8-дәріс. Этнос аралық шиеленістер. Ұйымдардағы шиеленістер.
Қазақстан – Еуропалық және Азиялық қасиеттері тоғысқан, әлемдегі әртүрлі мәдени және саяси үлгілерді біржерде қордалаған ерекше сипаты бар, Орталық Азиядағы бірегей мемлекет. Онда қазіргі кезеңде әртүрлі халық өкілдері бірге өмір сүруде, сондықтан елдегі ұлт саясаты «көп түрліліктің бірлігі» тұжырымдамасын ұстанады. Әрине, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің үндесуі кездейсоқ болған жоқ, оның астарында көптеген тарихи себептер бар. Дегенмен біздерге қазіргі заманауи кезеңде еуразиялық және азиаттық мәдениеттің үздік жетістіктерін игеруге мүмкіндіктер ашылып отыр. Осылайша, Қазақстан өзінің этносаяси кеңістігінде «ұлтаралық бірлік» ұлттық идеясын өзара қарым-қатынастардың үндестігі деңгейінде тәжірибе жүзінде қалыптастыруға кіріскенін байқаймыз. Ол елдегі Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуынан, оның пәрменді іс-әрекетінен байқалады.
Еліміздегі қазіргі замандағы әртүрлі этнос қауымдастықтарының мәдени құндылықтарының синтезделуі, ықпалдасуы, кірігуінің болашағы қандай жағдайда мүмкін? деген сауал туындауы заңды. Құндылықтардың өзара жақындасуына іргетас болатын нәрсеге не жатады? Әрине, бұл қатынастар жүйесі көптеген жылдар бойы деформацияға ұшырап келгені белгілі. Бұрынғы Кеңестік кезең «социалистік принципті» бекіте түскен әлеуметтік ортаға Қазақстанның этномәдени кеңістігін жатқызамыз. Сондықтан еліміз «халықтар достығының лабораториясы» деген атаққа ілініп, кез келген Кеңестік Социалистік Республиканың азаматы үшін өмір сүруге, шығармашылықпен айналысуға, елдің азаматы болуға қолайлы мекенге айналды. Ондай азамат үшін барлығы жергілікті халықтың тілін, ділін, дәстүрін, салтын, дінін білу қажеттілігі болмады, оған тек орыс тіліндегі мағлұматтар мен ақпарлар жеткілікті еді. Ал, бұндай жағдай қазақ халқының мәдениетінің құндылықтық деңгейін біршама төмендетті, тек қазақтардың өздеріне керек дүние ретінде бағаланды. «Озық, өркениетті мәдениеттің» қайнарынан сусындаймын деген қазақтар өзінің ұлттық мәдениетіне кейбір үстірттілікпен қарай бастайды. Сөйтіп, тарихи үдерісте «ұлттық құндылықтардың жатсынуы» ерекше құбылыс ретінде этноорганизмнің бойына дендей бастайды.
Қазіргі Қазақстан жағдайында этносаралық қатынастарды үйлесімді мағынада өрбіту қажеттілігі бар екені даусыз. Тек оны басқа этникалық мәдениет үлгілерінен Қазақстанның негізгі ұлты – қазақтардың құндылықтар әлемін оқшаулау арқылы емес, қайта басқа этнос қауымдастықтарының мәдени кеңістігіне жақындату арқылы жүргізу керек екені байқалады. Қазақ халқының мәдени құндылықтары жалпыадамзаттық құндылықтар сипатына барынша сәйкес келген жағдайда ғана жалпы еліміздің мәдени кеңістігінде этносаралық мәдени синтезге, сиысушылыққа, өзара ықпалдасуға негіз болатынын кейбір зерттеулерде атап өтіледі. Жалпы Қазақстан халқының дініне, діліне, тіліне қарамай іштей біртұтас қоғамдық құрылым болуға топтасуы (консолидация) үрдісінің табысты болуы, оның болашағы – дүниетанымдағы құндылықтар векторының және оның бағдарының ұтымды таңдалуына, өрбуіне байланысты екені айтылады.
Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы жолын этноәлеуметтік кезеңдеудің бірнеше нұсқасын гуманитарлық салада кездесуге болады. Солардың ішінде қазақстандық зерттеуші Ә.Н.Нысанбаевтың авторлық позициясына тоқтала кетелік. Ол өзінің кейбір үзінділері «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына енген «Қазақстанның тәуелсіздігіне 15 жыл: жаңа қоғамдық сананың қалыптасуы. Алматы: Философия және саясаттану институты, 2006.-187б.» деген еңбегінде төмендегідей жәйттер жөнінде ойлар қозғалады. Автор «Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік жолдары кездесетін еуразиялық держава ретіндегі Қазақстанның ерекшелігін өркениеттік кеңістікте қалай сақтауға болады?» деген проблемалық мәселені алға тарта отырып, осындай күрделі сұрақтарға жауаптар этникалық мәселелерді шешу тәсілдерімен анықталып, астасып жататындығына тоқталады. Қоғамдық ғылымдарда мәселенің шешімін табудың бірнеше вариантары мен сценариялары болғаны және олардың барлығы қоғамдық сана деңгейінде ұсынылғаны тұжырымдалады. «Бірінші жауап қазақтың ұлттық санасының жоғары биіктеуімен байланыстырылды. Халықтың тарихын жадын құртуға немесе жоюға болмайтындығын растайтығын туған елдің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылық күшейе түсті. Бірақ бұл тарихи жағынан алғанда заңды және ақтауға тұрарлық көңіл-күй бірақтан этнократиялық бағыттағы үрдістерді өрбітті. 1993 жылдың Конституциясы өзінің алғашқы позицияларында этнократизм идеологиясын бекіткен еді. Оған жауап ретінде орыс тілді тұрғындардың жаппай миграциясы басталды. Этникалық орыстар – Ресейге, этникалық немістер – Германияға көше бастады. Қазақстаннан кеткен адамдар негізінен жоғары білімдері бар білікті мамандар болатын. Осының нәтижесінде республика тұрғындары 1 миллионға қысқарып, экономика еңбекке жарамды кадрлардан айрылды» деген ойды ғалым пайымдайды.
Жоғарыдағы айтылған пікірдің бірінші бөлігімен толық келісуге болады. Өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген қауымдастықтардың барлығы өз тарихы мен мәдениетіне түбегейлі бетбұрыс жасап, барынша шынайы сипаттағы шындықты, мәселенің ақиқатын табуға талаптануы заңды құбылыс болатын. Ал, енді екінші бөлігін құрайтын «Қазақстан білікті мамандардан, кадрлардан айрылды» деген тұжырымға келетін болсақ, онымен біршама пікірталастыруға болады. Себебі, «кадрлар басқа жаққа кеткендіктен», қоныс аударғандықтан (тұрғындардың Қазақстаннан қоныс аударуына саяси немесе идеологиялық қыспақтар әсер еткен жоқ, басқаша айтқанда зорлық-зомбылық сияқты жасанды әрекеттер себепкер болмағанын айта кету керек) ел экономикасы орасан зор тоқырауға ұшыраған жоқ, оның шынайы дағдарысы негізінен кеңестік социалистік экономикалық ұстанымдардың жаңа жағдайда жұмыс істей алмауында және нарықтық қатынастардың әлеуметтік кеңістікте бірден күш алып кете алмай біршама тығырыққа тірелуінде болатын. Кадрларды дайындау қысқа мерзімде шешілетін мәселе деуге болады. Жалпы көші-қон мәселесі және басқа жақтан өздеріне қолайлы өмірдің негіздерін іздеушілердің көңіл-күйі еліміздегі аграрлық бағыттағы және шикізаттық негіздегі экономикамымыздың ұстынын, іргетасын шайқалта алмайтыны анық болатын. Сондықтан жоғарыдағы түсіндірмелердің осал жері - жергілікті халық үнемі өркениеттік жағынан алғанда кенжелеу қалған және еліміздегі еуропалық тектес мамандардың арқасында ғана мемлекет экономикасын жоғары деңгейде қамтамасыз етіп келген тұжырымға жетелейді.
Ары қарай автор этникалық мәселелердің шешімдерін табудың екінші кезеңі 1995 жылғы жаңа редакциядағы еліміздің Конституциясының бекуінен басталатындығына тоқталады. «Оның бірінші статьясында шешімді түрде этнократизм идеологиясы жоққа шығарылады. Мемлекеттіліктің субъектісі ретінде енді “жалпы тарихи тағдырмен біріккен Қазақстан халқы” мойындалады. Қазақтың ежелгі жерінде тек сол өзінің мемлекеттілігін қалыптастырады. Бұл дегеніңіз Конституция бұрынғыдан басқа концептуальді схемаға сүйенеді деген сөз: казақ этносы басымдық танытушы ретінде өзінің төл тағдырына үлкен жауапкершілік алады және сонымен қатар басқа этностардың барлығын Қазақстан халқы деген біріккен біртұтастыққа топтастырып, олардың тағдырын да өзіне жүктейді. Осы позицияда ондаған жылдар жүріп өткен соң, келісім мен өзара түсіністік императивтері зерделенгеннен кейін Қазақстанның көпсанды этностарын біртұтас әлемге біріктіруге және ынтымақтастыруға мүмкіндік беретін сезімдер, ойлар мен түсініктердің күрделі жүйесін құрайтын жалпы ұлттық қазақстандық идеяны іздеу басталады. Ондаған жылдар өткеннен кейін Президент Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері мен бастамасының арқасында әлемдік кең бұқараның қолдауын тапқан этносаралық келісімнің қазақстандық моделі қалыптасады және жүзеге асады» деген тұжырымды бағамдайды. Әрине, этносаралық келісім кез келген қоғамдық ортада толеранттық, яғни төзімділік принципіне сүйенсе ғана өзінің орнықты және үйлесімді кейпін танытатыны белгілі. Дегенмен, кез келген әлеуметтік модель белгілі бір орнықты дәстүрге ғана сүйенбейді, ол сонымен қатар үнемі модернизациялану, яғни жаңғыру жолын таңдау керек, ал ол өзгерістер қоғамда әлеуметтік ортаны, қауымдастықтарды прогреске қарай бағыттағандағанда терең конструктивті мағынаға ие болады.
Автор жоғарыда бұрын басымдық танытқан «этнократизм идеясы жоққа шығарылатыны» жөнінде айта келіп, қазақ халқының ұлт ретінде өзін-өзі анықтауға, этникалық болмысын еркін рухани игеруге байланысты қадамдарын тым сыни тұрғыда бағалағанға ұқсайды. Ол қадамдардың барлығы ел тарихына байланысты жасалынған кейбір қажетті түзетпелер болып табылады, жетпіс жылдық социалистік ұлттық саясаттан кейінгі ақиқатты орнына келтірулер болатын және оларды «тарихта өшкенді қайта жандырулар, ұлттық қайта жаңғырулар» деп түсінген орынды іспетті. Ал, енді елімізде «Қазақстан халқы» деген құбылыстың ұғымдық деңгейде орнықты сақталып, дамып отыруы үшін қазақ халқының еліміздің болашағы үшін негізгі жауапкершілікті, міндетті мойынға алуға тиісті тарихи кезең туындағаны жөніндегі пікірді қолдауға болады. Шын мәнінде жетекші ұлт қызметін атқару бір жағынан абырой және екінші жағынан алғанда үлкен тарихи парыз, тарихи міндет. Әрине, жетекші этнос басты әлеуметтік субъект ретінде еліміздің қазіргі тарихында өзінің қамқорлығын басқаларға тигізуі тиіс және этникалық қауымдастық ретінде топтастырушы қызметті атқаратын үлгі боларлықтай тұтастықта өмір сүре алуы да керек. Міне, сондықтан қазақ халқының этникалық өзекті мүдделерінің әртүрлі қырлары бойынша мәселелерді уақытылы және оңтайлы шеше отырып жалпы қоғамның тұтастығын сақтай алатынымызды баса айтуға болады. Сырт көзге бұл қадамдар ұлтшылдық, бір ұлтқа артықшылық беру сипатында көрініс беруі мүмкін. Дегенмен, мәселені шешудің ең тиімді жолы ашықтық пен демократиялық ұстанымдарға арқа сүйеу болары анық. Сондықтан бұл жерде басқалардың (басқа этнос өкілдерінің) мүдделеріне соншама нұқсан келтірілмейтін нұсқалар негізінен ұсынылады, сонда ғана әлеуметтік модель қоғамда өңіршең сипатқа ие болатыны анық.
Содан соң елдегі ұлтаралық қатынастар тенденциясын талқылау барысын автор өз еңбегінде «Мемлекеттің ұлт саясатының бағытын өзгерткен Жаңа Конституция орыс тілді тұрғындардың миграциясын, яғни көші-қонын тоқтатты. Республикаға басқа елдерден өздеріне бақыт таппағандар кайтып орала бастады және Қазақстанды өздерінің негізгі Отаны екендігін мойындауға көшті. Өздерінің тарих Отанына орала бастаған қазақ оралмандарына мемлекеттік бағдарлама бойынша қабылдау мен орналастыру шаралары атқарыла бастады. Біртіндеп тұрғылықты халықтың пайыз саны өсе түсті, тіптен, бірнеше жылдардан кейін жалпы республика халқының олар 60% құрай бастады» деп жалғастырады. Әрине, жоғарыда көрсетілгендей Қазақстандық бірегейлену мәселесі күн тәртібіне көтерілгенде осындай сипаттағы көші-қон көріністерінің байқалғаны рас және осы саяси және мәдени үрдістер жалғасуда. Дегенмен, орыс тілді тұрғындардың негізгі бөлігі өзінің орнықты позициясын сақтап, еліміздің тұрақты азаматтары екенін де ескеруіміз керек. Қазақ оралмандарының елімізге квота бойынша келе бастауы да үлкен мәселені шешудің бір қыры болатын. Кезінде қазақ халқына тоталитарлық режимдер тарапынан жасалынған қиянаттардың орнын толтыру және жөндеу әрекеті екенін атап өтуге болады. Дегенмен, қазақ репатрианттарының елге сіңісуі мен жаңа жағдайларға бейімделуі де біршама күрделі кезеңдерден өткені белгілі, сонымен қатар бұл мәселе әлі де оңтайлы шешімін табуға тиісті өзектілігін және маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
«...Бұл жаңа әлеуметтік-мәдени ауқымда қоғамдық санадағы этникалық белгі бойынша бөліну бірте-бірте азая түсті. Этникалық қайшылықтарды шешуге бағытталған тұрақты әрі оңды үрдіс байқала бастайды және сонымен қатар біріккен құндылықтар жүйесімен топтасқан қазақстан халқы деген тарихи қауымдастықтың қалыптасу белгілері көрініс береді. Кейбір саясаттанушылар “қазақстан халқы” деген терминді естігенде өзін теориялық жағынан банкротқа ұшыраған “кеңес халқы” деген ұғымды еске алады. Айта кететін нәрсе: “Қазақстан халқы” тіптен басқа теориялық концептіге сүйенеді. Егер “кеңес халқы” жалпының жеке-дараны басып, жаншуымен, ассимиляциялауымен қалыптасса, онда “Қазақстан халқы”, керісінше, жеке-дара мәдениеттердің, яғни ұлттық әлем бейнелерінің дамуы мен көркейінің негізіндегі біртұтастық пен бірлік деп қабылданады...» деген маманның сөздерінен еліміздегі қазіргі кезеңдегі әлеуметтік шындығында елдік бірліктің, ұлтаралық ынтымақтастықтың маңызды екені ойды аңғаруға болады. Дегенмен, осы жерде «Қазақстандық ұлт» емес Қазақстанда бір ғана ұлт – қазақ ұлты бар екенін баса айту керек. Ал қалғандары (аз санды болсын, көп санды болсын) этникалық топтар болып табылады, басқаша тілмен айтқанда этникалық диаспоралар. Ал олардың унитарлық мемлекетте толыққанды тарихи субъект болуға мүмкіндіктері шектеулі және тарихи қисынға арқа сүйейтін болсақ, онда оларда негізінен этникалық болмыс этникалық өзіндік сананың мәселерімен, этномәдени жәдігерлердің жүйесімен айналысуға қауқарлы болып келеді. Сондықтан қазақтардың қоғамдағы үдерістерді басқаруға, яғни билікке ұмтылысы соншама белсенді болып келуінің сыры осында жатыр деуге болады.
Қазақстандық гуманитарлық саланың зерттеушісі В.Д.Курганская өзінің жүргізген нақты социологиялық зерттеулеріне сүйене отырып Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды жетілдірудің жолы еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік билікте көбірек тартылуымен байланыстырады. Елімізде көші-қон мәселесіне, әсіресе орыс тілді азаматтардың өздерінің тарихи Отандарына оралуларына қазақтардың билік құрылымдарында басымдық танытуы және қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзінің функциясын кеңейтуі тікелей әсер ететінін тұжырымдайды. Бұл жерде айта кеттін жәйт: орыс тілді азаматтардың құқықтары елімізде ешқандай шектелмейтіндігіне көптеген дәйектемелер келтіруге болар еді. Бұқаралық ақпарат құралдары бойынша, барлық деңгейдегі оқу орындары мен қызмет көрсету салаларында орыс тілінде тұлғалық паш етілуге ешқандай шектеулер қойылмаған, керісінше, барынша жағдайлар жасалынғаны белгілі. Өкінішке орай, жиырма жылдық тәуелсіздік тарихымызда мемлекеттік тілді игеруге деген ұмтылыстың төмен деңгейде болуы орыс тілді азаматтар арасында сирек айтылады. Сөйтіп, мүдделердің түйіскен жерінде ұлтаралық қатынастардың барлық проблемалық өткір қырлары айқындалады және оны айналып өту мүмкін емес, есесіне төзімділікпен, өзара сыйластықпен шешімін іздеу керек. Халықтардың өркениеттілік деңгейі, мәдени қауқары қайшылықтарды келісіммен шеше білуінде аңғарылады.
Тәуелсіздік орныққан тарихи кезең көптеген халықтардың жасырын жатқан әлеуетін аша түсті. Қазіргі замандағы өркениеттер, мәдениеттер, діни және халықтар арасындағы диалог идеясын қазақстан қоғамы қолдамауы мүмкін емес еді. Өйткені, ол әлеуметтік өмірдің өзінің логикасынан туындайтын қадамдар болуға тиіс. Әрбір өркениет, дін және халықтар өздерінің миссиясын орындайды. Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша өркениеттілікке және халықтар арасындағы диалогқа қарама- қайшы емес, керісінше, солардың арқасында өзінің бойына зор қуат алады, келбетін жаңа сипатта анықтай түседі.
Қазақ халқының ұлттық келбеті кезінде Абайдың «Қара сөздерінде» айтылған сипаттамалармен салыстырғанда «қазіргі жаһандану заманында біршама өзгерістерге түсе алды ма, әлде өткен дәстүрлі мәдениеттегі шамасынан аспай отыр ма?» деген сауал да туындайды. Әрине, ұлттық мінездің түбегейлі өзгерістерге ұшырауы қиын. Сондықтан қазіргі заманның пәрменді инновациялық, жаңғыру, жаңару үрдістеріне қарамастан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мінез, ұлттық келбеттің іргелі тұстары сақталып отырғаны байқалады. Неміс халқының бойындағы ұқыптылық пен тәртіпке бейімділік, Шығыс халықтары – корей, қытай, жапон және т.б. халықтарға тән еңбекқорлық қазаққа жетіңкіремей жатады. Дегенмен, қазақ жастарының білім құмарлығы, басқа тілдерді игеруге бейімділігі, әртүрлі пәндер бойынша байқауларда жүлдегерлер арасында болуы, алыс шетелдерде оқушы студенттеріміз бен докторанттарымыздың көбейіп келе жатқандығы қуантады. Қазіргі заманда «Мен жастарға сенемін» деген Шәкәрім мен Мағжандардың арманы орындалғандай заман туды, тек осы мүмкіндіктерді шындыққа айналдыруда тұтынушылық психологиясының құрбанына айналып жатқан жастардың дүниетанымына гуманистік рухани құндылықтар жүйесін орнықтырудың міндеті зиялылар алдында тұр.
Мәдениеттер диалогы адами және әлеуметтік тұрмыстың талаптарына негізделген. Библер В.С. өзінің «мәдениттер диалогы» атты концепциясында мәдениеттің ішінде ерекше айналымын насихаттайды. Ол былай деп жазады: «Әрбір мәдениет – бейнебір «екіжүзді Янус». Ол да өзге әлемдегі өз тұрмысына, басқа мәдениетке, өз ішіне, өз тұрмысын өзгертуге және толықтыруға барынша қарайды». Шын мәнінде екітүрліліктің ауқымынан шығып кететін кездері де болады. Дегенмен, әрбір мәдениет өзінің төлтумалығын сақтай отырып қана басқалардың құндылықтарын қабылдағаны абзал. Онсыз еліктеудің арты механикалық көшірмелер жасауға, өзіндік келбетті жоғалтуға алып келуі де мүмкін. Философия тілімен айтқанда этникалық өзіндік жатсыну осыдан туындайды. Кейбір азаматтардың Қазақстан жағдайында өкінішке орай өзінің туған тіліне, діліне, яғни менталитетіне, салт-дәстүріне немқұрайлы қарай бастауы да осындай үрдістің белең ала бастағанын білдіреді.
Жалпы қазақтың тілінің әлеуметтік және мәдени әлеуеті мен ұлтаралық қатынастарды үйлесімдендіру үшін зор екендігін көптеген зиялылар қазіргі уақытта да өткен ғасырларда да айтып кеткені белгілі. Қазақ тілінің өзіндік ерекше қасиеттері бар екендігін қазақ ақыны М. Жұмабаев ХХ ғасырдың басында төмендегідей кейіпте жеткізеді: «... Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы. Осы күнде-ақ айналып келе жатыр. Татардың әдебиет тілі жыл-жыл сайын қазақ тіліне жақындап келеді. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік елінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік» [5]. Қазақ тілінің мемлекеттік тілдік функциясын толық атқаратынына күмәнмен қарайтын респонденттерге жоғарыдағы тұжырымдар біршама қарсы дәйектемелер, аргументтер болары анық. Жалпы елдегі этносаралық қатынастарды үйлесімдендірудегі қазақ тілінің оңды имиджі әзірге толық қалыптаса қойған жоқ. Оны қалыптастыруға әзірге жеткілікті деңгейде күш салынбауда деуге болады. Себебі, осы мағынадағы посткеңестік кеңістіктегі саяси және мәдени тәжірибе, белгілі қадамдар сипаты елімізде қолданылмай келгені байқалады.
Қазіргі заманда Қазақстанда және Еуразиялық кеңістікте саяси процестер сипаты біршама өзгергені белгілі. Әрбір кеңестік республикалар өзінің егеменді мемлекеттілігін құрып үлгерді. Тәуелсіздікке қол жеткізген түркі халықтары қазақ тілінің басымдық танытқанына көне қоймайды. Жалпы түркітанудан кейбір халықаралық жиындар өткізгенмен «түркі халықтарының өзара мәдени және рухани кірігуі мен байланыстары пәрменді жүріп жатыр» деп кесімді айтудың өзі қиын. Ал енді, әлеуметтік және экономикалық байланыстардың тереңдігі жеткілікті биік деңгейде деп айта алмаймыз. Одан гөрі белгілі бір қашықтықта болу және өзара бәсекелестік үрдістері белең алған. Ал «тілдердің өзара байланысы үйлесімді түрде да жүзеге асып жатыр» деп айтудың өзі де қиындау. Жаһандану заманында тілді әлемді танудағы, оны рухани игерудегі әмбебап құрал ретінде қарастырудан оның қоғамдағы әлеуметтік және саяси реттеуші деңгейіне дейін түсіну орын алады. Қазіргі кезеңде барлық елдерде тіл негізінен экономиканы, ғылымды, техниканы дамытуға қызмет ете бастады және белсенді ақпарат алмасу құралына айналуда. Әрине, ол ұлтаралық қатынастар әлемінде маңызды рөл атқаратыны да белгілі, тек оны бейімдеудің үйлесімді жолын таңдау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |