Ә. Е. Жұмабаева, М. Н. Оспанбекова сауат ашу әдістемесі 1-бөлiм



бет1/20
Дата22.08.2017
өлшемі4,48 Mb.
#24192
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Ә.Е. Жұмабаева, М.Н. Оспанбекова

САУАТ АШУ ӘДІСТЕМЕСІ

1-бөлiм

Жалпы білім беретін мектептің 1-сынып мұғалімдеріне арналған


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған



Алматы «Атамұра» 2016
ӘОЖ 373(072)

КБЖ 74.268.1 Қаз

Ж 81

Жұмабаева Ә.Е., т.б.

Ж 81 Сауат ашу әдістемесі. 1-бөлiм. Жалпы білім беретін мектептің 1-сынып мұғалімдеріне арналған/Ә.Е. Жұмабаева, М.Н. Оспанбекова. – Алматы: Атамұра, 2016. – 146 бет.

ІSBN 978-601-306-424-6

ӘОЖ 373(072)

КБЖ 74.268.1 Қаз

© Жұмабаева Ә.Е., Оспанбекова М.Н., 2016

ISBN 978-601-306-424-6 © «Атамұра», 2016


ТҮСІНІКТЕМЕ
Құрметті мұғалім! Қолыңыздағы кітапша – жаңартылған білім мазмұнына сай үлгіленген «Сауат ашу. 1-бөлім» оқулығының әдістемелік құралы.

6 жасар баланың сауатын ашу – олардың физиологиялық-психологиялық ерекшеліктеріне негізделе отырып жүзеге асырылатын, баланың ойын әрекетінен оқу әрекетіне өтуін қамтамасыз ететін үдеріс. «Сауат ашу. 1-бөлім» оқулығы бойынша балалардың алты жастан бастап сауатын ашу жүйесі:

–1-сыныптың тұтасымен сауат ашуға берілуімен;

– оқу мен жазу жұмыстарының кіріктірілуімен;

– сауат ашудың кезеңдерге бөлінуімен т.б. ерекшеленеді.

«Сауат ашу. 1-бөлім» оқулығындағы бұл ерекшеліктер заманауи мектепте сауат ашу үдерісін ұйымдастырудың инновациялық тәсілдемелерімен үйлесімді сабақтасқан.

Сауат ашу үдерісін ұйымдастырудың инновациялық тәсілдемелерін білім берудің классикалық негізі ретінде алынған құндылықтық-бағдарлық, іс-әрекеттік, тұлғалық-бағдарлық, коммуникативтік және белсенді іс-әрекеттік тәсілдемелер құрайды. Бұл тәсілдемелер «Сауат ашу» пәнінің түбегейлі жаңа құрылымын құрудың және оқу мақсаттары жүйесі мен білім беру үдерісі нәтижелерінің басымдылығын арттырудың негізгі бағдарлары болып табылады.

Сауат ашу үдерісін ұйымдастырудың барлық инновациялық тәсілдемелері оқытуды білім, идеялар және іс-әрекет тәсілдерімен белсенді түрде алмасуды көздейтін оқушының шынайы шығармашылық үдерісіндегі қарым-қатынас моделіне айналдырады.



Белсенді іс-әрекеттік тәсілдеме – нәтижеге жеткізетін ең тиімді тәсілдеме, өйткені адамның жадында бірінші кезекте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Бұл айтылғандарды қытай ғұламасы Конфуцийдің «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін» деген тұжырымы нақтылай түседі. Демек бұл тәсілдемедегі «не білу» емес, «не жасай білу» «Сауат ашу» пәні тапсырмалар жүйесін түзудің негізгі қағидасы болып табылады.

Бұл тәсілдеме пәндік білімді, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларды ғана емес, сонымен бірге өзінің жеке мүдделері мен болашағын сезінуге, сындарлы шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттерді де меңгеруге ықпал етеді.

«Сауат ашу» оқулығын құрастыруда іргелі білімге емес, осы білімді іздену дағдыларына (ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру) үйрету ұстанымы басшылыққа алынып ескерілді. Сонымен бірге оқушылардың тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыруда күтілетін нәтижеге бағдарланған оқу мақсаттарының жүйесі басшылыққа алынды.

