Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Филология, журналистика және өнер факультеті
Қазақ тілі кафедрасы
ДӘСТҮР – ДӘРІС
Қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы
Павлодар
Кереку
2010
Т.Х.Сматаев
ДӘСТҮР – ДӘРІС
Қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы
Павлодар
УДК 811.512.122 (075.8)
ББК 81.2 Каз 923
С 52
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің филология, журналистика және өнер факультетінің
оқу-әдістемелік кеңесімен ұсынылды
Пікірсарапшылар
Т. Әбдіғалиева – ф.ғ.д., профессор. Л. Гумилев атындағы ЕҰУ
А.Ф.Зейнулина – ф.ғ.к., профессор. С. Торайғыров атындағы ПМУ
Т.Х. Сматаев
С52 Дәстүр – дәріс: қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы / Т. Х. Сматаев – Павлодар: Кереку, 2010. – 85 б.
Бұл оқу құралы жоғары және орта арнаулы оқу орны студенттерінің барлық мамандықтарына арналады. Құралда «Ғибрат», «Дәстүр-дәріс», «Атамекен» атты атаулардан құралған мәтіндер, мәтіндерге қатысты әртүрлі тапсырмалар берілген.
УДК 811.512.122 (075.8)
ББК 81.2 Каз 923
© Сматаев Т.Х., 2010
© С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010
Материалдардың дұрыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауап береді
Алғы сөз
Қазақ тілін үйрету – қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіне қайта оралумен, рухани түлеуімен ұштасып, өзге ұлт өкілдерінің де қазақ тілін үйренулеріне терең мән беріліп отыр. Осы орайда қазақ тілін білмейтін орыс тілді аудиторияларға арналған бұл жинақ орта арнаулы және орта білім беру оқу орындарында тіл үйренушілердің қазақ тілінен алған білім дәрежесін айқындауға, қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінен хабардар ете отырып, танымдық ой-өрісін кеңейтуге, тілдік ерекшеліктерді еркін меңгертуге бағытталып жасалды. Мәтіндер жинағын құрастыруда «Ғибрат», «Дәстүр – дәріс», «Атамекен» тақырыптары бойынша мәтіндер іріктеліп, соларға қатысты тапсырмалар ұсынылды.
Бұл оқу құралында тіл үйренушілердің танымдық, логикалық ой-өрістерін, білім-білік дағдыларын қалыптастыру ғана емес, тәрбиелік жағы да көзделді. Алынған мәтіндер негізінен ұлттық психологиядан бастау алатын халықтық адамгершілік қағидалары, адамдардың бірін-бірі құрмет тұтуы, қоршаған ортаға, табиғатқа жанашырлықпен қарау, ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын ұмытпау, қазақ халқының туыстық атаулары, ырым мен тыйым, т.б. сияқты деректерді қамтитындығымен ерекшеленеді.
Мәтінмен жұмыс жасау – тіл дамытудағы негізгі әрі маңызды әдіс-тәсілдерінің бірі. Мәтін тіл үйренушінің ойлау қабілетін дамытуға, танымдық көзқарасын кеңейтуге, сондай-ақ сөздік қорын байытып, дұрыс оқу, сауатты жазу, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға көмектесетін жұмыс түрі.
Осы бағыттағы мәтіндер бойынша жұмыс жасаудың мақсаты – тіл үйренушінің өз ойын дұрыс айта білу қабілетін қалыптастыру, сөздік қорларын байыту, ойлау қабілетін жетілдіру.
Қорыта келе, аталған жұмыстар барысында мәтінмен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдерін заман талабына сай ұтымды жаңалықтарымен үнемі толықтырып, істеген жұмыстарымыздың жаңа бағыт алуына зор мүмкіншіліктер тудыруымызға болатынына сенімдімін.
1 Ғибрат
1.1 Ел жақсылары мен ауыл ақсақалы
Ерте кезде Қаз дауысты Қазыбек, Жәнiбек пен батыр Әлiбек ел аралап келе жатқанда жол бойында бiр қария жолығады.
Қария сәлем берiп, Жәнiбек мынадай сауал қояды:
– Уа, ақсақал, ауыл берекесi қайтсе кетедi? Aқcaқaл cәл ойланып,былай дейдi:
– Ауыл aқcaқaлы шала болса,
Жiгiттерi алты ауызды ала болса,
– Ә, десе, мә дейтiн
Жасы үлкенiне жасы кiшiсi сен десе,
Сол ауылдың берекесi кетедi.
Cонда Қаз дауысты Қазыбек тұрып:
–Уа, қария, ал үй берекесi қайтсе кетедi? – дейдi
–Әйелiң қабағын түйiп керiлсе,
Шай құйып беруге ерiнсе,
Ұлың ұрысқа сай болса,
Қызың cумақай болса,
Сол үйдiң берекесi түгел кетедi, – деген екен қария саспастан.
Әлiбек батыр мынадай сұрақ қояды: – Иә, aқcaқaл, не жақсы?
Ақcaқaл мүдiрмей жауап берiптi.
– Aтың жақсы болса,
Тiршiлiкте мiнген пырағың.
Балаң жақсы болса,
Жанып тұрған шырағың.
Әйелiң жақcы болса,
Досың жаныңа жиналып,
Рахаттанар қонағың.
– Aл не жаман?
– Атың шабан болса,
Тiршiлiкте көрген азабың.
Балаң жаман болса,
Ғұмырлық көрген ғазабың.
Әйелiң жаман болса,
Досың сенен безiнiп,
Үйiңнен кетер қонағың, – дептi.
Aқcaқaлдың тапқырлығына риза болған би-батырлар ауылдарына ертiп барып, қарияны қонақ етiп сыйлап, тон кигiзiп, ат мiнгiзiп жiберiптi.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
қария – көп жасаған адам
шала – білімі шамалы, сауаты кем
сумақай – сұғанақ, жылмақай, жылпос
пырақ – қанатты тұлпар, арғымақ
шырақ – болашағы зор, ақылды
шабан – жүрісі баяу, жайбасар
азап – бейнет, мехнат, қиыншылық
тапқырлық – тапқыштық, зеректік
Сұрақ-тапсырмалар
1. Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Қаз дауысты Қазыбек, Жәнібек батыр, Әлібек батырлар туралы не білесіз? Олар кім болған?
3. Мәтіннен тәуелдік жалғаулы сөздерді тауып, олардың қандай түрде, нешінші жақта (анайы, сыпайы) тұрғанын ажыратыңыздар.
4. Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
5. Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын түсіндіріңіздер.
Шешендік туралы:
Сөздің көркі – мақал,
Жүздің көркі – сақал;
Шешендік күші – шындық;
Сөзшенді үндемеген жеңеді;
Шешеннің сөзі мерген,
Шебердің көзі мерген;
Суды шым тоқтатар,
Сөзді шын тоқтатар.
1.2 Сөздiң атасы мен анасы
Қаз дауысты Қазыбектiң атағы шығып тұрған кезде ауылына бiр саудагер келiптi. Түстенiп болған соң Қазыбекке:
– Сiзден бiр сөз сұрайын деп едiм, – дептi.
– Бiз керуен едiк, өзара дауластық та, ойластық та, бiрақ шешуiн таба алмай қойдық: “Сөздiң атасы кiм, анасы кiм?”.
Қазыбек ойланып қалады.
– Япырай, өзбектiң саудагерi ғана бiлмейдi екен десек, қазақтың Қазыбегi де бiлмейдi екен ғой, биыл таппасаңыз ендiгi жылы табарсыз, – деп саудагер үйден шығып кетедi.
Қазыбек орнынан ұшып тұрып, iле-шала тысқа шықса, саудагер асығыс атқа мiнiп қалған екен.
– Япырай, саудагердiң iсi сарт-сұрт деген рас екен ғой! Артыңа қарамай аттанғаның не? әлгi сөздiң шешуiн iздеп , ендiгi жылы тағы келiп, сауданнан қаларсың, артыңа қарамайтын болып кет. “Сөздiң атасы – бiрлiк, анасы – шындық!” Жолың болсын, жүрген жерiңе айта жүр! – дептi Қазыбек.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
саудагер – алып-сатар, сатарман
түстену – түскі тамақ жеу, түстік ішу
керуен – сауда жасауға арналған көлік тізбегі
дауласу – айтысып-тартысу, таласу
бірлік – ынтымақтасып біріккен бір ауыздылық
шындық – ақиқаттық, дұрыстық
Сұрақ-тапсырмалар
1. Мәтінді мәнерлеп оқып беріңіздер.
2. «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық!» деген жауаптың дәлелдігі неде?
3. Мәтіннен сөздің тура және ауыспалы мағыналарына қарай топтастырып жазыңыздар.
4. Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
5. Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын түсіндіріңіздер.
Сөз, сөйлеу туралы:
1) Жүйелі сөз – жүйесін табар,
Жүйесіз сөз – иесін табар;
2) Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле;
3) Ішімдегінің бәрі тілімде,
Тілімдегінің бәрі түрімде;
4) Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады;
5) Жаман сөз жылатады,
Жақсы сөз жұбатады;
6) Артық сөйле, кем сөйле,
Таразылап тең сөйле;
7) Сөз қадірін білмеген,
Өз қадірін білмейді;
8) Айтылған сөз – атылған оқ;
9) Жанған от тәнді жылытады,
Жақсы сөз жанды жылытады;
10) Сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
1.3 Досбол қартайғанда
Досбол датқа Ұлытаудағы өзi туып-өскен Жыланды өзенiнiң жағасынан Сырғa көшiптi.
“Датқа қaртайды, алдынан мал тайды, бұрынғыдай емес жантайды, шаруасы кемiдi”, дегендi естiп, Ұлытаудағы ел жақсылары жиналып, жай-жапсарын бiлуге аттанады.
Ол кездегi дәстүрмен бiреуi аттан түсiп, “сөйлес қыл” деп дауыстапты.
Досбол өзi шығып, төс қағыстырып амандасқан соң:
– Шiренбей, мырзам, үйге түс,
Шiренгенiң маған күш.
Азын-аулақ көже бар,
Ойнап, күлiп, бөлiп iш.
Түссеңдер мынау – қара лашық,
Жүрсеңдер анау – жол ашық, – дейдi. Cонда:
– Алыс жер ит арқacы қияннан ат сабылтып, әдейi хал-жайыңызды бiлуге, амандыққа келдiк, – дептi бiреуi. Жайғасқан соң әлгiлер өзара ақылдасып, қaлың елден жүз қой, үстiне бiр киiз үй, екi бие сатып алып, датқа сыйлапты. Екi-үш күн жатқан меймандарымен сәйкес құрған датқа былай дейдi:
– Жiгiттiк өттi, кәрiлiк жеттi,
Мал кеттi – екеуледi.
Қатың шайпау,
Бала тентек – төртеуледi.
Талайға үлгi бергек
Досбол ағаларың
Алдарына түсiп ап мөлтеңдедi, – дептi.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
шірену – байлықты көтере алмау, асыптасу
лашық – уақытша тұруға арналған күрке, сиықсыз кедейқолды баспана
шайпау – шатақ мінезді, тілі ащы, ашушаң
тентек – тәртіп бұзғыш, сотқар
Сұрақ-тапсырмалар
1. Мәтінді мәнерлеп оқып шығып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. «Датқа қартайды, алдынан мал тайды, бұрынғыдай емес жантайды, шаруасы кеміді» деген тіркестерді қалай түсінесіз. Өз пікіріңіз.
Мәтіннен фразалық тіркестерді тауып жазыңыз.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын түсіндір.
Жастық, кәрілік туралы:
Жас кезімде бейнет бер,
Қартайғанда зейнет бер;
Адам қартайса да, көңіл қартаймайды;
Алтыға дейін бала ерке,
Алпыстан кейін шал ерке;
Кәріге құрмет – балаға міндет;
Табақ асымен жарасты,
Кәрілік жасымен жарасты;
Жастық – жалын, кәрілік – күл;
Ат тұяғын тай басар.
1.4 Үш арсыз, үш ғайып, үш жетiм
Ноғайлының ханы әз Жәнiбек халықты жиып:
– Үш арсыз, үш ғайып, үш жетiм болады, соны кiм табады? –дептi.
Жиылған халық көп дағдарып:
Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкi арсыз, тамақ арсыз.
Үш ғайып: қонақ ғайып, несiбе ғайып, ажал ғайып деп шешiптi. Бiрақ үш жетiмдi ешкiм таба алмапты.
Сонда әз Жәнiбек хан:
– Елде келмеген кiм қалды? – деп сұрапты.
– Келмеген Қарабас шешен қалды, – дептi халық.
Әз Жәнiбек Қарабасты шақыртып алып, әлгi сөздiң шешуiн сұрапты.
Сонда Қарабас:
– Жетiм үшеу емес, бесеу едi ғой!
Оты жоқ жер жетiм,
Басшысы жоқ ел жетiм,
Елiнен ауған ер жетiм,
Тыңдаушысыз сөз жетiм,
Жоқтаушысыз қыз жетiм, – дейдi.
Cонда әз Жәнiбек:
– Сенiң атыңды қоюшы адам ақылсыз екен. “Қарабас” дегенше “Алтынбас”десе болмай ма? –деген екен.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
арсыз – адамгершілік қасиеті төмен, ұятсыз, абыройсыз
ғайып – (дауа) жоқ
жетім – арқа сүйері жоқ, панасыз, қамқорсыз
несібе – сыбаға, ризық, үлес
ажал – өлім, қаза
Сұрақ-тапсырмалар
Мәтінді мәнерлеп оқып шығып, мазмұнын айтып беріңіз.
Төл сөз бен автор сөздерінің байланысу түрлерін тауып,
схема жасаңыз.
Бірінші абзацтағы төл сөзді төлеу сөзге айналдырыңыз.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын түсіндір.
Ар-ұят, жалқаулық туралы:
Ақылың болса арыңды сақта,
Ар-ұят керек әр уақытта;
Жігітке жар қымбат,
Намыс пен ар қымбат;
Ақымақ күлкіге тоймайды,
Жалқау ұйқыға тоймайды;
Уақытыңның босқа өткені – өміріңнің бос кеткені;
Жалқау жатып ішер, отырып ұйықтар;
Қайғы қартайтады,
Қуаныш марқайтады;
Сөзіңді айт ұққанға,
Айтып-айтып не керек,
Құлағына мақта тыққанға.
1.5 Молда мен Сырым
Сырым жол жүрiп келе жатып бiр мешiтке кез болып, намаз оқуға мешiтке кiредi. Cырымның жеңiнiң ұзындығы етегiмен бiрдей екен. Мешiтке кiрiп намаз оқығанда жеңiн түрмей, қолын жеңiнен шығармай оқиды екен. Молда Сырымның бұл қылығына наразы болып, шариғат кiтабын қолға алып, намаз оқығанда қолды шығарып оқу керек деп ескертедi.
– Қолды жеңнен шығармай оқудың қандай зины бар? – деп сұрайды Сырым.
– Қолыңды шығарып оқысаң,қолға нұр құйылады, алақaныңмен бет сипағанда сол нұр бетiңе жағылады, – дейдi молда.
– Ол нұр қайдан келедi? –деп сұрайды Сырым.
– Көктен келедi, – дейдi молда.
– Япырау, молдеке, мен бұл шариғатыңызға түсiне алмадым. Сiздiң айтуыңызша, жетi қат көктен, үш қабат мешiттiң төбесiнен өткен нұр менiң жалаң қабат шекпенiмнiң жеңiнен өте алмас дейсiң бе? – дептi.
Молда қысылып, жауапқа сөз таба алмай қалыпты.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
молда – құранды, діни ғибадатты жақсы білетін дін адамы
намаз – мұсылмандардың құдайға бағыштап күніне бес рет оқитын дұғасы
жең – киімнің иықтан бастап қолдың білезігіне дейінгі бөлігі
етек – киім өңірінің төменгі жағы
наразы болу – бір нәрсеге разы емес, қарсы
шариғат – адам өмірінің барлық жай-жапсарын қамтитын мұсылман дінінің заңы, ережелері
зиян – залал, зарар, кесір
нұр – сәуле, жарық, шұғыла
Сұрақ-тапсырмалар
Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.
«Жеті қат көктен» деген тіркестің мағынасын ашыңыздар.
Негізгі түбір мен туынды түбір болатын сөздерді табыңыздар.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын түсіндіріңіздер.
1.6 Ата тұрып ұл сөйлесе ержеткен болар
Сырым 26 жасында бiр жолдасымен Нұралы ханның үйiне барса, хан Қараман тана Малайсарымен сөйлесiп отыр екен.
– Балалар аман ба? – дептi де, елемей өздерi сөйлесе берiптi.
Сырым жолдасына дауыстап:
– Жүр кетейiк, бұлар бiздi адам деп отырған жоқ қой, – дейдi.
Сонда Малайсары жалт қарап:
– Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,ана тұрып қыз сөйлегеннен без. Сырнайдай сарнаған мына бала кiм едi, – дейдi.
– Ата тұрып ұл сөйлесе ержеткенi болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе бойжеткенi болар, – дейдi Сырым.
– Сен толған екенсiң, мен тозған екенмiн, – деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
елемеу – назар аудармау
толған – ақылды
тозған – қартайған
Сұрақ-тапсырмалар
Мәтінді оқып шығып, мазмұнын айтып беріңіз.
Жуан дауысты дыбыстарды бір бөлек, жіңішке дауысты
дыбыстарды бір бөлек және жуан мен жіңішке аралас келген дыбыстарды бір бөлек етіп жазыңыз. Жуан мен жіңішке аралас келген сөздердің себебін түсіндіріңіз.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын
түсіндіріңіздер.
Тәрбие-өнеге туралы:
Әдепті бала – арлы бала,
Әдепсіз бала – сорлы бала;
Ананың ізін қыз басар,
Атаның ізін ұл басар;
Ата көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер;
Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды,
Кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды;
Тісі шыққан балаға,
Шайнап берген ас болмас;
Айтушы ақылды болса,
Тыңдаушы дана болады;
Итті күшігінде үйрет;
Баланың балалығында әкенің даналығы бар.
1.7 Ойы да, тiлi де жүйрiк тұлпарым
Төле би тоқсан жасқа келгенiнде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты.
Елдiң жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгiме-дүкен құрып отырғанда:
– Қаз дауысты Қазыбегiм келдi. Бәрiң түгел жиналдыңдар. Сендерге айтар он түрлi жұмбағым бар, соны шешiңдер, – дейдi Төле би.
– Айтыңыз,айтыңыз.
– Айтсам, он түрлi жұмбағым мынау: бiр, екi, үш, төрт, бес, алты, жетi, сегiз, тоғыз, он.
– Төке, бұл жұмбақты мен шешейiн, рұқсат етiңiз, – дейдi Қаз дауысты Қазыбек.
– Рұқсат, рұқсат.
– Бiр дегенiм – бiрлiгi кеткен ел жаман, екi дегенiм – егесiп өткен ер жаман, үш дегенiм – үш бұтақты шiдерден шошынған ат жаман, төрт дегенiм – төсектен безген жас жаман, бес дегенiм – белсенiп шапқан жау жаман, алты дегенiм – асқынып кеткен дерт жаман, жетi дегенiм – жас келiншек жесiр қалса, сол жаман, сегiз дегенiм – серпiлмеген қайғы жаман, тоғыз дегенiм – торқалы той, топырақты өлiмге бас көрсетпесе, сол жаман,он дегенiм – оңалмас кәрiлiкке дауа болмас деген, – дейдi Қаз дауысты Қазыбек.
– Рақмет, дәл тауып шештiң. Ойы да, тiлi де жүйрiк тұлпарым, –деп, Төле би Қазыбекке разы болыпты.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
жұмбақ – жасырын құпия жайды ойлап табу, шешу
шідер – аттың алдыңғы екі аяғы мен артқы бір аяғын қосып салынатын тұсау
дерт – кесел, сырқат, ауру, науқас
қайғы – қасірет, күйік, шер, уайым, мұң
тұлпар – асқан жүйрік, дүлдүл ат
разы болу – адамның бір нәрсеге қанағаттанғандығын білдіретін қуаныш, сүйініш сезімі, ырза, риза болу
Сұрақ-тапсырмалар
Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.
Мәтіндегі жұмбақтың жауаптарының мағынасын ашып
беріңіздер.
Омоним, антоним, синоним болатын сөздерді тауып
жазыңыз.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын
түсіндіріңіздер.
Сөз, сөйлеу туралы:
Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі;
Көп сөйлеген білімді емес,
Дөп сөйлеген білімді;
Жақсы адам тауып айтады,
Жаман адам итше қауып айтады;
Ділмардың сөз» ұстаның бізінен өткір;
Орынды айтылған сөз –
Орнына қағылған шеге сияқты.
1.8 Хан мен Сырым
Хан Сырымнан:
– Өтiрiк пен шындық арасы қандай? – деп сұрапты.
– Өтiрiк пен шындық арасы төрт-ақ елi. Құлақ естiген өтiрiк,
көз көрген рас, – дейдi Cырым.
– Жазғытұры жер бетiнде 60 түрлi қурай шығады, қайсысы асыл болады? – дептi хан.
– Көкпек деген шөп асыл болады. Басқасы күзде қурап, ұшып кетедi.
Бұл қыста да көктеп тұрады, азбайды, – деп жауап берiптi Сырым.
– Тым сөзiң көп екен, – дептi хан.
– Сөзi көптi айыптасаң 220 қағазы, 440 бетi бар құранды айыпта. Менiң сөзiм құранның сөзiнен көп емес, кем де емес, – дептi сонда Сырым.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
өтірік – шындықтан алшақ, жалған
шындық – ақиқаттық, дұрыстық
қурай – биік болып өсетін шөп тектес, мал жемейтін өсімдік атауы
асыл – қымбат бағалы, құнды, таза
құран – Ислам дінінің негізгі ереже, уағыздары жазылған діни кітап
Сұрақ-тапсырмалар
Мәтінді оқып шығып, мазмұнын айтып беріңіз.
Өсімдік атауларының неше түрін білесіз?
Қазақ тіліне тән дыбыстардың сөз басында, сөз
ортасында, сөз соңында келетін сөздерді схема түрінде жазыңыз
-
сөз басында
|
сөз ортасында
|
сөз соңында
|
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын
түсіндіріңіздер.
Шындық, өтірік туралы:
Шындық – қамал бұзар;
Шындықтың шырағы сөнбейді;
Шын бір сөз, өтірік мың сөз;
Тіл жүйрік емес, шын жүйрік;
Шындық бар жерде өтірік байқап жүреді,
Шындық жоқ жерде шіреніп, шайқап жүреді.
1.9 Екi қолдың қайсысы кем?
Жаңа жайлауға қоныстанған бiр бай екi кедей жiгiтке құдық қаздырады. Құдық қазылып бiткен cоң жiгiттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың бiреуiне саулық, екiншiсiне қозы бередi. Екiншi жiгiт оған наразы болады.
Төлеге келiп шағым айтады. Төле байға құдық қазған екi адамның еңбегi бiрдей екенiн айтады. Бiрақ құдық иесi өз дегенiнен қайтпайды.
Сонда Төле:
– Адамның екi көзiнiң ,екi қолының қайсысы кем? – дейдi байға.
– Ешқайсысының кемдiгi жоқ. Екеуi бiрдей. Сөзiңiзге жығылдым,биеке.
Өкпелi жiгiтке қой берейiн, – дептi амалы құрыған бай.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
құдық – жердің су шығатын қабатына дейін қазылып су шыққан жер, тік шұңқыр
саулық – үш жастан асқан қозылы қой
наразы болу – бір нәрсеге разы емес, қарсы
өкпелі – біреуден көңілі қалған, өкпелеген, ренішті
Сұрақ-тапсырмалар
Мәтінді мәнерлеп оқып шығыр, түсінігіңізді айтып
беріңіз.
“Адамның екi көзiнiң, екi қолының қайсысы кем?” деген
сұрақтың әдiлдiгi неде?
Мәтіннен есімдіктерді тауып, түрлерін ажыратыңыз.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын
түсіндіріңіздер.
Адалдық, еңбек туралы:
Есесі қайтқан еңбек – игі;
Терең құдықтың суы тәтті;
Адал еңбек елге жеткізер,
Арам қулық елден кеткізер;
Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді;
Сүйсініп істеген іс шаршатпайды;
Су – ырыстың көзі,
Еңбек кірістің көзі;
Өзін ғана ойлаған –
Жамандықтың белгісі,
Өзгені де ойлаған –
Адамдықтың белгісі;
Адамның ұяты бетінде,
Адамгершілігі ниетінде;
Құдықтан су ішкен,
Қазғанға рахмет айтады.
Ағашты көлеңкелеген,
Еккенге рахмет айтады.
1.10 Ел баласы
Ертеде Шу өзенiнiң Балқашқа жақын жайылым алқабына Үйсiн
мен Aрғынның белдi жақсылары таласыпты. Екi жақтың да билерi бас қосып, кеңесiп бәтуаласа алмайды. Көпшiлiкке ерiп барған он бес жасар Төленiң билiк айтушыларға көңiлi толмайды.
Ол: Ақты ақ деп бағалар!
О, игi жақсы ағалар!
Өзегi талса, ел бiткен,
Өзен бойын жағалар,- деп сөз бастай бергенiнде:
– “Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без” деушi едi. Мына бала кiм өзi? – дейдi төрде отырған би.
Төле қасқая қарап тұрып:
– О, би аға, он үште отау иесi демес пе,
Кiнәлiмiн бе келiп қалсам он беске?
Сөз сөйледiм, бұйыра көрмеңiз айыпқа,
Ала көз болу ағайын адамға лайық па? – деп, бiр тоқталады да, төрде отырған биге былай деп сауал қояды:
– О, игi асқар тауымыз,
Әдiл ме осы дауымыз?
Жар астында тұрғанда,
Жасырынып жауымыз?
Сонда әлгi би:
– Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса сақа қой.
Жасы кiшi демеңдер,
Ақылы асса аға ғой, – деген балам, билiктi саған бердiм, – дейдi.
Cонда Төле жұлып алғандай:
– Сары табақтан сарқыт қайтады деген.Билiктi маған берсеңiз, Шу өзенiнiң оң жағына Үйсiн, сол жағын Арғын жайласын, бұған қалай қарайсыздар? – дейдi.
Бұл шешiмге екi жақ та риза болып, бiтiмге келедi.
Cонда төрдегi би:
Үй баласы ма деп едiм,
Ел баласы екенсiң.
Ай маңдайлы арысым,
Талабың алдан өтелсiн.
Ауылыңның таңы бол,
Маңдайдағы бағы бол! – деп,
бала Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленiң аты шығып,
ел арасындағы дау-жанжал, келiссөзге араласып, билiк айта бастапты.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
бәтуаласу – уәделесу, келісу
билік – билердің даугерлерге айтқан кесімі, төрелігі, үкімі
сарқыт – қонаққа барған адамдардың алып келетін дәмі,
тағамы
дау-жанжал – талас-тартыс, ұрыс-керіс
келіссөз – мәселені талқылау, пікір алысумен шектелген келісім сөз
Сұрақ-тапсырмалар
1. Жас Төле жайылым таласына неге араласады? Бұл дауды
шешудiң қажеттiлiгiне ол қандай дәлелдер келтiредi?
2. “Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен
без” деген мәтелдiң мәнi ненi меңзейдi?
“Үй баласы”, “ел баласы” деген ұғымдарды қалай
түсiндiруге болар едi?
4. Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
5. Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын
түсіндіріңіздер.
Ел баласы туралы:
1) Атаңның баласы болма,
Адамның баласы бол;
2) Еліңді сүйсең, ерлік істейсің.
Батыл болсаң батыр да боласың;
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді;
Балаңды жұрт мақтаса, бәрінен де сол сүйініш.
1.11 Дүниеде не өлмейдi?
Әз Жәнiбектiң алпыс биi болған екен. Бiр жолы хан билерiне:
“Дүниеде не өлмейдi?” – деп сұрақ қойғанда, Алпыс биi бiр ауыздан былай дептi:
Ағын су өлмейдi,
Асқар тау өлмейдi.
Аспанда ай мен күн өлмейдi,
Әлемде қара жер өлмейдi.
Cонда Жиренше шешен бәрiне қарсы шығып:
Ағын судың өлгенi –
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгенi –
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннiң өлгенi –
Еңкейiп барып батқаны.
Қара жердiң өлгенi –
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бiр алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейдi?
Жақсының аты өлмейдi,
Ғалымның хаты өлмейдi, – дейдi.
Мына сөз және сөз тіркестерін есте сақтаңыздар:
Шешен – дана, қызыл тілді, терең ойлы адам
Ағын су – судың жылжып ағу қарқыны, ағыс
Асқар тау – зәулім биік, заңғар
Ажал – өлім, қаза
Сұрақ-тапсырмалар
1. “Дүниеде не өлмейдi?” деген әз Жәнiбек сұрағына алпыс би мен Жиреншенiң қайтарған жауаптарын салыстырыңыз.
Қайсысы дұрыс деп ойлайсыз? Соны дәлелдеп әңгiмелеп беріңдер.
2. Жиреншенiң жауабын жаттап алыңыздар.
3. «Дүние боқ», «дүниеге келді», «дүниеден өтті», «дүниеде теңдесі жоқ», «дүниежүзі», «дүние кезек», «дүниеқор», «дүниені қарап қылды», «дүниенің тұтқасын ұстады», «дүниенің төрт бұрышы», т.б. сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріңіз.
4. Есім сөздерді тауып, мағынасына қарай ажыратыңыз.
5. Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын түсіндіріңдер.
Өмір мен өлім туралы:
Өтпейтін өмір жоқ,
Сынбайтын темір жоқ;
Өткен қайтып оралмас,
Өлген қайтып келмес;
Өмір озады, ажар тозады;
Біреуге тумақ болса да,
Бірге өлмек жоқ;
Өлім деген – ұзақ жолдың алысы.
1.12 Балаби мен Сырым
Сырым бiр жылы орта жүзге барғанда сол елдiң Балаби деген биiне кез келедi. Сырым мен Балаби екеуi көп әңгiмелеседi. Балаби Сырымға бiрнеше сұраулар қояды, Сырым жауап бередi.
– Сiз ағайынды нешеу едiңiз? – дейдi Балаби.
– Мен ағайынды екеумiн, – дейдi Сырым.
– Сiздi Даттан ағайынды он бiр деп естушi едiк.
– Сiз түсiнбедiңiз, мен Даттан он бiр екенiм рас, бiрақ та олардың маған қанша керегi бар? Менiң ағайынды екеумiн дегенiм – бiреуi өзiм, екiншiсi – халқым.
– Сөз анасы не,
Су анасы не,
Жол анасы не? – дейдi Балаби.
– Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ,
Жол анасы – тұяқ, – деп жауап бередi Cырым.
–Өтiрiк пен шынның арасы қанша жер, неше шақырым болар? –
дейдi Балаби.
– Өтiрiк пен шынның арасы төрт елi. Көз бен көргеннiң арасы,
құлақ пен естiгеннiң арасы неше шақырым деп менi алдамаңыз, –
дейдi Сырым.
– Ақылды қандай адамға айту керек?
– Ақылды ұққанға айту керек.
– Ат не үшiн шабады?
Ер не үшiн шабады?
– Ат шабысына қарай шабады,
Ер намысына қарай шабады.
– Бұл дүниеде не тәттi? – дейдi Балаби.
– Аста тұз тәттi,
Адамда дос тәттi, – дейдi Cырым.
Мына сөздерді есте сақтаңыздар:
Құлақ – адамның есту мүшесі
Бұлақ – басы бастаулардан, қайнарлардан басталып, сай-жыралармен ағатын кішігірім су
Тұяқ – ұсақ мал, қой-ешкі
Сұрақ-тапсырмалар
Бала би мен Сырымның айтқан сөздерін түсіндіріп
беріңіздер.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Бұлақтардың түрлерін ажыратып беріңіздер: Айна бұлақ,
ақ бұлақ, бал бұлақ, қайнар бұлақ, тас бұлақ
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын
түсіндіріңдер.
Ақылдылық туралы:
Ақыл – алтын сандық, адамына қарай ашылар;
Ашу тасады, ақыл басады;
Жасы кіші ініні, ақылы артса аға тұт;
Ақылды жігіт атқа да отырар, таққа да отырар;
Жақсы болсаң жақын көп.
1.13 Ырысымның бетiн қайтарма
Баяғыда бiр жолаушы қыстың қaқaған аязды түнiнде бiр ауылға келiп, шеткi үйден түнеп шығуға рұқсат сұрайды. Бiрақ ол үй қондырмайды. Жолаушы ауылдың бiраз үйлерiнiң есiгiн қағып, қон дейтiн бiр адам таба алмай, ақырында бiр үйден:
– Бұл ауылда жолаушы қондыратын адам бар ма өзi? – деп сұрапты.
– Бар. Анау тұрған көк есiктi үй қондырады. Бiрақ, кетерiңде естен кетпестей етiп сабайды, – дептi үйдiң иесi.
Аязда қатып өлсiн бе, әлгi жолаушы амалсыз сол үйге барады. Үй иесi туысы келгендей жадырап жақсы қарсы алады. Жолаушыға арнап шай қойдырып, қазанға ас салдырады. Аттанарда таяқ жейтiнiн бiлген соң жолаушы да тартынбайды, берген шайын да, асқан етiн де бетiн қайтармай iшiп-жеп тояды. Келесi күнi таңертең шанаға атын жегiп, аттануға жиналады. Сабайды деген үй иесi қошемет көрсетiп, құрметпен шығарып салып тұрғанда жолаушы:
– Апырмай, ауыл адамдарының өтiрiк айтқаны ма? Сiздi қонағын аттандырарда жақсылап тұрып сабайды деп едi, – дегенде үй иесi:
– Сабайтыным рас. Өйткенi, түнделетiп қонған қонақтарым шай iш десем, “әуре болмаңыз, iшпеймiз”, ет же десем, “рахмет, жемеймiз, паналап шықсақ болады” деп ырысымның бетiн қайтарады. Сондықтан оларды аттанарда “ырыстың бетiн қайтару” не екенi есiнде жүрсiн деп сабаймын. Ал, сiздi не деп сабаймын? Шай iш дедiм, iштiң, ет же дедiм, жедiң. Ырысымның бетiн қайтармадың, – десе керек.
Мына сөз және сөз тіркестерін есте сақтаңыздар:
ырыс – мол байлық, береке
жолаушы – сапар шегуші, жол жүруші адам
түнеп шығу – қону
тартынбау – именбеу, жасқанбау
құрметтеу – сыйлау, қастерлеу
Сұрақ-тапсырмалар
1. Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.
2. «Үй иесі» сөзінің синонимін табыңыздар.
3. Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
4. Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын түсіндіріңіздер.
Сый, құрмет туралы:
Сыйлап берсе, суын іш;
Асы бар аяқтан аттама;
Жоқтық ұят емес,
Тоқтық мұрат емес;
Аштың ақылы тамағында,
Жаяудың ақылы табанында;
Құр алғыс азық болмайды;
Жақсыға қылған жақсылық,
Өміріңде тозбайды.
Жаманға қылған жақсылық,
Бір күнгідей болмайды;
7) Бір күн тұзын татқанға, қырық күн сәлем.
1.14 Өз-өзінді тексер
«Ғибрат» сөзінің мағынасын табыңыз.
А) өнеге
Ә) аңыз
Б) жұмбақ
В) салт
«Алты ауыз ала» тіркесінің баламасын табыңыз
А) өнерлі
Ә) араз
Б) жалқаулық
В) қайратты
Отансыз адам – ормансыз ...
А) өсімдік
Ә) бұлбұл
Б) құс
В) адам
Туған жердің ауасы да ...
А) аз
Ә) шипа
Б) көп
В) лас
Тілдің көркі не?
А) дәм
Ә) ауыз
Б) сөз
В) ерін
«Ит арқасы қияннан» тіркесінің баламасын табыңыз.
А) алыс жер
Ә) жақын жер
Б) байлы жер
В) сулы жер
«Ар» сөзінің синонимін табыңыз.
А) ұят
Ә) күлкі
Б) ажал
В) шешен
«Жеті қат көктен» тіркесінің баламасын табыңыз.
А) жер
Ә) аспан
Б) орман
В) ай
«Ырыс» сөзінің мағынасын тап.
А) құрмет
Ә) сыйлық
Б) мереке
В) береке
Бала тәрбиесі ...
А) ата-анадан
Ә) әйелден
Б) бесіктен
В) мектептен
2 Дәстүр – дәріс
2.1 Шілдехана, бесік жыры, сүндет той
Шiлдехана – халқымыздың қастерлi тойларының бiрi.
Шiлдехана тойы қазақ халқының ежелгi дәстүрi бойынша нәресте қырқынан шыққан соң өткiзiледi. Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, қыз баланы қырық күннен асырып барып қырқынан шығара бередi. Сөйтiп өмiрге iңгәләп келген жас нәрестенiң буыны бекiп, сүйегi қатая бастаған шақта, ата-ана қуанышының айғағындай болған шiлдехана тойы өткiзiледi.Бұл жиында дүниеге келген нәрестенiң өмiрiне құттықтау айтылып, оның бүкiл тiршiлiгiнiң қайғысыз-уайымсыз жақсы өмiр кешуiне жүрекжарды тiлектер, жылы лебiздер бiлдiрiледi.
Балаларға арналған өлеңдердiң ең құндысы – бесiк жыры. Оның озық үлгiлерiн Ә.Диваев бастырған. Бесiк жыры сәбидi бесiкке бөлеген кезде ұйықтатып жатып айтылады:
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесiкке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама! – деп басталады.
Өлеңнiң тiлi көркем, мазмұны өте бай. Асыл ана өзiнiң бесiктегi баласына таудан алма тергiзедi, қыздарға берiледi.
Тұсау кесу – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бала алғашқы қадамын баса бастаған кезде оның тұсауы кесiледi. Тұсауды кесуге ала жіп немесе жетi түрлi жiп қолданылады. Өйткенi әр жiпте әр түрлi тiлектер айтылады.Баланың тұсауын пысық, сүрiнбейтiн адам кеседi.
Ер баланы сүндетке отырғызып, “мұсылмандық парызын” өтеуге ата-ана күн iлгерi дайындалады. Әркiм шама-шарқынша осы дәстүрдiң аталусыз қалмауын қарастырып, ат шаптырып, көкпар тарттырып, теңге аттырып, оған жағдайы келмегендер айналасына кiшiгiрiм той жасап өткерген.
Әуелi үйдегi үлкендер өзара ақылдасып, баланы сүндетке кiм отырғызатынын /дәрiгер-хирург немесе бұрын бала отырғызып жүрген қолы жеңiл молда/, баланы сүндетке отырғызатын сәттi күндi, сүндет тойын өткiзетiн мерзiмдi шешедi.
Мына сөз және сөз тіркестерін есте сақтаңыздар:
Қырқынан шығару – қырық күн толғаннан соң нәрестенің тырнағы мен шашын алып, теңгелер салған ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдыратын дәстүр
нәресте – жаңа туылған сәби
пысық – қимылы ширақ, шаруаға епті, т.б. қасиеттері бар адам
молда – сүндетке отырғызатын адам
Сұрақ-тапсырмалар
Балаға қатысты дәстүрлерді есте сақтаңыздар.
Баланың тұсауын кесерде аяғына ала жіп байлайды. Неге?
Мәтіннен зат есімдерді тауып, түрлерін ажыратыңыздар.
Оларды тәуелдеңіздер, септеңіздер.
Бесік жырының мазмұнын ашыңыздар.
Жоғарыда көрсетілген сөздерді орыс тіліне аударыңыздар
Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын
түсіндіріңіздер.
Бала, ата-ана туралы:
Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар;
Бесіксіз үйде береке жоқ;
Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал;
Ұл туғанға – күн туған;
Қыз – қонақ.
2.1.1 Ат қою
Жаңа туған сәбиге ат қою – ерекше салтанатты ғұрыптың бірі. Ат қоюға қазақ халқы ерекше көңіл бөлген. Әрине алдымен жақсы есімдер мен елге әйгілі адамдар атын қойған. Сонымен бірге бала есімін жақсы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды да ұмытпаған.
Қазақта балаға ат қоюдың жолы мен сәттері көп. Шөп шауып жатса Шөптібай деп, Наурыз айында туса Наурызбай деп, айт күні туса Айтбай деп те қоя салады. Сол сияқты қыз бала туа берсе Ұлболсын, Ұлтуған, Ұлмекен дейді. Көз тимесін деп Башай, Көтерші, Қосқұлақ, Итемген, Күшік деп те қойған. Қазір Бауыржан, Абай, Олжас, Сәкен, Абылай, Фаризалар көп. Бұл да сол кісілердей болсын деп қойылған есімдер.
Ат қою – жеңіл-желпі іс емес. Сондықтан балаға лайықты әдемі есімдер қойған жөн.
2.1.2 Бесікке салу
Бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке жолы үлкен немесе елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадырлі, таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады.
Бесікте сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор. Бесіктегі сәбидің бойы, қол-аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да қорғайды. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тағып қояды.
Бесік ағаштан, негізінде талдан иіп жасалады. Себебі тал басқа ағаштай емес иілмелі морт сынбайды, құрт түспейді, жат иісі болмайды. Бесіктің мнадай құрал-жабдықтары болады: жастық, мамық, жөргек, түбек, шүмек, қолбау, тартбау.
2.1.3 Қырықынан шығару
Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы, «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Қырықтың бірі - қыдыр» деген қағидалар осы сандық ұғымнан пайда болған. Соның бірі – баланы «қырқынан шығару» дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оның сәбидің өзінің киіміне матаға орап тігіп қояды. Мұндағы мақсат – ертеде сурет болмағандықтан баланың сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан.
Баланы қырқынан шығарудың тағы бір ерекше маңызы бар. Қырық күннен кейін сәби ширап, көз тоқтатады, әр құбылыс, дыбысты сезе бастайды. Қырқынан шығару салты сәбидің жан-жүйесінің қалыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан.
2.1.4 Тұсау кесер
Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, оны аяғын жылдам басатын адамға кестіреді. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді., шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. «Тұсаукесердің» арнаулы жыры бар. Мысалы:
«Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы, тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз, балам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!»
2.1.5 Сүндет той
Ер баланы тақ жасында яғни 3, 5, 7 жасында сүндетке отырғызады. Бұл мұсылман елдерінде ғана емес, басқа діндегі елдерде де бар. Сүндеттеудің денсаулыққа, тазалыққа да пайдасы зор.Баланы сүндеттеу үлкен рәсім. Ол әр ата-ананың борышы. Бұл рәсімнің «сүндет тойы» деген сияқты жөн-жоралары болады, «қайырлы, құтты болсын» айтылып, шашу шашылады. Сүндет міндеті бұрын қожа, молдаларға ғана тапсырылса, қазір оны дәрігерлер де жасай береді. Бұрынғы кезде ауқатты адамдар бала сүндеттегенде үлкен той жасаған. Оны «сүндет тойы» деп атайды.
2.2 Үйлену жырлары
Қазақ фольклорында от басының тағдырына, жас буынның өсiп, мұрат-мақсатына жетуiне немесе солардың арман-қайғысына ортақ болған өлеңдер көптеп саналады. Солардың бiрi - үйлену және үй болуға байланысты жырлар. Бұл жырлар алуан түрлi формада жасалып, ел аузында жақсы сақталған. Халықтың тұрмыс-тiршiлiгi, бiр кездегi әдет-ғұрпы мен салт-санасын, ой сезiмi мен арман ниетiн бiлдiредi.
Әдет-ғұрыпқа байланысты бұл жырлардың өзi жар-жар, сыңсу, қоштасу, жұбату, беташар, тойбастар түрiнде айтылатын болған.
Үйлену тойларында айтылатын тұрмыс-салт өлеңдерiнiң бiрi – жар-жар. Оның үлгiсi Орта Азия, араб, парсы, елдерiнде де бар. өз теңiне емес, кәрi шалдарға берiлген қыздар кейде тойсыз жөнелтiлетiн болған. Мұндай жағдайда қыз өзiнiң қандай күйеуге берiлгелi отырғанын жар-жар өлеңi үстiнде бiр-ақ бiлген. Сол себептi жар-жар өлеңiнде, бiр жағынан, қыздың ата-ана, туған жер, өскен елге деген қимастық, балалық сезiмдерi айтылып, 2-шi жағынан, "көз жасыма қарамастан теңiме бермедiң"деген.
Жар-жар қыздар және жiгiттер тобының атынан бiрде қосыла, ендi бiрде алма кезек айтылған. Қыз өзiнiң әке-шешесi мен құрбы-құрдастарын қимайтынын айтса, жiгiт жағы соның бәрiне тоқтау салып “әке орнына қайың ата, ана орнына енең қамқорлық жасайды” деп айтатын болған.
Үйлену жырларының бiрi – сыңсу. Мұны қыз өзiнiң ел-жұрты, құрбы-құрдастарымен қоштасар кезде, қайын жұртына аттанар сәтте айтатын болған. Өз теңiне қосыла алмай, малға сатылған қыз болса, сыңсуда оның ата-анасына айтатын өкпесi де болған. Сонымен қыз өзiнiң жастық шағымен қоштасады.
Жар-жар, сыңсуды айта бiлу үшiн әрбiр қыздың өлең, ән бiлуi шарт болған. Мұндай кезде әйелдер жағы ақыл, кеңес берiп: "Көзiңдi жаспен бояма, бiз бермейiк десек те, мал бергенiң қоя ма?” – деген. “Қыз балаға үйде отыру жараспайды, алдыңда той, жар сүю, бала сүю бар, әдептi, ақылды бол” деп жұбатқан.
Беташар – қалыңдық түскенде айтылатын жыр үлгiсi. Ақ жаулық жауып әкелген жас келiншектiң бетiн ақын ашатын болған. Әдетте "Келiн, келiн келiп тұр, келiн үйге кiрiп тұр" деген сөздерден басталады. Мұнда ақын жаңа түскен келiншектiң бетiн ашып, ел-жұртымен таныстырады, оған көрiмдiк сұрайды. "Айт, келiн, айт келiн, атыңның басын тарт, келiн" деген жолдардан басталып, өсиетке құрылған 2-шi бөлiмiнде ақын жаңа түскен келiншектiң ендiгi мiнез-құлқы мен тiрлiгi қандай болу керек екендiгiн айтады. Өсек айтпа, жеңiл жүрiске салынба, қаптың аузы ашық деп құрт ұрлама, ақылды, пысық болып, сөз тасыма, жұртқа жылы бол деген.
Мына сөз және сөз тіркестерін есте сақтаңыздар:
Достарыңызбен бөлісу: |