1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 28 тамыздағы өкімімен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Кейіннен аталған құжатты Үкімет қабылдаған соң 2001 жылдан бастап бірқатар бағдарламалар, оның ішінде «Қазақстан жастары», «Жастар саясатының 2003 – 2004 жылдарға арналған бағдарламасы», «Жастар саясатының 2005 – 2007 жылдарға арналған бағдарламасы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2006 – 2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды. Аталған бағдарламалардың бәрі жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы жастар саясатын одан әрі іске асырудың институционалдық негізіне айналды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылуда. 2008 жылы «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының (бұдан әрі – «Нұр-Отан» ХДП) «Жас Отан» Жастар қанаты I съезінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар ұйымдарының бастамаларын қолдау мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып табылды, өткен 7 жылда оның көлемі 10 еседен астам өсті. «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламалары бағытталған.