Оқулық негізіне төмендегідей авторлық қағидалар басшылыққа алынды:

– лексикалық тақырыптар аясында қазақ тілі фонетикасы, лексикасы, грамматикасы мен пунктуациясы туралы бастапқы түсініктерін және дұрыс жазу дағдыларын қалыптастыру;

– айтылым, тыңдалым, жазылым және оқылым дағдыларын қалыптастыру;

– сөйлеу және қарым-қатынас жасау мәдениеті нормаларын сақтауға дағдыландыру;


  • оқушылардың тілін, ойлау, талдау, талқылау, салыстыру қабілеттерін дамыту;

– сөздік қорын байыту және белсендіру, байланыстыра сөйлеу тілін дамыту;

– туған тіліне, тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру;



  • оқушылардың қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық белсенділіктерін дамыту;

– алған тілдік білімі мен дағдыларын жеке қарым-қатынас тәжірибесінде, күнделікті өмірлік жағдаяттарда қолдануға үйрету.

Оқулық тапсырмалары мен материалдары «Сауат ашу» оқу бағдарламасында көрсетілген оқу мақсаттарына сәйкес түзілді: тыңдалған материалдың мазмұнын түсіну; мәтіннің тақырыбы мен негізгі ойын анықтау; тыңдалған материалды мазмұндау; оқиғаны болжау; түрлі жағдаяттарда тілдік нормаларды дұрыс қолдану; тыңдаушының назарын аудару; тыңдалған материал бойынша өз пікірін айту; берілген тақырыпқа әңгіме құрап айту; сөздерді, дыбыстарды орфоэпиялық нормаларға сәйкес дұрыс айту; оқу түрлерін қолдану; оқылған мәтіннің мазмұнын түсіну; мәтіндегі сөздердің мағынасын түсіну; мәтін бойынша сұрақ қоя білу және жауап бере білу; мәтіннің түрлері мен жанрын, стилін анықтау; дыбыс пен әріпті тану және ажырату; мәтінді түрлі формада құрастыру; түрлі жанрда шығармашылық мәтін жазу; жоспар құру; оқыған/тыңдаған материалдың мазмұнын жазу; каллиграфиялық, графикалық нормаларды сақтау; орфографиялық нормаларды сақтау; грамматикалық нормаларды сақтау; пунктуациялық нормаларды сақтау.

Өтілгелі отырған жаңа ұғым, түсінік мұғалім тарапынан жариялана салмай, оқулық кейіпкерлері Әли мен Мерейдің диалогтік сөйлесуі арқылы төмендегідей жүйеде берілді:


  • проблеманың қойылуы және оны оқушылардың мұғаліммен бірге талдауы;

  • оқушылардың өздіктерінен тілдік құбылыс туралы қорытынды жасауға немесе ереже шығаруға ұмтылуы;

  • оқушылардың қорытындысын оқулықтан нақтылауы;

  • берілген білімді іс жүзінде бекіту ( әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындау).

«Сауат ашу. 1-бөлім» оқулығының мазмұны, яғни оқу мен жазу кіріктіріліп (интегративті) берілді. Оқушының әрекетіне басымдылық беріліп, оқулық әдістемелік аппаратынан іздену, шығармашылық мазмұндағы тапсырмалар орын алды.

«Сауат ашу. 1-бөлім» оқулығында әліппеге дейінгі, әліппе кезеңдерінің материалдары берілген. Бұл кезеңдер І тоқсанда басталып, ІІІ тоқсанмен аяқталады. Мұғалім сағат санын екі кезең бойынша сыныптағы оқушылардың оқу мақсаттарын меңгеруіне, әр кезеңнің міндеттерін жүзеге асыруына орай еркін жоспарлай алады.



Оқулықтың әліппеге дейінгі кезең материалдары 30 сағатқа (5 аптаға) жоспарланып, оқушылардың оқу әрекетіне деген қызығушылығын қалыптастыру; фонематикалық есту-тыңдауын дамыту; дыбыс, буын, сөз, сөйлем туралы алғашқы ұғымдары мен түсініктерін қалыптастыру; сызба-модельдерді қолдана отырып, сөзге дыбыстық талдау жасау, дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату, сөздерді буынға бөлу дағдыларын қалыптастыру; қолдың ұсақ бұлшық еттерін дамыту (бояу, сурет салу, түрлі бағытта сызықтар жүргізу, сұлбасын салу, элементтерді жазу); ойлау, есте сақтау, елестету, қабылдау қабілеттерін және тұрақты зейінін дамыту; ауызша, жазбаша тілін дамыту мазмұнында қарастырылды.

Әліппе кезеңінің материалдары арқылы оқушылардың оқу әрекетіне деген қызығушылығын дамыту; фонематикалық есту-тыңдауын дамыту; дыбыстық талдау-жинақтау дағдыларын жетілдіру; әліпби әріптерін меңгерту, әріптердің баспа және жазба түрлерін, бас әріп және кіші әріпті ажыратуға үйрету; тіл бірліктері (дыбыс, буын, сөз, сөйлем) туралы ұғымдары мен түсініктерін кеңейту; біртіндеп сөзді тұтас, дұрыс, түсініп оқуға дағдыландыру; әріптерді, буындарды, сөздерді, сөйлемдерді жазуда каллиграфиялық дағдыларын қалыптастыру; ауызша және жазбаша тілін дамыту арқылы сөйлеу әрекеттерін жетілдіру мүмкін болады.

Оқулықта оқушыға берілетін жаңа ұғым, түсінікті бағдарламалық лексикалық тақырыптар («Өзім туралы», «Менің мектебім», «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті») аясында таныту көзделген. Мәселен, А дыбысы мен әрпі берілген бетте «Менің мектебім» лексикалық тақырыбы бойынша материалдар сұрыпталған. Оқулық кейіпкерлері Әли мен Мерейдің мектепке саяхат жасауы диалогтік сөйлесу (сұхбаттасу) арқылы жүзеге асырылады.



Сонымен бірге «тыңдалым», «айтылым», «оқылым», «жазылым» шартты белгілерімен берілген тапсырма-материалдар бағдарламадағы білім мазмұнына сәйкес оқушылардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру мақсатын көздеп берілгенін байқауға болады.

Оқулықты құрастыруда оқу мақсаттарының жүйесін жүзеге асыру басты нысан ретінде алынып, тапсырмалар мен тыңдау, оқу, жазу материалдары «Сауат ашу» оқу бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жоспарда көрсетілген оқу мақсаттарына сәйкес түзілген. Мәселен, А дыбысы мен әрпі берілген бетте Әли мен Мерейдің диалогтік сөйлеу материалы «1.6 Тыңдаушының назарын аудару» дағдысын қалыптастырудың ерекше құралы бола алады. Әлидің диалогтік сөйлеуінде берілген «-Мерей, мектеп алдындағы ағаш жаққа қарашы! Біздің сыныптағы Марғұлан «А-а-а-а!» деп қашып келеді. Не болды екен?» деген сөздер оқушыларда «не болды?» деген таңқалысты тудыруы мүмкін. Бұндай тапсырма түрі, сөзсіз, оқушылардың назарын аударып, сабаққа деген қызығушылықтарын тудырады.

Сонымен қатар өтілгелі отырған жаңа ұғым, түсінік мұғалім тарапынан жариялана салмай, балалардың өзіне байқататын, одан қорытынды шығартатын, жаңа тақырыпқа «көпір» жасайтын тапсырма-материалдар арқылы берілген. Мерейдің «Не болғанын төмендегі суреттерден көре аламыз» деген сөздерінің және екі сюжеттік суретке сәйкес сөйлемнің суретті сызба моделінің берілуі бұған дәлел бола алады. Әліппе кезеңінің алғашқы сабағында-ақ (А дыбысы мен әрпін таныту) оқушылар суретті сызба моделдің көмегімен «Ара шақты. Марғұлан «А-а-а-а!» деп қашты» мәтінін «оқитын» болады. Бұндай тапсырма-материалдар оқушының оқу дағдысын қалыптастырады. Дыбыстық талдау-жинақтау әдісін қолдануды қажет етеді: талдау тәсілі бойынша сөйлеуден (Ара шақты. Марғұлан «А-а-а-а!» деп қашты) – сөйлемді, сөйлемнен – сөзді, сөзден – буынды, буыннан – дыбысты бөліп алуға, жеке дыбыстарды әріптермен таңбалауға мүмкіндік жасалып, оқуға негіз қаланып, берілген сөздердегі жеке дыбыс бөліп қарастырылады. Демек авторлар соңғы суреттегі Марғұланның «А-а-а-а!»деген дыбысына оқушылардың назарын аударту арқылы оның созылып, әндетіліп айтылатындығын байқата алады.

«Тыңдалым» материалында берілген «табиғи дыбыстарға», яғни баланың дыбыстауына (А-а-а-а!), желдің уілдеуіне (у-у-у...), шар ауасының шығуына (ш-ш-ш...) , жыланның ысылдауына (с-с-с...), күшіктің ырылдауына (р-р-р...) т.б. оқушының назарын аудартып, соларды айтқызу арқылы өтілетін жаңа дыбысты меңгерту өте тиімді жол екені байқалады.

Оқулықта оқушы әрекетінің басымдылығына, зерттеу әрекетіне, шығармашылық әрекетіне мән берілген. Мысалы, Р дыбысы мен әрпін өту барысында «Күшік қандай дыбыс шығарды? Сен осы дыбысты айтып көр»; Л дыбысы мен әрпінде «Мен қанша доп соқтым? Ізденуді ұйымдастыр. Төмендегі оқитын сөздеріңнің саны сұрақтың жауабы болады», «Сұрақтардың жауабын дереккөздерден ізде», «Бірің – көжек, екіншің кірпі болып ойнауға дайындал», «Мультфильмді қалай аяқтар едің?», т.б. тапсырмалар оқулықта жиі кездеседі.

«Тыңдалым» материалы ретінде берілген мәтінде жаңа өтілетін дыбыс не сөздер қарамен берілген. Бұл оқушының жаңа сөздерді тез аңғарып меңгеруіне, сол сөздерді өздігінен оқуына мүмкіндік береді.

Оқулықта оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыруға ерекше орын берілген. Әліппеге дейінгі кезеңде сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс сызбаларын «оқу» материалдары берілсе, әліппе кезеңінде өтіліп отырған әріп сөздері буындап, тұтастай оқу және жаңа сөздер перспективті қатармен ( су асу сау асау сан сана су суат) беру әдістемелік ерекшелігі сақталады. «Оқылым» шартты белгісімен сөз, сөйлем, мәтіндер оқуға берілді.

Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында түзілген «Сауат ашу» оқу бағдарламасында: «Жалпы білім беру ұйымдарына (мектеп, гимназия, лицей, т.б.) арналған оқу бағдарламасы мақсаттарының бірі және бірегейі – түрлі әлеуметтік топтармен тіл табысуға қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету үшін ынталандырушы және белсенді тілдік орта құра отырып, қажетті қатысымдық дағдыларды дамыту керек» делінген. Демек 1-сынып оқушысының бойында қатысымдық дағдыларды қалыптастыруда тыңдалым әрекетінің алатын орны зор. Бала тілді алдымен тыңдап, құлақ қандырады, қайталап айтады, сөз мағынасын түсіне бастайды, уақыт өте келе тілдік қоры байып, сөйлей бастайды, оқиды және жазады.

Бастауыш мектептің «Сауат ашу.1-бөлім» оқулығы бойынша дайындалған үнтаспа материалдары 1-сынып оқушыларының тыңдалым дағдысын қалыптастыру мақсатын көздейді.

Аталмыш үнтаспада сауат ашудың әліппеге дейінгі және әліппе кезеңдеріндегі 39 сабақтың тыңдалым мәтіндері лексикалық тақырыптар («Өзім туралы», «Менің мектебім», «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті») аясында беріледі.

Оқулық тапсырмаларымен сәйкес берілген үнтаспа материалдары оқушылардың тыңдағанын түсінуіне, тыңдаған мәтіні бойынша сөйлеуіне және парталас досымен сұхбатқа түсуіне мүмкіндік береді. Мәселен, 3-сабақта «Кел, танысайық!» тақырыбы бойынша берілген мәтін тыңдатылып, мұғалімнің көмегімен оқулықта берілген сұрақ-тапсырмалар орындатылады. Бір ескеретін жай, №4, 8, 33, 36, 43, 47, 49, 50, 72, 74, 88, 89 сабақтардың оқулықтағы және үнтаспадағы тыңдалым нұсқаларының арасында сәл алшақтық бар. Мысалы №33 сабақ бойынша оқулықта берілген «Сондықтан оны Негеш дейді» сөйлемі үнтаспада «Сондықтан ол Негеш деп аталып кеткен» боп оқылады. «Ол сендерден төмендегі сұрақтардың жауабын табу үшін көмек сұрайды» сөйлеміндегі «төмендегі» сөзі оқулықта «мына» сөзімен берілген. №72 сабақ бойынша үнтаспадан тыңдатылатын өлең – «Менің отбасым». Ал оқулықта берілгені – «Біздің отбасы» өлеңі. Бұл өлеңдердің біреуін таңдау – мұғалімнің еншісінде. Бір ескеретіні, оқулықта берілген тыңдау материалын мұғалім өзі мәнерлеп оқып беруі қажет.

Сонымен қатар үнтаспадағы тыңдалым мәтіндері мұғалім тарапынан оқушының өз пікірін білдіру біліктілігін бағалауды ұйымдастыруына мүмкіндік береді. «Маған ұнайтын өлеңдер» тақырыбы бойынша тыңдалған материалдардың мазмұны туралы оқушылар өз пікірін білдіреді, яғни оның қызықты, қызықты емес екенін айтады. Мәселен, 10-сабақта Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі тыңдатылып, оқулық кейіпкері Мерейдің «Бұл – Ыбырай Алтынсариннің балаларды оқуға шақырған өлеңі. Осы өлең маған ұнайды» деп айтқан пікірі оқып беріледі. «Ал саған қандай өлең ұнайды?» сұрағын барлық оқушыларға қойып, әр оқушының пікірін тыңдау ұйымдастырылады. 9-сабақта екі өлең қатар тыңдатылып, олардың қайсысы неліктен ұнағанын сұрау баланың сөйлеуіне, ішкі сезімін жеткізуіне түрткі болады.

Үнтаспадағы тыңдалым материалдары оқушыларды ізденуге ұмтылдырады. Мәселен, 33-сабақта үнтаспадан Негештің кім екені, не үшін сыныпқа келгені туралы мәтін тыңдатылады. Негеш төмендегі сұрақтардың жауабын табуға оқушыларды көмекке шақырады: «Дүниедегі ең жақын адам кім?», «Ең қажетті ас қалай аталады?». Мұғалім оқушылардың ізденуін ұйымдастырып, бұл қандай сөздер екенін таптырады (ана, нан).

Әліппе кезеңіне берілген кейбір тыңдалым материалдары арқылы жаңадан өтілетін дыбыстар, сөздер аңғартылады. Мәселен, 39, 47, 50, 52-сабақтардың тыңдалым мәтіндеріндегі желдің уілдеген «у-у-у», жыланның ысылдаған «ыс», желі шыққан шардың «ыш» дыбыстарына назар аудартылып, жаңа «у», «с», «ш» дыбыстарымен таныстырылады.

Оқушының тыңдаған мәтінінің мазмұнын дұрыс түсінуінде мәнерлеп оқудың алатын орны зор. Алайда бастауыш сынып мұғалімдерінің бәрі дерлік өз деңгейінде мәтінді мәнерлеп оқи алмайды. Дауыс қарқыны, күші, ырғағы сақталмайды, фразалық, логикалық екпіндер дұрыс қойылмайды, логикалық, психологиялық, грамматикалық кідірістер дұрыс жасалмайды. Сол себепті сауатын енді ашып жатқан 1-сынып оқушысы мұғалім тарапынан оқылған мәтінді бірден түсінбейді. Демек диктор арқылы үнтаспаға жазылған тыңдау мәтіндерінің оқушының тыңдалым дағдысын қалыптастырып дамытудағы рөлі зор.

Оқулық материалдарын оқу/оқыту төмендегі жұмыс түрлері арқылы жүзеге асырылады (практикалық түрде):



  1. бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл сыныппен);

  2. жеке және бірлескен ізденіс пен зерттеу жұмыстары;

  3. жағдаяттық және рөлдік ойындар;

  4. дереккөздермен жұмыс жасау (кітап, интернет, құжаттар, мұражай);

  5. шығармашылық жұмыстар.

Сауат ашу сабақтарында интербелсенді әдістерді қолдану бастауыш сынып оқушыларының мүмкіндіктерін ашып, қызығушылықтарын арттырады, белсенділіктерін дамытады.

Интербелсенді әдістер арқылы оқушылар сабақ үстінде еркіндікте болып, бір-бірімен тығыз танымдық, қатысымдық байланысқа түседі және осы арқылы бір-бірін үйретеді. Интербелсенді сөзінің өзі (латынша interaction – интеракция, яғни өзара әсер ету) өзара әсер ету дегенді білдіреді. Бастауыш оқыту үдерісінде қолданылатын интерактивті әдістер оқушылардың сабақта белсенді іс-әрекеттер жасап, оқу материалын өзара бірлесіп шешуіне мүмкіндік жасайды.

Интербелсенді әдістер арқылы өтілетін сауат ашу сабақтарында оқушылардың белсенділігін қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық тұрғыдан арттыру көзделеді. Бастауыш сынып оқушыларының қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық белсенділіктерін арттыру жолдарын төмендегіше жүйелеп көрсетуге болады:

1) Оқушылардың қимыл белсенділігін арттыру жолдары: оқушының түсінбеген жерінен орнынан тұрып, екінші оқушыдан еркін сұрауы; жақсы оқитын оқушының өз тобындағы нашар оқитын оқушыға үйретуі; оқушылардың өз топтарында тапсырма бойынша бір-бірімен сөйлесіп, ақылдасып отыруы; олардың тапсырманы орындап болғаннан кейін өзара тексерісуі.

2) Оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру жолдары: олардың өзара оқушы-оқушы не мұғалім-оқушы, оқушы-мұғалім түрінде бір-біріне сұрақтар беруі; сабақта өзара пікірлесіп отыруы; қарсы топ оқушыларының қиын сұрақтарға жауап беру еркіндігінің болуы.

3) Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру жолдары: олардың қарсы топтың пікіріне өзіндік көзқарасын білдіруі; келіспеген жағдайда өзінің көзқарасын дәлелдеуі; өз тобындағы жолдастарының сөзіне қосылатындығы жөнінде өз пікірін білдіруі.

4) Оқушылардың қатысымдық белсенділігін арттыру жолдары: сабақ барысында оқушылардың бір-бірімен еркін тілдік қатынаста болуы; жауаптарын бірге жоспарлауы; сөйлейтін сөздерін нақты әрі қысқа жеткізуі; айтар ойларын әсерлі бере білуі; сөйлеушінің жаргон, диалект сөздерден таза болуы.

Интербелсенді әдістер қолданылған сабақтарда сыныпты екі немесе үш, төрт ұялы топтарға бөліп, барлығына бірдей бір тапсырма не әр ұялы топқа бөлек-бөлек тапсырма беруге болады.

Оқыту тәжірибесі барысы пікірталасқа негізделген және оқыту үдерісінде қолданылатын дидактикалық ойындар сияқты интербелсенді әдістерді пайдалану тиімді екенін көрсетеді. Соның ішінде дидактикалық ойындар оқушылардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттырып, алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдануына көмектеседі. Ойын барысында оқушылардың бойында жағдаятты (ситуацияны) бағдарлау, яғни жағдайға талдау жасай білу, жағдаят (ситуация) кезінде өзінің атқаратын рөлін сезіну, әңгімеге қатысушы әріптестері арасында байланыс орнату, қарым-қатынас жасауда тілдік ұғымдарды дұрыс пайдалана білу сияқты қабілеттері жетілетіндігі байқалады.

«Маршрут» ойыны. Бұл ойын чайнворд ұстанымы бойынша жүреді. Чайнворд (ағыл. chain – шыңжыр және word – сөз) бас қатыру есебі – ойланып табылған сөздің әріптерін, алдыңғы сөздің соңғы әрпі, кейінгі сөздің алдыңғы әрпі болып табылатындай етіп, бірінің соңына бірі тізбектеле орналасқан торкөздерге сөздер толтырады.

Мысалы, Алматы-ыдыс, сабын, нар рахмет, тарақ, қарбыз т.б. «Екі әріп» ойыны. Бірінші қатысушы бір сөз, зат есімді айтады. Келесі қатысушы сол сөздің соңғы екі әрпінен келетін сөзді ойлап табады, бірақ дауыстап айтпайды, тек өз сөзімен түсіндіреді, үшінші қатысушы мұның не туралы айтып жатқанын түсінеді де, сол сөздің соңғы екі әрпіне сөз ойлап табады. Бір қызығы балалар сөзді жасырушының не туралы айтып жатқанын біледі, бірақ ешкім оны дауыстап айтуына болмайды.



«Екі ассоциация» ойыны. Екі баған сызады да, оған төрт сөзден жазады. Бағанға кез келген адам, жануар, заттардың атын жазады. Осы екі жақтағы сөзді байланыстырып, ерекше бір ассоциация ойлап табуы керек. Мысалы егер бірінші бағанға мысық, екіншісіне жарық деп жазылса, екі сөзді қосып «жарыққа жылынған мысық», «лампочка спиралы мысық мұртына ұқсайды», «лампочка сияқты» мысық томпақ және жылы», «мысықтың басы лампочка сияқты» т.б. ерекше ұқсастықтар табады. Орындауға 5 минут уақыт беріледі. Жазғандардың ішінен ең қызықты ассоциация таңдалады.

«Қара жәшік» ойыны. Оқушылар екі топқа бөлінеді. Стол үстіне екі жәшік қойып, ішіне көзілдірік, түйме, гүл, желпуіш, айна т.б. заттарды салады. Ойыншының міндеті жәшік ішіндегі затты өмірде қай кезде, қалай қолданатынын сипаттап айтуы керек. Қарсы топ оларды жасырып отырған затын айтқан сөздеріне қарап табуы керек.

«Дұрыс-дұрыс емес» ойыны. Ойынға қатысушыларды екі топқа бөледі. Оларды бір-біріне қарама-қарсы отырғызған дұрыс. Ортаға бос екі орындық қояды. Бір орындық «дұрыс» дегенді білдірсе, екінші орындық «дұрыс емес» дегенді білдіреді. Мұғалім немесе бір оқушы қағазда жазылған ой-тұжырымды оқиды: Ы.Алтынсарин – алғаш мектеп ашушылардың бірі». Бұл тұжырымды дұрыс деп санаса, олар тез барып «дұрыс» орындығына отыруы тиіс. «Дұрыс емес» деп санаса, соған сәйкес белгіленген орындыққа отырады. Қайсысы бірінші барып отырса және жауапты дұрыс тапса, сол жеңімпаз болады.

«Жолға шығу» ойыны. Ойын айналадағы заттарға талдау жасауға мүмкіндік береді. Жолға шыққан жолаушы қандай заттарды алады? деген сұрақ қойылады.Бір топ керекті заттар тізімін айтады, екінші топ ол заттар не үшін қажет екенін айтып беруі керек.

«Кемпірқосақ» ойыны. Бір минут ішінде түстері әртүрлі бес түсті затты ретімен тез айтып шығуға тапсырма береді. Мысалы: қарбыз (қызыл), лимон (сары), аспан (көк), жапырақ (жасыл), топырақ (қоңыр). Кімде-кім түске сәйкес заттың атын таппай қалса, ойыннан шығады

«Еске түсіру» ойыны. Қатар отырған оқушылар бір-біріне теріс қарап отырады да, парталасының аты кім, көзінің түсі қандай, киімі қандай, аяқ киімі қандай, егер қыз бала болса юбкасының түсі қандай, құлағында сырғасы бар ма, осы сияқты белгілерді айтып шығады. Бұл ойын балалардың бір-бірін жақсы тануға, қарым-қатынасын реттеуге көмектеседі. Балалардың есте сақтау қабілеті, бақылағыштығы жақсарады.

«Сауат ашу» пәнінің мазмұндық ерекшеліктері оқытудан күтілетін нәтижелерге оңтайлы қол жеткізуге мүмкіндік беретін стратегияларды, әдіс-тәсілдерді жетік білуді және таңдап қолдануды талап етеді.

«Сұрақтар жаңбыры»

Ұйымдастыру: топпен жұмыс.

Мақсаты: оқушылардың сұрақ қою және сыни ойлау дағдыларын дамыту.

Сипаттамасы: оқушылар топтарға өз еркімен, қалауымен бөлінеді. Әр топ параққа сұрақтар жазып, бір-біріне лақтырады. Алған сұрақтарына жауап жазып, кері лақтырады. Жауап жазылған парақты қағып алған ойыншы, сол жауаптан сұрақ тудырып, ары қарай лақтырады. Ойын осылай жалғасады.

«Суретті әңгімеле»

Ұйымдастыру: барлық сыныппен, жұппен жұмыс.

Мақсаты: бір бөлігі берілген сурет бойынша әңгімелету, суреттегі оқиғаның басын және соңын болжату арқылы тапқызу.

Қажетті материалдар: сериялы суреттер

Сипаттамасы: оқушыларға сурет көрсетіліп, әңгімелетіледі. Қажет болған жағдайда әңгіменің жаңа сөздерін алдын ала үйретуге болады. Сурет әңгіменің бір бөлігі екені ескертіледі. Оқушыларға суретте бейнеленген сәттің алдында не болғаны және кейін не болатыны болжатылады. Оқушылардың өз әңгімелері тыңдалғаннан кейін әңгіменің толық нұсқасы оқып беріледі.

Оқушылар өздері құраған әңгіме мен әңгіменің шынайы сюжетін салыстырады. Оқушыларға әңгімедегі негізгі ойды табу тапсырылады.



«Әңгімеге негізделген жазу»

Ұйымдастыру: топпен/жұппен жұмыс

Мақсаты: әңгіме желісі бойынша орындалған жұмысты топтарда немесе жұптарда талқылай отырып жазу; әңгіме туралы өз ойларын ортаға салу және пікір алмасу.

Қажетті материалдар: ақ парақтар, қалам

Сипаттамасы: берілген әңгіме бойынша шақыру қағазын, хат, ашықхат, электрондық хат, күнделік жаздыру үшін оқушылар шағын топтарға немесе жұптарға бөлінеді. Оқушылар берілген жұмыс түрлерінің бірін таңдайды немесе жеребе арқылы анықталады. Жазу уақыты белгіленіп, оқушыларға ескертіледі. Әр топта немесе жұпта бір хатшы сайланады. Оқушылар не жазатындарын талқылап, бір-бірімен пікіралмасады. Жазып біткеннен кейін олар өз жұмыстары төңірегінде ой бөліседі.

1. Шақыру қағазы

Оқушылар мазмұны кеш, туған күн немесе басқа да мерекелер туралы айтылған әңгімені тыңдағаннан кейін шақыру қағазын жазады.



2. Хат

Оқушылар әңгіме кейіпкерінің атынан хат жазады.



3. Ашықхат

Оқушылар әңгіменің кейіпкерінің атынан кейіпкердің ата-анасына хат жазады.



4. e-mail

Оқушылар әңгіменің бір кейіпкеріне электрондық хат жазады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет