«Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық



бет2/23
Дата29.09.2023
өлшемі148,42 Kb.
#183045
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
Байланысты:
!

Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов

Қазақстан Республикасы


Денсаулық сақтау
министрінің
20___ жылғы __________
№ ______ бұйрығымен
бекітілген
«Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

1.Осы «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) меншік нысанына қарамастан барлық субъектілер үшін дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді.


2.Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылды:
1) ағымдағы дезинфекция – науқас ауру ошағында болған кезде әрбір нозологиялық нысан үшін белгіленген жиілікпен жүргізілетін дезинфекция;
2) гнус – ашық табиғатта және елді мекендерде адамды шағатын және оның қанын соратын қансорғыш жәндіктердің – масалардың, соналардың, майда шыбындардың, есекқұрттардың, бәкене шыбындардың бірқатар түрлері;
3) далалық дезинсекция – адамдар болатын жерлерге қорғаныш аймақтарын құру және қансорғыш жәндіктер мен кенелердің санын азайту мақсатында елді мекен шегінде оларды жою;
4) далалық дератизация – адамдар үшін қауіпті аурулар эпизоотиясын болдырмау және кеміргіштердің санын азайту мақсатында оларды жою;
5) дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;
6) дезинфекциялық жабдық – дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту, стерильдеу, дезинсекциялау және дератизациялау жүргізуге арналған аппараттар мен қондырғылар;
7) дезинфекциялық құралдар (бұдан әрі – дезқұралдар) – дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту, стерильдеу (стерильдеу құралдары), дезинсекциялау (дезинсекциялау құралдары) жүргізуге арналған химиялық, биологиялық құралдар, сондай-ақ репелленттер мен педикулоцидтер;
8) дезинфекциялау құралдары –дезинфекция жүргізу үшін қолданылатын дезқұралдар;
9) дезинсекция – жәндіктер мен басқа да буынаяқтыларды жою бойынша іс-шаралар кешені;
10) дератизация – кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар кешені;
11) жоғарғы деңгейдегі дезинфекция – барлық патогенді және шартты патогенді микроағзалар жойылатын, ал споралар саны азаятын дезинфекция;
12) инсектицидтер (акарицидтер, инсектоакарицидтер) – жәндіктер мен кенелерді жою үшін қолданылатын құралдар (препараттар);
13) имаго – буын аяқтылардың дамуының ересек (жыныстық жетілген) сатысы;
14) камералық дезинфекция – дезинфекциялық камераларда дезинфекциялау және дезинсекциялау;
15) кедергілік дератизациялау – тұрақты немесе уақытша елді мекендерде, сондай-ақ, халықтың демалыс орындарында, сауықтыру мекемелерінің айналасында инфекция таратушы кеміргіштердің қоныс аударуын алдын алу мақсатында кез келген қолданыстағы әдістерін (физикалық, химиялық, биологиялық) пайдалана отырып, кеміргіштерді жоюмен ені 200 метрден 500 метрге дейінгі қорғаныш жолағын құру;
16) кенттік дезинсекция – елді мекен шегінде зиянды жәндіктерді, кенелерді және басқа да буынаяқтыларды жою;
17) кенттік дератизация – тұрғын үй-жайларда (ғимараттарда), қора-қопсы құрылыстарында, мал шаруашылығы, өндірістік, қойма және өзге де үй-жайларда, сондай-ақ елді мекен шегіндегі ашық аумақта кеміргіштерді жою;
18) қолдану режимі – препаративті нысанда пайдаланылатын қолданыстағы заттардың шоғырлануын қоса алғанда, дезинфекциялау құралын қолдануды сипаттайтын нормалардың жиынтығы, препараттың шығыны, өңдеу уақыты, өңдеу жиілігі мен ауданы, қосымша заттар мен әдістерді пайдалану;
19) қорытынды дезинфекция – науқасты емдеуге жатқызғаннан, оқшаулағаннан кейін, ол жазылған соң немесе қайтыс болғаннан кейін ошақта жүргізілетін дезинфекция;
20) орта деңгейдегі дезинфекция – бактерияларды (оның ішінде туберкулездің микобактерияларын), вирустарды (оның ішінде полиовирустарды), грибоктарды жоятын, бірақ спораларды жоймайтын дезинфекция;
21) ошақ – инфекция қоздырғышы науқастан сезімтал адамдарға беріле алатын шектерде оны қоршаған аумағы бар, инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқастың болатын орны;
22) ошақтық дезинфекция – ошақтарда инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу және/немесе жою мақсатында жүргізілетін дезинфекция;
23) препаративті нысан – дезинфекциялау құралдарын шығару және/немесе пайдалану нысаны;
24) профилактикалық дезинфекция – анықталған инфекция көзі болмаған кезде алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені (дезинфекция, дезинсекция мен дератизациялауды қамтиды);
25) репелленттер – буынаяқтыларды, кеміргіштерді және басқа жәндіктерді үркіту ерекшелігі бар табиғи немесе синтетикалық заттар;
26) родентицидтер (ратицидтер) – кеміргіштерді жоюға арналған препараттар (құралдар);
27) стерилизация – қоздырғыштардың барлық түрін, оның ішінде спораларды физикалық, химиялық, термиялық немесе аралас әдістермен оларға әсер ету арқылы толық жою;
28) төменгі деңгейдегі дезинфекция – бактерияларды, кейбір грибоктарды, вирустарды жоятын, бірақ туберкулез микобактериялары сияқты төзімді бактерияларға қатысты тиімсіз дезинфекция.
3. Дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау құралдарымен жұмыс істеуге денсаулығының жағдайы бойынша қарсы көрсетілімі жоқ, кәмелет жастағы адамдарға рұқсат етіледі.
4.Дезқұралдармен жұмыс істеуге тартылатын мамандар (дезинструктор, дезинфектор) әр 5 жыл сайын дезинфекциялау, дезинсекциялау дератизациялау бойынша кәсіптік даярлықтан және жыл сайын жұмыстарды қауіпсіз жүзеге асыру, дезқұралдармен уланған кезде дәрігер қарағанға дейін алғашқы көмек көрсету мәселелері жөнінде нұсқамадан өтеді.
5.Дезқұралдарды сақтау және тасымалдау «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 156-бабының 3-тармағына сәйкес жүргізіледі.
6. Дезқұралдар затбелгіде құралдың атауын, арналуын, жарамдылық мерзімін көрсете отырып, өнім берушінің ыдысында (қаптамада) сақталады. Ыдыстың затбелгісі дезқұралды сақтаудың (пайдаланудың) барлық кезеңінде сақталады.
7.Дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау жүргізу үшін Қазақстан Республикасының және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумағында қолдануға рұқсат етілген дезқұралдар қолданылады. Дезқұралдардың қауіптілігі осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдарының қауіптілігін сыныптауға сәйкес белгіленеді. Дезқұралдарды қолдану шарттары олардың қауіптілік дәрежесімен айқындалады:
1) жабық үй-жайларда аса қауіпті құралдарды пайдалануға рұқсат етілмейді, қолдану ұсынылмайды (1-сынып);
2) балалар, денсаулық сақтау ұйымдарында, қоғамдық тамақтану объектілерінде және тұрғын үй-жайларда жоғары қауіпті құралдарды (2-сынып) пайдалануға рұқсат етілмейді. Басқа объектілерде кейіннен міндетті түрде желдету және жинау арқылы тек оқытылған персонал ғана оларда адамдар жоқ кезде қолдануына рұқсат етіледі (2-сынып);
3) орташа қауіпті құралдарды (3-сынып) оқытылған персоналдың кез келген типтегі үй-жайларда және тұрғындардың тұрмыста, бірақ қолдану шарттарының міндетті түрдегі регламенттеуімен (препараттың шығыны, желдету режимі, жинау) пайдалануға рұқсат етіледі;
4) қауіптілігі аз құралдарды (4-сынып) қолдану саласын шектемей пайдалануға рұқсат етіледі.
8. Жарамдылық мерзімі аяқталған, жарамсыздық белгілері (түсінің өзгеруі, бөгде элементтердің болуы) бар болған жағдайда дезқұралдар есептен шығарылады және жойылады.
2-тарау. Дезинфекцияны ұйымдастыру және жүргізу

9. Тітіркендіргіш әсері және аллергиялық реакциялар тудыратын препараттармен үй-жайларды себелеу, тозаңдату, сүрту әдістерімен дезинфекциялау адамдар болмаған кезде жүргізіледі.


10. Жекелеген объектілерді зарарсыздандыру кезінде дезинфекциялық құралдардың шығыны осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген жекелеген объектілерді зарарсыздандыру кезінде дезинфекциялық ерітінділердің шығынын жоспарлау нормаларына сәйкес есептеледі.
11. Инфекциялық аурудың ошағында ағымдағы дезинфекция науқасты анықтаған кезден бастап емдеуге жатқызғанға дейінгі кезеңде жүргізіледі, үйде емделген кезде – аурудан жазылғанға дейін, реконвалесценттер мен бактерия тасымалдаушыларда – толық сауыққанға дейін жүргізіледі.
12. Ағымдағы дезинфекцияны денсаулық сактау ұйымының медицина қызметкері ұйымдастырады, оны науқасқа күтім жасайтын адам, реконвалесценттің немесе бактерия тасымалдаушының өзі жүргізеді.
13. Қорытынды дезинфекциялауды дезинфекциялық станциялар немесе санитариялық - эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік ұйымдарының дезинфекциялық бөлімдері (бөлімшелер) жүргізеді.
14. Қорытынды дезинфекция инфекциялық аурулар ошақтарында науқасты емдеуге жатқызу, оқшаулау, науқастың сауығуы немесе қайтыс болуы кезінен бастап бір тәулік ішінде жүзеге асырылады.
15. Инфекциялық аурулар ошақтарында қорытынды дезинфекциялауды жүргізуге өтінімді науқасты оқшаулағаннан, емдеуге жатқызғаннан кейін, диагноз өзгертілген соң, науқас қайтыс болғаннан кейін халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органының маманы халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдардың бөлімдеріне (бөлімшелеріне), дезинфекциялық станцияларға, обаға қарсы күрес мекемелеріне телефон арқылы береді.
16. Денсаулық сақтау ұйымдарының дезинфекциялау құралдарына қажеттілігін есептеу осы Санитариялық қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
17. Дезинфекциялау және стерильдеу режимдерін сақтауды қанағаттанарлық түрде бағалау мынадай көрсеткіштер бойынша айқындалады:
1) ағымдағы дезинфекциялаудан кейін 50 минуттан кешіктірмей алынған бактериологиялық шайындылардың 5 пайызынан (бұдан әрі – %) аспайтын бақылау объектілерінен патогенді емес микрофлораны себу;
2) дезқұралдарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген дезинфекциялау ерітінділерінің шоғырлануын сақтау;
3) әр түрінің қойылған сынамаларының кемінде 5 %-ын дезинфекциялау заттарының қалдық санына сәйкес келмейтін қанағаттанғысыз экспресс-сынамаларды анықтау;
4) тестілік бактериологиялық бақылаудың камералық дезинфекциялау режиміне сәйкес келуі;
5) қанның қалдық санына оң нәтижелі сынамалардың болмауы;
6) синтетикалық жуу заттарының сілтілік компоненттерінің және майлы дәрі-дәрмектер қалдықтарының қалдық санына оң нәтижелі сынамалардың болмауы;
7) стерильденбеген материалдың болмауы, стерильдеу режимінің сәйкес келуі.
18. Ошақтардағы ағымдағы дезинфекциялаудың сапасын бақылауды халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің мамандары зертханалық әдістерді ошақтардың кемінде 5 %-ында қолдана отырып, бір ошақтан кемінде 10 бактериологиялық шайынды алу, дезинфекциялау құралының (құрғақ препарат) 1 сынамасын, жұмыс ерітіндісінің 1 сынамасын алу арқылы жүзеге асырады.
19. Егер патогенді емес микрофлораның болуына оң нәтижелі шайындылардың саны алынған шайындылар санының 3 %-нан аспайтынды, дезинфекциялау препаратының қалдық санының болуына теріс экспресс-сынамалар саны 5 %-дан аспайтынды және дезинфекциялау ерітінділерінің қанағаттанғысыз талдауының саны 5 %-дан аспайтынды құрайтын болса, дезинфекциялау сапасы қанағаттанарлық болып есептеледі.
20. Қорытынды дезинфекциялау жүргізгеннен кейін патогенді микрофлораны сепкен кезде, соңғысы қанағаттанғысыз болып есептеледі және дезинфекция сапасын кейіннен бақылау арқылы қайта жүргізіледі.
21. Қорытынды дезинфекциялау бойынша жұмысты ұйымдастыру сапасын бағалау мынадай көрсеткіштер бойынша айқындалады:
1) қорытынды дезинфекциялауға жататын ошақтар санының ішінде инфекциялық ошақтарды өңдеумен қамту – кемінде 95 %;
2) науқасты емдеуге жатқызу немесе ұйымдастырылған ұжымнан оқшаулау сәтінен бастап бір тәулік ішінде инфекциялық ошақтарда қорытынды дезинфекциялауды орындау, қорытынды дезинфекциялауды уақтылы жүргізу – кемінде 90 %;
3) камералық дезинфекциялау жүргізуге жататын ошақтар санының ішінде камералық дезинфекциялау – кемінде 95 %;
4) ошақтарды қорытынды дезинфекциялау сапасын бақылаумен қамту:
көзбен тексерген кезде – жүргізілген дезинфекцияның жалпы санының кемінде 10 %-ын (ауылдық жерде – кемінде 5 %);
зертханалық әдістерді қолдана отырып – дезинфекция аяқталғаннан кейін 1 сағаттан 3 сағатқа дейінгі кезеңде пәтер ошақтарының кемінде 10 %-ын.
22. Денсаулық сақтау ұйымдарында дезинфекциялау сапасын бағалау үшін мыналар жүргізіледі:
1) стационарларда бір төсекке 0,3 шайынды есебімен, бірақ 30 шайындыдан аз емес, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда бір келуге 0,2 шайынды есебімен заттардан және жабдықтан шайынды алу арқылы дезинфекциялаудың сапасын бактериологиялық бақылау;
2) бастапқы дезинфектанттардың, дезпрепараттардың жұмыс ерітінділерінің әр түрінің сынамаларының кемінде 2 сынамасын зерттеу. Сынамаларды алу кезінде сынаманың алынған күні, дезинфекциялау ерітіндісінің дайындалған күні, оның шоғырлануы, қолданылу мақсаты белгіленеді;
3) камераның типі мен көлеміне байланысты дезинфекциялау камераларының жұмысының тиімділігін бақылау камераның үш жазықтығында 5-10 бактериялық (химиялық) тест салу арқылы жүргізіледі. Стерильдеу сапасын бағалау үшін стерильдеу жағдайларына, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен ауа ортасының стерильдігіне бақылау жүргізіледі.
23. Хирургиялық бейіндегі стационарлардың (бөлімшелердің) үй-жайларындағы ауа мынадай тәсілдермен зарарсыздандырылады:
1) адамдар болмаған кезде қолданылатын ашық және аралас бактерицидті сәулелегіштер мен жабық сәулелегіштердің, оның ішінде адамдар болған кезде ауаны зарарсыздандыруды жүргізуге мүмкіндік беретін рециркуляторлардың көмегімен ультракүлгін сәулеленумен әсер ету;
2) қорытынды тип бойынша дезинфекциялау және күрделі жинау жүргізу кезінде адамдар болмағанда арнайы шашатын аппаратураның (аэрозоль генераторлары) көмегімен дезинфекциялау құралдарының аэрозольдерімен әсер ету;
3) қорытынды дезинфекциялау және күрделі жинау жүргізу кезінде адамдар болмағанда озон генераторлары қондырғыларының көмегімен озонмен әсер ету;
4) микробтарға қарсы сүзгілерді қолдану.
24. Пациентті стационардан шығарғаннан кейін төсек-орын жабдығына камералық дезинфекциялау жүргізіледі.
25. Дезинфекциялау сапасын бактериологиялық бақылауды, стерильдеуді, биологиялық тесттерді дайындауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар жүзеге асырады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет