Диссертация ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева Алматы, 2008 мазмұНЫ


Қазақ дүниетанымына сәйкес «әйел» концептісі



бет9/14
Дата15.09.2017
өлшемі2,82 Mb.
#33121
түріДиссертация
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Қазақ дүниетанымына сәйкес «әйел» концептісі

Жалпы христиан дінінде әйел туралы зұлым, күнәһар, өтірікші, кекшіл т.б.деген сияқты өте төмен көзқарас қалыптасты. Христиан дінбасыларының бірі Әулие Бернар бір жағынан Мария ананы қасиетті әулие дәрежесіне жеткізіп дәріптесе, екіншіден, христиан әйелдерді әлі келгенше төмендетіп баққан. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский: «Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегенінің өзі оның құндылығының төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан... Әйелдер оларды мәңгі билеушінің немесе ұстаздың басқаруымен ұстап отыру үшін туады» деген [93].

Оның алдында, ХІ ғасырда әйелдерді «мыстандар» деп танып (сатананың одақтасы), қырғынға ұшыратқанын тарихи деректерден білеміз.

Орта ғасырларда Адам Атаның жұмақтан қуылу себебін әйелден көріп, оны улы жыланнан да қауіпті санаған. Осы кезеңде Еуропа әйелдерінің құқығы төмен болғаны соншалық, тұрмысқа шығарда әйелдің мүлікті иелену құқығы жойылып, оның бүкіл мүлігі күйеуінің иелігіне көшіп отырған. «Жаңа Еуропада да әйел ана, жар, адам ретінде де ешқандай жоғары мәртебеге ие емес» –деп жазады ғалым Хайдар Баш [94, с.14]. Оның пікірінше, өнеркәсіптік төңкеріспен бірге Батыс әйелдері тынымсыз тең құқық пен еркіндікті іздеу барысында әйелге ең қажетті қасеттерді ұят пен қарапайымдылықты жоғалтып алды да арзан тауарға айналып кеткенін сезбей де қалды. Бүгінде тіс пастасынан бастап автокөлікке дейінгі кез келген өнімді жарнамалауда әйелді ашық тұрде пайдалана бастады» [94,с.15].

Исламтанушылардың пайымдауынша, әйел мен еркектің тең құқықтығы мәселесі қисынсыз. Себебі, оларды өзара тең санау алма мен алмұртты теңестірумен бірдей. Әйел мен еркек психологиялық та, физиологиялық тұрғыдан да өзгеше жаратылғандықтан, табиғаты бір­бірінен ерекшелетіндіктен, бақыт пен тыныш өмірге ие болу үшін әрқайсысы өзінің табиғи жаратылысына сай салада өзін жетілдіру керек.

Осымен байланысты, әйел, ең алдымен, ана. Ол асқан шыдамдылықпен, нәзік сезіммен, ерекше мейіріммен баланы өсіреді және тәрбиелейді. Әке бала тәрбиелеуде ана сияқты сонша төзімділік пен мейірім үлгісін таныта алмайды. Себебі, әйел табиғатын ерекшелейтін де оны көкке көтеріп, құрметке бөлейтін де оның жан дүниесіндегі қайырымдылық, нәзіктік, өзгеге түсіністікпен қарау, сезімталдық және төзімділік сияққты ізгі қасиеттер деп ойлаймыз. Бұл қасиеттер әйел аналық міндетін отбасы аясында танығанда ғана айқын көрініс береді.

Ал енді табиғаты да, міндеті мен жауапкершілігі де мүлде бөлек әйел мен еркектің қайсысы басты, негізгі орынға ие деген сұраққа Ислам дүниетанымы бойынша былай жауап беруге болады: «Құран жан­жақты, толық қалыптасқан адам моделіне басымдылық береді. Бұл модельге сәйкес, толыққанды адам төзімділік, ризашылық, қанағатшылдық, қайырымдылық, қарапайымдылық, кеңпейілділік, достық, көмек қолын созу сияқты қасиеттермен бірге иманды, құдайдан қорқатын, діни сенімі кәміл тұлға болуы тиіс. Ал енді осы қасиеттерді бойына сіңірген адам ол әйел болсын, еркек болсын, басымдылыққа ие. Яғни адамгершілігі, рухани қасиеттері жоғары адамның мәртебесі де биік.» [94, с.17].

Ежелгі қазақ дүниетанымында орын алған барлық діндер мен діни сенімдердің олардың ежелгі діні тәңіріліктің бір сатысы түрінде қабылданып, оның негізгі нышандарының, сонымен қатар әйелге Ілкі Ана, Ұлы Баба, Түпана (арғы тек) түрінде табынушылық пен құрметтің іргесін қайта шайқалта алмағанын байқалады. Ислам дінінде де әйелге ерекше орын берілгені «Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла», «Ең қайырлы болғаныңыз, әйелдерге ең жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ», «Балаларды махаббатпен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі» , «Жұмақ кілті ананың қадамы астында» т.б. хадистік қағидалардан айқын көрінеді. Бұл хадистердің мәніндіни сипаттағы прецедентті мәтіндер арқылы анықтауға болады: «Мұхаммед пайғамбар тұрғындары зұлымдықты жақтайтын қалаға қарсы қасиетті соғысқа шығуға шақырады. Сонда Елшінің сенімді серіктерінің бірі анасына келіп: «Менің заттарымды дайында. Пайғамбарымыз соғысқа дайын болуды бұйырды» дейді. Анасы баласына «мені жалғыз қалдырасың ба?» деп ренішін білдіреді. Сол кезде баласы «Мен Пайғамбардан алыс кете алмаймын» деп азар да безер болады. Сонда анасы. «егер сен кетсең, ақ сүтімді көкке сауам» деп жауап береді. Әйел Мұхаммед пайғамбарға барып, әлгі сөздерін қайталайды.



Біраз уақыттан соң қасына барған жігіттен теріс айналған Пайғамбар оған былай дейді: «Мен саған қатты ашулымын. Себебі, сен анаңның өтінішін жерге тастадың. Адам баласы анасы мен әкесіне қызмет жасап, қарызын қайтару үстінде жұмақ онымен бірге болады» [94, 20 б. ].

«Енді бірде Мұхаммед пайғамбарға бір адам келіп былай деп сұрайды: «О, Алланың Елшісі! Мен анамды арқама салып ап қатты шыжыған ыстықта он алты шақырымдай арқалап жүрдім. Егер ондай аптапта жерге ет кесегін тастасам, ол бірден қуырылып шыға келетін еді. Мен осы әрекетіммен оның еңбегін өтедім деп санауға бола ма?». Бұған Пайғамбарымыз былай жауап беріпті: «Сенің бұл ісің анаңның толғақ кезінде көрген азабының азғана бөлігінің төлеміне жатады» [94, 33 б.]. Халқымызда жиі айтылатын «Анаңды үш рет арқалап Мекеге апарсаң да, парызыңнан құтылмайсың» деген мақалдың мәні осында болса керек. Мұның бәрі ана еңбегінің өлшеусіз, рөлінің ,барлық уақытта жоғары, мәртебесінің қай қоғамда болсын биік болуы тиістігін танытатыны сөзсіз.

Алайда қазақ даласында түрлі миссионерлердің қыруар еңбек сіңіргеніне қарамастан, ешқандай дін түрі терең дендеп еніп, өмір сүру салтына айналған жоқ деуге болады. Мұның себебін, яғни қазақтардың аса діншіл болмауын С.Ақатай олардың өмір сүру салтымен түсіндіреді. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы берік қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтары оларды қоршаған нақты өмір шындығымен, олардың қоғамдық және еңбек ету салаларымен тығыз байланысты болды. Барлық дін түрлері, оның ішінде ислам да көшпелілердің күнделікті өмірі мен оларды толғандыратын мәселелерінен жырақ болды, қарапайым халық үшін дін қағидалары дерексіз, көшпелі тіршілікке бейімделмеген боп саналды. Сол себепті исламның имандылық, тазалыққа үндейтін өзіне жақын жақтарын ала білген қазақтар ата-бабаларының ғасырлық сын тезінен өткен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын көздің қарашығындай сақтап, ерекше қастерлеп, оларды өзге рухани және мәдени құндылықтарымен ұштастырып, кей інгілерге дәріптеп, насихаттап, ұрпақтарына тозбас, жасампаз ұлттық мұра есебінде қалдырып отырды .

Қазақ дүниетанымында адамның дүниеге деген көзқарасы ұлттық болмыстың дерексіз таңбалары мен символдары түріндегі халықтық салт-дәстүр мен әдет- ғұрып, наным-сенім, ырым-рәсімдері мен табу, т.б. арқылы танылып отырды. Қазақ тұрмысы олардың түр-түріне толы болғандықтан, көршілері арасында «ырымшыл қазақ» атанды [95, 59-60 б.].

Аталған қасиеттердің бәрі, ең алдымен «қазақ әйелі» концептісіне қатысты екенін көркем мәтіндегі деректер дәйектей түседі:



... Алласының осындай сыпаттарынан хабары болып көрмеген Жұбай жеңгей құдық басында сол ұлығдұрдың өзін сілейте қарғап жүр... Именер де, ығысар да емес. Даусы ащы да қатал, зілді де кекті шығады.

Қу құдай, шұнақ құдай, саңырау құдай, құрығыр құдай!..



Бұл батылдыққа қазақтың еркегінен бұрын әйелі жетті, ерте жетіпті. Амалы қайсы, ғылымсыз да білімсіз, философиясыз, өмірдің ащы зары жеткізіпті. Сабаумен тулақты ұрып қалғанда шыққан дыбысқа сабау да ортақ. Жұбайдың ащы даусы сол тулақ дыбысы еді.

Сірідей көнбіс жанына тағы да аяусыз келіп соғылған бірдемеден Жұбай жеңгейдің қатты ышқынғаны байқалады. Қу құдайдан бастады да, құрғырдан бір-ақ шығарды. Бейнесі белгісіз ислам алласын тастан, ағаштан жасалған, қуарып қалатын, шұнайып қалатын ескі құдайларға теңеп қарғайды. әжелердің әжесінен бері тартып келе жатқан әйел зарын естімеген, әйел азабын көрмеген, аямаған құдайды меңіреу деп, құрығыр деп қарғайды (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).

Бүбира уысына ұстай кірген тұзбен немересін аластап, күбір-күбір дұға қайырған. Бүгінгі көбейіп кеткен ырым-сырым жүйкелетейін десе керек, Мырзатай шешесінің қылығын жақтырмай қалды:

  • Сонша неге дегбірің қашты, қойсаңшы қайдағыны ойлап таппай.

  • Қарағым-ай, дегбір қашқаннан құдай сақтасын. Тіл-көзден аман болса екен дегенім ғой. Сен сөйдегенмен, жұрт не ойларын қайдан білдің. Өзі де жайдары болғалы тұрған неме ме, күшәлә жегендей ыржалаңдай қапты сол арада... Әдіре қалғыр, әлгі Ауғанбектің қатыны неткен көргенсіз: «Ойбай, мынау күледі ғой», «Ойбай, мынау шешесін таниды ғой» деп қайта-қайта ішегін тартады... Ырымшыл кемпір зекіп тастап еді, келіншектер көңіл үшін «тіфәй-тіфәй» десті (М. Сқақбай. Ұят туралы аңыз).

Қазақтың бай әдеби, рухани мұраларының үлгілерінен халқымыздың өткен өмірі, тарихы, мәдениетіне қатысты деректерді білумен қатар оның дүниетанымы, көзқарасы, болмысы мен психологиясы, қайталанбас салт-дәстүрінен мол мағлұмат алуға болады. Осымен байланысты адамзат баласы артында қанша бай материалдық мұра қалдырғанымен, осы тектес рухани мәдени мұралардың маңызы ерекше екенін Л. Гумилевтің мына пікірі дәлелдей түседі: «Міне, осынау бай жиһаз бізге жетпеген; ағаш пен асыл терілер шіріген, алтын мен күміс қайта балқытылған, ал қару-жарақты тот басып, шаң-тозаңға айналған. Бірақ жазба деректер енді қайталанбайтын, аса бай мәдениет жөнінде сан ғасырлар қатпарынан бізге құнды мәліметтер жеткізеді, ауыз жарымайтын археологиялық олжалардан гөрі, біз оған көбірек сенім артуымыз керек» [13, 71 б.].

Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, әсіресе олардың сырты мен іші үйлескен сұлулығы, мінез байлығы, ақыл-парасаты жөнінде әңгімелегенде, ең алдымен батырлар жырындағы, аңыз әңгімелердегі әйел кейіпкерлердің көз алдыңызға келері сөзсіз. Құртқа – қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібексұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс, Қарашаш әйел үшін таптырмайтын қасиет – қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, Домалақ ене көрегенділік пен қарапайымдылықтың, ал Баян, Айша бибі сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.

«Қобыланды батыр» жырында Құртқаның батырдың аты Тайбурылды өзі таңдап, оны қандай ыждаһатпен бағып-қаққаны туралы баяндалады. Қобыландының досы Қараман «жауға бірге жүр» деп шақырғанда, батыр Құртқамен ақылдасып, оның тұлпардың бағуында қырық үш күн кемдігі бар деген сөзіне тоқталып отырғанын айтқанда, Қараман:

Қатынның тілін алсаңыз,

Қатынға ақыл салсаңыз, – деп оның намысына тиеді. Қобыландының ашуланғанын көріп Құртқа Тайбурылды батырға амалсыз шығарып береді. Шайқаста аттың бабының қырық үш күн кемдігінен зардап шеккен батыр Құртқаның тілін алмағанына қатты өкініп, бармағын шайнайды.

Қатынның баққан атын­­ ай!

Қатын да болса, білдің бе?

Құртқаның асыл затын­ -ай!

Бұл – халықтың әйелде ақыл, байыптылық, жағдайды дұрыс таразылау сияқты қасиеттердің басым екенін, оны жете бағаламау, намыс көру жөнсіз екенін мойындауы.

Әйел ақылына халықтың бас июінің айшықты көрінісі – «Айман – Шолпан» жыры. Осы жырда халықтың «Алтын басты әйелден бақыр басты еркектің артық» еместігін біржола мойындап, әйел ақылына бас ұруы, әйел сұлулығынан ақылды жоғары қоятыны байқалады. Жырда «сұлу» эпитеті Шолпанға қатысты ғана қолданылады да, Айманды:

Айманның әрбір түрлі айласы бар,

Секілді бойы көркем биік шынар , – деп бейнелейді.

Жырда Айманның даналығымен бауыры мен өз басына азаттық алғаны ұлы жоқ әкесінің малын жаудан қайтарып, елінің намысын қорғап, екі елдің арасын ушықтырмай, төрелік айтып, бітістіргені жырланады.



Айман қыз ақылменен тату қылды,

Бүйтіп ел болмас еді ұрысқанда («Айман –Шолпан» жыры)

Қыз балаға ата-ананың, жалпы қазақ қоғамының көзқарасының қаншалықты жоғары болғанын анық . Осындай көзқарастан болар, қазақ қыздары еркін, батыр боп өседі. Қазақта қыз баланың, жалпы әйел затының бойынан төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл, парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды.



Мен көкпарға тастаған лақ емеспін. Мен Роксанамын. Байтақ патшаның еркін өскен қызымын. Александр мені өзінің теңі деп білді. Мен оны да бағаладым. Ұлы Александрмен теңмін деп шалықтамаспын. Бірақ падишаға Ұлы Даланың еркін өскен қызына шақ теңдігімді кемітпеспін. Соңымда бейбіт өмірге жеткен елім қалып барады деп өзімді жұбатармын, жаратқан ием осылай жат жұрттық етіп дүниеге әкелді екен – ендігі тілеуім Александрдың амандығы болады (Э. Төреханов. Ескендір мен Роксана).

Ар-ұят, абырой деген ұғымдарды жоғары ұстаған қазақ қыздарының именшек, шектен тыс төменшек болмағанын дәлелдейтін дәйек мысал көп. Ел қорғар батырларды дүниеге әкелетіндіктен, ұрпақ жалғастығы, ұлт тәрбиесі анаға байланысты болғандықтан қыз баланың, әйел –ананың басқаша болуға қақысы да жоқ деп ойлаймыз.

Қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлық, көрегенділік пен даналық қазақ қыздарына ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған Тұмар, Зарина, Домалақ ене, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршындардан келгені даусыз.

Шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 570-520 жылдар арасында өмір сүрген сақ патшайымы Тұмар өз бақытынан бұрын елінің еркіндігін жоғары қойып, өзін әйел етіп, халқын билемек болған «Азия әміршісі» атанған Кир патшасының қаһарынан қаймықпай, құда түсе келгендерге:

Мен – елімнің падишасымын. Мен иілсем – елімнің иілгені... Кир көзін маған емес, еліме салып отыр. Ал еліме бұғау салдыртпаймын, ата-баба әруағы жатқан жерді жаттың табанына таптатқызып қорлатпаймын. Соны есінде сақтасын, – деп қайыра сәлем айтты.



Сөзге тоқтамаған қанішер патшамен соғысып, қанша қиындық көріп, ұлынан айрылып, қайғы шексе де, желдей ескен еркін сақ ордасы құлдықтың қамытын кимей, еңсесі езілмей, бостандықта өмір сүруі үшін тәуекелге бел байлап, жанкешті кескілес соңында жауын жеңіп, Кир патшаға қан жұтқызды.

... Жанарынан жасы үзіліп түскен Тұмар ханым Кирдің кесілген басын қолына жиіркене ұстап тұрып:

Іздегенің қан еді, ал іш, ендеше! – деді де сабадағы қанға басын батыра малып жіберді...[96, 166-179 бб.]

Ал біздің дәуірімізге дейінгі ІУ ғасырдың аяғы мен У ғасырдың басында өмір сүрген сақ патшасы Заринаның еркіндігіне ерлігі, серілігіне сұлулығы сай керім келіншек болған көрінеді. Ол өздеріне жау елдің батыры Стриангейді кездестіріп, олардың арасында ерекше махаббат сезімі тұтанады. Қолға түскен батырды өлімнен қорғап қалған Заринаға Стриангей адал махаббаттың белгісі ретінде екі патшалықты біріктіріп, қосылуға тілек білдіреді. Алайда ойлануға бір жыл сұраған сақ патшайымы келісілген мерзім біткенде былай жауап береді:

... Мен сені шынымен жақсы көрем. Бірақ сен екеуіміз қосыла алмаймыз. Себебі, мен саған тұрмысқа шықсам, сен – хан, мен ханым болам. Менімен қоса елім де саған бағынышты болады. Сондықтан жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да күшті нәрсе бар, ол – елімнің тәуелсіздігі. Қош, сүйіктім! – дегенде екеуінің де көзінен ыстық жас ыршып кетеді [96, 166-179 бб.].

Сүйгені үшін қосағын құрбандыққа қиған, бірақ халқы үшін сүйіктісінен де бас тартқан сақ қызы Заринаның қайсарлығы, халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, тәкаппарлық қасиеті ғасырлардан бізге тозбай жетіп, қазақ әйелі үшін өнегелік сипат алғаны анық.

Сақ патшалығының Қаңлы елінің батыр да батыл қызы Роксана да өз басын құрбандыққа шалып, ел-жұртын Александр Македонскийдің қырғынынан аман сақтап қалу үшін әлем билеушісі атануды мақсат тұтқан патшаның ұсынысын қабылдап, көрмеген, білмеген жырақ жат елге аттануға бел буады.

Мен көп ойландым, әке! Түнбаласы көз ілмедім. Ескендір - дәл бүгін құдайы қолдап тұрған патша. Қаңлы елі бес патшадан соң құласа, өлі мен тірінің лағнеті бізді табады. Бір емес, төрт патшалықтың арасы Ұлы Даланың, сақ баласының басын бәске тігуге дәтім шыдамады. Ескендір маған адамшылық жолымен құда түсті, алдарыңнан өтті. Оны ел-жұрт түгел біледі. Қырық мың қыршын өлгенше қаңлының бір қызы ретінде құдай ерекше жаратқан әлемнің әміршісі болам деп азуын айға білеген,, некесі қиылып көрмеген жас патшамен жат жұрттығымды жасасам деп ұйғардым. Уәдемді бердім, әке. Шарт қойдым (Э. Төреханов. Ескендір мен Роксана).

Ел аузынан жинаған аңыздардың бірінде қазақ танымындағы ұл мен қыздың орны туралы былай делінген:

Бір батыр жорыққа бармақшы болады. Оған әйелі қарсы болып мынадай уәж айтады:

«Әкем» деп жоқтар қызың жоқ,



«Атам» деп жоқтар ұлың жоқ.

...Айтқан тілді алмасаң,

Жау қолында қаларсың.

Батыр әйелінің тілін алмай, жорыққа кетеді. Ақыры жау қолында қайтыс болады. Өлер алдында ұлының емес, қызының жоқ екеніне налиды:



Жау қолында құдайым өлім бердің,

Әкекем деп шырылдар қызым да жоқ [97].

Қызды айрықша құрметтеген қазақтардың әйтсе де дүниеге қыз келгенде ұл туғандай қуанбағаны шындық. Ұрпақ жалғастығын өмірінің мәніне балайтын қазақ халқы үшін ұлдың орны ерекше. Мысалы:



Үріп ауызға салғандай төрт қыздан кейін бұларға тағы бір ұл керек екен. Жасаған ием, ұл болмаса, бәрібір мына дүниенің қызығы болмайтын секілді.

Тіпті бір ұлсыз қырық қызыңның да қадірі шамалы ма, қалай...

... Ж-жоқ, қалайда ұл, ұл... Кейінге ұрпағымды қалдырар ұл... Кейінге атымды қалдырар ұл... Ұл! (Т.Нұрмағамбетов. Айқай. )

Шешесінің осы нәрестеден соң көтерген тек сегізінші перзенті ұл боп туды. Дүниеге сол інісі келгенде, ата-анасының қалай тасып қуанғанын, тай сойып, қаладан бөшкемен сыра алдырып, бүкіл ауылды шақырып, ұлан-ғайыр той жасағанын ол кезде жасы үштен жаңадан ғана асқан, ақылы толыспаған Ұлбазарға үлкен апасы Дариға жырдай ғып айтатын еді.

  • Ал біздерге ше? Қыздары дүниеге келгенде ата-анамыз біздің де әрқайсымызға дәл осылай қуанып, дәл сондай шалқып той жасады ма? – деп сұрайтын Ұлбазар.

  • Сен өзіңді ұлмен салыстырма, - дейтін Дариға өмірдің өзі білетін ережелерінің бір заңдылықтарын мойындап. – Ата мен ана үшін ұлдың жөні бөлек. Ұл – шаңырақ иесі.

  • Біз ше?

Қыз – жатжұрттық. Бой жеткен соң, қанаты жетілген құс баласы секілді туған ұясынан ұшып кетеді (Н.Ғабдуллин. Таңдамалы).

Қазақ жырауларының эпикалық мұраларында маңызды орын алатын бақыт ұғымының мәнін аша отырып, қазақ ойшылдары бақытты жұбайлық өмірмен байланыстырады, оны бақыттың бір бөлшегіне жатқызады. Үйдегі барлық бақыт пен игіліктің ұйытқысы ошақтың иесі, отбасының тірегі болып табылатын әйелге деген құрмет пен ізет ойшылдардың бәріне тән.

Жақсы жар мәселесінің қазақ өмірінде қаншалықты маңызды болғанын осы тақырыпқа соқпай кеткен ақын-жыраудың болмағанынан байқауға болады. Жақсы әйел мен жаман ерді қалай тануға болады? Айналып келгенде, жақсы әйелдің ең басты қасиеті ер қадірін білу болса, жаман әйелдікі, керісінше ерін сыйламау, қадіріне жетпеу екені ақын-жыраулар поэзиясында айқын көрініс табады. Осыған сәйкес «жақсы әйел» және «жаман әйел» концептісі шығармашылық танымда былай өрілген:

Мінезді болса алғаның,

Одан артық жан бар ма,

Екі жаман қосылса,

Күнде жанжал, күнде шу.

Ұяларлық ар бар ма? (Ақтамберді, бес ғасыр жырлайды, 1 т., 66-б.)
Келін жақсы болса –

Үйіңе көп кісі келеді.

Келін жаман болса –

Келген кісі кеткісі келеді.

Ас құй десең төккісі келеді,

Төкпей құй десең сөккісі келеді(Шал. Бес ғасыр жырлайды. 1-т. 141-б.)

Қайын енесі ас ішпес,

Қабағын түйген келіннен (Шортанбай. Бес ғасыр жырлайды, 1-т., 280-б.)

Бір қатын сыйлаумен қатын,

Бір қатын қынаумен қатын.

Нағыз қатын, сол қатын –

Һәр нәрсені ойлаумен қатын.

Қатының жақсы болса

Көңілді жықпас.

Ыңғайың біліп,

Сөзіңнен шықпас,

Ақмағына жолықсаң,

Өз бойына мін тақпас.

Жұмсақ сөйлесең, жеңемін деп

Мылтық жасап атсаң да бұқпас(Н.Наушабаев. Бес ғасыр жырлайды).

Қазақ: «Асыл әйел әрі еркек, әрі қатын, - дейді. Осыған орай «Жақсы әйел» және «жаман әйел» концептісінің көрінісін шешендік сөздер үлгісінен де көруге болады:

«Жиренше шешен жолаушылап жүргенде әйелі Қарашаш кенеттен дүние салады. Сапардағы шешенге бұл қайғылы хабарды қалай естіртуді білмей, ел қиналысады. Сонда қой соңында жүрген бір тазша бала: «Мені апарыңдар, мен естіртемін», - депті.

13 жасар тазша баланы алып, ауылдың ақсақалдары Жиренше жатқан ауылға келеді. Биік төбенің басында, дүйім жұрттың ортасында Жиренше шешен отыр екен. Тазша бала Жиреншеге келіп:

- Ассалаумағалейкүм, ақылы елден асқан Жиренше аға! Сізді аузымен құс тістеген, аққан өзенді тоқтатқан шешен дейді. Үш сұраққа мұрсат беріңіз, - депті.

Жас баланың батылдығына риза болған шешен мойын бұрып:

Айта ғой, - депті ықыласы түсіп.

Бауырың өлсе недейміз? – депті Тазша бала.

Бауырың күйіп түсті десейші.

Балаң өлсе не дейміз?

Қос бүйрегіңді тірідей суырып алды десейші.

«Қатын өлсе, қамшының сабы сынды» дейміз ғой онда, аға? – депті Тазша бала.

Жоқ, қарағым. Жарың өлсе ошағыңның күлі шашылып, 32 қабырғаңды сөгіп алдым десейші!

Ал, аға, бүкіл қабырғаңызға қалқан боламыз деп қалың ел-жұртың келіп тұр, - дегенде Жиренше секем ала:

Әй, көбейгір, балаларымның анасы, үйімнің жарық панасы, көзімнің қарасы, Қарашашым арманда кеткен екен-ау дүниеден, - деп ботадай боздағанда сақалынан алты тарам жас ағыпты деседі (Ел аузынан, 16-б.)



«Әйелдің жақсысы қандай, жаманы қандай болады? – дейді Ыбырай, шешенге:

- Әй! – дегенде:

- Ә; - десе,

- Манағы қайда? – дегенде:

- Мә, десе – жақсы әйел сол.

- Әй! – дегенде:

- Оқ, десе,

- Манағы қайда? - дегенде:

- Жоқ десе, дау да іздеме, жау да іздеме, бәрі де өз үйіңде, – депті Тұяқ шешен» («Жетісу» газеті, №117, 21 қазан, 2006 ж.).

Жалпы кез келген халықтың мәдениетінің деңгейі қоғамдағы әйелге деген қамқорлықтан көрінетін болса, оның жоғары екені қазақтардың әйелге жар, ана, қыз ретінде көзқарасынан көруге болады.

Қазақ дүниетанымында әйелдің негізгі функциясы – жаратушылық, ұрпақты жалғастырушылық, рудың қамқоршысы.т.б. Ежелгі қазақтың арғы тек, рудың қамқоршысы Ұлы Ана түрінде болған түсінігінің патриархаттыққа біржола өткен ортағасырлық қоғамда да өзгеріссіз қалғанына бүтіндей рулардың әйел есімімен аталуы, ру ұрандарының дана, батыр әйелдер есімінен болуы және кез келген шежірелерден кездескен белгілі рулардың қалыптасып, сақталуындағы әйелдің рөлі туралы мұндай прецедентті мәтіндер куә:

... Найман атаның енді шаңырақ көтергелі жатқан баласы ажал құрығына ілініп, артынша жалғыз ұлының қайғысын көтере алмай анасы да бақилық болды. Осы кезде өзінің емес, ең алдымен рудың, елдің қамын ойлап, жас та болса жағдайды ақылымен бағамдаған Ақсұлу ағайынмен ақылдаса отырып, атасына Үйсін Дәулет бидің қызын айттырады. Енесінің орнына келген оны «Қызеней» деп атап, өзі баулып тәрбиелейді. Қызенейден туған балаға «атамның белгісі» деп Белгібай деп ат қояды. Әмеңгеріміз деп сөз салатындарға Ақсұлудың берген жауабы:

- Ерге шықпайтын себебім, ағайын адамдарды таластырып, араларына жік салғым келмейді. Оның үстіне құдай қосқан қосағымды бір жыл қарадай, алты жыл ақтай, жеті жыл толғанша жоқтаймын. Сонымен қатар атамның жасы келген шағында көрген көзінің қарашығындай жалғыз ұрпағын өзім тәрбиелеп өсіріп, Қызенеме қолғабыс етсем деймін, - деп ұтымды жауап берген соң аталы сөзге тоқтайтын ағайын одан әрі сөз қозғамайтын болды. Оның ақылдылығына, ұстамдылығына риза болған ел ерекше құрметтейтін. Тағы да ұрпақ жалғастығын, ел қамын ойлаған дана, көреген әйел отыз жетіге келгенде әмеңгерлік жолмен он жетідегі Белгібай қайнысымен некелесуге бел буып, одан Келбұға, Кетбұға атты екі ұл өмірге келеді. Егде тартқан шағында Белгібайдың үрім-бұтағын көбейтуді көздеген Ақсұлу өзінің сіңлііс Тоқсұлуды, Түрікмен Арлауыт бидің қызы Ақбаршынды алып береді. Олардан өрбіген ұрпақ бір қауым елге айналып, Үш жүзге әйгілі болған деседі. Бір әулетке тұтқа, елге бас болған Ақсұлу анамыз Әулие ана аталады...

Жоғарыда айтылғандардың себебін философ Г.Соловьеваның пікірі де дәлелдей түседі: «Женщина в своей субстанциональности, – существо парадоксальное, противоречивое. Оно гораздо сильнее мужчины прикована к выполнению задач рода» [98, с. 79].

Осыған сәйкес қазақ дүниетанымында берік орныққан көзқарас бойынша, әйел ана бесігімен сұлу көрінеді. «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатады» деген мақалдың да мәні осы. Сол себепті де қазақ әйелдері Бибі Фатимаға табынып, қыздарына отбасылық бақыт, келіндеріне перзент сұраған.

Алланың Елшісі Мұхаммед пайғамбардың балалары шетіней береді де, төртінші перзенті Фатима дүниеге келгенде кәпірлер «ұрпағы жалғаспай, тегі үзілді» деп Елшіні мазаққа айналдырады. Оларға жауап ретінде «Кәусар» сүресі түседі. Аталған сүре күш­қуат беретін таусылмайтын бұлақ, қайнар көзі Фатима болатынын меңзеген болатын. Фатимаға Елші ұрпағын жалғастыру сияқты қасиетті құрмет көрсетілді. Мұхаммед пайғамбар қызы туралы: «Фатима – жұмақтағы әйелдердің бастаушысы» дегенді айтып, ерекше нәзік сезіммен, үлкен қамқорлықпен қараған [94, c.34-36 ]. Осылайша,ислам дінінің әсерімен Тәңірді Аллаға алмастырып, екеуінің қайсысы аузына бірінші түссе, соны атай бастаған қазақтар отбасы, жас нәрестенің қамқоршысы Ұмайды Бибі Фатимамен теңестіреді. Бірақ ол исламдық көзқарастың әсерінен ол Ұмайдай Тәңір серігі дәрежесіне көтерілген жоқ, Фатимаға көбінесе әйелдерді, отбасын, жас нәрестені қорғаушы рух ретінде сыйына бастады. [12]. Мысалы,



Құр босқа айғайлағанша «Бибі Бәтима пірім, қолдай көр» деп сыйынбайсың ба?! – Шешесінің қатқыл даусынан өктем сыз білінеді (Ж.Шаштайұлы. Жала мен нала).

Қызды ерекше сыйлап, төріне отырғызған халқымыз оған болашақ ана, ұрпақ тәрбиелеуші ретінде қарап, оның тәрбиесіне, үйдегі, түздегі жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарап, іс-әрекеттерінің қызға тән әдептен озбауына, шекарадан асып кетпеуіне айрықша көңіл бөліп, қатты қадағалаған. «Қызға қырық үйден тыю, одан қалса, есіктегі қара күңнен тыю» деген мақал-мәтелдер соның айғағы. «Ұят, ар, абырой, иба, ізет, қылық, наз» сияқты қасиеттер қыздарға тән деп есептелген. Бұл қасиеттер прецедентті және көркем мәтіндермен де дәйектеледі. Мысалы,



  • Бірақ сен Адам Ата ұрпағы қауым-қауым боп бөлініп жатыр дедің ғой. Солардың қайсысында ұят мол, қайсысында аз екенін қалай білуге болады? Жұрт қайсысының жүзіне үңіліп жүрмек?

  • Қызына қарап білсін. Қызы инабатты қауым – ұятты қауым. Қыз бала беттің қызылына балансын.

Шарапаттың қоржынындағы Ұятқа Кесепат қос шеңгелін екі қоржынға жүгіртіп алып қалған соң, ожданның мөлшері кеміп, қалған адамға бір ұятты екіге бөліп үлестірді (М.Сқақбай. Ұят туралы аңыз).

Осы бетте жүгіріп барып, жігітті құшақтай алатындай еді, бірақ қыз ұяты сонан артыққа жібермеді; оның үстіне ауыл адамдарынан қысылып, амалы құрып, құшағындағы көк қозыны бауырына қысып, құшырлана сүйіп алды; қара көзі ұшқындана қуана күліп, Райға қозының тасасынан ұрлана қарап тұр. Көкіректегі көп сырды көзбен ұғысқысы келгендей, жігіттің бұрылғанын бағып тұрған (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).

Қазақ қоғамында қыздың абыройы әулеттің, бүкіл елдің абыройына баланған. Мысалы, бұл көзқарас Ә. Кекілбаевтың «Үркер» романында былайша түйінделеді:



«... Оларға айтқызсаңыз (ел ақсақалдары – Б.А.) – жұрт болар жұрт қызыл өңешінен гөрі ата­баба аруағы мен қыз баласының абыройын көбірек күйттейді; ата­бабаның аруағын салғыртсынғаның – жұртыңның кеше кім болғанын ұмытқаның; қыз балаңның абыройын қастерлемегенің – жұртыңның ертең кім боларын ойламағаның.

Оларға айтқызсаңыз – жұрт болар жұрт ата­бабаның аруағы мен қыз баланың абыройының жолында халықты ұстаған атан жілікті азаматтың алтын басын садағаға шала алады». Себебі, кез келген қоғамның тірегі, ұлттың негізі болашақ ана немесе бүгінгі ана екені дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Ал қыз абыройын қорып, сақтаушы, қорғаушы, ең алдымен қыздың жеңгесі болған. Қазақтың ақылды, парасатты жеңгелері қайынсіңлілерінің от басып, өкініп қалмауына мән беріп, сүрініп қалмауларына ерекше тілектестік білдіріп, теріс қадамнан дер кезінде сақтандырып отырған.



Осы кезде аққұба келіншек сырттан екінші аққұманды демдеп әкелді. Сыйлас қайын сіңлісі жұрт көзіне түсіп қала ма деп қысылып, есік жақтан елеусіздеу боп келді де, басқалардың көзін ала бере қайын сіңлісін шымшып алды. Жалт қараған Бөбекке:

Еркем, шайың кесіліп қалыпты ғой, енді демдеп әкелген аққұманнан құярсың, - деп сыбырлады да, сыртқа шығып кетті (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).

Атастырылған жеріне, болашақ жарына көңілі толмаған қыздардың теңін тауып, бақытты болуына орайын тауып, қол ұшын созатын да ақпейіл жеңгелер болғаны талай көркем дүниеге арқау болған. Сол дәйектерден «қазақ әйелі» концептісінен өрбитін «жеңге» микроконцептісінің өрісі айқын аңғарылады.

Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі – отбасы. Ал отбасындағы әйел жағдайы – отбасы мен неке тарихындағы келелі мәселелердің бірі. Қазақ әйелінің қоғам өміріндегі теңсіздігін атап көрсеткен бірқатар зерттеушілер олардың Орта Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, барынша дербес және еркін екендігін айтады. Шын мәнінде көптеген тарихи және тілдік деректер қазақ әйелінің отбасылық мәселелерді шешуге белсенді қатысқанын, ерлеріне шаруашылыққа қатысты істерде көп көмектескенін дәлелдейді. Ал күйеуі жоқ кезде оның орнын жоқтатпай, барлық тіршілікке қатысты мәселелерді өзі шешіп, тіпті қазақы салт-дәстүрге сай қонақ күтіп, оны жөн-жоралғысымен шығарып салуға, күйеуін жаманатқа қалдырмауға міндетті болған. Ондай Айғаным, Бопай, Ұлпан, Зере, Ұлжан сияқты әйелдерді халқымыз жоғары бағалаған.



Шоқан ел кезген, жер кезген сапарында батыс түгіл, шығыс әйелдерінің ішінен мұндай мінезді, жомарт та өжет әйелдерді көп көрді. Басқаны былай қойғанда, өзі жақсы білетін Айғаным әжеci ше... Бүкіл аймақты билеп­-төстеген әкесі Шыңғыс емес, әжесі Айғаным болатын. Ел адасқанда ақылды Шыңғыстан емес, Айғанымнан сұрайтын. Көзін жұмғанша Айғаным әжесі осындай боп өтті (С.Бақбергенов. Ақ боз атты ару).

Ақыл-парасаты сай әйелдер тек өз отбасында емес, бүкіл ауыл-аймаққа зор беделге ие болып, олардың жақсы атағы алысқа тарап отырған.

Қазақ отбасылары ежелден-ақ көпбалалы болып келеді. Бала, ұрпақ қазақ өмірінде айрықша мәнге ие, сондықтан әрбір қазақ отбасы ұрпағының көптігін мақтан тұтып, көпбалалы болуды мақсат еткен. Кейбір қазақтардың көп әйел алуы көбінесе әйел затына қызығудан емес, жоғарыдағы мақсаттан туындаған. Бір әйелмен шектелгендердің өзі болашақ ұрпағының жайын ойлап, әйелді текті, өсіп-өнген жерден таңдауға тырысқан. Ал баланың жоқтығы бақытсыздық, құдайдың жіберген жазасы ретінде қабылданған.


  • Ақшасына бермедің-ау тіпті, ілуге сыйлайтындай қай құдаң бар еді, сен қатынның ниеті ме, сен қатынның.. Неше жерден қолыңнан өнер тамсын, маған жетпейсің. Жайқалып өскен бәйтерекпін мен, қара, әне, жапырақтарымды, ал сен кімсің, қуарған қу бұтақсың, қандай азаматтың басын байлап.

(М. Қожахметова. Жантәсілім).

Пұшпағы қанамаған, бауыры құтсыз байтал ғой.



Сыбыр­ сыбыр сөз, пыш ­пыш өсек...(С.Сматаев. Елім­ ай).

Ұрпақсыз қалу деген тегіңді жалғастырмау, шаңырағыңды сақтап қалмау деп саналғандықтан, қоғамның кез келген мүшесі аталған бақытсыздықтан қорыққан. Қазақ тілінде осыған қатысты мақал-мәтелдер, алғыс, қарғыс мәнді фразеологизмдер өте көп. Мысалы, Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар; Отыңның басы ойнақты болсын; Тұқымың түптесін, қатының жүктесін; Үбірлі-шүбірлі бол; Күлің шашылмасын, түндігің ашылмасын; Отыңның басы ойнақты болсын; Тұқымың құрғыр; Тұқымың тастаққа жайылмасын; т.б.

Ұрпақ жалғастығы, ел болашағы үшін ер азаматының мәртебесі төмендеп, еңсесі түспеуін ойлап, жеке бақыты мен қарақан басының қызығынан безіп, еріне өзі таңдап екінші әйел әперген қазақтың бәйбішелері көп. «Күндестің күлі де күндес» деген стереотипті көзқарасты жеңіп, күндесіне туған бауырындай қараған олар ер азаматтың ғана емес, ел мақтанышы болар тұлғаларға айналғаны туралы тілдік дәйек көп.

Отауын өзі тігіп, төсегін өзі салып берді. Үйіндегі дүние жиһаздың салихалы кісілерге лайық сарала, қоңыраласын өз төрінде қалдырып, қызғалдақтай құлпырған жасқа лайық қызылды-жасылдысын соның төріне көшірді. Күндесіндей емес, ұзатар қызындай қып күлтелеп ұстап отыр (Ә. Кекілбаев. Елең-алаң).

Әсіресе Бибінің өз күндесі Ырысқанды туған сіңлісіндей мәпелеп күтетіні бұл күнде аңызға айнала бастаған. Екеуінің күні бойы әңгімесі таусылмайды. Тіпті бәсекеге түскендей бірінің көйлегін бірі тігіп, бірінің шашын бірі өріп отыратынын қайтерсің...

... Дүниеде өз еріне шын берілген әйел заты аз болмас... Ал Бибінің мінезі мүлде бөлек еді. Мұнікі ешбір қарымта тілемейтін таза құрбандықтың өзі. Онда тіпті Демежанның мерейін қайтсем үстем етем дегеннен басқа ой-арман жоқ тәрізді. Бибі күндесі Ырысқанды да осы Демежан үшін жақсы көреді. Осы шаңырақтың шырағын жандырып, отбасын базар ететін сол деп түсінеді (Қ. Жұмаділов. Тағдыр).

Қалай болғанда да, қазақ қоғамында әйелге ана ретінде қастерлеу, қыз ретінде аялау, жеңге ретінде сыйлау, жар ретінде сүю сияқты сана сапасымен, сезімталдықпен қарау көзқарасы үстем.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет