Ақпан төңкерісі — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Ақпан төңкерісінің жеңісі саяси жүйенің жоғарғы сатысы — республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан төңкерісі нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан төңкерісінің жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясыаумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржуазиялық мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелерін). Ақпан төңкерісі монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қос үкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.Ақпан төңкерісі жеңіске жетісімен ұлттық-демократиялық қозғалыс (1917 жылы шілдеден — Алаш қозғалысы басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы жалпы алғанда түбірлі түрде Уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болған кадеттер партиясының ел басқарудағы бағытына қайшы келген жоқ. Сондықтан да ұлттық-демократиялық интеллигенция басшылары Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастан-ақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ салды. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысы күрделі жағдайға душар болды.Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: “Сары әскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді”, - деп жазды.1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ съездері болашақ партияның бағдарламасын әзірлеуге көмектесіп, съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері "Алаш" партиясының әлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905 жылдың өзінде-ақ құруға әрекет жасалған "Алаш" партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді.