7– дәріс. Құстар класы – Aves Мақсаты: Құстардың құрылым ерекшеліктерімен танысу
Қарастырылатын негізгі сұрақтар: Құстардың жалпы сипаттамасы мен құрылым ерекшеліктері.
Құстар класының систематикасы
Құстар – денесі қауырсындармен жабылған, алдыңғы аяқтары ұшу қанаттарына айналған жылықанды омыртқалылар. Көптеген морфологиялық белгілері жағынан олар рептилияларға ұқсас. Ұқсас белгілері – артқы аяқтарының саусақтарында мүйізді қабыршақтары және тұмсығында мүйізді қапшықтарының болуы; тері бездерінің болмауы (тек құймышақ безі ғана болады). Шүйде ілмешегі біреу. Аяқтарында интеркарпальды және интерторзальды байланыстар қалыптасқан. Артериальды қан жүрек қарыншасынан аортаның оң доғасы арқылы шығады, ал шеткі қантасымалдау рептилияларға ұқсас. Зәр-жыныс жүйесінің құрылысы мен эмбриональды даму сипаты ұқсас.
Құстардың бауырымен жорғалаушылардан ерекшеліктері алуан түрлі: денесі жылу сақтайтын және ұшуға икемділік жасайтын қауырсындармен жабылған. Алдыңғы аяқтарының қанатқа айналуы иық белдеуі мен бұлшық еттерінің қайта құрылуына алып келді. Артқы аяқтары мен жамбас белдеуі және бұлшық еттері қайта құрылып, екі аяқпен жүруін және жүзуін қамтамасыз етті. Сүйектері қуыс әрі бос, омыртқаларының гетероцельді типті болуы ұшуын жеңілдетті. Ауа қапшықтары жүйесі пайда болды. Үлкен және кіші қан айналу шеңберлері толықтай бөлінді.
Міне осы айтылғандар құстардың Жер шарына кең тарап және барлық құрлықтағы тіршілік етуге жарайтын жерлерді игеруге мүмкіндік берді. Бұлардың арасында тек жерастында тіршілік ететін түрлері ғана жоқ.
Құстардың құрылым ерекшеліктері
Дене пішіні. Ұшуға бейімделуіне байланысты құстардың дене пішіні салыстырмалы түрде біртектес болып келеді. Денесі жинақы, жұмыртқа тәрізді. Ірі денелі ұшатын құстардың салмағы 14-16 кг-ға (аққулар, тазқаралар, дуадақтар), ал қанат құлашының ұзындығы 3-4 м-ге (бірқазандар, альбатростар) жетеді. Құстардың ішіндегі ең майдалары – салмағы бар-жоғы 1,6-2 г болатын кейбір колибрилер. Тері жамылғысы және оның туындылары. Құстардың терісі жұқа, құрғақ, тері бездері жоқтың қасы. Терінің үстіңгі эпидермис қабаты мүйізденген, оның астында дәнекер және борпылдақ тканьды теріасты бөлімі орналасқан. Нағыз тері қабатында қантасымалдау тамырлары өтеді, жабын қауырсындардың қаламұштары бекиді. Бірден – бір тері безі – құймышақ безі омыртқа жотасының құйрық бөлімінде орналасқан. Терінің эпидермис қабатының мүйізді туындылары – денесін жапқан әртүрлі қауырсындар. Қауырсындар жабын, мамық, қылтәрізді болады. Атқаратын қызметтеріне қарай жабын, қағушы не қақпа және бағыттаушы (руль) деп бөлінеді. Қауырсынның теріге еніп тұрған бөлімі қаламұш, қалған мүйізді өзегін сояу, ал оның екі жағында орналасқан майда түзінділерді желпуіш не пәрі деп атайды. Желпуіштері бірінші реттілік, екінші реттілік болып бөлінеді. Олар бір-бірімен ілмешектер арқылы байланысады. Денеге қауырсындар бірдей орналаспайды. Қауырсын бар жерді птерилия, ал жоқ жерді аптерия деп атайды. Қауырсындар құрылысы жағынан нағыз қауырсын, мамық қауырсын, қылшық қауырсын болып бөлінеді. Терінің эпидермис қабатынан қабыршақты мүйізді туындылар (тұмсық, айдар), тырнақтар пайда болады.
Бұлшық-ет жүйесі – ұшуға байланысты кеуде бұлшық еттері жақсы жетілген. Бұғанаасты бұлшық еті қанатты көтеруге, үлкен бұлшық ет қанатты түсіруге қызмет етеді. Сан, мойын еттері де жақсы жетілген.
Қаңқасы – ұшуға бейімделгендіктен құстардың қаңқасында елеулі өзгерістер болады. Сүйектері жеңіл, іші қуыс, онда ауа болады, көп сүйектері бір-бірімен тұтасып кеткен. Жақ сүйектерінде тістері болмайды Омыртқа жотасы 5 бөлімнен (мойын, арқа, бел, сагізкөз, құйрық) тұрады. Тек мойын бөліміндегі және құйрықтың шамалы омыртқалары бір-бірімен қозғалмалы байланысқан, ал қалған бөлімдері және жамбас сүйектері өзара бірігіп, күрделі сегізкөз деп аталатын сүйекті құрайды. Бұл тек құстарға ғана тән нәрсе. Құйрық бөлімі де бірігіп кеткен, ең соңғысы – пигостиль, ол жерде құймышақ безі орналасады. Төсінде қыр сүйегі болады, ол ұшатын құстарда жақсы дамыған. Төс сүйегінің құрылыс ерекшеліктеріне қарай құстар қырлы төстілер, жайдақ төстілер деп те бөлінеді. Қырлы төстілер (ұшатын құстар деп те аталады) жақсы ұшады. Ал жайдақ төстілер не жүгіретін құстар ұша алмайды, тек жақсы жүгіреді, бұларға түйеқұстар жатады, ал пингвиндердің (балпанайлардың) төс сүйегінің қыры шамалы ғана жетілген, бірақ бұл құстар өте жақсы жүзетін құстар болып табылады. Артқы аяқтарының қаңқасында алғаш рет жіліншік сүйегі пайда болған. Ол толарсақ және табан сүйектерінің қосылуының нәтижесі. Қабырғаларының бір ұшы арқа омыртқаларымен, екінші ұшы – төс сүйегімен байланысқан.
Асқорыту жүйесі – құстардың мүйізді тұмсықтары қорегін ұстау қызметін атқарады. Ауыз қуысы жұтқыншақ, ол өңешпен байланысқан. Өңештің кеңейген жері жемсау деп аталады, онда қорек заты уақытша сақталады және ісінеді. Өңеш безді қарынмен, онда қорек заттары сөлдің әсерінен қорытыла бастайды. Безді қарын етті қарынмен жалғасқан. Оның қабырғалары қалың бұлшық етті, ішкі тығыз мүйізді қабықпен қапталған. Онда гастролиттер деп аталатын шыны, қиыршық тастар және т.б. болады. Етті қарын тістің қызметін атқарады. Мұнда түскен қорек заттар майдаланады. Етті қарыннан қорек ұзын ащы ішекке, одан қысқа тоғы ішекке, ол тік ішек арқылы клоакаға ашылады. Ащы ішек пен тоғы ішектің арасында соқыр ішектің екі тұйық өсіндісі болады. Клоаканың арқа жағында Фабриций қапшығы орналасқан. Ол балапандарда жақсы жетіліп, есейген сайын бірте-бірте редукцияға ұшырайды. Қапшық лимфатикалық клеткалар түзетін орган деп саналады. Астың қорытылуына өт пен ұйқы өнімдері қатысады. Кейбір құстарда өт қапшығы болмайды.
Тыныс алу жүйесі – рептилияларға қарағанда күрделі. Сыртқы танау тесігі хоана (ішкі танау тесік) арқылы ауыз қуысымен байланысады, оның түбі көмекей қуысына ашылып кеңірдекпен жалғасады. Ол жоғарғы көмекей деп аталады, ал кеңірдектің бронхылармен байланысқан бөлігі төменгі көмекей деп аталады. Бұл тек құстарға ғана тән. Мұндағы сіңірлер, бұлшық еттер арқылы дыбыс шығарылып, “ән” шырқайды. Бронхылар өкпемен жалғасып, тармақталады. Өкпеден өтіп ауа қапшықтарын құрайды. Олардың қабырғасы жұқа, бір-бірімен байланысып жатады. Ауа қапшықтары ауаның сиымдылығын арттырады. Ауа қапшықтары дене температурасын, ішкі мүшелердің бір-бірімен үйкелісін азайтады. Құстарда 4 жұп және 1 тақ ауа қапшықтары болады. Олар: тақ бұғанааралық және жұп мойын, алдыңғы кеуде, артқы кеудеде және құрсақта орналасады.
Құс қонып отырғанда, жүргенде, жүзгенде газ алмасу процессі кеуде қуысының бірде кеңейіп, бірде тарылуына байланысты өкпеге ауа еніп, шығады. Ұшқанда қанатын көтергенде ауа өкпе арқылы ауа қапшықтарына өтеді, газ алмасу жүреді. Қанатын түсіргенде ауа қапшықтарындағы ауа өкпеге өтіп екінші рет газ алмасу жүреді. Мұны қос тьыныс алу деп атайды, яғни өкпеде газ алмасу тыныс алғанда да, тыныс шығарғанда да жүреді.
Қан тасымалдау жүйесі. Құстардың жүрегі толық 4 камералы, жүректің оң жақ жартысы арқылы венозды қан, сол жартысы арқылы артериальды қан өтеді, бұлар бір-бірімен мүлдем араласпайды.
Сол жақ қарыншадан оң аорта доғасы басталып, бүкіл денеге артерия қанын таратады. Ал денеден жиналған венозды қан жұп алдыңғы қуыс венаға және тақ артқы қуыс венаға жиналып, оң құлақшаға келіп құяды. Бұл қан айналудың үлкен шеңбері. Ал кіші қан айналу шеңбері оң қарыншадан өкпе артериясы арқылы венозды қанды өкпеге апарып, онда оттегіне қанығып өкпе веналары арқылы сол құлақшаға артерия қанын апарады.
Ыдырау өнімдерін шығару жүйесі – рептилияларға ұқсас, бірақ бүйректері үлкен, 3 бөліктен тұрады. Зәр заттары несепағар арқылы клоакаға, одан сыртқа шығарылады. Құстарда қуық болмайды, тек түйеқұстарда болуы мүмкін.
Жыныс жүйесі. Құстардың жыныс жүйесінде ұшуға байланысты ерекшеліктер бар. Олар іштей ұрықтанады. Қораздарында аталық без жұп, жұп тұқым жолы болады. Ал мекиендерінде аналық безі де, жұмыртқа жолы да сыңар, тек сол жағында жақсы жетілген, оң жағындағылар жойылған.
Жүйке (нерв) жүйесі жақсы жетілген. Алдыңғы ми сыңарлары үлкен, сайшалар мен иірімдер айқын байқалады, яғни қыртыстанған. Бұлардың бәрі құстардың мінез-құлығының күрделілігімен байланысты.
Құстар жұмыртқа салып (саны 1-ден 24-ке дейін), оны аталығы мен аналығы бірігіп немесе жеке-жеке шайқап балапан өрбітеді. Балапан шығару ерекшеліктеріне қарай құстар 2 топқа бөлінеді: 1- қызылшақа балапан шығаратын құстар (мысалы, кептертәрізділер, торғайтәрізділер, тоқылдақтар, ескеаяқтылар, тотықұстар және т.т.); 2 – ширақ балапан шығаратын құстар (мысалы, тауықтәрізділер, қазтәрізділер, тырнатәрізділер, дуадақтар, шалшықшылар және т.т).
Құстар қоныс аударуына байланысты 3 топқа бөлінеді: 1 – отырықшы құстар (қарғалар, сауысқандар, торғайлардың кейбір түрлері); 2 – көшпелі құстар (шамалы қоныс аударатындар, мысалы, үлкен көкшымшық); 3 – жыл құстары (маусымға қарай алысқа қоныс аударатындар).
Міне, осыған орай құстар тіршілігінде маусымдық кезеңдер болады. Негізгілері: 1 –көбеюге дайындық кезеңі (ұшып келу, жұптасу, түлеу); 2 – көбею кезеңі (ұялау); 3 – түлеу (жаздың аяғында мамырлау); 4 – қысқа дайындық; 5 – қыстау.
Құстардың ұялауға ұшып келуі және қыстауға ұшып кетуін миграция деп атайды. Миграцияны білу үшін құстарға сақина (білезік) салады. Қазақстанда 70-80 жылдары Арал теңізінің оңтүстігіндегі Қара терен (“Баян” метеостанциясы), Ырғыз-Торғай, Алакөл, Шақпақ асуында тұрақты лабораториялар болған. Қазір тек Шақпақ асуында ғана жұмыс жасайды. 2000-2002 жылдары құстардың 109 түрінің 57 мың басына білезік салынған.