қазтуған жырларында оның ақындық ерлігі мен шырқау биігін көрсетер тұс – ол жырды кім шығарғанын нақтылы дәлелдейтін:

Бұлт болған Айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған, –

деген жолдар арқылы қазақтың ноғайлы дәуіріндегі төл әдебиетінің жаңа белесінің бір қырын аңғартады. Өз шығармаларын ауызша шығарып таратқан Қазтуған сияқты дүлдүл жырау өз есімін жырларында ерекше атап өту арқылы авторлығына дау тудырмайтын амалды сол заманда-ақ білдіргендей.

Бұл – сол кезде жеке жыраулардың, батырлардың сөзі үлгісінде туған ноғайлы дәуіріндегі толғау ретіндегі ерлік, батырлық жырдың алғашқы нұсқасы, яғни оған «қазіргі ноғай, қарақалпақ қазақ т.б. халықтардың тарихи кезеңге, уақытқа телінген ауызекі поэзиясының үлгісі деп қарау керек».

Соңғы жылдары осы мәселеге байланысты, қазақпен етене бауырлас, түбі де, тілі де бір ноғай, қарақалпақ халықтары әдебиеттанушы ғалымдарының зерттеулерінде Қазтуған жырау өз ұлтының өкілі, туған әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлға ретінде бағаланып, дәріптеліп келеді, Бұл орайда Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауының ноғайлар арасына кең тараған нұсқалары «Ноғай жырлары» (Астрахан, 1912), «Шолпан» (Черкесск, 1969) жинақтарында жарияланып, «Ноғайлар» атты көлемді ғылыми зерттеуде ноғай әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде жырау шығармашылығы арнайы сөз болды. Сол сияқты, қарақалпақ ғалымы К. Мәмбетов өз зерттеуінде Қазтуған жырауды қарақалпақ әдебиетінің ірі өкілі ретінде қарастырады.

Қазтуған – ноғайлы дәуірінен тілі де, ділі де, ұлттық, салт-дәстүрлері де бір болып келген қазақ, қарақалпақ ноғай халықтарына ортақ тұлға. Сол себепті де Қазтуғанды бауырлас осы үш ұлттың төл әдебиетінің бастауында тұрған ортақ ақын-жырау ретінде бағаласақ ақылға сыяды.

«Бұдырайған екі шекелі…» деп басталатын толғау-өлең – жыраудың өзіне дейінгі ақындық сөз өнерінен алған үлгі-өнеге негізінде өмірге келген жыр. Көлемі жағынан аз ғана осы жыр үзіндісінің өзі Қазтуғаннан кейінгі ақындар мен жыраулар шығармашылығына үлкен ықпал етті, нақыл, тақпақ, мақал-мәтел үлгісіндегі жыраудың терең толғанысты ой үрдістері қазақ поэзиясына үлкен таусылмас қазына болды.

«Бұдырайған екі шекелі…» толғауы жыраулық поэзиядағы басқа толғаулардан оқшауланып тұратын көркемдік өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Жырау өзін таныстыру монологы арқылы шағын толғауға қаймықпас қайсар «мұздай үлкен көбелі» батыр, «қойдың көсемі» іспетті елін соңына ерте білер басшы, халықты аузына қаратып, қара қылды қақ жарғызатын ділмар шешеннің жиынтық бейнесін сыйғыза білген. Мұның өзі жыраудың жай ғана қарапайым адам емес, жеке басы бірнеше өнерді меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін аңғартса керек.

Осы толғаудағы «бұдырайған екі шекелі», «мұздай үлкен көбелі», «айдаса қойдың көсемі» және т. б. сөз тіркестеріндегі ойнақы, асқақ теңеулер жырға шырай келтіріп, соны көркемдік ізденіс, тапқыр да айшықты ой иірімдерін байқатады. «Ұстаса қашағанның ұзын құрығы» деген бір жолдың өзі ғана көшпелі дала өмірін көз алдымызға әкеліп, буырқанған бұла күш иесіне теңеген көркемдік ерекшелікті аңғартады.

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы.

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан, –

деген осы толғаудағы көркем сөз өрнегі кестеленген жыр жолдары – бейнесі ұлғая түскен метафоралардан құралып, үнемі үдей түскен кең үрдісті де күрделі эпитет жасайды. Сонау орта ғасырларда орныққан бұл көркем сөз үлгілері өзінің сол қалпындағы нақышты қасиетін қазіргі қазақ поэзиясына дарытып, сақтап келгені Қазтуған жасаған өлең өрнектерінің өлместігін білдірсе керек.

Қазтуғанның «Алаң да алаң, алан жұрт» деп басталатын толғауы да жыраулық поэзияның көркемдік қуаты жағынан шебер жасалған үлгілерінің бірі.

Ақын шығармалары көлемі жағынан шағын болып келгенімен, негізгі тұспалдар ойы, ішкі мазмұнынан ерлік рухы, батырлыққа тән қасиеттер анық сезіліп, жыраулық поэзияның айшықты ерекшеліктерімен бедерленеді. Бұл жырларда бір ғана жырау атымен сақталып келген жыраулық үрдістегі поэзияның нағыз қаһармандық үні, жауға қарсы қаймықпас атой салған батырлық лебі басым.

Шығармаларының мазмұндылығы мен әлеуметтік салмағы жағынан алғанда, «Қазтуған толғаулары қазақ халқының халық боп құрыла бастау тұсындағы жайлы қоныс, жақсы мекен іздеу мәселелерінің сол алыс замандағы жаңғырығы, поэзия өмірінде сақталған шағын ескерткіш үлгісі тәрізді кейінгі дәуірге жетті. Бұлар өз дәуірі мен шығарушысы жайында кішкентай болса да елес, ұғым бере алса, поэзия эволюциясындағы белгілі бір кезеңнің көркемдік дүниетанымы тарапынан нышан таныта алса, өз міндетін артығымен орындағаны болып саналады».

Қорыта айтқанда, Қазтуған Сүйінішұлы Сыпыра жырау негізін салған көнеден келе жатқан толғау жанрының дамуына үлкен үлес қосты, жауынгер ақынның дала поэзиясына тән өр рухты, дауылпаз үнді, асқақ қанатты сөздерге толы, көркем тіркестерге бай жырлары қазақ әдебиеті тарихында өшпестей із қалдырды....... 


Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Қазтуғанды біз тек жырау деп қана танимыз ба?

2.Қазтуғанға артта қалған ұрпақтарынан

кімдер жыр арнаған?

3.Қазтуған жырларының маңызы неде?


Дәріс 4 ШӘЛГЕЗ (ШАЛКИІЗ) ЖЫРАУ 

Дәрістің мақсаты:Шалкиіздің қазақ әдебиетінің тарихындағы өзгеше құбылыс, «феномен» екендігін,оның шығармашылығының зерттелуін толық меңгерту. 

Тірек сөздер:Пәлсапа, феномен, толғау, қағбам, араб торымт.б. 

Дәрістің жоспары:1. Шалкиіздің өмірі, шығармашылығына тоқталу.

2. Өмір сүрген уақытын зерттеуші ғалымдардың әр түрлі

топшылаулары.

3.Оның батыр қолбасы болуы жайындағы тарихи

әңгімелерге тоқталу.

4.Шалкиіз шығармаларының ерте кезде жарық көруі.

5.Жыраулар ішінде оның тұңғыш рет орысшаға

аударылуы.

6.Ақын шығармашылығының төңкерістен кейін көп

жылдар 

бойы партиялық талап пен саясаттың назарына

іліккендігі.

7.Шалкиіздің жыраулар ішінде еңсесі биік, шыққан шыңы

жоғары екендігіне, Шалкиіздің көмейінен күмбірлеген

жыр төгілген классикалық дәрежедегі жырау

болғандығына тоқталу.

8.Шалкиіз–қазақ әдебиетіндегі философиялық,

дидактикалық, афористік толғаулардың көш басшысы.

9.Қазақ әдебиеті тарихындағы оның алатың орны. 
XV ғасырда өмір сүрген көрнекті жыраулардың бірі – Шәлгез (Шалкиіз). Оның шығармалары қазақ ноғай, қарақалпақ халықтары арасына кең тараған. Біздің қолымызда бар деректерге қарағанда Шәлгез шығармаларының алғаш қағаз бетіне түсуі XIX ғасырдың екінші жартысы. Бұған дәлел – жырау өлеңдерінің 1874 жылы жазылған «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» дейтін көне дәптерде кездесуі.

Бұл дәптерде қазақ, ноғай әдебиетінің көне дәуіріне қатысты көптеген жыраулар мұрасы (Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез, т.б.) мен «Орақ», «Мамай», «Әділ сұлтан» сияқты жырлар бар. Ноғай, құмық ауыз әдебиетін тұңғыш жинап бастырушы құмық ақыны Могомед Османов (1840-1904) құрастырып жариялаған «Ноғай уа құмық шиғырлары» (Санкт-Петербург, 1883) деген жинақтың ноғай, құмық жырлары бөліміндегі көптеген өлеңдер Үпі (Уфа) дәптеріндегі шығармаларға өте сәйкес келеді. М. Османов жинағындағы өлеңдер мен қолжазба дәптердегі жырлардың ұқсастығы ғылым үшін мәнді деректер берері хақ. Дәптердегі жазуларға қарағанда жырларды көшіруші Дәулетмырза да, дәптер иесі Ибрагим Шейхали сияқты. М. Османов жинағының бір арнасы осы дәптер ме? Әлде Дәулетмырза М. Османов жинаған материалдардан көшірді ме? Немесе М. Османов пен дәптер иесі құмық ағартушысы Ибрагим Шейхали екеуі де бұл материалды ел арасынан қатар жинады ма? Қалай болғанда да осы дәптердегі мұралар – қазақ, ноғай әдебиетінің көне дәуірінен көптеген мәлімет беретін қымбат қазына. Аталған дәптерде Шәлгездің «Арық хан…». «Қатынасы биік күлләрден», «Боз үстінә от яккан», «Әжікам сен Мансұрұлы Токусан», «Ғизмәт иям би Темір», «Менің иям би Темірдің тұсында» деп басталатын алты өлеңі бар. Бір ғасыр бұрын қағаз бетіне түскен бұл мәтіндерде кейінгі басылымдарға қарағанда сол дәуірдің жазу стилі мол сақталған. Алайда, мәтінде елеулі алшақтық жоқтың қасы.

Шәлгездің «Аспанды бұлт құрсайды», «Қарабас құспен шалдырып» деп басталатын көлемді толғаулары алғаш рет 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества» жинағында жарық көрді. Бұл жинақта би Темірге айтқан екі толғауы («Аспанды бұлт құрсайды», «Қарабас құспен шалдырып») бір-тұтас, жалғас жарияланған. Араб әрпіндегі қазақша мәтіні мен орысша мәтіні қатар, салыстырыла берілген. Аталмыш толғаулардың күні бүгінге дейінгі басылымдарының ішіндегі ең толық нұсқасы – осы жинақтағы мәтіндер. Аталған жинақтағы Шәлгез толғауларының И. Н. Распопов аударған орысша мәтіндері 1885 жылы екінші рет басылып, кейбір кітаптар мен мерзімді баспасөз беттерінде жариялана бастайды.

Шәлгез жыраудың өнегелік мәні зор өміршең толғаулары ағартушы Ы. Алтынсарин хрестоматиясынан да елеулі орын алғанын көреміз. Алтынсарин Шәлгездің «Би Темірге айтқаны» («Аспанды бұлт құрсайды») толғауын ағартушылық мақсатына орай өзінше тақырып қойып, «Тобылғының берігі», «Бостаны барды теректің», «Айдынға шүйсең тарлан шүй», «Бар күшіңді сынамай», «Жақсы да келер бұ көпке» деп басталатын шумақтарын қысқартып, кейбір шумақтарын ғана жариялаған. Алтынсарин хрестоматия кәрі құлақ ересек адамдарға емес, жас балаларға арналғандықтан, солардың ұғымына қарай толғауға «Бір ханға бір бидің жамандардан қорлық көргенде айтқан сөзі» деген жалпылама, жеңілдеу тақырып қойып, «Ау, хан ием, хан ием» деген алғашқы жолын өз жанынан қосқан, кейбір сөздерін өзгертіп қолданған. Мысалы, Шәлгез толғауындағы «Аспанды бұлт құрсайды» – Ы. Алтынсаринде «Айды бұлт құрсайды» немесе «Сұлтан ием, сен менің бармай тапқан қағбамсың» – Ы. Алтынсарин хрестоматиясында «Тақсыр, менің бір күнде, сен бармай тапқан кебемсің» болып келеді......



Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Шалкиіз шығармалары қай тілге аударылған?

2.Шалкиіз қажылық сапардан кімді, неге алып

қалды?

3.Шалкиіз шығармасын зерттеген кімдер?



Дәріс 5 ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы 
Дәрістің мақсаты:Доспамбет туралы аңыз әңгіелердің орыстың ұлы

ғалымдарына белгілі болғаны жайында,Доспамбет

шығармаларының зерттелуін толық меңгерту. 

Тірек сөздер:Азау,шаһар,аймадет,шаһид,Стамбул,Дешті Қыпшақ т.б. 

Дәрістің жоспары: 1.Доспамбет туралы аңыз-әңгімелердің В.Радлов сияқты ірі

ғалымдарға белгілі болғаны.

2.Доспамбет шығармаларының «Шайыр, яки қазақ

ақындарының басты жырлары» кітаптарында жарық

көруі туралы

3.М.Османовтың 1883 ж. баспадан шыққан «Ноғай уа

құмық шиғырлары», Радловтың 1896 ж. «образцы

народной литературы тюркских племен» еңбектерінде жариялануы

туралы тоқталу.

4.1967 ж. «Ертедегі әдебиет нұсқалары», 1971 ж.

«Алдаспан»,1982 ж. «Бес ғасыр жырлайды»

еңбектерінде басылған Доспамбет шығармаларын,

алдында басылған еңбектердегі шығармаларымен

салыстыру.

5.Доспамбет шығармаларының тілі, толғауларының

маңызына, өзіне арналған жырларына тоқталу.

Жыраулық поэзия туралы сөз қозғағанда,ноғайлы дәуіріндегі әдебиет мұраларына біржақты қарап,оның ірі өкілдерін қазақ, қарақалпақ, ноғайдың әрқайсысына еншілеп келдік. Ал, шын мәнінде, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жырларын «төрде басы, төскейде малы бір болған», түбі бір туысқан, тілі етене жақын осы халықтардың төл шығармалары дегеннен гөрі ортақ туындылар деп таныған жөн болар еді. Мұның өзіндік тарихи сыры бар: Еділ мен Жайық арасын ноғайлар мен «қара бөріктілер» (қарақалпақтар), осы өңір мен оған жапсарлас Сарыарқаны қазақтар жайлап, аралас-құралас отырған бауырлас үш халықтың әдебиеті бір арнадан тарады да, XV-XVI ғасырларда бұл халықтардың ара-жігі соншалықты ашылған жоқ. Үш халық ішінде бәріне ортақ ру аттарының кездесуі де осы туыстық төркінінен болар.

Сол себепті де ауылы аралас, қойы қоралас, тілі бір, тіпті әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі де бір үш халық арасында Асан қайғы, Қазтуған, IIIалкиіз, Доспамбет аттары бірдей таралып, қазақ, қарақалпақ ноғайға ортақ тұлғалар болып танылған. Сондықтан да алғаш рет көрнекті қазақ ақыны Ғұмар Қараш «Ғабдолла Мұштақ» деген бүркеншік есіммен құрастырып, 1910 жылы Орынборда шығарған «Шаир, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында олардың жырларын жариялады да, бұл кейін жыраулар шығармаларының белгілі жазушы-ғалым М. Мағауин құрастырған «Алдаспан» (1971). «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989) жинақтарында, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясында (1993) жарық көруіне негіз болды. Сонымен бірге Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз шығармалары ноғай әдебиетінің өкілі ретінде М. Османов құрастырған «Ноғай уа құмық шиғырлары» (СПб, 1883), А. Жәнібеков құрастырған «Ауыл поэзиясы иа де ноғай әдебиеті» (Мақашқала, 1935), «Яшав сокпаклары» (Черкесск, 1979) жинақтарына еніп, А. Сикалиевтің «Сынап қарап, сырласып...» атты зерттеуінде (Черкесск, 1975) олар ноғай ақындары ретінде, ал К. Мәмбетовтың Нөкісте шыққан «Әмудария» журналында жарияланған мақаласында (1972. № 9) қарақалпақ жыраулары ретінде зерттеледі.

Қазақ, қарақалпақ және ноғай халықтары бірге өмір сүрген кез жыраулық поэзияның алтын дәуірі болды. Сол себепті де бөле-жаратын ештеңе жоқ екенін айта келіп, «бұл сипаттас біраз сөз үлгілеріне қазақ, ноғай, қарақалпақ, т. б. халықтардың ортақ еншілігі бар мұра ретінде қарау керек» деген Қ. Өмірәлиев пікірі мен бұл нұсқаларды осы халықтарға ортақ туындылар деп тану қажеттігін айтқан Р. Сыздықова ойын толық қостаған дұрыс.

Үш халық құраған «ноғайлы цикліндегі» әдебиетте үшеуінің де еншісі бар. Осы дәуірге тән жыраулар поэзиясы қазақ әдебиетінде кең арнамен дамыды да, ата-қоныс жер үшін, атамекен ел үшін «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қан төгіп, «ақтабан шұбырынды» заманын бастан кешкен халқымыз өлең-жыр өзегін кейінгі ұрпақтарға аман-есен жеткізді. Ғасырлар қойнауынан үзік күйінде болсын жеткен сондай асыл мұраның бірі – қазақ пен ноғайға да, қарақалпаққа да ортақ Доспамбет жырлары.

Қазақ халқының өз атымен өмір сүруі XV ғасырдың орта шені десек, осы кезден басталатын қазақтың төл әдебиетіне өзіндік үлес қосқан, сол замандағы әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында болып, ерлігімен де, өрлігімен де, хас батырлығымен де, өр рухты жырларымен де ел құрметіне бөленген көрнекті ақын-жыраудың бірі – Доспамбет жырау.

Доспамбет – тарихи тұлға. Ноғайлының атақты биі Мамайдың заманында, яғни XVI ғасырдың орта тұсында Азов теңізі түбінде өз алдына жеке ел болған Азаулы ноғайлыларының басшысы, ел қорғаны, қол бастаған батыры немесе Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағасы. Жырау өз есіміне Аймадет деген сөзді қосып айтады. Бұл жөнінде қарақалпақ ғалымы К. Мәмбетов Аймадет пен Доспамбетті екі батыр деп қарастырады, ноғай әдебиетінде Доспамбет Азаулы деген сөз тіркесімен ғана шектеледі. Аймадет пен Доспамбеттің бір адам екендігі туралы М. Мағауин: «Бұл оның руының не тайпасының аты болса керек... Ноғай тайпалары кейде өздерінің билерінің немесе мекен еткен жерлерінің атымен де атала береді екен. Әрине, ондай тайпалардың біраз уақыт өткен соң есімін өзгертуіне тура келеді. «Аймадет» те сондай атаулардың бірі болуға тиіс» деп, дәлелді пікір айтады. Қазақта да ру аты-мен қосақтап айтылатын Албан Асан, Әбубәкір Кердері, т. б. ақындар біршама. Сондықтан да Аймадет Доспамбеттің бір кісі екенінде еш күмән жоқ.

Жыраудың бүгінге жеткен мұрасы аз ғана – бар-жоғы 160 жолдың көлемінде. Осы жыр үзінділерінің өзіне қарап оның шығармаларының тікелей жорық үстінде, ұрыс майданында туғанына көзіміз жетеді. Себебі, оның қазір қолда бар шағын толғауларында жырау өмірімен қоштасар алдындағы адам кейпінде өткен дәуренінің мән-мағынасы туралы терең тебіреніп ой қозғайды.

Жаралы жауынгер-жыраудың көркем бейнеленген шұрайлы тіл арқылы өткен өмірімен қимай қоштасуы, ішкі қайғы мен өкініштің ақтарылып шыққан зарлы мұңы, кейінгі ұрпаққа арнай сөйлеген жыр-аманаты елес береді. Солай болғанмен де, оның жырларындағы басты қазық – ақынның туған жеріне, еліне деген ыстық махаббаты, ынта-сезімі. Бұл қасиетті ұғым жолында туған жерін жаудан қорғау – жырау үшін басты азаматтық парыз. Сол себепті де ол жауынгерлік жорық жолдарын тебірене еске алып, жырға қосады.

Доспамбет жырлары – майдан, ұрыс кезеңінің жылнамасы іспетті. Оның жырларында ел үшін, жер үшін айқас, жаралы жыраудың өлім мен өмір арасында қиналған арпалысты сәттері ерекше әсер қалдырып, жорық кезіндегі қайсар қылықтарымен өршелене жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді. Бұл жырлар – қазақтың қаһармандық поэзиясының нағыз бастапқы қайнар бастаулары.

Доспамбет поэзиясына тән үлкен бір ерекшелік – оның өлең-толғауларындағы айтылған ой қазақ мақал-мәтелдерімен астасып, ішкі мағынасы жағынан болсын, сыртқы айтылу түрі, ұйқасы, салыстыру өзгешеліктері жағынан болсын үндесіп, қоғамдық құбылыс жөнінде нақтылы сөз өрнегімен беріледі.

Арғымаққа оқ тиді

Қыл мықынның түбінен,

Аймадетке оқ тиді

Отыз екі омыртқаның буынынан.

Зырлап аққан қара қан

Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.

Сақ етер тиді саныма,

Сақсырым толды қаныма, –

деген жыр жолдарында көшпенділер дәуіріндегі еліне жан жүрегімен берілген нағыз батыр жыраудың, ер ақынның бейнесі зерделенген.

Доспамбет жырларында айшықты көркем теңеулер, сырлы суреттер, өрнекті ойлар, образды символдар көп кездеседі. Мысалы:

Туған айдай нұрланып,

Дулыға кидім, өкінбен, –

деген жолдарда жай ғана салыстыру, құбылыс мәнін ашу мақсат етілмеген. Бұл үзіндіде, керісінше, нақтылы зат, құбылысқа айқын ой, бедерлі бояу, маңызды мазмұн беру байқалады.

Жырау толғауларында батырдың жорық пен майдандағы басты серігі – ат пен жылқы маңызына ерекше мән берілген. Халқымыздың сол замандағы басты байлығының бірі, ер қанаты – жылқыны үстірт сөзбен суреттемейді, керісінше, жауынгер жырау мінер арғымақты мінсе – көлік, шапса – тұлпар, ішсе – сусын ретінде қараған, ел тағдырымен етене құбылыс ретінде таныған.

Арыстандай екі бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес...

Торы төбел ат мініп,

Той тойлаған өкінбес, –

деген жыр жолдары осы ойды айқындай түседі.

Қасиетті өзен Жайық бойы ежелден тұнған тарих болса да, жауынгер жырау жырларында Жайық азаттық жолындағы күрес тарихының ұйтқысындай елес береді.

Айналайын Ақ Жайық

Ат салмай өтер күн қайда, –

деген жыр жолдарындағы жорықтың асқақ үнді, өршіл рухты сарыны Ақ Жайық бейнесімен астасып, бейбіт күндерді аңсаған темірқазық іспетті. Мұның өзі жыраудың ерлікті дәріптеумен бірге бейбіт өмірді армандағанын білдіреді.

Доспамбет шығармалары аздығына қарамастан ғұмырлы, қашан да мәңгілік. Оның толғаулары өзінің мән-маңызы, ішкі толғанысы жағынан алып діңгектер сияқты үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұр. Жырау жырлары тарихтың талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып жоғалып кетпей, бізге келіп жетті де, рухани бастаулардың қуатты көзі бола отырып, шығармашылығы мен күрескерлігі өзімен үндес XVIII ғасырдағы әдебиеттің ірі өкілі Ақтамберді мен XIX ғасырдағы өршіл рухты азамат ақын Махамбет поэзиясына және одан кейінгі бүкіл әдебиет дамуына игі әсерін тигізді.

Жырау шығармаларының кеңінен тарап, дәстүрін дамытқан ортасы – қазақ ортасы. Доспамбет есімінің қазақ жыраулар поэзиясының көшбасшылары қатарында аталуы да осыған саяды. Қай шығарма болсын өз алдына жеке пайда болмайды, оны орта тудырады. Доспамбет шығармалары ноғай топырағында туып, қазақ ортасында дамыды. Сондықтан да жырау туындылары бүкіл әдебиетіміздің жемісі болып табылады, халықтың рухани күш-қуаты мен мәдени қарым-қабілетінің артуына орай кейінгі ұрпақ бұл өршіл де асқақ сезімге толы жыр жолдарынан біздің адамгершілік қайнар көзіміздің бастаулары ерлік пен рухын, көркем сөз құдіретін танып ашады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет