Диссертация м. О.ӘУезов шығармаларындағы адам мен табиғат тақырыбы


М. Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесіндегі табиғат ен адам үндестігі



бет6/11
Дата20.01.2023
өлшемі331 Kb.
#165983
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
сатып алған дис пейзаж
Әмірбаева Шолпан, резюме.
2.2 М. Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесіндегі табиғат ен адам үндестігі
Жазушы өзінің айтар ойын оқырманға шығармалары арқылы, ондағы кейіпкерлері арқылы жеткізеді. Сондықтан да кейіпкер образын жасауда жазушының өзіндік шеберлігі үлкен рөл атқарады. Кейіпкердің сыртқы келбетінен бастап, оның көңіл-күйі, жан-дүниесі, психологиясы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы сияқты тәсілдерді әр жазушы өзінше қолданады. Осындай тәсілдердің бірі – шығармада көркемдік суреттер, пейзаж араласып, отыруы шығарманың көркемдігін арттырып, образдар бейнесінің ашыла, тереңдей түсуіне мүмкіндік береді.
Әр жазушы табиғатты шығармасында өзінше пайдаланады. Кей жазушыда пейзаж тіпті болмай, кейбіреуінде өте көп болуы мүмкін. Бір жазушы табиғат арқылы жыл мерзімін көрсетсе, біреуі кейіпкер бейнесін ашу үшін қолданады. Сонымен қатар кейіпкердің көңіл-күйі, жан-дүниесінің құбылыс сәттерін табиғатты қатарластыра суреттеу арқылы психологизмді терең жеткізу ең жиі қолданылатын тәсілдердің бірі. Бұл кейіпкердің жан-дүниесіне терең бойлаудың бір жолы болып табылады.
Жылдың 4 мерзіміндегі неше алуан суреттер күнделікті өмірде өзіндік сезініс, түйсініс, әсер-ықпал тудырады. Суретшілер осы құбылысты түрлі бояулар арқылы көрсетсе, сөз зергерлері тіл арқылы өрнектеп суреттейді, әсерлеп бейнелейді.
Пейзаж табиғаты теңеу, эпитет, метафора, салыстырулар психологиялық кезеңдермен қатар қойылып берілер болса, онда лириканы көңіл-күй әсерінде келетін эмоциялық элементтер адам тағдырында болып жатқан оқиғалармен қабысып тұтас көркемдеуші құралға айналады. Осы тұрғыдан келсек, табиғат мінезді қалыптастырады. Ал осыларды жазушы қандай дәрежеде жеткізеді, әңгіме сонда. Бұл жағынан қарағанда М. Әуезовтың орны ерекше. Оның шығармаларының қай-қайсысында да қазақ даласының құлпырған көктемі мен жазы, боранды қысы, жауын-шашынды күзі мейлінше шебер көрінеді. Олар қай кез, қандай жағдайда да, оқиғаның өрлеу, шарықтау барысына қарай құбылып, қиюын таба пайдаланады. Оның шығармасындағы әрбір көріністің тұтастығы, бірлігі айқын сезіліп тұрады. М. Әуезов табиғат құбылыстарын кейіпкерінің басынан өткен күйініш-сүйініш оқиға бірлігімен байланыстыра суреттегенде олардан құбылыстың сыртқы көрінісі ғана емес, ішкі мазмұны да ашылғандай әсерге бөлейді.
Әрине, пейзажды көркемдік әдіс ретінде шығармада қолдану М. Әуезовтен бастау алған дегенде, оған дейінгі немесе сол тұстағы ақын-жазушыларымыздың ешбірі табиғат көріністеріне тоқталмаған деуден аулақпыз.
Сонау ауыз әдебиетінен бастау алған пейзаждық әсем суреттеулер қазақ әдебиетінің Ыбырай, Шоқан, Абай сияқты негізін қалаушылар мен Ахмет, Жүсіпбек, Шәкәрім, Мағжан секілді белді өкілдерінің бәрінің де шығармасынан орын алған. Олардың әрқайсысының табиғаттың сұлулығын бейнелеуде өзіндік ерекшеліктері бар.
Алайда, табиғатты адам жанымен бірге салыстырып бірге қоян-қолтық аластырып әр жағынан суреттеудің үлкен шеберлігі М. Әуезов шығармаларынан көрінеді. Жазушының табиғатты шығармасында қолдану шеберлігінің бір қырын «Көксерек» повесінен көрген болсақ, қоршаған орта құбылыстарын кейіпкер жанымен астастыра беру. М. Әуезовтің әдебиетіміздегі пейзаждың атқаратын көркемдік қызметінің әкелген тағы бір қыры. Әдебиетіміздегі психологиялық параллелизм әдісін кеңінен дамытқан жазушы өзінің көлемді шығармаларымен кішігірім әңгіме, повестеріне дейін пейзажды мейлінше мол аса шебер қолданады. Табиғат көрінісі арқылы кейіпкер сырын психологиялық жағынан талдай отырып ашуда пейзаж жетекші рөл атқарады.
Әдебиетші М. Әдібаев М. Әуезовтің шығармаларында пейзаждың көп қолданылуы, қайталануы тек қана европалық проза үлгісін пайдалануы емес, сонымен бірге жазба әдебиетте жоғалуға айналған эмоциональды-экспрессивтік бөлшектерді дамытуды қалауынан туғандығын айтады. Әрине, пейзажды шығармада қалай пайдалану керек, қысқаша ма, әлде ұзақ па, ол әр жазушының өз еркі, оған ешкім пікір айта алмайды. Ал М. Әуезов шығармаларындағы пейзаж әрі ұзақ, әрі психологиялық тебіреніс, символдық астармен беріледі. Ә. Байжанаев: «М. Әуезовтің пейзаждарынан үш түрлі қасиеттердің бәрін көруге болады. Не ол пейзаж образ әрекетіне араласады, не ол әсерлі әдемі сурет болады, не ол пейзаж философиялық қорытынды жасатады. Немесе осылардың бір екеуі қабат келеді», /17, 69/ дейді.
Жазушының осындай табиғат пен адамды үндестіре, қатарластыра отырып суреттейтін шоқтығы биік шығармалардың бірі – «Қараш-қараш оқиғасы» повесі.
М. Әуезов «Қараш-қараш оқиғасы» повесінде өз кейіпкерлерін тарихи шындықпен байланыстыра отырып, олардың ішкі жанын, психологиясын терең ашып көрсетуде үлкен жетістікке жеткен. Шығармада бүкіл табиғат тылсымы терең мағына, астарлы сырмен бейнеленеді. Өмірді реалистік шыншыл таза күйінде бастап, оны табиғатпен ұштастыра адамның рухани ішкі дүниесімен байланыстырады. Табиғаттың жұмбақ құбылыстарымен кейіпкер тағдырларының ашылуы шеберлікке байланысып жатыр. Осындай кезде неше алуан суреттер, мүсін, портреттер жасаумен шектелмей, психологиялық түйіндер жасауға дейін көтеріледі. Жазушы өз шығармасында психологиялық параллелизмнің теңдесі жоқ ерекше үлгісін ашуда үлкен шеберлік көрсеткен. Ол табиғаттың әрбір бөлшегін өз кейіпкерлерінің образына тікелей қатыстырып отырады. Пейзаждық көріністер бірде өзінің әсем бояуларымен көңіл шалқытып қытықтаса, енді бірде қоңырқай тартқан суреттермен немесе жан шошытарлық ызғарлы ұсқынымен әсерлі. Пейзаждың кейіпкер тұлғасын жасаудағы философиялық мәнін жазушы еш уақытта есінен шығармай, әрі кейіпкердің психологиясымен тығыз байланыста алып отырады. Шығармада пейзаж бен Бақтығұлдың бірлігі, табиғаттың терең мағыналы сырының әсерлілігі әр қырынан ашыла түседі. Әсіресе, Бақтығұл өмірінің ауыр кезеңдері мен белгілі бір шешім қабылдаған сәттерін суреттегенде пейзаж кейіпкермен тұтасып кетеді. Жазушының бұл тәсілді қолданудағы шеберлігі туралы: «Домбыраның қос ішегіндей қатар тартылған табиғат пен Бақтығұл әдеттегідей суреткердің шеберлігімен адам жанының көңіл-күйінен тамаша сыр шертеді», /18, 108/ – дейді Рүстембекова.
Бұл шығармада төңкерістен бұрынғы қазақ ауылындағы таптық, әлеуметтік теңсіздік пен тартыс бейнеленеді. Өздері жиырма жыл есігінде жүріп қызмет еткен Сәлмен байдың соққысынан ауру болып, қазаға ұшыраған інісінің өлімі Бақтығұлдың ызасын тудырады. Бұрын ештеңеге көңіл аудармаған ол енді әрекетке көшеді. Шығармада осы сәттен бастап табиғат суреттері кейіпкерімен қоян-қолтық араласып суреттеледі. Бақтығұлдың өзіндік ойы, көзқарасы, алға қойған мақсаты жоқ екенін байқаймыз. Белгілі бір шешім қабылдағанда да мың толғанып, әрекетке көшкенімен, бойындағы үрей, қорқыныш, тартыну үнемі көрініп отырады. Оның өз өміріндегі тартыс, әділетсіздік шешім қабылдауға, тығырықтан шығар жол табуға итермелейді, мінез-құлқын қалыптастырады. Бақтығұл туралы Р. Бердібаев: «Бақтығұл тап тартысына саналы түрде түскен адам емес, намысы мен ерлігі жеке бастың көрген қорлығына жауап әрекет қана» десе, З. Қабдолов: «Повестің бас кейіпкері Бақтығұлдың ісі мен мінезі өзіне дейінгі өзі секілділерден өзгеше. Бұл – олар секілді өз тағдырының құлы емес, қожасы болуға ұмтылған адам. Өзі күрделі тип, бір өзінің басында бірнеше қайшылықтар, кереғар қарама-қайшылықтар тоғысып жатыр. Бақтығұлдың мінезі осы шытырманнан шығар, жол табу әрекетінде, қимыл үстінде қалыптасады», /17, 69/ дейді.
Шығарманы оқып отырғанда осындай ой-пікір қалыптасуы сөзсіз. Повесте Бақтығұл бойындағы осындай өзгерістердің бәрі табиғат суреттерімен астастырылып беріледі. Мың құбылған пейзаж. Ожар тауы Бақтығұл өмірінің айнасындай. Жаңбырлы түн, қою қараңғылық тау-тас, тіп-тік беткей, тар соқпақ – бәрі де Бақтығұлдың алдағы өмірінен хабар береді.
