Диссертация м. О.ӘУезов шығармаларындағы адам мен табиғат тақырыбы


М.Әуезовтің шоқтығы биік шығармаларының бірі - «Абай жолы» роман-эпопеясындағы пейзаждың рөлі



бет9/11
Дата20.01.2023
өлшемі331 Kb.
#165983
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
сатып алған дис пейзаж
Әмірбаева Шолпан, резюме.
3.М.Әуезовтің шоқтығы биік шығармаларының бірі - «Абай жолы» роман-эпопеясындағы пейзаждың рөлі

М.Әуезов шығармаларының қай-қайсысында да қазақ даласының көктемі мен жазы, боранды қысы, жауынды-шашынды күзі молынан кездеседі. Бұған зертеуіміздің бірінші тарауында көз жеткіздік. Енді жазушының шоқтығы биік шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясындағы пейзажға тоқалайық.


«Абай жолы» эпопеясының заңғарлығы табиғат суреттері тарабында айқын көрінеді. Эпопея - қазақ халқының тыныс-тіршілігі, кәсіп еңбегі, махаббаты достығы, адамгершілігі мен аңқаулығы, қоңыр қойларындай момындығы, ерлігі, еркін жүрегі, қалбағай қарт пен қызу қызды айтыстырған жомарт көңілі, құмдай көшпелі, абақтысыз, бірақ көз жасына толы өмірінің энциклопедиясы ғана емес, қазақ даласының тұмса табиғаты, үдере көшкен баянсыз бұлттардың, дірілдеген сәулелі айдың, екпіндеп соққан жұпар самалдың, сыр мен нұрға шомған өңірдің, бірде балғын шалғынды, бірде ауру адамдай жүдеу жайлаудың, жаңа жауған ақша қар мен тынық түннің, аласұрған боран мен асқар тау, биік биік бел-белестердің суреттерінің де тамаша энциклопедиясы.
Бүкіл эпопея көлемінен салыстырғанда, әрине табиғат суреттері аз көрінеді. Бірақ, бұл - тек сандық көлемдік жағы. Ал енді оны ішкі жағы, мән-мазмұнынан алсақ телегей-теңіз. Эпопеяда табиғат суреттері сан түрлі ыңғайда кездеседі. Бірде ол небәрі эпитет, теңеу, метафора боп келсе, бірде жалпақ жайлауға айналып кетеді. Бірде атаулы сөйлем, бір ғана сөйлеммен бітсе, бірде бес-алты, он шақты беттерді алар әлемге ұштасып кетеді. Бірде сүйінсең, бірде күйінесің; бірде аптапқа шарпылып ыстықтасаң, бірде аяздан калшылдап жаурайсың. Бірде жаз куатымен дүние көл-көсір жайнап жатса, бірде тұлдырсыз жұтап қалады. Бірде тек бастау алу, бірде кең өріске шығу, бірде ұлан-байтақ кеңістікке айналу - эпопеядағы табиғат суреттерінің жалпы бедер-бейнесі осындай.
Шынайы шындық сол - егер роман эпопеяны оқымай-ақ ондағы тек табиғат суреттерімен танысуға мүмкіндік туса да, олардан негізінен бүкіл роман ауқымын, ондағы қат-қабат өмір шындығын ондағы тоқсан тарау, мың арқау рухани желілерді, күретамыр пафосты, басты концепциялар мен тенденцияларды толық білуге болар еді. Бұл эпопеяда табиғат суреттерінің тамаша бейнеленгенінің дәлелі болса керек.
Қлассиктер қолданғанда, бейнелегенде табиғат суреттерінің мән-маңызы сол - олар жалпы фон, сюжет тамыр тартар, өрбір ая болумен бірге келелі көркемдік тәсілдерге айналып кетеді, шығарма дамуына қосымша астар, өң қосар, сан алуан сыр мен тұспалды ашар амалдар болып та келеді. Және де осынысы арқылы қоғам, өмір шындықтарынан да хабардар етеді. Адам характерін даралап, мүсіндеуге жағдай жасайды, көмек көрсетеді. Әрі тұмса табиғаттың да өз қалпын, көріністерін бейнелейді. Ұлы Лев Толстой табиғат суреттері - пейзаждарын көбіне-көп өмірге, қоғамға, адамның көңіл күйіне контраста алған. Мәселен, ол адам қайғырып келе жатқанда, күнді жайнатып қояды. Адам жылап келе жатқанда, оның аспаны жыламайды, қайта күлімсірейді, адам шат сезімде келе жатса, бұлттарды еңіретіп көз жасын төктіреді. Яғни оның кейіпкерлері басында қыс тәріздес жағдай болса, табиғатта көктем, жаз үстемдік етеді екен. Олар керексіз бе сонда? Жоқ. Лев Николаевич Толстойдың сондағы ерен ойы, тұспалы мынадай екен: адамдар нашар, қоғам жарамсыз, өмір іске алғысыз, бұзылған; ал табиғат әсем, бұзылмаған, табиғат қалыбы әсем, жарасымды. Сөйтіп, осындай үғыныстан ол адамдар мен табиғатты әдейі қарама-карсылыққа қойып, кайшылықта алып суреттейді екен. Адамдар күлсе, табиғаттың неге күлесің, күлме деп түнеретіні осы себептен. Әйтпесе, адам түнергенде табиғаттың түнере бер, түнере түс дегендей боп жайнап тұратыны осы себептен. Әрине, жайнаған табиғатта мынадай да әсер бар: мен жайнап тұрмын, адам, сен де күлші, түнермеші дегендей. Ал, ұлы жазушының мұнымен айтпағы - табиғат үлгілі, ей, адамдар, сол табиғаттан үйреніңдер, табиғатқа қарап өмірді қайта кұрайық, өмірді жақсартайық деген ой еді. ұүнысы жазушының ағартушылык, педагогикалық көзқарастарына да сайып жатыр. Біз Толстойдың күш қолдану атаулыға қарсы болғанын білеміз де ғой. Сөйтіп, ол табиғат суреттерін осындай тамаша шеберлікпен жұмсаған, пайдаланған.
Бұл мысалдармен айтпағымыз - табиғат суреттерін бере білудің, пейзаждық бейнелеулердің өзі шеберлікке, ұлылыққа дарындылыққа қатысты екенін аңғарта отырып оқырманға ой салу. Сол сияқты шығармада табиғат суреттеріне де ұлан-асыр міндет жүктелетінін, олар да тамаша мәнге, қызметке ие бола алатынын білдіру.
М.О.Әуезов табиғат суреттерін беруде Л.Толстой іспетті кемел суреткер. Оның өз жолы, өз ерекшелігі - бітім-болмысы бар. Онда Толстой секілді табиғат суреттеріне адам өміріне қарама-қарсы мән беру ептеп бар. Бірақ Әуезов негізінен табиғатты адам өміріне сәйкес етіп алады; сол арқылы адам характерін ашады, өмір шындығын алға тартады, қоғам бітімін танытады.
Сонымен «Абай жолы» эпопеясы табиғат суреттерінің ерекшелігін, мәнін сараласақ, олар үш ыңғайда келеді:
1) табиғат суреттері табиғаттың өз болмыс-бітісін, сұлулығын немесе көріксіздігін... яғни, өз сипатын танытады;
2) табиғат суреттері адам өмірінің ақиқатын, жай-жапсарын байқатып, қоғамдық типтік шындықтарды көрсетеді;
3) жеке образдың хал-күйін, мінез-құлқын, куаныш-ашуын, характерін ашады, кейде саралап мүсіндейді, оның биологиялық және қоғамдық табиғатынан хабар береді.
М.О.Әуезовтің ұлылығы сонда - ол, біріншіден, Абай туып-өскен, болған жерлердің табиғат-болмысын көрсеткен. Екіншіден, осы арқылы қазақ даласындағы феодалдық қоғамның және сол далаға енді ене бастаған капиталистік қоғамның шындығын берген. Кедейлер, жалшылар, жатақтар халі қандай еді? Рушылдық, патриархалдық сенім, дәстүрлерді капитализмнің бастама сәті қалай іріте бастады? XIX ғасырдың екінші жартысындағы дін мен қала өмірі қалай болды? Құнанбайлар қалай құлдилап, Шұбарлар қалай іріледі? Эпопеядағы табиғат суреттері, міне, осыларды аңдатқан. Үшіншіден, Әуезов жекелей алғанда Құнанбайдың қаталдығы мен ер жүректігін, Байдалының бірбеттілігі мен қайсарлығын, Абайдың ақылы мен махаббатын, лүпілді ақын жүрегін, Әйгерімнің әні мен Салтанаттың сәнін табиғат суреттері арқылы ашып әдемі-әсем берген.
Әуезов бейнелеген табиғат суреттерінің қуат-күші, маңыз-мәні, міне, осында.
Эпопея «Қайтқанда» тарауынан басталады. «Қайтқанда» сөзі - септікте тұрған етістік, қимылды білдіреді. Қайту, яғни адамның, табиғи қимылы. Осы тарау атының өзінде үлкен мән бар. Ол әуелі қаладан қайту, романның сюжеттік бір эпизодын білдіру болса, екіншіден, Абайдың балалықтан қайтуы, есеюге бет бұруын байқату. Осы тараудан соң-ақ Қодар өлімін көріп түршіккен Абай, әке баулуына түскен Абай күрт есейе бастамай ма?
«Жолдың бұл тұстары ылғи бел-белес болатын. Осы қазіргідей боп жұрт Шыңғысқа, жайлауға қарай көшкенде елсіз боп қалатын жер. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иек артпадан, өкпе тұстан жүргіншіге жауды қоян-қолтық, құшақтастыра түсіретін ұры сай, жасырын жыралары бар».
Шытырмандау жазылған алқап суреті. Тек алқап суреті ғана ма? Көшпелі де тынымсыз өмірден мол сыр ұшығын аңғартып тұр. Тіпті, романдағы тұтас шындыққа жол ашу, меңзеу бардай. Өйткені, бүкіл роман дамуы бел-белес, еңіс, құлау, өрлеу, шытырмандардан тұрмай ма; өр, қия, беткей, биіктер емес пе? Тараулар аттары да осыны нұсқап қойылған ғой. Керек десеңіз, тараулар аттарының өзі Абайдың өмір жолын аңғартпай ма? Байтас пен Жұмабай бәлелі жер десе де, мұндай сөздер Абай құлағына енбейді; өз жері Абай көкірегіне жат сезім салмайды. Қайта оны салқын қоңыр жел аймалайды. «Осы жел мен құлпыра толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан алакүрең көде мен селеу далалары... дала емес - теңіздері қандай. Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керіп аймалар еді». Міне, өлеңмен берілген теңіздей дала, сыбырлаған селеу суреті.
Абай бала кезінен-ақ ойшыл болатын, ертегі-жырды көп тыңдайтын. Сол ертекші, әңгімеші бетіне сөз ұғып, ой барлап қадалып та қалатын. Сонда Абай олардың жүзінен-ақ талай сыр аңдайтын. Және сол аңдағандарын табиғат құбылыстарына ұқсататын. «Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдір тоғай ма? Не көде-көкпек пе? Кейде мал мен аң бейнелі ме?» Бәріне ұқсап кетіп отыратын адам бет-бейнесі болады. Міне, бала Абай сезінісі. Өмірді, адамды табиғатқа қарап танып келеді.
Асылы, табиғатсыз, оның белгілі бір дәрежедегі қолданылуынсыз әдеби шығарма жоқ. М.О.Әуезов табиғат құбылыстарын, жоғарыда айта да кеткеніміздей, теңеуден бастап тұтас тұрмысқа дейін қолданады Эпопеяда адам өмірі мен табиғат суреті органикалық тығыз байланыста, етене-егіз бірлікте. Бұл - әрине, ұлы жазушының шеберлігінің жемісі, көрінісі. Қоғамның өзі табиғи-тарихи процесс болғандықтан солай берілуге, бейнеленуге тиіс те. Тас сезімді, қатал Құнанбай шал Қодар мен оның қаралы келіні Қамқаға өлім деген сұмдық суық жаза бұйырды. Ал баласы өлген Қодар, күйеуі өлген Қамқа қайғы теңізінің құшағында. Олар жас қабір басына барып қатты жылайды. Табиғат болса жайнап құлпырып тұр.
Қодар келінімен бірге Қарашоқыда өлтірілді. Өлім сыры енді мәлім. Мұнда ру бақталастығымен қоса қонысқа таласу да бар. «Қарашоқы Қодар қыстауына таяу емес. Шыңғыстың үлкен биігінің бірі. Соның бауыры әдемі тоғайлы өзен болатын. Тал-терегі болсын және тау қойыны - қисықша кызыл қайың болсын, барлығы да көктеп жайнап тұр. Бұл ара бір құйқалы жақсы қыстау». Ал, енді осы қыстауды Құнанбай өзі иемденді. Өлім мен табиғат бұл арада контраста тұр.
Эпопеяның бас жағында Шыңғыстан соғатын жел ыңғайы суреттелетіні бар: «Көктемде бұл жел - игілік желі. Қарды қағып, бөктер мен шиді қарайтып кететін жел». Өзі қатты, қыста да қолайлы. Тек күзде ыңғайсыз. «Бүгін қара жел басталысымен, қиыршықтап қар да түсе бастады. Биылғы жылдын ең алғашқы қары да осы. Суық жел киіз үйде отырған ауылдарды тегіс бүрістірді». Жұрт енді жылы қыстауға кіре бастады.
Осы жел, осындай желдер роман беттерінде әлі талай соғады. Мұнда, желдің соғуында да сыр бар. Рас, ол жел табиғатынан да мол мағлұмат береді. Соққан жел сонымен бірге сонау көктемнен, Қодар өлімінен басталған қырқылжың, тартыс ширыға түсуіне де орайлас келіп отырады.
Бөкенші Құнанбай берген жайлауға көшпей отыр еді. Қолшоқпар Манастар Үркімбайларды ала алмай бос қайтты. Ал, Құнанбай жан-жаққа шабармандар шаптырды. Енді жел қатайып, бетті сабай түсті. Тұман түсіп, күн суытып кетті. Құнанбай қолы Жігітекке бет қойды. Міне, табиғат желі мен тартыс, төбелес желінің сәйкесті астасымы.
Немесе эпопеядағы Ай бейнесін, Абайдың туған даласының түні суреттелуін алайық. Бұл тұс - ай туралы анық тамаша өлең. Айдың сол бір сәтін бажайлап бейнелеген реалистік жыр. Жүрекке тәтті ләззат ұсынар жыр. Аспан - теңіз де, ай - кеме де, ай - құс та емес. Салмағы миллиардтаған тонна, жансыз жер серігі. Бірақ өлеңге айналуы нәтижесінде ол аспанда бұлтқа сүңгиді, бұлтқа шомылады, жарқ етіп күліп, балаша былдырап, еркелейді. Осы бір суреттеулер адамды сылқым сұлулықпен табыстырып, тәтті сезім бесігіне бөлейді.
Тамаша нәрсе сол - романдағы табиғат суреттері көбіне қоғамдық өмірді көрсету үстінде әрі адам образдарының өсу эволюциясымен желілес, үндес, сабақтас беріледі. Құнанбай құдіреттілігі, құлдилай бастауы. Абай балалығы, махаббаты, есейген шағы. Соған орай табиғат бітім-бейнесі бейнеленуі, өзгеруі де сәйкестік танытып отырады.
Мәселен бала Абай алғаш әкесін жалаң, сайыз түсінсе, есейе келе оның терең адам екенін аңғарады: «Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінаға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен гөрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты». Құнанбай бекер табиғат асқары - шыңға теңеліп отырған жоқ. Ол сыры тұңғиықта жатқан, өз қатарының асқары - шың. Бүкіл қимылы осыған куә. Мұсақұл соғысы, Майырға жасаған әрекеті куә. Ол әрекет етер кезде Әуезов сәйкестендіре суреттеген жел, борандар куә.
Абайға махаббат келді, қонды. Сүйіндік аулында ол Тоғжанды көрді. Ғашық болды, жас жүрегімен жалындап сүйді. Алғашқы кездесу әсері, Абай жаны толқуы қандай?
М. Әуезов осыны табиғатпен салғастыру арқылы әдемі берген. Осының арқасында ол суреттеген Абай - Тоғжан, Абай - Әйгерім махаббаты Қозы-Баян, Ромео - Джульетта махаббаты дәрежесіне көтерілген. Абай Айға аң-таң боп қарайды. Табиғат оны тазалыққа - жыраққа шақырады. Таң лебін сезінеді Абай.
«Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние, мынау маужыраған тынысты нәзік түн... бесігі ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйі ғой».
Махаббатты алғаш аңдаған Абайдың жас жүрегі шат. Лепіреді. Тоқтаусыз дүрсілдейді.
«Нені айтады? Не деп түсінеді? Не сипатты бұл сезім? Не боп барам? Тақат, сабырым қайда?»
«Таң... Жүрек таңы. Сол таңым сенсің бе? Жарығымбысың, кімсің?»
«Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі, жас баланың етіндей, ақ торғындай мойыны!.. Таң, осы да... өзі ғой.
...Ақ етің аппақ екен атқан таңдай.
Шынымен, бар жанымен кұлай табынған сұлуға қарап, бар сезіммен үнсіз жырлап тұрған тәрізді. Тоғжанға арналған, ең алғашқы «ғашығым» деген жарына арналған жан жырының тұңғыш жолы осы еді».
Осынау суретте Абайдың көркем сезімі көркем табиғат аясына көркем ұштасқан. Табиғатсыз Абай сезімін түсініп көр. Абай жүрегі жыр болса, табиғат соның үлбір қауызындай. Осы арада табиғат бейнесі болмаса тек жансыз бейнені көрер едік.
Абайды ақын еткен фактор - талант, өмір, махаббат болса, тағы бір басты себеп - әрине, табиғат. Тұңғыш махаббат әсерімен қатар табиғат әсері қандай десеңізші. Түйеөркештен соққан жел, самалдың өзі бейіс, шафхат желіндей ғой Абайға. Иә, Шыңғыс тауы, Бақанас, Жидебай қорық жайлаулары, толықсыған аппақ ай, сырлы самал Абай кеудесіне күмбір күй, сұлу саз құйған еді. Ол тек табиғат суретін, үнін, нұрын, әуезін, бояуын пайдаланып ақын болып еді. Сол себепті де Абайдың махаббат лирикасында да, әлеуметтік лирикасында да сіңіскен табиғат бедер-бөлшегі бар.
Эпопеяда Абай ел перзенті, қоғам қайраткері әрі ұлы ақын ретінде көрінетіні мәлім. Ал, жалпы басқалардан гөрі ақынды суреттеу коғамдық өмірді бейнелеуге үлкен мүмкіндік беретінін білеміз. Себебі, ақын - халық ұлы, әлеуметтік күрескер ғана емес, қоғамдық болмыстың барлық сәулесін жан-жүрегіне шоғырлаған жинақы құбылыс болып табылады. Ақын - барлық нәрсе әсер етер домбыра есепті. Оның пернесінде әлеуметтік-рухани, тарихи-табиғи халық болмысы шертіледі. Сол себепті Абайдың табиғат лирикасы роман өзегінде орынды әрі парасатты пайдаланылған. Мысалы, «Жазғытұры», «Жаздыкүн шілде болғанда», «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай», тағы сол сияқты өлеңдері.
Абай өлеңдерінің кейбірі роман өзегіне шоғырлы түрде, кейбірі шашыранды сіңісіп, роман беттеріне - табиғат өлеңдеріне айналып кеткен;
«Жазғытұры ауыл қолдан түлеткендей бір түрлі бір жас иіске, жас өмірге толы. Әдемі реңді, әлденеше түсті балапан қозылар, лақтар күншуақта секіріп, дамылсыз маңырайды. Үлпілдек жүн, үлкен қара көзді боталар ке-рінеді. Жылқы ішінде ұзын құлақ, бұйра жүн, сүйкімді құлындар кебейген. Ересек тартқан, тек шираған бұзаулар да құйрығын шаншып ап, тынымсыз безіп, ортқып ойнайды».
«Бойдақ жылқының бәрі жайылысты тастап, сонау биік адырдың басына шығып ап үйездеп тұр.
Өрістен қайтқан қоралы қой да су маңына шұбырып, баурын сызға төсеп, бүйірін соғып жатыр. Жайылысты ойлар емес. Қумаса су қасынан тұрар емес.
Сиыр атаулы Бақанас суынан бөлінген кара су, шалшық суларға кіріп, көлбей-көлбей жатып апты. Бірен-саран оқшау шыққан тайынша, құнажын болса, сөйгелдің қуғынына ұшырап, құтырғандай жосып жүр...
Барлық жұрт түңліктерін жауып, іргенің кебін белдеуге шейін шалқита көтеріп, түріп тастапты».
Үзінділер - нелердін, суреті? Жаздың, жайлаудың, малдың бейнелері. Қазақ халқының ол кездегі тіршілік қорегі, негізгі кәсібі - мал. Төрт түлік мал жусаған шілде. Ыстық күн. Тойымшылық.
Табиғат суретінің тамаша көркемдік тәсіл болатынына, сол сияқты характерді мінездеуге жол ашатынына тамаша бір дәлел төмендегі мысал. Ұлы қаламгердің өзі де мұны меңзеп, мәселенің басын ашып койған: Үй іші жым-жырт. От әлі маздап жанып жатыр. Үлкен қазанның астын кызыл жалын дамыл алмай жалап тұр. Әуелде толтыра құйылған іркіт қазір бірер қайнап қалған екен. Кемерінен орта түсіп, шымыр-шымыр қайнайды. Жаңағы Байдалының ашулы сөздерінің тұсында Абай көзі қазан бетіне түсіп еді. Қоюланып бара жатқан ыстық құрттың ортасы кей кезде көпіршік атып сақылдап кайнайды. Сол көрініс тап Байдалы ашуындай. Қайнауы жеткен, ашу қызуы жеткен құрттай. Бір жер емес, казан беті әр тұстан бұрқ-бұрқ етеді. Ол дағы осы елдегі әр жерден шаң беріп жатқан Құлыншақ, Сүйіндік, Бөжейлердің ашуы сияқты». Байдалы образы бұрқылдаған құрт арқылы-ақ жарқырап төбе көрсеткен жоқ па? Оған қоса коғамдық психология, бітім тағы көрініп тұр.
«...Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір өмір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен жаз да, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған еді».
Замандық, эпикалық өлең тақылеттес осы жолдарды түсіндірудің қажеті бар ма екен? Эпопеядағы тараудан-тарауға Абай өрлеп, биіктеп, кемелденіп келеді емес пе? Әлгі шынар өзі. Баста мұрат-идеясыз, ордалы ойсыз бала болса, артта калған ауылға келсе, енді құбыласы - қала. Үлгі етері - мәдениетті орыс елі. Өмірді, халықты капастан құтқару үшін бел буған. Бұдан былай ол «тайғанай-ды». Тіпті өмір, ақындық, махаббат тайғағына да түседі. Халық үшін тартысқа, күреске араласады. Осынау үлкен, көсегелі күресте жалғыздығын да сезе бастайды. «Бұл шақ Абай үшін көңіл күзі болса, табиғаттың да сұрқыл баяу тартқан өз күзі болып еді». Әкесінен Әмірді құтқарғаны үшін теріс бата алды. «Таң аппақ атқан еді. Күздің күні, ұзақ сұр дала мен құла тартқан адырлардың үстіне, қыпқызыл шапақ атты. Қанды сәуле шашқандай». «Оқапқа» да түсіп кетеді. Жүрек дерті, өмір дерті ауруға да душар етеді. Бірнеше күн боран астында қап, салқын тигендей елігеді. Сөйтіп Тоғжанға қайтадан дидарласады. Каталашкаға да түсіп шығады. Кітап, газет оқиды. Михаэлиспен достасып, Чернышевскийдің үнін естиді. Игерген Шығысына Батыс қосылады. Серік жастар, медеттер айналасына топталып, ән шырқайды; махаббаттарын маздатады. Абай енді азамат қана емес, белсенді күрескер. «Биікке» шықты ол. Пушкиннің «Татьянасын» сахараға жетектеп, Әйгерімдермен қол ұстастырды. Алып азамат асқар ақындықты да игеріп, жетілді; кос қанаты да қатайды. Оның қуаты - ақындық, үміті - халық. Ал, өмірі -тартыс.
«Ақшоқыдан игі жел есті. Ол - тарихтың жаңа бір төлінің үні. Арттағы қыстан тумай алдағы жаз үшін, жаздың жаңа өсім-өнімі үшін, гүл атар тірлігі үшін туған төлдің үн-лебізі. Оның жыры - жаңа дүние көксеуші, жаңа ерісті іздеуші жыр». Мұның үніне бүкіл дала козғалды. Кәрі Құнанбай селк етсе, шал Дәркембай оянды, кезін қиырға салды. Мұның үні сырттағы Керейге, ойдағы Уаққа, Арқадағы Қаракесекке жетті.
Абайдың көз алдына мұхит елестеді. «Шексіз жайқын боп Ералы, Ойқұдық, Қорық далалары созылады. Кең әлемнің бұдырсыз жазық жүзі жадырап тың алғандай. Батар күннің қияс түскен шұғыласы даланы қызғылт жарқын нұрға бөлепті. Тегіс, шексіз - рахат нұр. Шабытты ақын көңілі қазір көз алдында дала емес - теңіз, кең тыныш теңіз жүзін көргендей. Сол теңізге, өмір - тарих мол мұхитына бір кеме жалғыз жалауын көтеріп жол тартты. Алға басты, белгісіз болса да ғажайып шұғылалы бір жағаға, ұзақ сапарға басты ол кеме. Жалауында «Тартыс», «Үміт» деген ұран бар. Халық үмітін үстіне арқалаған сол кеме «Келешек» деген жағаға карай тартты. Бұл - Абай кемесі кең жайқын әлемде сенімді түзу жол сызып, маңып барады. Алға барады, ұзап барады».
Бұл жолдар бүкіл коғамның діріл-тынысты байтақ көрінісі. Келешек - жаңа заман, Абай аңсаған шыбынсыз жаз. Кеменің өзі - Абай. Үміттеніп, тартысып барады. Алайда Абай оқшау, жалқы әлі. Теңізді - халықты оятпақ. Абай кемесі сапар шеге берсін - ол дәндер егеді, сол дәндер көгеріп бүршік жарады. Бозала таңмен бірге аппақ сәуле де кұйылар...»
Жазушы жердің көріністері мен ерекшеліктерін қатты ескергенін, оны оқиғамен бірлікте алуынан көреміз. Жаратылыстың әрбір суретін шығармада өз идеясына сай кейіпкер сезімімен астарлап қатар қойып отырады. Романда негізгі кейіпкер Абай болғандықтан оның толғанысы өмір қайшылықтары елмен қарым-қатынасы шығармада пейзаждың араласуы оқиғаның өзекті желісі болады. Романдағы пейзаждар Әуезов санасында дамып, өмірге келер шығармадағы геройдың қайғы-мұңы толғанысы, философиялық қорытулары, кейіпкердің әрекетке баруы аймақтық көріністерден бастау алады. Кейіпкер сезімінің әсері әр қилы берілетін жерлері кейде көзге түсе бермейді, жасырын, құпия бейнеленеді.Әуезов осы қасиеттерді талғамдықпен қолданған суреткер. Жазушы табиғатты ендіруде өзіндік көркемдік оралымдары, қыруар бейнелік көріністерді әкелуде жердің тарихы, деталь, штрихтар оқиғаның қай жеріне қандай кезеңде қолдану керектігін жазушы әу баста ойлап, жоспарлап кесіп пішіп қойған.
Адам өмірінің әр алуан жайлары адамға етене жақын құбылыстар, табиғатта да кездеседі. Жазушы кейіпкер өміріндегі күйлерді табиғат болмысынан таба білгендіктен ондағы көркем оралымдар мен қалтарыс иірімдерді романдағы бейнелік көріністерді тудырды. Шығармада Абай жеткен биік, қоғамдағы адамдар тартысы, моральдық адамгершілік сөз болады. Жеке адамдар арасындағы психологиялық шиеленістер, әлдінің әлсізге қиянаты, зорлығы қаныпезерлікпен жасалған қаталдығы пейзажда молынан орын беріледі. Барлық оқиға табиғаттың қатысынсыз өтпей, оқиға табиғат заңдылықтарымен қоян-қолтық араласып кетеді.Күздің сұрықсыз бұлыңғыр, күңгірт суретері көңілсіз оқиғаның болатынын, айтылатын үкімдер мен орындалатын бұйрықтарды жасауға ат салысады. Романдағы Қодар мен келіні Қамқаның өлімі немесе «Еңлік-Кебекті» еске алу, шабыс-тартыс дауларды туғызуға себепші. Ал боран, аяз, қара суық: жұт, өлім, шарпысу, қасірет-қайғыны даярласа, жаңбыр: мұң, еңсе түсу, бұйығуды білдіреді. Кейіпкердің рухани жаңғыру әрекеттеріне баруы – көктемде, жаздың еншісіне ән-жыр, еркелік-наз, сал-серілік сияқты, сұлулықты сиғызады. Кейіпкер көңіл дүниесінің құбылғыш сәттерін пейзажбен суреттеуі ең жиі қолданылатын тәсіл.
Романның барысында шәкірт баланың көңілінің таза кезінен басталып араласқан табиғат тіршілігі. Абай есейген сайын, өмір тартысымен бірге дамып, есейген ақын келгенде нағыз ширыққан жойқын тартыс, алыс-берістер, арбасқан ауыр кезеңдер ауа-райының мың құбылған сәттерімен қатар беріледі. Табиғат ақынның бала кезінде жайма-шуақ маужыраған, мамыражай жайдары жазы шаңсыз болып алынады да, оқиғаның ширыққан кезінде борандатқан тұманды, қою бұлтты жаңбырмен, не ми қайнатар ыстық желімен, күзгі қара суығымен тұтас өріледі.
«Абай жолы» романындағы пейзаждар оқиғаның шешуін тапқан екінші кітапқа сілтемелер жасап, романның аяқталмағандығынан хабардар етеді. Алғашқы кітаптың соңында «Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып әлсіз нәзік шешек атып жас шынар пайда болған. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тарып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған еді». Бұнда Абай азамат ретінде қалыптасып, екінші кітапқа өнер адамы, ақын болып барады. Осыдан Абайдың өнер жолындағы қарбалас өмірі басталады. Жас қайраткер ақын өсіп, шыңдалады. «Алда - өмір тартыс. Сол тарыста бұл жалғыз... бір қуат, бір үміт бар...Қуаты ақындық, үміті - халық» болып жинақталады. Артынша «тағы өмір шындығы, тағы да тіршілік тартысы. Абай алдына еселі сыбаға тартты» деп алда ұзақ өмір жолы жатқанын, есейген ақын арласатын жаңа тартыстар барын меңзейді.
«Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айрылған тобылғы да қызыл реңді. Ұзарып сарғайған бозғыл көде, жуығал бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып елбек қағады»...дегенімен көңілсіз жайдың басталатынын сезінесіз, ары қарай оқығанда оқушы кітаптың екінші бетінен «Жүргіншілер Ералының қзіргі қуаң тартқан шалғынын біраз аралап өтті. Топтың алдына таман озғындап келе жатқан Абай бір кішкене төбешікке тартты. Ол төбенің басына шыққанда барлық аттылар сәл ғана томпайып жатқан ескі моланы көрді» деп басталатын сөз тіркестері «Еңлік-Кебек» жайын еске түсірген тұста, Әзімбай жасаған зорлықты айтқалы келген Әбдінің ренішті хабарын Абай көңіліндегі күймен қатар тұрады. Кітап соңында бай қойшысы Исаның ыққан қойымен бірге ығуы,боранды арлан бөрімен жанталасқан жекпе-жегі, өмір мен өлім арбасуы Дәрменнің жыр құдіретімен баяндалады. Мұндағы ширыққан тартыс ондағы болатын үлкен оқиғаға апарар жолдама сияқтанады.
Жас ақын Дәрмен болашағына үмітпен қараған Абай қиялында «Құз қияға, жалтыр тасқа, қақап тұрған аязда жұмыртқаларын салған қыран бүркіт ананың» аңызын салады. Сенімін артқан шәкіртін аяздан аман қалған жұмырқадан шыққан аязға теңеп: «жалғасым сенбісің, ұшармысың алысқа» деп ақындыққа енді қалыптаса бастағанын, ендігінің басшысы, осы шәкр ақындар болатынын Абайға ойлаттырады.
Романның соңында Абай дүниеден өтеді. «Сонау бір шақта таста тақыр жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім ескен шынар құлады. Өмірден Абай кетті», - деп отырған жазушы Дәрмен арқылы Абайдың соңғы үнін, тілек арманын... «Жапан түз, елсіз жолсыз сар далада жалғыз түп ағаш өсіпті...Әрбір көктем күніне үміт артып жас қуат жапырағын жарып, гүлдер мен дәндері ұшып, тарап кетіп жатыпты» деген символды философиялық топшылауымен түйіндейді. Ақын еккен өнер, жыр, өлеңнің тарауы, оны жекізуші ақын айналасындағы шәкірттерді «Әлде бір өлкеде, тағы бір замандарда осы гүлдердің бір тобынан сиялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме екен» - деп пейзажға теңеп отыр.
Кітап соңын сөніп бара жатқан ақын өмірін өлімге қимайтын оқушысын мұңға батырып барып бітіреді.
Негізінде М.Әуезов жасаған пейзаждар кейіпкерінің өн бойындағы толғанысы, тебіренісі, психологиялық толғанысымен қатар өрілуі арқылы оқиғаның өзекті желісі табиғаттың өз суреттерімен байланыс бірлікте алынады. Сан қилы бояулы табиғат суретін «Қорғансыздың күні», «Қыр суреттері», «Оқыған азамат» т.б. туындыларында күйлі, әсерлі жүйеде бастаса «Абай жолында» оны кілемдей құлпыртты. Суреткердің табиғатқа деген түсінігінің молдығы, күштілігі сонша оны түсініп-ұғынып қана қоймай эпопеяның өн бойынан бұлардың үлкені бар, кішісі бар 336 рет көрініс тапқанын айтуға болады.
Сондағы жазушы туындыларындағы табиғат суреттері тек жай ғана тамашалаудың құралы болмай характерлі жағдайға қарай қызмет атқаратын жанды бөлшекке айналатынын көрдік. Шығрманың барлығында да уақытша, кезеңіне, жай-жағдайына қарай өрнектеліп түскен. Мұндайды белгілі ғалым Р.Бердібаев: «Табиғата соншалық ғажайып көріп, таусылып көнермес ажар бар екенін қазақ әдебиетінде М.Әуезов творчествосынан таныдық. Ол халқымыздың ең таңдаулы табиғат жыршысы десек ағат болмас»/27,158/, деп өте дәл, дұрыс айтқан.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет