Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет41/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2

Т.Қожакеев
Сатира және юмор

Сатира мен юмордың күштілер қаруы, тәрбие құралы екенін айтпас бұрын, олар туралы жалпы мағлұмат бере кетейік.


Сатира терминінің шығу тарихын, этимологиясын әркім әр түрлі түсіндіреді. Біреулердің айтуынша, ежелгі гректер жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың құдайы – Дионистің ән салып, би билеп, күлдіріп көңілдендіріп жүретін жол серіктерін “saturos” деп атаған. “Сатира” атауы сол сөзден шыққан.
Екінші бір зерттеушілердің пікірінше, бұл терминнің тарихы латынның “Satura” - “смесь” – аралас, әр нәрсенің қосындысы, “всякая всячина” – анау-мынау деген сөзінен басталады. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап-мінеуші, әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды “Satura” деп атаған.
Қазір “Сатира” атауы әр түрлі мағынада қолданыла береді. Біреулер оны әдебиеттің бір тегі (род) деп түсінеді. 1941 жылы шыққан “Шетел сөздерінің сөздігінде” “Сатира – болмыстың жағымсыз құбылыстарын ащы күлкіге айналдыратын көркем әдебиеттің тегі (род)” делінген.
Енді біреулер сатираны нақты бір өмір елестерін, болмыс сәттерін суреттеп, жазып, айтып берудің әдіс-тәсілі ғана деп түсіндіреді. Мысалы, сатираны көп зерттеген, бұл түрдің үлкен теоретигі Я.Эльсбург: “Сатира – болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс-тәсілі”1 дейді. “Үлкен совет энциклопедиясында” да осы анықтама берілген.
Тағы біреулердің ұғымынша, сатира – жағымсыз болмыс, құбылыс атаулыны сынап-мінеп, әшкерелейтін әдеби шығарма. Мысалы, Д.Н.Ушаковтың редакциялауымен басылған “Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде” “Сатира - өмірдің жағымсыз құбылыстарын күлкілі, келемеж түрде көрсететін әшкерелеуші әдеби шығарма” деп жазылған. Сол сияқты С.М.Бондидің басқаруымен 1940 жылы басылған “Поэтикалық терминдер сөздігінде” “Сатира – қоғамдық дерттерді келемеж етуді немесе әшкерелеуді мақсат ететін әр түрлі (роман, әңгіме, фельетон, эпиграмма т.б.) әдеби шығарма” делінген. Ал А.П.Квятковский “Сатира – болмыстағы жағымсыз құбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп қарасөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі”2деп анықтайды.
Сөйтіп сатираның қоғамдағы жағымсыз болмыс, құбылыстарды, адам бойындағы ұнамсыз мінез-қылық, әдеп-тәртіптерді әшкерелеп, күлкіге жығу, келемеж ету ниетімен жазылатыны жөнінде әдебиет зерттеушілерінің пікірлері бір арнаға саяды, бәрі де оның осы пафосын мойындайды. Бірақ, олардың бірі үшін сатира - әдебиеттің бір тегі (род), екіншісі үшін өмірдің жеке елестерін суреттеп берудің әдіс-тәсілі, үшіншісі үшін әшкерелеуші әдеби шығарма, төртіншісі үшін көркем әдебиеттің өзіндік түрі.
Байыптар болсақ, осы пікірлердің бәрі де қате емес. Олардың әрқайсысы сатираның әр қырын, әр қасиетін айтып отыр. Шынында да, сатира – алымды да шалымды нәрсе, оның өмір сүру, көрініс табу мүмкіншілігі мол, болмыс-құбылыстарға үңілу, араласу, суреттеу жолдары да әр қилы.
Сатира әдебиеттің бір тегі ретінде де көріне алады. Ақын, жазушыларымыздың бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық тіл, стильмен жазылған, таза сатиралық шығармалары әдебиеттің дербес бір тегін құрайды. Өйткені оларда өмірді зерттеп білудің, суреттеп берудің өзіндік эстетикалық принциптері, көркемдік әдіс-тәсілдері пайдаланылады. Болмыс-құбылыстарды бағалап, түсінудің ерекше түрлері қолданылады. Яғни сатира қиялдауға, шарттылыққа, кездейсоқтыққа, түсінбестікке, әсірелеуге негізделеді. Шарждауға, карикатураларға, гротеск, сарказм, иронияға иек артады.
Сатирада ащы кекесін, күлкі ету, мазақ қылу, жоққа шығару, үкім айту, адам қиналысын аңлау, адам жүрегінің түкпіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, тенденциялық пен қатаң әділдік, лирикалық сезім мен ғылыми талдау тоғысып жатады. Сөйтіп, сатира қарама-қайшылықтардың бірлігінен туындайды. Белгілі бір сатирик творчествосының ерекшелігі осылардың қайсысын қай тұрғыда, қандай ниетпен пайдаланғанына қарай аңғарылады. Аристофан сатирасында қайғылы үн, Щедринде өмірді трагедиялық тұрғыдан сезіну, Гогольде күйзеліс, Чеховта күрсініс басым дейтіні де сондықтан.
Таза сатиралық туындылардың эпосқа да, лирикаға да, драмаға да жатпай, әдебиеттің өзіндік дербес тегін құрайтындығының басқа да сырлары бар. Сатирада, эпостық туындылардағыдай, авторға, оқушыға деген қатыссыздық, бейтараптық объективтілік бола бермейді. Мәселен Л.Н.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік”, М.Әуезовтің “Абай жолы” сияқты эпостық шығармаларды оқығанда, автор да, оқушы да көрінбейді, олардың қатысы, көзқарасы, күрсініс-күйзелісі сезілмейді. Оқиға оларға тәуелсіз түрде, өзінше өтіп жатады. Осы эпостық объективтілік сырттай суреттеліп, баяндалушылық сатирада болмайды. Онда сыналып отырған факті мен құбылысқа автордың қатысы, пікірі белгілі дәрежеде білдіріледі. Сондықтан да сатира эпос бола алмайды.
Сол сияқты, таза сатиралық шығармаларда автор мен лирикалық кейіпкердің сөз етіп отырған жағымсыз құбылыстар жөніндегі жан дүниесі, ішкі сезімі лирика туындыларындағыдац барынша атқарыла ашылмайды, тек реніші, кейісі аңғарылады да қояды. Осы жағынан ол әрі лирикаға да жатпайды.
Сатираны драмаға да тели салуға болмайды. Эпостағы объективтілікті, лирикадағы ішкі сезім-сырды терең ашуды ұштастыра келіп, характерлер қақтығысына құрылатын, сахнада ойнауға лайықталатын драма белгілері де сатирадан түгел табыла бермейді. Сондықтан ол драма да емес.
Ендеше болмысқа эстетикалық қатысының өзіндік ерекшеліктері бар, өмір құбылыстарын зерттеп, бағалауда, көрсетуде дербес әдіс-құралдары, өзіне тән табиғаты, сыр-сипаты бар сатира-өзінше әдебиет тегі.
Сатираның жеке бір іс, құбылысты зерттеп білудің әдіс-тәсілі ретінде көрінетіні де рас. Бұл сапада ол эпостық, лирикалық, драмалық шығармалардың бәрінде, барлық түр жанрында пайдаланыла береді. Солардағы белгілі бір елестер мен образдарды суреттеп берудің құралы, поэтикалық әдісі түрінде ғана қолданылады...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет