Адамның тұқым қуалаушылығын екi түрге бөлуге болады: жалпы адамзаттық (тiк жүру бейiмдiлiгi, сана, ақыл, сезiм мүшелерi дамуының бейiмдiлiгi, шартсыз рефлекстер, нәсiлдiк және ұлттық белгiлер) және даралық (жүйке жүйесiнiң түрi, анатомиялық-физиологиялық (нышан) тума қабілеттер).Ағзаның тектiлiк негiзi немесе генотипi төмендегi суреттегідей болып бөлінеді (сурет 1). Жеке тұлғаның қалыптасуына, сонымен қатар, қоршаған орта: адам және қоғам өмiрiндегi әлеуметтiк-экономикалық, тарихи қалыптасқан жағдайлар әсер етеді. Қоршаған орта макро және микро болып бөлiнедi. Макро-орта бұл – адамға қажетті әлеуметтiк-экономикалық ықпалдардың мол жиынтығы (өндiргiш күштер мен өндiрiстiк қатынастар деңгейi, өмiрдiң қаржы жағдайлары, мәдениеттiң даму деңгейi, бұқаралық ақпараттар құралдары). Микро-орта бұл – баланың ең жақын қарым-қатынас ортасы, ол – адамды әрдайым қоршайтын және оның дамуына әсер ететiн өзара байланысты заттар, құбылыстар мен адамдар әлемi. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына, белгiлi бiр мөлшерде, табиғи немесе географиялық орта (климат), табиғат жағдайлары әсер етедi.