2-параграф. Жіті немесе созылмалы аурулар асқынған, жарақаттар мен уланулар кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру тәртібі
15. Жіті немесе созылмалы аурулар асқынған және жарақаттар кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын медицина қызметкері күнтізбелік үш күнге (халықтың тұмаумен, ЖРВИ-мен қатты сырқаттанушылығы кезеңінде алты күнге дейін медициналық ұйым басшысы бұйрығының негізінде) және жалпы ұзақтығы күнтізбелік алты күннен аспайтын мерзімге жеке өзі және бір мезгілде береді.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасын алты күннен артық ұзарту медициналық ұйымның бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, жалпы ұзақтығы күнтізбелік жиырма күннен аспайтын мерзімге жүргізіледі.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағынан көрсетілген мерзімнен артық ұзарту ДКК-ның қорытындысы бойынша жүргізіледі.
Бір дәрігер жұмыс істейтін медициналық ұйымдарда еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы беріледі және дәрігер еңбекке жарамсыздықтың барлық кезеңінде бейінді маманның консультациясымен өз бетінше ұзартады.
Жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын күнтізбелік алты күннен аспайтын мерзімге береді.
Осы Қағидалардың 11-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген орта медициналық білімі бар медицина қызметкерлері еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын күнтізбелік үш күннен аспайтын мерзімге береді. Үш күннен жоғары еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ұзартуды учаскелік дәрігер жүргізеді.
Ауылдық жерлердегі фельдшерлер дәрігер болмаған кезде халықтың тұмаумен, ЖРВИ-мен қатты сырқаттанушылығы кезеңінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын жалпы ұзақтығы күнтізбелік алты күннен аспайтын мерзімге медициналық ұйым басшысы бұйрығының негізінде береді.
16. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы жүктілікті және босануды, сондай-ақ Кодекстің 89-бабының 2-тармағына сәйкес Екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесінде айқындалған ауруларды қоспағанда, күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімге беріледі.
Егер ДКК-ның қорытындысы бойынша мүгедектікті белгілеу мақсатында МӘС-ке жіберу үшін негіз болмаса, бірақ адамдардың еңбек жағдайы аурудың клиникалық ағымы мен болжамын нашарлатса, ДКК-ның екі айдан бастап алты айға дейінгі мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыру туралы қорытындысы беріледі. Мерзімді кәсібіне (мамандығына), аурудың ағымы мен асқынуларына қарай ДКК белгілейді.
17. Жұмыс (ауысым, оқу) уақыты аяқталғаннан кейін медициналық көмекке өтініш білдірген адамдарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағында немесе анықтамасында келесі күннен бастап жұмыстан босату күні көрсетіледі.
18. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы стационарға емдеуге жатқызылған жағдайда емдеуге жатқызылған күннен бастап, бекітілген жері бойынша (басқа қаладан келген адамға - жүгінген жері бойынша) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымда амбулаториялық жағдайларда емделген жағдайларда травматологиялық пунктке және жедел жәрдем станциясына жүгінген күнді олардың көрсетілген медициналық ұйымға жүгінгендерін растайтын анықтаманың негізінде есепке ала отырып беріледі.
Адам жедел жәрдем бригадасы және (немесе) травматологиялық пункте қызмет көрсетілген кейін келесі күні амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымға жүгінеді.
Егер адамға жедел жәрдем бригадасы және (немесе) травматологиялық пункте жұма күні, демалыс және мереке күндері қызмет көрсетілсе, онда еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасын амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйым, травматологиялық пунктке және жедел жәрдем станциясына жүгінген күнді және одан кейінгі демалыс пен мереке күндерін олардың көрсетілген медициналық ұйымға жүгінгендерін растайтын анықтаманың негізінде есепке ала отырып береді.
19. Адам ауысым аяқталғанға дейін еңбекке жарамсыз болған жағдайда, кәсіпорындар мен ұйымдардың медициналық пункттерінің медицина қызметкері кейіннен медициналық ұйымға жібере отырып, ауысымның аяғына дейін еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасын береді. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беруді кәсіпорынның медициналық пунктіне өтініш білдірген күнін есепке ала отырып, адам бекітілген медициналық ұйымның медицина қызметкері жүргізеді.
20. Белгіленген туберкулез, психикалық, тері-венерологиялық, онкологиялық және адамның иммун тапшылығы вирусы/жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (бұдан әрі - АИТВ/ЖИТС) аурулары кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын мамандандырылған медициналық ұйымдардың (бөлімшелердің, кабинеттердің) тиісті медицина қызметкерлері береді. Осы аурулармен ауыратын адамдар жалпы бейінді медициналық ұйымдарға жүгінген кезде медицина қызметкері кейіннен міндетті түрде адамды мамандандырылған медициналық ұйымға (бөлімшеге), ондай болмаған жағдайда бейінді маманға жібере отырып, күнтізбелік үш күннен аспайтын мерзімге еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын береді.
21. Адамдарды санаторийлік-курорттық ұйымға емдеудің ажырамас компоненті болып табылатын медициналық оңалту жүргізу үшін ауыстырған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ұзартуды адам бекітілген медициналық ұйым жүргізеді.
22. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын стационарлық емдеу кезінде (күндізгі стационарларды қоса алғанда) медицина қызметкері адамды шығарған күні стационарлық емдеудің бүкіл кезеңіне береді.
Егер стационардан шығару сәтіне адамның еңбекке жарамдылығы толық қалпына келтірілсе, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы шығарылған күнмен жабылады.
Еңбекке уақытша жарамсыздығы сақталып отырған адамдарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы оның емхананың медицина қызметкеріне келуі немесе медицина қызметкерін үйге шақыруы (бір күннен аспайтын мерзімге) үшін қажетті уақыты ескеріле отырып, ұзартылады.
Тұрған өңірінен тыс ем қабылдаған адамдарға оның тұрақты мекенжайына келуі үшін қажетті уақыт (бірақ күнтізбелік төрт күннен аспайтын мерзімге) есептеледі. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын одан әрі ұзарту және жабу адамның тұрғылықты жері бойынша ДКК қорытындысынан кейін оны одан әрі бақылауды жүзеге асыратын медицина қызметкері немесе одан әрі емделу үшін науқас жіберілген медициналық ұйым жүргізеді.
23. Алкогольдік немесе есірткілік мас болу күйінде алған жарақаттар кезінде, сондай-ақ алкогольдік немесе есірткілік жіті уыттанған кезде еңбекке уақытша жарамсыздықтың бүкіл кезеңіне еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасы беріледі.
Пациентке еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасы берілген аурумен байланысты емес басқа ауру туындаған кезде, еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасы жабылады және еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Егер, осы ауру бойынша еңбекке қабілеттілік қалпына келгеннен кейін, алкогольдік немесе есірткілік мас болу күйінде алған жарақаттармен туындаған еңбекке уақытша жарамсыздық жалғасады, қайтадан еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасы ашылады.
24. Өзге де бұзылушылықтармен және аурулармен асқынбаған созылмалы алкоголизмді, нашақорлықты емдеу кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасымен куәландырылады. Егер осы кезеңде еңбекке уақытша жарамсыздықтың болуымен ауру немесе жарақаттан туындаса және алкоголизмді (нашақорлықты) емдеуді тоқтату талап етілсе еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі.
Созылмалы алкоголизм (нашақорлық) өзге де аурулармен және еңбекке қабілеттілікті бұзатын жағдайлармен асқынған кезде еңбекке жарамсыздықтың бүкіл кезеңіне еңбекке жарамсыздық парағы беріледі.
25. Психикалық аурулардан зардап шегетін адамдар медициналық ұйымға уақытында қаралмаған кезде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы психоневрологиялық диспансердің ДКК-ның немесе медициналық ұйымның басшысымен бірлесе отырып, медицина қызметкерінің (психиатр дәрігер) қорытындысы бойынша өткен күндері үшін беріледі.
Соттың шешімі бойынша еңбекке жарамсыз деп танылған сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптамаға жіберілген адамдарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы сараптамаға түскен күнінен бастап беріледі.
26. Оқуын жұмыспен қоса атқаратын адамға еңбекке уақытша жарамсыздық парағын тіркелген жеріндегі медициналық ұйымдар береді.
27. Егер адам бірнеше жұмыс берушіде жұмыс істейтін болса еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бір жұмыс орны бойынша беріледі, адамның басқа жұмыс орындарына медициналық ұйым басшысы бекіткен және медициналық ұйымның мөрі қойылған еңбекке уақытша жарамсыздық парағының көшірмелері беріледі.
28. Басқа қалада тұратын адамдарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы олардың уақытша келген жерінде ресімделеді және тиісті медициналық ұйым басшысының келісімі бойынша беріледі.
Көрсетілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ұзарту еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ашқан медициналық ұйымның ДКК қорытындысы болған жағдайда тұрақты мекенжайы бойынша жүргізіледі.
29. Тұрақты мекенжайынан тыс, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс медициналық ұйымдарға жіберілген адамдарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын жол жүруге қажетті күнге, бірақ күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімге ДКК қорытындысы бойынша жіберген медициналық ұйым береді.
Бұл еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ұзарту адам жіберілген медициналық ұйымда жүргізіледі.
Егер адам Қазақстан Республикасынан тыс жіберілген болса, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын соңғы ресімдеуді ол қайтып келген кезде ДКК басқа елдегі консультация (емдеу) туралы құжаттардың негізінде жүргізеді.
30. Бекітілген жері бойынша медициналық ұйымнан еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын алған адамдарға оларды басқа медициналық ұйымда ұзарту еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын берген медициналық ұйымның ДКК қорытындысы болған кезде ғана жүргізіледі.
31. Шетелдегі Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты өмір сүретін және еңбек ететін оралмандардың, шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың ауру, жарақаттану фактілерін куәландыратын құжаттар оның бекітілген жеріндегі медициналық ұйымның ДКК қорытындысы бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру үшін негіз болып табылады.
Ауру, жарақаттану фактілерін куәландыратын құжаттарды қазақ немесе орыс тіліне аудару және келген елінде немесе Қазақстан Республикасында бекіту қажет.
32. Қазақстан Республикасына уақытша келген шетел азаматтарына ауырған, жарақаттанған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасы беріледі.
33. МӘС-ға:
1) еңбекке уақытша жарамсыздығы басталған күннен бастап төрт айдан кейін немесе қайталап ауруы (сол аурумен) кезінде соңғы он екі айдың ішінде еңбекке уақытша жарамсыздықтың бес айынан кешіктірмей;
2) жарақаттану кезінде еңбекке уақытша жарамсыздығы басталған күннен бастап төрт айдан кейін, ауру ағымының болашақ болжамы болған кезде ДКК шешімі бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы екі айға ұзартылады;
3) туберкулезбен аурудың салдарынан еңбекке уақытша жарамсыздық басталған күннен бастап сегіз айдан кейін ұзақ ауыратын, жұмыс істейтін еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары бар адамдар жіберіледі.
34. Мүгедек деп танылған адамға мүгедектік тобы белгіленген күнмен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы жабылады.
35. Жұмыс істейтін мүгедектер мүгедектікке әкелген аурулары бойынша денсаулығы нашарлаған кезде уақытша жұмысқа жарамсыздық күнінен бастап екі айдан кейін МӘС-ға жіберіледі. Егер жұмыс істейтін мүгедектердің денсаулығы мүгедектікке әкелген аурулармен байланысты болмаса, онда еңбекке уақытша жарамсыздық парағы осы Қағидаларға сәйкес беріледі.
36. Адамды МӘС-ға жіберуден бас тартқан жағдайда уақытша жұмысқа жарамсыздық парағы МӘС-ға жіберуден бас тартқан күнінен бастап ұзартылмайды, бұл туралы мәліметтер еңбекке уақытша жарамсыздық парағында және науқастың амбулаториялық (стационарлық) медициналық картасында көрсетіледі.
37. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағының бланктері қатаң есептілік құжаттары болып табылады.
38. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ресімделеді.
39. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын беретін денсаулық сақтау субъектілері оның беткі жағын толтырады. "Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы" атауымен еңбекке уақытша жарамсыздық парағының беткі жағында тиісінше не "алғашқы" не "жалғасы" деген сөздердің асты сызылады. Одан кейін медициналық ұйымның атауы мен мекенжайы, парақты беру күні, пациенттің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы мен жұмыс орны көрсетіліп, медициналық ұйымның мөрі қойылады.
40. "Уақытша жұмысқа жарамсыздық түрі" бағанында парақты беру негізі көрсетіледі.
Егер еңбекке уақытша жарамсыздық парағы босануға байланысты берілсе - босану күні, ұл/қыз баланы асырап алуға байланысты-асырап алу күні, науқас балаға күтім жасау бойынша - баланың туған жылы мен күні көрсетіледі.
41. "Режим деген жолда жазылған емдеу-сақтау режимінің (стационарлық, амбулаториялық, санаториялық) түрі көрсетіледі. Медицина қызметкері тағайындаған режимді адамның бұзу жағдайлары (алкогольді шамадан тыс пайдалану, тағайындаған зерттеп-қарауды немесе емдеуді орындамау, медицина қызметкерінің қабылдауына көрсетілген мерзімде келмеу, басқа жерге кетіп қалу және басқалар) міндетті түрде белгіленіп, медицина қызметкерінің қолы қойылады.
42. Тиісті кестелерде стационарлық емдеу мерзімдері туралы, МӘС-ға жолдау күні және олардың қорытындысы туралы белгілер жасалады.
43. "Жұмыстан босату" бөліміндегі "Қай күннен бастап" бағаны араб цифрларымен, ал "Қай күнді қоса алғанда" деген бағанда жазбаша жазылады. Бұл бөлімнің әрбір жолында медицина қызметкерінің лауазымы, тегі мен аты, қолы көрсетіледі.
44. "Жұмысқа кірісу" деген жол адам тексеріліп-қаралғаннан және еңбекке жарамды деп танылғаннан кейін келесі күнмен (айы мен күні) жазбаша толтырылады. Еңбекке уақытша жарамсыздық сақталған жағдайда: "Әлі сырқаттануда" деп жазылады және басқа еңбекке жарамсыздық парағының нөмірі мен берілген күні көрсетіледі. Еңбекке жарамсыздық басқаша аяқталған жағдайда: "Мүгедектік белгіленді (күні)", "қайтыс болды" (қайтыс болған күні көрсетіледі) деген мәліметтер жазылады.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын бергеннен немесе мерзімін ұзартқаннан кейін адам қабылдауға келмесе, ал кезекті қабылдауда еңбекке жарамды деп танылса, еңбекке жарамсыздық парағының "Жұмысқа кірісу" деген жолында: "Жұмысқа жарамды" (келген күні көрсетіле отырып), "Қай күннен бастап" және "Қай күнді қоса алғанда" деген бағандардағы бос жолдар "Z" белгісімен сызылады.
45. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы адамның өтініші бойынша немесе оның жұмысындағы әкімшіліктің талабы бойынша жабылмайды.
46. Науқастың амбулаториялық картасында (стационарлық сырқаттың медициналық картасында) еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары бланкілерінің нөмірлері, олардың берілген күні, ұзартылған немесе жұмысқа шығарылған күні жазылады.
47. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағының сыртқы бетін адамның жұмыс орны бойынша жұмыс беруші мөр басып, еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде ақы төленетін жұмыс күндерін көрсетуді есепке ала отырып, толтырады.
48. Дұрыс жазылмағандарды сыза және үстіңгі жағына дұрыс жаза отырып, түзетулер енгізуге болады. Түзетулер денсаулық сақтау субъектісінің мөрімен куәландырылған медицина қызметкерінің қолымен ескертіледі.
49. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашқан кезде денсаулық сақтау субъектісінің мөрі парақтың бірінші бөлімінің үстінде оң жағына және жұмысқа шығарған кезде немесе жалғасын берген кезде төменгі жағына қойылады.
50. Барлық еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары еңбекке уақытша жарамсыздарға еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарының бланкілері бойынша есептілік үшін құжат болып табылатын түбіртектерге қол қойдыру арқылы беріледі.
51. Берілген еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарының есебі Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын тіркеу кітабында жүргізіледі.
52. Бүлінген және алынбай қалған еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарының бланкілерін оларды берген медицина қызметкерлері мынадай тәртіппен қайтарады: бланкті иір сызықпен сызады және ірі әріптермен "бүлінген" немесе "қайтарылған" деп жазады.
Бланкілердің түбіртектері, бүлінген немесе алынбай қалған бланкілер медициналық ұйымда екі жыл бойы сақталады, содан кейін басшы бұйрығының негізінде жойылады. Бүлінген немесе алынбай қалған бланкілерді жою туралы акт бес жыл бойы сақталады.
53. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын жоғалтқан жағдайда, жұмыс орнынан жоғалған еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша жәрдем ақы төленбегендігі туралы анықтаманы ұсынған кезде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын берген денсаулық сақтау субъектісі оның телнұсқасын береді. Телнұсқаның алдыңғы бетінің жоғарғы жағында "Телнұсқа" деген белгі қойылады.
54. Тағайындаған күні дәрігердің қабылдауына келмеген адамға еңбекке уақытша жарамсыздық парағы жүгінген күнінен бастап келмеген күндерін есептемей ұзартылады.
55. Еңбекке жарамсыздық жалғасқан жағдайда медицина қызметкері алғашқы еңбекке жарамсыздық парағының "Режимді бұзу туралы белгілер" деген бағанында бұзушылықты белгілеп, адамға еңбекке уақытша жарамсыздық парағының "жалғасын" береді.
56. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағының бланкілері ұрланған немесе жоғалған жағдайда медициналық ұйым оны анықтаған күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмейтін мерзімде көрсетілген фактілер туралы жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтау органына хабарлайды.