Дәріс тақырыбы:Көру анализаторының физиологиясы. Аннотация: дәрісте көру анализаторының физиологиясы, көру өткірлігі, түсті ажырата білу, жарықты сезіну және перифериялық көру туралы мәліметтре беріледі.
Кілтті сөздер: анализатор, физиология, жарықты сезіну, перифериялық көру, бинокулярлы көру. Жоспары: Көру өткірлігі
Көз мынадай функцияларды атқарады: орталық көру, перифериялық көру; жарықты сезіну; түсті ажырату; бинокулярлы көру.
Көру өткірлігі. Орталық көру заттарды тануды және ұсақ бөлшектердің көлемдерін ажыратуды қамтамасыз етеді. Көздің екі бөлек нүктені олардың арасындағы ең аз ара қашықтықта қабылдау қабілеті көру өткірлігі деп аталады. 250 жылдан астам уақыт бұрын Гук көздің 2 нүктені ажырата алатын ең төменгі көру бұрышы 1 минутқа тең екендігін анықтады. Арасындағы бұрыштық ара қашықтығы 1 минутқа тең көздің 2 нүктені ажырата алатын көру өткірлігі қалыпты деп саналады және ол 1-ге тең болады. Бірақ, мұндай көру өткірлігі шекті болып табылмайды. Кейбір адамдарда ол 6-8 бірлікке дейін жетеді. Жоғары көру өткірлігі жазық және далалы аудандардың тұрғындарынан байқалады.
Көру өткірлігі екі жақтан ортасына қарай ғана 1-ге тең, ортасынан бастап ол төмендеп, қара таңбадан 10 градустан асатын ара қашықтықта ол 0,2-ге тең болады. Көру өткірлігінің орталығынан периферияға қарай бұлайша өзгеруі көптеген аурулар диагностикасында көп мәнге ие болады. Көру талдағышы жеткілікті түрде дамымағандықтан, балалардың көру өткірлігі өмірінің алғашқы айларында төмен болады. Ол біртіндеп дамып, 5 жасқа қарай өз деңгейіне жетеді.
Көріп қабылдауының дамуы нәрестелерде бақылап отыру түрінде көрініс береді. Бұл ең қарпайым туа бітетін функция. Ол бірнеше секундқа созылады. Мұндайда көзқарас заттарға тоқталады. Өмірінің 2 аптасынан бастап фиксация, яғни көзқарасты затта көбірек ұстап тұру пайда болдаы. Бұл кезеңде көз қозғалысы әлі үйлеспеген болады. Тек 2 айдан бастап қана синхронды бақылап отыру пайда болып, көзқарастың бинокулярлы фиксациясы дамиды.
Затты көру баланың 2-3 айлығынан байқалады. Өмірінің 2 айынан бастап бала анасының төсін таниды, 3 айынан бастап – анасын, 6-8 айынан бастап қарапайым геометриялық фигураларды таниды, ал 2 жасына қарай суреттерді ажырата алатын болады. 3 жастағы балалардың 10%-нан, 7 жастағылардың – 55%-нан, 14 жастағылардың 90%-нан қалыпты көру өткірлігі байқалады. Көру өткірлігі көздің қалыпты құрылысына ғана емес, оның торлы қабығына түсетін жарық күйіне де байланысты болады.
Нәрестелердің көруін зерттеу оның денсаулығының күйін бағалауда маңызды болып табылады. Нәрестенің көру қабілетінің болуының немесе болмауының негізгі белгісі оның көз қарашығының жарыққа тікелей бірдей реакция беруі болып табылады. Нәрестелердің көз қарашығының тар болып келетінін ескеріп, зерттеуді қараңғы бөлмеде көзге қатты жарық түсіріп жүргізеді. Бала көретін болса, қарашығы жарыққа реакция беріп, ол қабағын жабады. Баланың көретінін көрсететін келесі белгі - оның бетіне қандай да бір затты жылдам жақындатқанда қабағын жабатын табиғи шартты рефлексінің болуы болып табылады. Бұл рефлекс баланың 2-3 айлығынан бастап байқалады. Ол баланың бет-әлпетінің мазасыздануымен, жалпы қозғалыс реакцияларымен сипатталады. Баланың көру қабілетін сипаттайтын келесі маңызды сәт - түрлі ара қашықтыққа қойылған ашық түсті заттарды тану реакциясы және оларды қадағалау реакциясы болып табылады.
Бұдан ересегірек балалардың көру өткірлігін тексеру белгілі бір тапсырмаларды орындату арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, одан түрлі ара қашықтыққа қойылған, түрлі пішіндегі ойыншықты алып келуді тапсыруға болады. Сондай-ақ көру өткірлігін зерттеу түрлі әдістемелер: кесте, проекция, компьютер, теледидар, заттар арқылы жүзеге асырылады. Д.А.Сивцевтің, Б.П.Поляктың, Е.М.Орлованың сынау кестелері кеңінен таралған. Көру өткірлігін анықтау үшін балаларға көлемі көру өткірлігінің критериі болып табылатын берілген тестілік фигураны атау ұсынылады. Егер 5 м ара қашықтықтан бала кестенің төменнен санағандағы үшінші жолын құрайтын барлық фигураларды еркін ажырата алса, көру өткірлігі қалыпты деп саналады. Кестенің тек ең жоғарғы жолындағы фигураларды ғана ажырата алу 0,1 көру өткірлігін сипаттайды.
Көру өткірлігін бағалаудың қарапайым тәсілі бар. Мәселен, 0,1-ден төмен көру өткірлігін тексеру үшін саусақты санауды қолданады. Егер тексерілуші жазылған қол саусақтарын 5 м қашықтықтан санай алса, оның көру өткірлігі 0,09-ға тең. Егер саусақтарды 2 м қашықтықтан санаса, көру өткірлігі 0,04-ке тең; 0,5 м қашықтықтан санаса – көру өткірлігі 0,01-ге, 30 см қашықтықтан санаса – көру өткірлігі 0,005-ке тең. Егер тексерілуші саусақтарды ажырата алмаса, тек жарықты сезінсе, оның көру өткірлігі жарықты сезінуге тең. Мұндай көру жағдайында науқастың жарықтың қай жақтан түскенін ажырата алуын анықтаған маңызды. Егер ол жарық бағытын дұрыс көрсетсе, оның көру өткірлігі дұрыс жарық проекциялы жарықты сезінуге тең.