Ақтамберді Сарыұлы (1675, қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Қаратау, — 1768 — қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Жүрекжота мекені)[1] — жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат. Найман тайпасының қаракерей руының сыбан тармағынан[2].
“Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке” дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелейді. Қысқа нақыл, шешен сөздердің шебері. 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болды. 1738 — 1752 жылдары қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.[3]
Ақтамберді өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. “Күмбір-күмбір кісінетіп”, “Уа, қарт Бөгембай”, “Менімен ханым ойнаспа”, “Жауға шаптым ту байлап”, “Заманым менің тар болды” және тағы басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы. Ақтамбердінің “Балаларыма өсиет” деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады.[4]
Жауынгерлік поэзияның үздік үлгілері - «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Отбасар орны отаудай»толғаулары тағы басқа өлеңдері қазақ поэзиясының алтын қорына қосылады. Әуезов «Қазақ КСР тарихының» 1-томындағы (1957) «Қазақтың ауыз әдебиеті» тарауында 18 ғасырдағы жыраулық поэзияны талдай келіп:«Ақтамберді жырау эпостық жанр ақыны еді. Өзінің толғауларында ол батырлардың ерлігі мен батылдығын таңдана жырлады» деген.[5] Ақтамберді толғаулары мен жырлары С. Мұқановтың “Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер” (1942), “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1967), “Алдаспан” (1971), “15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы” (1982), “Бес ғасыр жырлайды” (1985) жинақтарына енгізілген.[6]