2. Жеке тұлғаның қалыптасуының философиялық- әдіснамалық негiздерi. Ғылымда бұрыңғы заманнан берi келе жатқан жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының биологиялық және әлеуметтiк факторларының ара қатынасы туралы пiкiрталас бiтер емес. Осы бiр көпғасырлық айтыс нәтижесiнде әртүрлi көзқарастар пайда болды. Осы көзқарастардың бiрiн жақтаушылар адамның дамуын, негiзiнен, табиғи ерекшелiктер анықтайды деп санайды. Ал тәрбиенiң маңызы аз деп есептелiнедi. Жеке тұлғаның дамуын түсiндiретiн осындай (биологизаторлық) бағыт ерте заманнан бастау алады. Сонау Платон (427-347 ж.ж. б.з.б.) мен Аристотель (384-322 ж.ж. б.з.б.) өз кездерiнде-ақ адамдардың қоғамдық мiндеттерiн олардың табиғаты анықтайды деп санаған. Аристотельдiң пiкiрiнше, туылған сәтiнен бастап-ақ кейбiр адамдар бағыну үшiн, ал кейбiреулерi билiк ету үшiн жаралған.
XVI ғасырда пайда болған преформизм (латынша – қайта құру, өзгерту) деген философиялық ағым төмендегiдей ойды ұстанған: адамның ұрығында болашақ жеке тұлғаның барлық қасиеттерi бар, ал даму олардың тек сандық жағынан артуын ғана бiлдiредi. Бұл орайда әлеуметтiк факторлар мен тәрбиенiң маңызы жоққа шығарылған.
Бихевиоризм бағыты да жеке тұлғаның дамуының биологиялық бастауларын жақтайды. Осы бағыттың негiзiн салушы американдық психолог және педагог Э. Торндайктiң (1874-1949 ж.ж.) пiкiрiнше, жеке тұлғаның барлық қасиеттерiн (соның iшiнде сана-сезiмiн, қабiлеттiлiгiн) тек тектiлiк, тұқым қуалаушылық қана анықтайды. Оның ойынша, ақыл-ой қабiлетi балаға “көздерi, тiстерi және саусақтары” сияқты дүниеге келгенiнен-ақ берiледi. Ол адамды ұрпақтан ұрпаққа сол қалпында берiлетiн және жеке тұлғаның барлық қасиеттерi мен келешегiн толығымен анықтайтын “гендердiң жинағы немесе батареясы” ғана деп санаған. Жеке тұлғаның дамуын биологизаторлық жағынан түсiндiру прагматизм бағытына да тән. Прагматизм грекше – прагма дегенiмiз – iс-әрекет, тәжiрибе. Бұл бағыттың негiзiн салушы – Джон Дьюи (1859-1952 ж.ж.).
Ендiгi бiр көзқарастың негiзiн классикалық түрде ағылшын философы Джон Локк (1632-1704 ж.ж.) салып, француз материалистерi оны ары қарай дамытқан. Бұл бағыт бойынша адам өмiрiнiң жағдайлары мен тәрбие жеке тұлғаның қалыптасуының шешуші факторы деп есептелген. Д. Локктiң белгiлi бiр пайымдауы бойынша баланың жаны дүниеге келген сәтiнде таза тақтаға ұқсас (tabula rasa) болып келедi және тек оның өмiр жағдайлары мен тәрбие ғана жеке тұлғаның белгiлi бiр
қасиеттерiнiң пайда болуына себепшi болады. Осыдан кейiн бұл көзқарас социологизаторлық бағыт болып қалыптасты, ал оның өкiлдерi жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтiк ортаның әсерiн бiрiншi орынға қойып, оның дамуының iшкi заңдылықтарын жоққа шығарады. Олар адамның рөлін төмендетеді.
Жеке тұлғаның дамуындағы тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалын бiрiншi орынға қойып, тәрбиенiң күшiн жоққа шығаратын бұл теориялар XIX ғасырдың аяғында психологиялық-педагогикалық зерттеулердегi ерекше бiр бағыттың пайда болуына себепшi болды, бұл бағыт “педология”, яғни тура аударғанда “балалар туралы ғылым”, “балатану” деген атқа ие болды. Қазiргi уақытта ғалымдардың көбiсi педологияны индивидтiң сәби, жас өспiрiм, жастық шағындағы дамуының жалпы заңдылықтары туралы ғылым ретiнде қарастырады. Социалистiк құрылыс жағдайларында бiздiң елiмiзде педология өкiлдерi баланың дамуының биогенетикалық заңын белсендi түрде насихаттаған және соған сүйене отырып балалардың әлеуметтiк теңсiздiгiн түсiндiруге тырысқан. Осы мақсатта оқушылардың ақыл-ойының дамуын зерттейтiн кең көлемдегi жүйе құрылған болатын. 1936 жылы ОК БК(б)П “сол заманғы педологияның теориясы мен практикасын” “жалған ғылыми антимарксистiк ережелерге” сүйенген деп айыптаған. Бұндай ережелерге, ең алдымен, сол заманғы педологияның басты заңы – балалардың тағдырының биологиялық және әлеуметтiк факторлармен, тұқымқуалаушылықтың бiр тұрақты ортаның ықпалының фаталистiк түрде алдын ала анықталып қойылу заңы жатады.
Сол уақыттарда балалардың психологиялық дамуын зерттеуде сауалнама және тест жүргiзу сияқты ?дістер ерекше сенiмсiздiк туғызған. Шынында да тәжiрибесiз практик-педологтар қолданған бұл ?дістер сол уақыттарда көп зиян келтiрген. Алайда педологияны ғылым ретiнде түбегейлi шектеу қате болған едi. Педология баланы барлық жағынан және жанама зерттейдi, бұл туралы өз кезiнде К. Д. Ушинский: “Егер педагогика адамды барлық жағынан тәрбиелегiсi келсе, онда оның адамды барлық жағынан тануы да керек”, – деген болатын.
Жеке тұлғаның даму факторлары туралы философиялық және психологиялық-педагогикалық ойдың тарихы материалистiк iлiмде және оның бiр бағытында – материалистiк диалектикада өз жалғасын тапқан. Бұл бағыттың өкiлдерi жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететiн факторларды тереңiрек зерттеп қана қоймай, сонымен қатар ол факторлардың өзара байланысымен олардың адамның даму процесiне ықпал ету тетіктерін де ашып көрсеттi. Қоғамның тарихын талдай отырып, олар адамдардың шығармашылық-қайта құру әрекетi өндiрiстiң дамуы мен көркеюiне, әлеуметтiк қатынастардың қалыптасуына, ғылыми бiлiмнiң молаюына, рухани өмiр мен өнегелiлiк-эстетикалық мәдениеттiң баюына себепшi болды деп көрсеттi.
Осылайша қоғамдық игiлiкке ие болып және оны дамыта отырып, адам әлеуметтiк тiршiлiк иесi ретiнде, жеке тұлға ретiнде қалыптасады.
Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына сыртқы, қоршаған орта ықпалының мәнi зор екендiгiне сене отырып, философ-материалистер адамның биологиялық табиғатын жоққа шығармады. Олардың ойынша, адам тiкелей табиғи тiршiлiк иесi, сондықтан ол бойына бiткен нышандар ретiнде көрiнiс тапқан табиғи күштерге ие деп сендi. Алайда ол нышандар оның бойында тек лайықты орта мен мақсатты тәрбие бар кезде ғана дами алады.
Сонымен қатар, адамды әлеуметтiк тiршiлiк иесi деп қарастыра отырып, философ-материалистер тұқымқуалаушылық бағдарламасымен еш байланысы жоқ индивидтiң “әлеуметтiк тұқымқуалаушылығы” туралы ойды ұстанады. Егер биологиялық нышандар адамға да, жануарларға да тән болса, әлеуметтiк тұқымқуалаушылық тек адамға ғана тән.
Материалистiк философия орта мен биологиялық нышандар қатарында тәрбиеге ерекше орын бөледi, тәрбие – жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының үшiншi факторы. Бұндағы айта кететiн жағдайдың бiрi – материалистiк түсiнiкте жеке тұлға тек объект ретiнде ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы, тәрбиенiң субъектiсi ретiнде, өзiндiк қайта құру қызмет-әрекетiнiң субъектiсi ретiнде қарастырылады.