Інісі өлгеннен кейін Бақтығұл Сәлменнен оның кегін алуға бел буады. Тектіғұлдың қиянат соққыдан аурулы болып, мезгілсіз өлуі Бақтығұлды жаңа бір шешімге бастайды. Бірақ бұл істен кейін не болары белгісіз. Кейде тау қара түн, ақ жауынның ішінде дию, алып мекеніндей көрінеді. «Сыпсың қарағай жапқан түкті беттері жақын жерден қап-қара болып үңірейіп, қараңғылықтың түпсіз терең зынданы сияқтанады. Кей тұста екі-үш түкті тау мен қара жартасты биіктер бір араға түйісіп келіп, әлдебір обырдың қойнындай тұңғиық қара қолтық жасайды» деп, Бақтығұлдың бұлыңғыр болашағын білдіреді. «Қара» эпитетін қолдану арқылы бір жамандықты мегзеп, бойындағы үрей, қорқыныш сездірсе, екіншіде: «Тау ішінің жаңбырлы түні Бақтығұлдың көңілінде көптен шешілмей келе жатқан күдікті бір сәттің ішінде оп-оңай жазып жібергендей болды. Мол, ұлы тау. «Жетекке ал да бел асып, тоғайға батып кете бар» деп сыбырлап, жетелеп тұрғандай» немесе «Бақтығұлдың ендігі ісіне қараңғы түн, тынымсыз жаңбырдың себі тиетін болды» деп, табиғатты Бақтығұл ісін құптаушы, көмекшісі ретінде береді. Себебі, ол ұрлыққа емес, өзінің ұзақ жылғы адал еңбегінің өтемін алуға бара жатыр. Сондықтан да табиғат оның бұл ісін құптап тұрғандай. Дегенмен Бақтығұлдың осы іс-әрекетімен келіспейтін: «Ол өзінің осындай жүдеу сорлы тағдырына көндікпеуді ойлайды. Бірақ ол теріс жолға түседі. Яғни, ол ұрлыққа беріледі, сөйтіп айлалы да жырынды қарақшыға айналады. Бірақ Бақтығұл бұдан опа таба алмайды», деген пікірлер де бар. /19, 10/.
Ал енді бұл жерде табиғаттың бірде Бақтығұл бойында үрей туғызып, бірде құптап, алға итермелеп мың құбылуының өзі Бақтығұлдың мінезін, оның бойындағы «осы іске барсам ба, бармасам ба?» деген құбылмалықты көрсетіп тұр.
Бай аулынан бөлініп, көшіп, Сәлмен жылқысынан бір бие ұрлап союмен шектелген Бақтығұлдың алғашқы наразылығы сәтсіз аяқталады. Ұрлығы ашылып қалып, іргелі ауыл оның өзін жазалап, бір биенің құнын үш есе етіп өндіріп алады.
Жазушы Сәлменнің тепкісіне жығылған Бақтығұлдың есін жиған сәтін бергенде: «Таң атыпты. Тағы да сыртылдап жүдеу жауын жауып тұр. Үй іші отсыз, сұп-сұр суық» дей келе қасында бүкшиіп, екі көзін ыстық жаспен ісіріп, өзіне қарап отырған әйелінің де түсінің сұрланып, жүдей түскенін суреттейді. Тағы да түнерген табиғат көрінісі. Шығармадағы үнемі себелеп жауып тұратын жауын да осы бір қиюы келмеген істі білдіріп, тұрмысы ауыр кедейдің көңілсіз тіршілігінен хабар беріп тұрғандай. Шарасы құрыған Сәлменнің «абақтыға жаптырам» деген ызалы сөзінен зәресі кеткен жалғыз үйлі кедей қолындағы барын тарту етіп, Сәт, Сәлмендермен бәсекелес болып жүрген болыс Жарасбай ауылынан пана іздейді.
Жазушы пейзаж арқылы алда болар оқиғаны үнемі мегзеп, білдіріп отырады. Өз кейіпкерінің басындағы ендігі болар жайды дөп басып айтпайды. Табиғат суреті арқылы дайындап, әбден хабардар етіп алады. Шығарма барысында сол болжам орындалып отырады. Мысалы, пана іздеп Жарасбай болыс ауылына келе жатқан кездегі суреттеуге назар аударсақ: «Тауды жүндес бөстектей орай басқан көкшіл қалың қарағай, жүргінші соның ішіне келіп кірді. Тоқтаған жоқ, өрлей берді. Бірталай жүрген соң, қарағайдан шықты. Ар жағы қалың-қалың заңғар биік, серейген тектұр қызыл тастар. Тылсым буғандай жым-жырт күйде мелшиіп қатып тұр. Атты ақырындатып, қабырғадай басқызып отырып, бір үлкен құз, қиын қызыл тастың ығына жақындап келді», – дейді. Осы көрініске тереңірек назар салып қарасақ Бақтығұл артына тастап шыққан қалың қарағай арқылы оның артта қалған өмірін көрсетеді. Оның ар жағындағы көп қызыл тас қолында билік бар би, болыстар тобы. Ал осының ішіндегі бір үлкен құз, қиын қызыл тас – Бақтығұлдың өзі паналап, ықтап келе жатқан Жарасбай болыстың өзі сияқты. Яғни жазушы Жарасбайды құзға теңейді. Бақтығұлдың ақырындап ығына жақындап келгенін айтады. Сонымен дәл осы сәтте Бақтығұл үшін ең биік үміт осы Жарасбай болыста екенін ұқтырғысы келеді. Ал құздың не екені, қандай болатыны бәрімізге одан құлаған адамның онбасы да белгілі. Әрі қарай: «Алдында үлкен құздың арғы беті ғана көрінеді. Ілгерілеген сайын тас қорған шұңқырайып, тереңдеп барады, ауданы да үлкейіп келеді. Қарсы бетте еш нәрсе көрінбейді», – дейді, кейіпкердің болашақ тағдырына тағы да сілтеу береді.
Бұған қоса: «Буалдыр күңгірт күздің қазіргі күні кірлегендей болып салбырап, кіржиіп тұр. Сұр тонды сұр түсті жүдеу мерген сұр тас пен түнерген аспанның түсіне боялып, қалың жым-жырттыққа қоса батқандай» деген күз айының суреті беріледі. Шығармада үнемі осылайша берілетін күздің құбылмалы, жаңбырлы, түнерген ауа-райы кейіпкердің көңіл-күйін білдіріп, образын ашуға себін тигізеді. Мұндай табиғат суреттерінің өзінен-ақ көңіліңді кір басады. Сұр тас, түнерген аспан Бақтығұлдың өміріндегі көмескілікті ішіндегі болып жатқан ыза-кегін білдіретіндей Жарасбай аулынан пана тапқан Бақтығұл Жарасбай болысқа барынша беріліп, айтқанын екі етпей қызмет істейді. Оған өзінің қорғаушысы ретінде қарайды. Ал Жарасбай Бақтығұлды ақыры қылмыспен тынатын жұмыстарға жұмсап ұзақ уақыт қолшоқпар етеді.
Сайлау аяқталып, ру арасындағы алауыздық, қырғиқабақтық бәсеңдеген кезде үстем тап өкілдері ұлып-ұлып табысқан бөрідей, өзара табысады. Өз мақсатына жеткеннен кейін Жарасбай Сәлменмен бірігіп екеуі Бақтығұлдың соңына түседі Жараспай барымта мен ұрлықтың бар салмағын Бақтұғылға аударады. Сөйтіп бүкіл ел жуандары болып, Бақтығұлды абақтыға айдатуға үкім шығарады.
Өзі сеніп, арқа сүйеген Жарасбайдың бұл қылығы Бақтығұлдың би жуандарға деген сенімін жоғалтады, ыза-кек пайда болады. Өмірі осылайша сергелдеңге түскен ол бала- шағадан безіп, тау-тастан пана іздейді.
«Психологиялық талдау – қоғамдық құбылыстың шырқау шыңы – адамды, оның жалындағы сезімі жықпылдары мен қат-қабат қалтарыстарын шуағы мен ызғарын, ондағы қарама-қайшылықтарды дәл де нақтылық жағдайда зерттеудің тамаша тәсілі деп қорытынды жасауға болатын сияқты» /20, 408/ деген С. Әшімбаев пікірін ескерсек, сол кейіпкер психологиясын Әуезовтің табиғат арқылы жеткізу мүмкіншілігінің сан қырлы ғажап сырына осы арадан бастап тереңдей береміз.
Бақтығұлды қоршаған тау-тас, гүрілдеген өзен тек қана табиғат суреті емес, оның жанындағы арпалыстың өзегін өртеген күйіктің, бойындағы кектің символы ретінде көрінеді. Олар Бақтығұлдың жан тебіренісіне тікелей қатысты жанды тұлғалар бейнесінде араласады. Бұл жерде өткел бермес Талғар өзенінің дүлей күші кеңінен, терең мағына бере суреттеледі. Кейде шапшып құтырып, кейде бүктетіліп тулап, ойнақ салып жататын өзеннің көрінісі Бақтұғылдың ішіндегі арпалыспен қатар өріліп жатыр. Ізіне түскен жау қолына тірідей түскеннен өлімді артық көрген сәтте Бақтығұл осы өзенге қойып кетеді. Мұндай ойланып тұрар уақыт жоқ, тар кезеңдегі Бақтығұл халі: «Жаулық пен қатар құшағында қаусырмалап қысып келе жатқандай көрінді. Көп ойлануға уақыт қалған жоқ, жалғыз үміті не Талғар өткел беріп құтқарады, не өзі жұтып құтқарады – әйтеуір дұшпанға жоқ. Осындай не алу, не құтылу сияқты бір-ақ қана түйіннің үстіне келді де құла атты қамшылап-қамшылап жіберіп, Талғардың өткеліне қойып кетті» деп суреттеледі. Осы жердегі Бақтығұлдың Талғар өзенінің құлдырап жүгіріп, аласұрып ашыққандай шапшып секіріп, дыбысымен жер жарып басты қаңғыртқандай қатты толқынында өлім мен өмір арасындағы арпалысы шебер де нанымды суреттелген. Бірақ ол бұл қатерден жанындағы жалғыз серігі атынан айрылып аман қалады.
Бұдан соң ол ең соңғы қатал шешімге келеді. Ол – Жарасбайды өлтіру. Шығармада Бақтығұлдың қандай шешім қабылдағаны сипатталып айтылмайды, белгілі бір болжамдар арқылы білдіреді. Талғар өзенінен аман шыққан Бақтығұлдың белгілі жауын есіне алып: «Бәлем осыныңды ұмытпа!...» дегендей, Бақтығұлдың өзі құп-қу болып, көзіне қан толып кетті, немесе әлденедей мақсатқа арнап, жол бойында қолайлы жерлер қарастырып жүрген Бақтығұлдың: «Көзінде қанталаған қызыл бар. Сызданып қадалып әлдеқандай жарқ-жұрқ етеді» деуінен соңғы кезде қаны бұзылғандай болып, қатты өзгеріп кеткен Бақтығұлдың ойы, шешімі анық байқалатындай. Оның осы істемек ниеті бұрыннан ойлаған нәрсе емес еді. Бірақ та би-болыстардың істеген арамдығы, зорлық-зомбылығы шектен асып кетіп еді. Өздері итермелеген жаманшылыққа, пәлеге мұны кінәлі етіп, өздері жақсы, таза бола қалмақшы. Мұның бәрі Бақтығұлдың жанын жегідей жеді, ауыр тиді. Бірақ қанша қиналып, жанына батса да, кектеніп, зығыры қайнаса да шамасы келмейтінін сезіп қашудан басқа айла таба алмаған еді. Әрине, мұндай іргелі елге жалғыз үй кірменің шамасы келмесі анық. Осылайша тағылық күн кешіп, әйел-баласынан безіп тау-тасты паналап жүрген Бақтығұл өзін Талғардай өзенге әкеліп қамап, өлімнің аузына апарып тыққан жауына әбден өшікті. Бұрынғы бұрынғы ма, қуғын жиілеп, ізіне шөп салып, елсіз-күнсіз қу тасты да мекен еткізбейтін күнге жеткізген соң, осындай шешім қабылдауға бекінді. Не болса да Жарасбайды өлтіріп, кегін алып қалуға тырысқан Бақтығұл, өз ойын іске асыру үшін Қараш-қараш тауын мекендеп, ыңғайлы, қолайлы жер дайындайды. Осылай Жарасбайдың жолын күтіп жатқан Бақтығұлға өлім, адам қаны әр түрлі бейнеде елес береді. Жазушы осы сәттегі кейіпкердің психологиялық жағдайын тек қана пейзажбен қатарластыра, астастыра алады. Бұл тұстағы табиғат суреті де көңіліңді суытып, бір қайғыдан хабар бергендей.
«Күз аспаны кірлеп, мұнартып, алыстағы қарлы биіктердің басына сәлдедей бұлт оралып, томсырап, сұрланып тұр. Дүние иесіз-елсіз жым-жырт» дей келе, өзі белгілеген жол туралы: «Жаңа байқады: ол алыстан кең жол болып, өзге жерден ерекше жырылып айқындалып, қып-қызыл болып жатады екен. Аққан қан орны сияқты:
«Ұқсасаң – ұқса...» деді», - деп суреттейді. Енді бірде қарағайлар: «Кәрі алыптың көп жылдар қуарып жатқан өлігіндей болып, бетке сұлай жығылып жатыр. Әр жерде де сондай қуарып тозып жатқан өлім белгісі көрінеді», – дейді. Мұндағы жолдың қанға ұқсауынан ондағы болар жайды, яғни Бақтығұлдың келген шешімін ұғамыз. Бұл жердегі тау өңірінің пейзажы «өлім, өлім» деп тұрғандай әсер бергенмен, бұл өлім өкініш туғызатын, аянышты өлім емес, жазықсыз жапа шегіп ашынған адамның әділ үкімі. Жазушы Бақтығұлдың шешімінің әділ екендігін табиғат суреттерімен астастырып ұқтырады. «Ұқсасаң – ұқса» деген сөзінің өзі, оның осы ойға анық бекінгенін, нақты шешім қабылдағанын білдіретіндей, қойылған нүкте сияқты.
Сонымен бірге жазушы Бақтығұл тартқан қасіретті күндердің куәсі болған тау құбылысының бұған қалай қарайтынын: Бақтығұлдың нық бекінген ойына ажардың қазіргі түсі: аянышты білмейтін қаталдықпен суынған, асау жаулық жайын сыбырлағандай болады. Бар көріністің ішінде көңіліне иек қағып дем берген айдаушы сол сияқты. Биік, суық, мұзды басынан күздің жүдеген сұр күнінің ортасында тіл келгендей. Тасты мұзды суық табиғат бір ерекше жат жайын қимылды ыстық көріп, соны ашылып, жаланып тілегендей деп немесе «Ожардың қарлы басының астынан көрінген жері қып-қызыл жалаңаш тас. Тақыр тас ерекше қызылданады» деп көрсетеді. Міне бүкіл табиғат тылсымы озбырлықтан, әділетсіздіктен жапа шегіп, құрбаны болған, сергелдеңге түскен жанашыры жоқ жалғыздың үкімін құптайды. Ерекше қызылданып тұрған Ожар тауы да Жарасбайдың өлімін тілейтіндей. Қып-қызыл қан орны сияқты жол Бақтығұлдың көріндегі қызыл, қып-қызыл жалаңаш тас -өлімнің хабаршысындай. Шешуші сәтке келгенде денесі тоңазып, демі дірілдеп, бойын үрей қорқыныш билеген кезде оған қуат беріп қайраттандырған да Ожардың басы. Бұл мезетте: «Суық түсті мұзды биік ақ бұлттай сәлдесін жазып, құлаш сілтеп нұсқағандай болды. Мұз тау мұның ішіне мұздай қайрат кіргізді» деп бейнелейді жазушы. Осылайша Ожардан қуат алған Бақтығұл күдіктің бәрін сыпырып тастап, жараспайға арнаған ажал оғын дайындап жатады. Осы жерде Ожар, мойынын созып еліріп қарасаң, «қарағай етектен тау басына қарай қашып бара жатқандай, бұл ниеттен үркіп жосылғандай» көрінеді. Адам секілді табиғаттың да әрқайсысының өзіндік «мінезі» бар. Тауға тән қаталдық болса, қарағайлар өлімнен үріккендей басқаша мінезде көрсетіледі.
Шығарманың басынан аяғына дейін көркемдеу тәсілдерін осылайша құбылта өрнектеу нәтижесінде кейіпкердің іштей күйзелісін, арпалыс сәттерін асқан шеберлікпен жеткізеді «Сары ағаштан айнала көрінетін қарағайы жоқ тақыр беттердің барлығы да үлкенді-кішілі кеуделеріне тау селінің айқын таңбасын басып алыпты: бәрінде де тау суы айғыз-айғыз қылып тастарын ақситып, жар қылып сойып кеткен таңба бар» деп, үстем таптың өкілдері би-жуандардың жәбірінен, зорлық-зомбылығынан Бақтығұлдың жанына түскен таңбаны, дақты көрсетеді. Жазушының өзі де «Бұл көріністе: күшті екпіні бар қатты ағым ұлы тасқынды еске түсіріп, омыраулап ұмтылуға, шапшаңдап іс істеуге екілендіріп, жетелеп тұрғандай» дейді. Яғни, әбден шыдамы таусылып, ыза-кегі шегіне жеткен Бақтығұлдың бір шешім қабылдап, әрекетке көшуі тиіс екенін ұқтырады. Бүкіл табиғат соны құптап, Бақтығұлды итермелеп тұрғанын, құдды табиғаттың өзі сөйлеп тұрғандай әсерлі суреттейді. Мұндай көріністер оқырманның алдына түйдек-түйдек ойларды тартады. Бүкіл табиғатқа бірде жан бітіріп енді бірде Бақтығұлдың ойымен қатарластыра психологиялық параллелизм түрінде суреттейді.
Шығарманың басында табиғат Бақтығұлдың ісін бірде қостап, бірде қарсыласқандай сыңай танытып отырса, шығарманың соңына қарай Бақтығұлдың барлық қасиеттері тағдырына куә болып, онымен тұстасып кетеді. Сонымен бірге, жазушының повесте табиғат көінісін күз мезгілін алуы да жайдан-жай емес. Жыл мезгілдерінің ішінде ауа-райы құбылмалы, үнемі түнеріп, сылбырап жаңбыр жауып көңілге көңілсіздік ұялататыны – күз. Сондықтан жазушы мұны да характер ашуға, кейіпкердің көңіл-күйіне сәйкес келтіреді.
Жазушы шығармадағы әр қырынан берілетін сүреңсіз күздің бояуын да, Бақтығұлды қоршаған пейзажды да «сұр», «қара» эпитеттері арқылы біркелкі бпяумен терең мағыналы көрініс жасайды. Түнерген күз, сұр тастар, сұп-сұр суық өзі де «сұр тонды, сұр түсті» кейіпкердің ішіндегі қатып қалған кектің, жан толғанысының сипаты тәрізді. Ал қара түн, қап-қара болып үңірейіп, қараңғылықтың түпсіз терең зынданы сияқтанған жер, қара жастатар қара күз – бәрі де бір қорқынышты туғызып, болар жамандықты сездіріп тұр. Бақтығұл мен табиғаттың өзара түсініскен, сырласқан жерлері шын суреткерге, үлкен талант иесіне, ұлы жазушыға тән сезімталдықты танытады.
Ал Бақтығұлдың Жарасбайды өлтіргеннен кейінгі тағдырына жазушы табиғатты араластырмайды. Өйткені шығарманың идеясы ашылды, кейіпкер тұлғасы танылды. Көптен бері денесін басып жүрген дерт ызадан бір сәтте ашыққан Бақтығұл көп кешікпей абақтыға түседі. Қаңғырып кеткен семьясынан Сейіт деген баласын қасына алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет