Электролиттік диссоциация (ЭД) – полюсті еріткіш әсерінен еріген заттың толығымен немесе біртіндеп гидратталған (сольватталған) иондарға ыдырауы.
Электролиттік диссоциация үдерісі сандық түрде электролиттік диссоциация константасымен (КД) және дәрежесімен (α) сипатталады.
Диссоциациялану дәрежесі (α) – иондарға ыдырайтын молекулалар санының (n) еріген зат молекулалардың жалпы санына (N) қатынасын көрсететін өлшем:
α = n/N немесе α = с(А+) / с (АВ) = (В‾) / с (АВ),
мұндағы с(А+), с(В‾), с(АВ) – еріген зат молекулалары мен иондарының мольдік концентрациясы, моль/л; α – диссоциация дәрежесі бірлік үлесімен немесе пайызбен өлшенеді.
Электролиттер диссоциациялану дәрежесі бойынша шартты түрде үш топқа бөлінеді:
α < 3 % – әлсіз электролиттер (α (H2CO3) = 1,3 %)
3 % < α < 10 % – күші орташа электролиттер (α (HF) = 8,5 %)
α > 30 % – күшті электролиттер (α (NaCl) = 84 % )
* α = 0 – бейэлектролиттер (сахароза С12Н22О11, хлороформ СНCl3)
Электролиттердің күші бойынша бөлінуі еріген заттың табиғатына ғана емес, еріткішке де тәуелді болады. Мысалы, натрий хлоридінің судағы ерітіндісі – күшті электролит, ал ацетонда бұл – әлсіз электролит түзеді.
|