Диссертация м. О.ӘУезов шығармаларындағы адам мен табиғат тақырыбы


«Көксерек» повесіндегі табиғат пен адам, олардың арасындағы үйлесімділік пен қарама-қайшылық



бет5/11
Дата20.01.2023
өлшемі331 Kb.
#165983
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
сатып алған дис пейзаж
Әмірбаева Шолпан, резюме.
2.1 «Көксерек» повесіндегі табиғат пен адам, олардың арасындағы үйлесімділік пен қарама-қайшылық
Мұхтар Әуезотің табиғат пен адам қарым-қатынасын философиялық тұрғыдан қарастырған шығармалары қатарынан алғашқылардың бірі болып орын алған «Көксерек» повесі. Бұл шығарма Э. Хеменгуэй, Дж. Лондон, Сетон – Томсон сияқты аты шулы әлем әдебиетінің белді өкілдерінің шығармаларымен тең түсе алады. Бұл шығарманың жаңалығы неде?
Жазушы шеберлігінің суреткер дарынының бір сыналар тұсы – кейіпкер образын жасауда шындығында да кейіпкердің бүкіл жан-дүниесін, мінез-құлқын көркем сөз арқылы суреттеу оны қайткен күнде де дара тұлға, типтік бейне етіп көрсету жазушы үшін үлкен сын. Жазушы осы мақсатта теңеу, салыстыру айналадағы заттар мен құбылыстарды адам образына балау сияқты түрлі тәсілдерді қолданады. Адам өзі, жер бетіндегі құдірет, бүкіл тіршіліктің иесі, тірі бола тұрса да, жазушы оның бейнесін ашуда жер бетіндегі барлық жан-жануарлармен салыстыруға жол табады. Озбыр, қорқау адам қасқырмен, қу адам түлкімен, тұрпайы адам шошқамен, қылықсыз адам итпен т.с.с. салыстырыла суреттеледі. Адам бейнесін шығармада бақа–шаян, құрт–құмырсқамен де салыстырып жатады. Мұның бәрі де бізге ертеден таныс шығармалардағы көрінетін адам мен табиғат өкілдері, тіршілік иелері арасындағы қатыс байланыс. Ғалым Ә. Хайдаров сөзімен айтқанда: «Бұл адам баласының табиғатпен бірге туып, біте қайнасқан сонау балаң дәуірінен қалған әсер, көркем сөз дәстүріне айналған ұғым, түсінік, шынайы өмір шындығы». /10, 48/.
Міне, осындай жан-жануарлардың бір қырынан ғана бейнеленетін бұрыннан келе жатқан ескі соқпағын М. Әуезов бұзды. Реалистік әдебиеттің жақсы сабақтарына ден қойған жазушылардың шығармаларының басқалардан артықшылығы да, ерекшелігі де, жаңалықтары да осында. Бұл туралы әдебиетші ғалым Р. Нұрғалиев: «Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай көркемдік игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі – М. Әуезов. Ол әлемдік құбылыс. Әуезов ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлылықтардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі. Ауыз әдебиетіндегі сарындар, мотив, идея, тіл өрнектері, бояулар Әуезов дүкенінде қайта жаңғырды. Қазақтың реалистік әдебиетіндегі халықтық арнадан, ұлы Абай алдынан нәр алған М. Әуезов қазақ әдебиетіне реалистік дәстүрдің тереңдеп сіңгенін танытты», – дейді. /11, 36/.
Кезінде дау туғызып, теріс сарындар басым деген пікірлер айтылып, өз бағасын ала алмаған «Көксерек» жазушы талантының, шеберлігінің қаншалықты жоғары екенін танытты.
«Көксерек» әлем әдебиетіндегі Дж. Лондон, Эрнест Хеменгуэй, Эдгар По, Марсель Пруст шығармаларымен көркемдік шеберлігі жағынан творчестволық бәсекеге түсе алатыны даусыз. Повесті оқығанда әсіресе, Канада жазушысы С. Томсеннің «Винипег қасқыры» мен ағылшын жазушысы Дж. Лондонның «Ақ азуы» арасындағы ұқсастықтарды бірден байқауға болады.
Джек Лондон шығармаларында адам мен табиғат, адам мен хайуанат арасындағы қарым-қатынас жан-жақты суреттеледі. Оның кітаптары американ әдебиетіне, сонымен қатар әлем әдебиетіне белгілі бір мөлшерде айтарлықтай жаңалық алып келеді. Жазушының жануарлар психологиясына, олардың өміріне, тұрмысына терең бойлай білуі таң қалдырады. Оның әңгіме, повестеріндегі әрбір ит, әрбір қасқыр жеке психологиялық тебіреністер арқылы жасалған, автордың өзіндік стилін танытады. Оның хайуанаттар туралы шығармаларында гуманистік сарындар басым. Жаушының осындай әлем әдебиетінде санаулы туындылар қатарына саналатын шығармаларының бірі – «Ақ азу» романы. Қасқырлар дүниесінен жан-жақты хабар беретін бұл романда адам мен табиғат арасында бітіспес күрес шебер көрсетіледі. Бұл көрініс қақаған аязда қасқыр қамаған меңіреу далада ит жеккен шанамен жолға шыққан екеудің (Билл мен Генридің) басынан өткізгендері арқылы беріледі. Шығармада қасқырлар әлемі дүниеге жаңа келген қасқырдың күшігінің дамуы арқылы суреттеледі. Оның көзін ашқанынан бастап дүниеге деген көзқарасы, түсінігі ойы рет-ретімен тізбектеліп беріледі. Сонымен қатар қасқырлар өміріндегі түрлі айқас заңдылықтардан да хабардар боламыз.
Шығарманың «Көксеректен» бір айырмашылығы – бұл адам қолына түскен Ақазу бар дүниені өзіне бағындыратын ие – адам екенін түсінеді, оны мойындайды. Ал иттер қаншама қыспақ көріп, мойнын шынжыр кесіп, ашу-кегі қайнаса да өз иесіне адал, оған берілген, иесі үшін жанын қиюға дайын. Шығарма негізінен адамның бар тіршілік атаулының иесі екенін, оның мейірімі қандай көкжал, жыртқыш болса да қасқырдың жүрегін жібіткенін білдіретіндей.
Р. Нұрғалиев: «Дж. Лондон қасқыр тірлігін суреттеу арқылы зұлмат орта моралін айыптап, адамдар арасындағы қым-қиғаш сырларға емеурін жасап, мегзеу, әсірелеу арқылы ішіңе от тастайды, сезімің, ойың тұтанып жүре береді», – дейді. /12, 150/.
М. Әуезовтің «Көксерегін» оқығанда осы шығармалар еске түскенмен, олардағы айырмашылықтар да көрініп отырады. Бір тақырыпқа бірнеше жазушы шығарма жазуы мүмкін. Бірақ олардың әрқайсысының айтар ойы, көздеген мақсаты, стилі әртүрлі. М. Әуезовтің де «Көксереті» жазуына жоғарыдағы жазушылардың шығармаларының ықпалы тиюі мүмкін. Бірақ ой болса болды, сюжет, бейне, тіл өзінен-өзі туады емес пе.
«Көксерек» повесінің бір ерекшелігі – қазақ әдебиеті тарихында экология, адамгершілік тақырыбына жазылған тұңғыш туындылардың бірі екендігі.
«Қарадырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған тобылғы басқан. Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп бүрленіп қалған қалың қарағай жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып, теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің иісі келеді» деп Қарадыр сайының құлпырған табиғатын суреттеуден басталатын повесть сегіз тармақтан тұрады. Әр тармақта әр түрлі баяндау, суреттеу тәсілдері қолданылған.
Шығарма басында сол жерде мекендеген қасқырлардың тағылық тіршілігінен де хабар береді. Дүниеге жаңа келген күшіктерімен жатқан екі қасқырдың қорғансыз жас қозыны жем қылуының берілуі де тегін емес.
«Қозы екі қомағай ауыздың керегесінде қан жоса болып дар-дар айрылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш құрқ-құрқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған қасқырдың жасыл көздері от шашады» деген сипаттауды оқығанда-ақ денең тітіркенеді. Жазушы о бастан қасқырдың өзіне тән тағылығын, жыртқыштығын ескерткендей. Осындай өмір сүру заңдылығы бар жыртқыштың бір сәттегі әрекетін беру арқылы сақтандырады. Бұл көріністер қатқыл табиғат алда болар бір ащы күйді білдіріп, соған дайындағандай. Әрі қарай табиғат суреті азайып, психиологиялық сипаттама беріледі.
«Ін үстінде мүйіз тұяқтар тасырлап, дүбірлетіп келді. Айқай дабыр молайды. Бірі үстінен бірі келіп жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сұрт түсіп жатты. Ін аузынан екі аяқтылар жыбырлады. Көргіш көздер ін аузына қадалды». /13, /. Бұл қасқырдың түсінігі арқылы берілген көрініс. Екі аяқтылар қасқырдың бес күшігін өлтіріп, біреуінің тірсегін қиып, ең кенжесін алып кетеді. Бұл екі қасқырдың ызасын тудырады. Артынша олар маңайдағы ауылдың малына тиіп, у-шу қылады. Бұл адамдардың табиғатқа жасаған зұлымдығына, қиянатына жыртқыштардың тағылық жауабының бір көрінісі тәрізді. Жазушы шығармада үнемі Адам, Қасқыр, қоршаған орта үшеуін тығыз байланыстыра бейнелейді.
Кішкентай Құрмаш қолына түскен Көксеректің өсуін суреттегенде жазушы оның шынайы өсіп-дамуына ғана тоқталмай, мінез ерекшеліктеріне, сыртқы ықпал әсерінен болған жағдайларға баса назар аударады. Шығармада түз тағысының адаммен қарым-қатынасы, адамның Көксерек түсінбейтін мінез-құлқы, ауыл иттерінен көрген қорлығы, осыдан оның бойында пайда болған ыза кегі, долылық сезімі жан-жақты көрсетіледі. Өзін адамның төсегіне алып жатып мәпелеп, итаяққа ас құйып: «Іш» деп тұра өзіне бермегенді жегені үшін ұратыны ауыл иттерінен көрген зәбірі бөлтірікті ызаландырады, ол бірте-бірте қорықпай иттерге тап беретін болады. Қара ала төбетке қарсы шығып жеңеді. Бірде Көксерек қойға шапқан қасқырларға еріп кетеді. Бұл оның далада еркін өмір сүретін қырдың дүлей перзентінің бостандыққа ұмтылуы, өз ортасын іздеуі заңды құбылыс. Сонымен қатар, Көксеректің кетуіне ішіне шемен болып қатқан үлкен иттерден, қатын-қалаштан көрген жәбір-жапасы да себепкер болады. Табиғатты күшпен бағындыруға болмайды, оның өз заңдылығы бар. Онымен санасу керек. Небір тағыларды үйреткенде ақыл-айла, іскерлік, білгірлікке қоса, адамның онымен жылы қарым-қатынасы да қажет. Ал жалғыз Құрмаштың қамқорлығы, мейірімі Көксерек үшін аздық етеді. Бірақ ол өз тобына бірден қосыла алмайды. Аты қасқыр болғанмен өзге ортада өскен Көксерекке қасқырлар тобына қосылып сіңіп кету оңай болмайды. Ауылға үш рет келіп, үш рет кетті. Оның ауылға оралған кездегі түрі: «Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі суалып ашыққан, өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан сабалақ жүдеу пішінмен келеді» деп суреттеледі. Бірақ жазушы оның қасқырлар тобымен кездескені туралы кеңінен айтпайды. Осылайша келіп кетіп жүрген Көксерек соңғысында тұқымын сезіп, адамдардан мүлде кетеді. Алғашында жалғыз жортқан ол қойға шабуға ауыл иттерінен қаймықты. Аштық қысып, табанын суық қарыған Көксерек көкке қарап, аузын ашқанда ішінен зор дауыс шықты. Бұл оның тұқымына ұқсап алғаш ұлығаны еді. Көксеректің алғаш ұлуы оның адамдар ортасынан өз тұқымдастарына кетуінің арасын білдіріп, бөліп тұрғандай.
Өз бетінше өмір сүруге көшкен ол басынан әрбір қиыншылық өткен сайын ысылып, ширай түседі. Осының бәріне адамдар кінәлі деп, адамға деген өшпенділігі, ыза кегі күн сайын арта түседі. Ішінен алғаш рет шыққан дауыс оны Ақ қасқырмен табыстырады. Енді олар екеулеп малға ауыз сала бастайды. Көксерек өзінің жыртқыштық тегіне тартып, адамдардан қорықпайтын болды. Жаз шыға Қарадыр ауылы екі қасқырдан құтылады. Екі қасқыр адам көзінен таса жайға орналасты. Көксерек басқа жақты торыды. Ақ қасқыр күшіктеді. Көксерек оған жем таситын болды. Көп ұзамай екеуі бірігіп жорытатын болды. Осылайша өз бетінше өмір сүріп жатқан қасқырдың тыныштығын тағы да адамдар бұзды. Олар тағы да қасқыр інін ойрандап, күшіктің бірін жарымжан қалдырып, қалғанын алып кетті. Адамдардың бұл ісі қасқырдың жанын жаралады, арыды, жалғыз қаңғып кететін, аш қалатын күндері болды. Көп ұзамай, екі қасқыр Қарадыр елін қан қақсатып, қиянатқа қиянатпен жауап берді.
Бір күні зор қуғында Көксерек серігінен айрылды. Қайғысы жанына батқан ол жалғыз жортты, қатты құтырды, ауылдың малын қырды. Сөйтіп, Көксерек жыртқыш аңға айналды. Ұлысып табысқан қасқырлар тобында топ басшысы Көкшолақтан басқа Көксерек ығатын ешкім жоқ. Қарындары тоқ, жемтік көп кезде бұл екеуінің жұбы жазылмайды. Ал ашыққанда олар бір-біріне көзін алартып, қолға түскен аз олжаға таласып қалатын болды. Көксеректің алғашқы құрбандығы ала төбет болып еді, енді міне ақыры жемге таласқан Көксерек Көкшолақты жер жастандырады. Шығармадағы Көкшолақпен тартысын оқығанда жаның түршігеді. «Тамағынан қапсыра қысып буындырып алып, мойын сүйегін қырт-қырт шайнайды. Көкшолақтың аузы арандай ашылып, тынысы құрып, тыпырлауға шамасы жетпей қалды. Сол уақытта артқы қасқырлар топырлап келіп жетіп, Көкшолаққа ауыз салысты. Балбырап аққан қызыл қанның иісі аш қасқырларға мас қылғандай белгі берген еді. Шаптал, қолтықтан, жалаңаш төстен мықты, өткір тістер жұлқып-жұлқып жатқанда, Көкшолақтың қаны жосылып ағып, ішінен бұрқырап буы да шықты. Бұл арада бар ауыз түгелімен жабылып кеткен еді. Аз уақытта Көкшолақтан бұрқыраған жүн мен төрт табан қалды». /13, /.
Дүние кезек деген осы. Кеше өздерін қорғап, басшы болып, ішер ас тауып беріп жүрген Көкшолақты араларынан шыққан одан да мықтының соңына еріп жарып тастады. Көксеректен де күшті шықса, ол да Көкшолақтың кебін кимесіне кім кепіл.
Шығарманың төртінші тармағының жартысынан бастап, бесінші, алтыншы тармақтар Көксеректің жыртқыш ретіндегі жортуылдарын бейнелейді. Бұл жердегі көріністердің көбі Көксеректің көзімен көрсетіліп, түйсігі арқылы беріледі.
Жолға бел буып, қарақшы қалпына түскен Көксеректің түйеші адам оғынан жаралануы оның ызасын ушықтыра түседі. Өзге қасқырлар бір бөлек, бұл бір бөлек кетіп, тағы да жалғыз қалды. Жарасы жанына батты, аштық қысты. Арада бірнеше күн өтті. Бір жылқыны бір күн азық етті, тыңайды. Тағы жортты.
Жорта-жорта ауылдан алыс емес, шашыла жайылған қойдын үстінен шықты. Жыртқыш бақташы баланы елемейді де. Бір мезгілде жотасына сарт етіп тиген ағаш оны ызаландырады. Оның төзімі, шыдамы осы сәтте шегіне жеткендей, ол баланы бас салады. Бұл бала өзін бөлтірік кезінен асырап, қолымен тамақтандырып, қойнына алып жатқан иесі – Құрмаш еді.
Көксеректің бұл қылығы – адамның өзіне жасаған қиянатына, зұлымдығына деген жауабы тәрізді. Не нәрсенің де шегі болады. Адамға деген ыза кегі, ашуы біріне-бірі қосыла келіп, ақыры кінәсіз сәбидің өліміне алып келеді.
Адамзат түз тағысына осыншама қиянат жасамай, жанашырлық көрсетіп, өздерін дер кезінде тоқтатқанда, мұндай қайғыға ұшырамас па еді? Қасқыр түз тағысы жыртқыш болғанымен, ол да тіршілік иесі. Адам қалай қайғырып қиналса, онда да сондай сезім бар екендігі шығармада анық көрінеді. Жазушы қасқыр әлемін, жан-дүниесін, күйзелісін шебер бергендігі сонша, шығарманы оқығанда, бейкүнә сәбиді өлтірген Көксеректі бірден кінәлай алмайсың. Себебі қасқырдың адамдар тарапынан көрген мейірімсіздігін оның жанындағы арпалысты, күйзелісті өзінің түйсігі арқылы нанымды етіп суреттеген. Жазушы Көксеректің бұл қылығын әбден пісіріп, шегіне жеткен, басқа амалы жоқ, мәжбүрліктен туған қадам ретінде көрсетеді. Басқаша болуы мүмкінде емес сияқты. Мұнымен кейбір әдебиет зерттеушілері де келіспейді. Көксеректің бұл ісі туралы профессор Нұрғалиев былай дейді: «Психологиялық жағынан ол қандай қылыққа басса да сенімді қойға шаба ма, жылқы жара ма, бәрібір оңдырмасы анық. Көзін ашар-ашпастан иттерден көрген қорлығы, еріксіздік, Ақ қасқырдай серігінен айрылуң, суық, қатыгез далада кезбе тірлік, жанын көзіне көрсеткен у қорғасын – осының бәрі жиылып кеп, бұған ата-бабалар қанымен берілген қаныпезерлік қосылғанда, Көксеректің қойшы балаға шаппауы – қолдан жасалған қадам болар еді». /12, 153/.
Ал Д. Омаров өз мақаласында: «табиғат заңдылығының кемелдігіне және өзгеруге мүмкін еместігіне, оның мүлтіксіз орындалатынына тағы да көңіл бөлейік. Қасқыр Көксерек өзінің табиғи болмысын өзгерте алмай, Құрмаш адамдар жіберген тағы бір қателіктің құрбаны болды. Өзінің инстинкті бойынша өмір сүретін қасқырдың табиғатты бұзуы мүмкін емес. Сондықтан Көксеректі кінәлау табиғатты кінәлаумен бірдей. Табиғат адамдарға өздерінің жасаған қателіктерін әрдайым көзге шұқығандай етіп ап-анық көрсетіп отырады» деп Көксерекке шаң жұқтырмай, адамдардың өздері кінәлі саласа, Ә. Ғалымқызы да шығарманың мазмұнында оқиғаны тізумен ғана шектелмей адам тарапынан жасалған қаталдыққа қарсы оқушы наразылығын ояту жағы да қарастырылатынын айтады. Адам хайуаннан жыртқышқа зұлымдық, жәбір көрсете алатындығымен артық еместігін айтқан И. Крамов пікірі де осыны құптайды.
Бұл тұста: «Природа – это некая праведность, без исполнения которой не может быть жизни, в том числе и жизни человеческой. Нарушьте ее, и наступит суд, опять-такие настолько праведный, в котором погибнет не только правонарушитель, но и сам судья, то есть все та же Природа» /2, 94/ деген С. Залыгиннің пікірімен әбден келісуге болады.
Адам баласы басқа жан иелерінен артық жаратылған. Бұл артықшылық – оларға берілген ерекше ақыл-еспен ерікте. Бұл бүкіл жан иелерінің арасындағы жетілудің жоғарғы деңгейінде тұрған адамзатқа берілген ерекше мүмкіндік. Адам оны дұрыс пайдалану арқылы өзінің болмысын түсіне алады. Ал хайуанаттарда мұндай мүмкіншілік жоқ. Адам мен хайуанның арасындағы негізгі айырмашылық та осы. «Малда да бар жан мен тән, ақыл мен сезім болмаса», – деген сөзінде Абай мал мен адамның айырмашылығын анықтай түседі.
М. Әуезов шығармасында адамдардың өзінің ақыл-естері мен еріктерін дұрыс пайдаланбаудың салдарын беріп отыр. Адамдар қасқырдан өзінің артықшылығын пайдаланып, бөлтірікті алып келіп, оны өздерінің ермегіне, не болмаса басқа пайдасына асырмақ болды. Олар бөлтіріктен өскен сайын өзінің болмысына қарай бара жатқанын көрсе де, кішкене Құрмаштың ырқына көніп, табиғатқа қарсы әрекет жасайды. Ал Құрмаш - әлі өзінің сезімін ауыздықтай алмайтын сәби. Құрмаш Көксеректі өсіріп, иттің орнына пайдаланбақ болды. Бірақ қасқыр ит бола алмайды. Екеуі де хайуан болса да, ол екеуінің табиғаты екі түрлі. Екеуінің айырмасы шығармада салыстырмалы түрде үнемі көрініп отырды. Жабайы аңдар үй хайуанаттарымен салыстырғанда табиғат қыспағына көбірек түседі. Повесте бұлар Көксеректің талай рет аштыққа, суыққа ұрынғаны арқылы көрінеді. Ал Көксерек қолда болғанда да екі рет тамақ ішіп, жылы жерде ұйықтады. Үнемі қолда болған иттен тұқымы жабайы Көксеректің дамуы төмен екені повесте анық жазылады. Құрмаш қанша тәрбиелесе де Көксерек ұрлық пен адал істің айырмасы не екенін ұға алмады. Біресе өздері беріп тұрып: «Же», - дейді. Біресе сондай тамақты өзі тауып алып жеп жатса, ұрады. Мұның өзі Көксеректі адамға өшіктіріп, одан сайын оны жат мінез етеді. Ал иттің ұрлықтан тартынатыны белгілі. Ол тіпті, таяқ жегеннің өзінде де өз кінәсін біледі, әдетте адамдарға кек сақтамайды. Көксеректің қасқырға тән мінезі былай көрсетіледі: «Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді. Иттен қорыққанынан ғана үйде жатады». Құрмаш бұлардың бәріне де мән бермейді. Қойдың иісі Көксеректі еліктіре мас қылса, Көксеректің иісі қойларды қорқытып, олардың есін шығарады. Бұл олардың табиғи болмыстарына байланысты, өзгерту мүмкін емес.
Көксеректе басқа жанды жақсы көру деген сезім өте әлсіз. Құрмашқа тамақ беру үшін шақырғанда ғана келеді. Оның өзінде адамды жақын тарту немесе оның көңілін аулау деген сезім жоқ. Ал иттердің қылығы бөлек екені белгілі. Оларға өзінің иесіне қызмет ету, оның көңілін аулап, еркелеу сияқты қасиеттер тән. Бірақ ит күш жағынан көбінесе қасқырдан әлсіз болып келеді. М. Әуезов ауылда көп иттің қасқырға жем болғанын жазады. Ал қара төбет Көксеректі қанша таласа да оны өлтіру дәрежесіне апарған жоқ. Тек оған жазасын бергендей ғана болады. Иттің қасқырлардан күш жағы төмен болса да, түсінік жағы жоғары. Ит өзінің міндетін орындауға ұмтылып иесіне жақсылық жасауға тырысады. Итте қасқырға өзінің иесіне деген сүйіспеншілік қызмет ету, өзінің міндетін түсіну, адамның қуаныш-қайғы сезімдерімен алмасу болады. Ал адамдар бұл айырмашылықтарды естен шығармау керек.
Даму деңгейіне байланысты әрбір жан иесінің өзіндік өмір сүру ортасы болуы керек. Сонда ғана ол табиғи жағынан жетіле алады. Мысалы, Көксерек қолда болғанда: «Әлі күнге бір рет жадырап ойнап көрген емес. Татулық жоқ, суық. Жалғыз-ақ атын біледі. Құрмаш пен әжесі шақырса, келеді» деп жазады жазушы. Ал өз үйіріне қосылғанда жадырап, секіріп ойнап кеткені, сонымен бірге тез қоңданып, семіріп, күш алғаны айтылады. Табиғат заңдылығына қол сұғып, адамдардың өз сезімдері үшін оны өзгертпек болуы үлкен кесапатқа апарып соқты. Көксеректе өзінің болмысына байланысты әрекет жасады. Сондықтан ол кінәлі емес. Адамның шектен тыс қылықтарына жауап, бір тыйым болуы керек. Құрмаштың өлімі оларға берілген жаза, сабақ тәрізді. Қандай да болмасын зұлымдық жандарсыз болмайды. Осы арқылы жазушы адамдардың өзін қауіптен, жамандықтан сақтандырғандай.
Ол үшін табиғаттың басқа тіршілік иелерімен де санасу керек, қорғай білуі керек, сол арқылы өздеріне келер апаттың алдын алмақ. Сонда өздері қазған орға өздері түспейді. Бұл жертде Әуезов әрбір жан иесінің өзіндік болмыс, өмір сүру ортасы болатынына, оны бұзбау керктігіне тағы көңіл аударады.
Сол арқылы адамдарды ойлануға, қоршаған ортаны қорғауға, мейірімділікке шақырады.
Жазушы Көксеректің Құрмашқа шабуылын бейнелегенде үлкен шеберлік көрсеткен. «Үстіне гүрілдеп қасқыр төніп келгенде, көзі бір ашылып, бір жұмылады. Басына таман арандай ашылып келе жатқан ауыздың жоғарғы жағында өзіне таныс құлақ көрінді. Сол жақтағы тілік құлақтың жартысы салпылдап тұр. Ақыры сезген білгені сол. Содан әрі баланың үні өшті. Қасқырдың аузы тиместен өліп кетті». /13, 26/. Көксеректің бұрынғы жемтіктерін шапқанда қандай күйде болады, қалай мерт қылды бәрі айтылатын. Құрмашқа ұмтылған қасқырдың нендей халде екені шығармада көрсетілмейді. Себебі бұл жерде бала мен қасқыр – шығармасындағы екі достар жау ретінде көрінеді. Бұл жерде тек кінәсіз, қорғансыз Құрмаштың өлім төніп келе жатқандағы қалі ғана суреттеледі. Кеше өзі бауырына басқан бөлтірік бұған бүгін ажал болып төнді. Сонда жақсылықтың, адамгершіліктің қарымтасы қайтпағаны ма?
Д. Омаров бұл жас баланы қасқыр асырауға көндіре алмаған, оған дұрыс түсінік бере алмаған үлкендерді кінәлі санайды, соның салдарынан өздері зардап шеккендігін айтады. Шындығында да қасқыр үшін адамдардың бәрі бірдей еді. Оның түйісігінде адамдар туралы «екі аяқтылар» деген ғана ұғым бар сияқты. Көксеректің Құрмашқа шапқандағы күйін суреттемеуді де, яғни оның бойындағы айтарлықтай өзгерістің болмауы да осында жатса керек. Сондықтан Көксерек өзіне қиянат жасаған адамдардың кінәсіз сәбиін өлтіру арқылы кек алады. Шындығында баланың өлуі бар жағдайдың шешімі. Оның өліміне бәрінен бұрын далада қалыптасқан адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы, адамзаттың ойланбай жасаған әрекеті үлкен жоғалуға, яғни адамдардың өзін-өзі жоюына, болашағына балта шабуына әкеліп соғыстыруы мүмкін деген философиялық терең мағына жатыр.
Сонымен қатар жазушы Құрмашты «қасқыр аузы тиместен өліп кетті» деуінің де бір сыры бар тәрізді. Адамның ойланбай істеген әрекетіне өз өмірімен жауап берген, Құрмаштың Көксерекке деген сенімін жоққа шығарғысы келмейтін тәрізді. Жақсылықтың жауабы кейде осындай боларын, өмірдегі кейбір әділетсіз болмыстарды сәби жүрегі сезіп, суынбай-ақ қойсын дегендей. Құрмаш сол пәк, ештеңеден бейхабар күйінде Көксеректің өзіне жасаған қиянатын көрместен бұрын көз жұмды. Құрбан болғанымен, оның Көксерекке деген өшпенділігі, жек көруі туындаған жоқ. Шығарманың осындай бір сөйлемі арқылы да жазушы оқырманға түрлі ой салады. Өзі тізіп айтып жатпаса да, бір сөзден сан түрлі ой өрбіп, біріне-бірі кимелеп жатады. Бұл жерде орыс әдебиетшісі С. Залыгиннің Ш. Айтматов шығармасын талдай келе, оған байланысты: «Он весь еще природен, он дитя природы и ее бесхитростное проявления, его только- только коснулись человеческое поводки и привычки, для него неестественно и необъяснимо любое зло, и насилия, и обман, он не может постоять за себя и даже не подозревает такой необходимости. Вот он и гибнет столь трагически» /14, 87/ деген пікірін құптауға болады.
Шығарма сюжеті Құрмаштың өлімімен тиянақталып тұр. Повесті осымен бітті деп ойлауға болады. Бірақ жазушы олай істемейді. Ол өзінің жетер мұратын, алға қойған мақсатын анықтай кеткісі келеді. Адамдар зұлымдығына Көксерек Құрмаш өлімімен жауап берсе, енді Көксеректің озбырлығын да жауапсыз қалдырғысы келмейді. Кез келген зұлымдық, жамандық жауапсыз болмайды деген ойды нақтылай түскісі келеді. Ешкімге дес бермеген жыртқыш Аққасқа тазының қолынан өледі. Шығармада Аққасқа туралы, оның әрекет қимылы көп суреттелмейді, жай соғып кетеді. Оның есесіне шығарманың соңында Көксеректің ізіне түсуі өте әсерлі баяндалған. Талай иттің, қасқырдың мойнын бұрап, сүйегін сатырлатып шайнаған, малға қырғидай тиетін Көксеректің әлі де осал еместігін осы соңғы тарауда тағы да көрсетеді. Бірақ Аққасқа тазыдан асып түсе алмайды. Жазушы нағыз құмай тазының қасиетін, ерлігін, өжеттігін, дене бітімі аңшылық негізінде психологиясын, түр-сипатын соқталы оқиға арқылы өте шебер және нанымды, сонымен қатар шабытпен бейнелейді.
Бір-бірінен кем түспей ұзаққа созылған арпалыстың соңындағы Аққасқаның Көксеректі шалуы шығармада былай суреттелген: «Қозданған қан толқынып кеп, тағы бір дем басқа шыққанда Аққасқа қарсы алдында арандай ашылып тұрған ауызға сақ еткізіп тістерін салып жіберді. Бұл қасқырдың төменгі тістері мен тілін қоса шайнағанда, қасқырдың жоғарғы азулары Аққасқаның тұмсығының екі жағынан жоғарғы ұртына келіп кірш-кірш кірді». /12.282/.
Көкжал бөрі Көксеректің түбіне Аққасқаның жетуінің де мәні бар. Жазушы өзі жақсы көретін тазысын бөріден де мықты, азулы, алымды етіп суреттеген. Соңғы Аққасқа төбеттің түздің беті қайтпаған ұлы күшін кейіптейтін Көксеректі жеңуімен аяқталатын шығармада адамды ауыр мұңға салатын көрініс бар. Ол Құрмаштың әжесінің келіп боздап:
– Қуарған-ай, неңді алып ем?!... Не жазып едім?. Бауырына алып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным?!... – деп елді тегіс еңіретіп Көксеректі басқа тебуі. Міне шығарма осылайша аяқталады. Ана кесігі – Көксеректі басқа тебуі, жазушының айтар ойы, мақсаты да осында жатса керек. «Адам қолында өскен бірақ адамға қиянат еткен, оның ет бауырын езіп, жаза салған көкжал сол адам қолынан өлім тапты» /12, 154/.
Жазушы өз ойын, мақсатын оқырманға жеткізу үшін, өз кейіпкері ретінде түз тағысы қасқырды алады. Табиғат пен адам арасында болып жатқан қайшылықты неғұрлым нанымды көрсету үшін табиғат өкілі ретінде – Көксеректі алып отыр. Повестегі адамша ойлап, адамша есте сақтау қабілеті берілген. Көксерек жазушының адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің, адамзаттың өзіндік ерекшеліктерінің бұзылуы туралы ойын жеткізуде басқа кейіпкермен тең дәрежеде көрінеді.
«Жазушы қыр суреттерін тамаша таныммен кестенің бізіндегі мінсіз тілмен әдемілеп баяндай келе бұл дүниеде адамзат баласымен қатар тіршілік қылар өзгелей де табиғаттың жаратылысы барын білдіреді». /15/.
Кейбір әдебиетшілеріміздің шығарма осындай трагедияға келіп соғуына адамдардың өздерін кінәлі санаумен келісе отырып, бір жақты ғана қарауға болмайды деп ойлаймыз. Екінші жағынан қанша жақсылық жасап, мәпелегенмен жыртқыштың аты жыртқыш. Әрбір тіршілік иесінің өз қалыптасқан тұрмыс-тіршілігі бар. Бұл жерде Көксерек те өз болмысына салып озбырлыққа, зұлымдыққа барады. Жазушы осы ойды да айтқысы келеді. Бөрі бөрілігін істемей тынбайды дегенге келтіреді.
Повесте адамдардың ит-құсқа да табиғат перзенті ретіндегі парызы мен пайымы қатар сезіледі. Бала Құрмаштың бала Көксеректі паналатып, асырап бағуындағы қимыл-әрекеттен адамдардың аңға да аяушылығы аңғарылады. Мүмкін жазушы түздің тағысынан үйретінді икемге көнер асырауға келер адам серігін шығаруға дейінгі бір әрекетті де ұқтырмақ болған шығар. Алайда бөлтіріктен болған Көксерек ақыры Құрмаштың өзін жарып тастап адам ортасынан қашып орынын орманнан тапқан тағылығына баққанын санаға жеткізеді.
Р. Жанғожин: «Бала мен бөлтірік арасындағы қатынасты баяндай отырып жазушы адам мен табиғат арасындағы күрделі қарым-қатынасты идеялық тұрғыдан емес, инстинктілік жауыздыққа дейін жеткізілген аянышты оқиға арқылы шешеді. Повестегі реалды кейіпкерлер сол арқылы тылмысы, ишарасы мол, философиялық терең астары бар образдар дәрежесіне жеткізілген. Бала бөлтірікті құтқарып болашақта қорғаушым, досым болады деп бағып-қағады. Қасқырды аяусыз жауызға айналдырған қатал тіршіліктен бөліп алып мейіріммен өз ырқына көндірем деп ойлайды. Бірақ, табиғат бала ойлағандай оңай-оспаққа көне бермейді. Өз заңдылығына қайшы келетіндей жеңіл қарым-қатынасы үшін ол баланы өлім жазсымен жазалайды, өйткені табиғатты өзгертуге тырысқан осындай жақсы қадамның өзі кейде оған орны толмастай өкініш әкелуі мүмкін. Баланы қасқыр, қасқырды аңшы өлтірді. Бірақ, бәрібір әділеттік салтанат құра алған жоқ.Тек тағдыр тәлкегіне ұшыраған кінәсіз екі тіршілік иесі мерт болды», – деп жазады. /16, 183/.
Қарап отырсақ, осы шығарманы оқып отырғанда бір ой бір ойды кимелеп, әр тарапқа тартады. Сондықтан да мұндай шығарманың қарама-қайшы пікірлерге толы болуы да заңды. Мұның өзі шығарманың қаншалықты жоғары бағаға ие екенінен хабардар етеді.
М. Әуезов шығармалары адам мен табиғат арасындағы мәселелерді шешпейді, тек оқырман алдына қояды. Адамдар мұндай қауіп-қатерден шығудың, болдырмаудың жолын өздері қарастыруы керек, соған сәйкес шара қабылдауы қажет екенін ескертеді. Жазушы үкім айтпайды, ол табиғат пен адам арасындағы байланыстырушы ғана.
«Көксерек» повесі жазушының туған жер табиғатын жан-жануарлар мінезінің құпиясын зердесіне терең сіңіріп, кең оқығандығы, өз халқының тұрмыс-тіршілігін ұңғыл-шұңғылына дейін толық меңгергендігімен әлі күнге дейін таңдай қақтырады. Асқан пейзаж, өткір байқағыштық пен жануарлар тіршілігінің картинасы терең танытқыштық, авторлық өзіндік көзқарас, тілдің ықшам, кестелілігі, повесті адам мен табиғат, адам мен жануарлар қарым-қатынасын зерттеген әлемдік әдебиеттің інжу-маржандарының қатарына көтерді. Әуезов повесі тақырыпты өткір шешуімен сезім терберлік әсерімен интеллектуальдық өрнегімен дара көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет