Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет17/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
#125
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23

Халық әдебиетінің мазмұны
Мазмұны жағынан қазақ халық әдебиеті айрықша дара тұр және о бастағы таза, төл қалпын сақтаған. Бұл, әрине, қазақтардың көшпелі өмірі мен мәдениеттен алыс жатқандығының әсері. Сырт кейпі яки тіл жағынан да қазақ әдебиеті өзінің таза, төл қалпын сақтаған. “Қазақтардың тілі ісләмнің бүлдіргіш ықпал-әсерінен аман қалған және өзінің тазатүркілік қалпын сақтаған. Әрине, оған да кейбір жат сөздер енді, әйтсе де олар басқа түрік мұсылмандарының тіліндегідей өзінің төл ерекшелігін сақтай алмады, қайта қазақ тілінің заңына бағынып, икемделді, осылайша тұтасымен халық игілігіне айналды”, - дейді белгілі шығыстанушы В.В.Радлов (“Образцы нар.литературы тюркских племен”, т. ІІІ, стр. ХҮІІ).

Сол Радлов: “Қазақтар өздеріне туыстас өзге жұрттардан айрықша шешендігімен және тауып сөйлегіштігімен ерекшеленеді”, - деп тағы қосып қояды. Белгілі шығыстанушы-тілшінің бағалары әсіресе қазақ халық әдебиеті хақында ерекше дөп келеді.

Сөздердің туралығы мен дәлдігі, айқындылығы мен әуезділігі, тілдегі кең қамтып көркем суреттеу мен әуенді-әуезділік қазақ халық әдебиетінде ғажап дамыған. Қазақ поэзиясының осы қасиеттері, ұлан-байтақ аймаққа таралса да тілдің айрықша біртұтастығы қазақ әдебиетін зерттеуші кез келген ғалымды таң қалдырып келеді.

ХІХ ғасырдың аяғына таман ел ішіне орысша және мұсылманша оқу-білімнің таралуына байланысты ауызекі сөйлеу тіліне мүлде жат сөздер мен сөз тіркестері ене бастады және олар бірте-бірте халық әдебиетіне, әсіресе ғашықтық, діни-ғибраттық сипаттағы әдебиетке ауысты. Жаңадан пайда болған орыс сөздерін тілімізге орыс мектептерінде оқыған жастар алып келді. Өздерінің орыс тілін жақсы меңгергендігін көрсету үшін олар сөйлескенде, ұйқастырып ғашықтық-сүйіспеншілік хат жазғанда орыс сөздері мен сөз оралымдарын қолданды. Ескіше діни білім алғандар да өздерінің ғибраттық және басқа өлеңдерінде осындай жолмен жүрді. Бұндай бұрмалаушылық әзірге жекеленген сипатта, халық әдебиетінің тіліне айтарлықтай ықпал-әсер ете қойған жоқ. Әйтсе де дәл қазір бұған көңіл аударылмаса, болашақта тілді бүлдіруге үлкен қауіп тудырары сөзсіз.

Халық әдебиетінің тілінің формасы негізінен өлең сөз түрінде болып келеді. Ал қарасөзбен көбінше ертегілер мен түрлі хикаялар айтылғанымен, өлең формалы ертегі, хикая, аңыз әңгімелер де мол ұшырасады.

Қазақ тіліндегі екпін сөз соңына түсетіндіктен қазақ поэзиясы әр өлеңдегі бірдей буын санына құралған силлабикалық өлең-өлшемді болып келеді.

Өлең өлшемді кез-келген шығарманы әрбір қазақтың өлеңдетіп не әндетіп орындауы қазақ халқының ерекшелігі болып табылады.

Ақындар өлеңді әрдайым домбыраға қосылып айтады.

Халық әдебиетін тудырушы және сақтаушы қазақ халқының өзі болғанымен, халық творчествосын жарқыратып көрсетушілер: өлеңшілер, халықтық суырып салма ақындар және халық билері.

Шешендік пен өз ойын ырғақ-әуенмен жеткізу қабілеті күллі қазақ халқына тән қасиет, бұл тұрғыдан әсіресе өлеңші, ақын, халық билері ерекше көзге түседі. Қалың бұқара арасынан шыққан олар – халық әдебиетінің мән-мазмұны мен тіл тазалығын сырттан келетін жат әсерлерден қорғаушылар, әрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қазақ халық әдебиетін сақтаушылар. Халық әдебиетін жасаушы бұлардың есімі көп жағдайда ұмыт болған, әйтсе де бірен-саран аты белгілері де бар, халық творчествосының қайсыбір шығармаларының туу тарихы солармен байланыстырылады. ХІХ ғасырдағы халық ақындары мен билерінің бәріне жуығының аты-жөндері белгілі, әйтсе де олардың туындыларының көпшілігі ұмытылған, не авторы белгісіз, бұқаралық, халықтық шығармаларының қатарына қосылған.

Ең әрідегі халықтық ақындардан есімі белгілері – қазақтың Жәнібек ханы тұсындағы (ХҮ ғ.) Жиренше, Сыпыра Жырау мен Шалгез (ХҮІ ғ.). Ал соңғы екі ғасыр беделінде өмір сүріп, азды-көпті есімдері ел есінде қалғандары мыналар: Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қадырбай, Мұрат, Матай, Қуан, Өтебай, Байтоқ, Марабай, Иманбай, Бабас, Жылқышы, Абат, Жылқайдар, Қозыбек, Жұмырбай, Қашқынбай, Базар, Есенбақ, Жиенқұл, Ораз, Шернияз, Жаскелең, Бақы, Жанақ, Нысанбай, Нармамбет, Майлықожа, Мәделіқожа, Ешнияз, Бұдабай, Ермәмбет, Ығылман, Құлымбет, Шегебай, Ақтам, Молдағали, Балмырза, Сүйінбай, Досқожа, Өмірзақ, Жамбыл, Бақтыбай, Әбубәкір, Біржан сал, Ақан сері, Жүсіпбек, Бұқар, Орымбай, Ақмолда, Қарпық, Сейдахмет, Қабан, Күдері, Бөлтірік, Елеусіз, Нұржан, Тоқжан, Қанапия, Өске, Бейбіт, Серәлі, Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шөже, Садақ, Әзілкеш, Оңғар, Шораяқтың Омары.

Осы адамдардың кейбіреулері күні бүгінге дейін көзі тірі. Әрине, жоғары аттары аталғандардан басқа есімі белгісіз халық ақындарының әлі де көптігі сөзсіз.

Халық жадында көптеген билердің есімдері сақталған, қайсыбір аңыз, әңгімелер солардың атымен байланысты айтылады. Мысал үшін айтсақ, Төле би, Досбол би, Бала би, Атағозы би, Есет би, Ескелді би, Байдалы би, Қазыбек би есімдері өздерінің билік сөздері, нақылдарымен даңқы шыққан.

Қазақ халық әдебиеті бұрын да, қазір де ауызша таралды. Бұрынғы кезде ешқандай жазу-сызу болмағандықтан шығармалар ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп отырды. Қазақтар ғажайып есте сақтау қабілетімен ерекшеленгенімен (біздің қазақтардың тұтас жырды бір-ақ рет тыңдаған соң дәл сол күйінше қайта айтып бергеніне куә болғанымыз бар), әрине, уақыт өте келе талай дүние ұмыт болды. Оған әсіресе түрлі жұқпалы аурулар мен соғыс, аштық пен жұт кездерінде халық әдебиетінің белгілерінің жаппай опат болуы да әсер етті.

Халық әдебиетінің, әрине өз шығарушылары бар, бірақ бұл авторлық өзгеше сипатта. Халық ақындары өз туындыларын әрқашан аяқасты суырып шығарады және әдетте оны өздері хатқа түсіре қоймайды. Бұл суырып салған шумақтар сол бойда жатталып, белгілі бір адамның туындысы ретінде біреуден біреуге жеткізіледі. Қайта айтушының өзгерістер енгізетіні, авторы неғұрлым ертеде өмір сүрсе, соғұрлым өзгерістердің де көп болатындығы, әрине табиғи құбылыс. Сондықтан да қазіргі кезде белгілі бір автордікі делінетін шығарманың бірнеше нұсқалары бар. Бұндай жағдайда, әрине хатқа түскен нұсқаның көнелігі, сенімділігі үлкен маңызға ие.

Тіптен белгілі бір адамның бұдан ондаған жылдар бұрын дүниеге келтірген туындыларының қазіргі кезде бірнеше нұсқасы бар. Сондықтан мұндай авторлардың шығармаларында коллективтік шығармашылықтың көпшілігі жатады, ол сөз жоқ халық әдебиеті болып табылады. Халық әдебиетінде авторлықтың өзге де түрі ұшырысады. Мәселен, белгілі халық жырлары, поэмалары, т.б. тұңғыш рет кімнің аузынан жазылып алынса, соған таңылады немесе кейбір ақындар қайсыбір нұсқаның соңғы жеткізушісі өзі болғандықтан, авторлықты өздеріне иеленеді. Бұл шығармалар әрине шын мәнінде халық творчествосының жемісі, соңғы айтушы ақындардың авторлығы шартты түрде ғана. “Ер Тарғын”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Қарасай-Қази”, “Қобланды” және басқа көптеген жырлар осындай шығармаларға жатады.

Халық поэзиясындағы авторлықтың үшінші түрі өз шығармасын автордың өзі хатқа түсірген немесе басқа біреу жазып алған өз шығармасын түзеткен сәтте пайда болады. Бұндай авторлықтың қазақ халық әдебиетінде кездесетіндігі күмәнсіз, бірақ дәл қазір ондай авторлар мен шығармаларды атап айтуға нақты деректер жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда бұндай авторлық ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан басталады деп жобалауға болады. Бұл қазақтың жазба әдебиетінің басталуы. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерін іздеу қажет.

Халық әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүйелі түрде хатқа түсе бастады. Әдетте оны қызығушылар мен Радлов, Потанин, Ильминский, Мелиоранский сияқты шығыстанушы мамандар жазып алды.

Қазақ халық әдебиетінің нағыз жинаушысы этнограф Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев болды. Қырық жылдан астам уақыт бойы ол шаршамай-талмай қазақ халық әдебиеті үлгілерін жинады, жүйеледі және орыс тіліне аударды. Диваевтің жинаған материалдары, негізінен Сырдария облысынан, 200 баспа табаққа жуықтайды; олардың толық тізімі 1922 жылы Ташкент қаласында шыққан “Наука и просвещение” журналында берілген. Олардың 86 баспа табағын Диваев революцияға дейін орыстың түрлі журналдарында бастырған. Революциядан соң оның көптеген туындылары қазақ тілінде жеке басылып шықты және түрлі журналдарда жарық көрді (төменнен қараңыз).

Түркістан Халық ағарту комиссариатының ерекше экспедициясы 1920 жылы Жетісу мен Сырдария облыстарынан қазақ халық әдебиетіне қатысты көптеген материалдар жинап қайтты.

В.В.Радловтың материалдары (“Образцы народной литературы тюркских племен” т. ІІІ, 1870) Шығыс Қазақстаннан (Семей мен Ақмола облыстарынан) жиналған. Ал Ильминский мен Мелиоранский жинаған материалдар Батыс Қазақстанға қатысты.

Бұл көрсетілгендерден басқа кейбір жекелеген адамдардың қолында жарық көрмеген недәуір көлемдегі жиналған материалдар бар.




М.Әуезов

Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі
Қазақ әдебиетінің осы күнгі қалпымен һәм келе жатқан бетімен таныстығы бар адамдардың біздің әдебиет туралы айтатын әр түрлі пікірі бар. Орыс жазушыларының қысқаша сындарына қарағанда, біздің ескі, ауызша әдебиетіміз бай, өрнекті, түрі, тарауы көп кестелі, қысқасынан айтқанда, қазақтың даласы секілді кең, келешегі көрікті үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде үлкен өріс алатын әдебиет секілді көрінеді. Бірақ осы жазушылардың айтуына қарағанда, жазба әдебиетіміз әлі іргесі нығаймаған, беті анықталып ашылмаған, белгілі түрге түсіп қалыптанбаған майысқақ, сынғақ әдебиет деп саналғандай.

Бұл мәселе туралы біздің өз жазушыларымыздың бір жерге қойылған пікірі, бір қалыпқа тоқтаған сыны әзірше жоқ. Бірақ өткен күннің әдебиетін еске түсіргенде, ескіліктен сол белгіні қалдырып кеткен адамды ойлағанда, айтылған өлең, жыр, тақпақ, мәтелдердің ауыздан шыққан кезін ойлағанда, бәріміз де өткен күннің өнеріне ішімізден бас игендей боламыз, сөзі қалған кісінің атын құрметпен атағандай боламыз.

Сөзінен туатын мағынасын, ішіндегі қайратты рухы, сыртындағы кестесі мен келісімі өзін еріксіз елеткендей болды. Біз ескі әдебиетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз, құрметіміз орынсыз емес. Себебі әдебиетімізге өзге көп жұрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда тәртіпті жазба әдебиеттің қызметін атқарғандығы білініп отыр. Сол міндетін ұққандықтан ауызша әдебиет өз өрісін кеңейтіп әкеткенін көріп отырмыз. Сол ескі сөздің ішінде ескі қазақ өмірінің әрбір дәуірі, әрбір мезгілі және әрбір жеке-жеке суреттері де айтылған. Мұның үстіне жазба әдебиетте классические произведениелерде кездесетін үлгілі мінездер – типтер, ел ішіндегі айрықша таптардың өзгеше психологиясы да дәл айтылған жерлер бар. Бұл бәрі құрғақ сөз болмас үшін төмендегіше дәлелдерді көрсетпекшімін.

Мысалға қазақ өміріндегі бақташылық салтты көрсететін атақты “Қозы Көрпеш – Баян” өлеңін алайық. Мұнда бақташылықтан “тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, үйінде сілкіп салар сырмағы жоқ” Қарабайдың мінезінен көрінеді. Қарабайдың мінезі, әдеті, өміріндегі мақсаты өлеңнен бастан аяқ көрінеді. Қарабай – Пушкиннің Скупой Рыцарының қазақтағы айқын тұрған типі. Бұған қарсы қойылған сол өлеңдегі байдың үлгілісі, мінездісі – Сарыбай. Бұл да өлеңде бүтін адам болып көрінеді.

Бұлардан соңғы тағы сол өлеңдегі өзгеше қызық тип – Қодар. Қодарда малшының ең жақсысы қандай болмағы көрінеді, мал бағушы елдің арман қылған бақташысы, қиял қылған қайратты азаматы көрінеді. Бірақ осымен бірге ең мағыналы жері Қодардың пішінінен адам баласындағы ойсыздық, шолақтық, тар ғана бір бетпен, малмен бірге мал болып кеткен білімсіздік, надандық көрінеді. Өлеңші бұл жерде Қодардың пішініне қарап тұрып, қазақ қалпындағы жалпы кемшілікке күлгендігі білінеді. Жасырын мазақ, ащы мысқыл сезіледі. Осы секілді шебер көрсетілген үлгілі типтер “Қозы Көрпеште” біреу ғана емес, әлденеше. Бұл турасынан айтылатын толық сөзді кейінге қойып, екінші мысалдарға келейік. Қазақ әдебиетінің өрнектілігіне толық дәлелдер батырлар өлеңінде де бар. Қазақ батырлары бәрі бір қалыпқа соққандай барған жерін қырып келіп, жойып келетін, үнемі жолы болып отыратын, хазірет Әли Сейітбатталша батыр емес. Бұларда қазақ мінезі бар деуге болады. Қазақ батырларындағы мақсат – алдыменен қаншыл болу.??? Бұның мысалы: Қобыланды, Ер Тарғын. Қобыланды – атаны, руды, туысты, бел қылған батыр...

... Екінші, мұның қарсысындағы – Ер Тарғын. Бұл – қазақтың бірлігі кетіп, азған заманының батыры. Арысы мұсылман, берісі қазақ ішінен жау тауып, ұйтқы бұзған, шепті жарып, шеңбер бұзған батыр. Сондықтан мұның жолы болмайды. Қазақтың жәй сылбыр мінезді салғырт батыры:


Атадан кескекті туған аюмын

Кескілеспей басылман.

Кілегей қара бұлтпын

Кенет жаумай ашылман.

Түтедей сүйегім қалғанша,

Дұспаным саған бас ұрман.

Балуан сұлтан, батыр хан

Қыларың болса, қылып қал.

Күндердің күні болғанда.

Бас кесермін жасырман...


Әуелі туысынан бастап сөйлейтін тәкәппар, нағыз қазақ бұл сөзінен көрінеді. Қазақ батырының барлығының жайынан айтатын сөз. Бәрі де - өзге батырлығынан бұрын әуелі рухын батырлыққа айналдырған салқын қанды, дене қайратынан да жан қайратын артық бағалаған батырлар. Сондықтан бұлардың ортасынан орта ғасырдың рыцарына ұқсаған Тарғын сияқты әйелшілі болса, оның жолы болмаған.

Біздің әдебиеттің бізге сүйкімді жерлері осындай ірі жерлерінде, ірі қалпымен, өзге жұрттікіне ұқсамай, таза қазақтікі болып шығатындығында. Біздің ауызша әдебиеттің бұдан басқа түрлеріне, ұсақ тарауларына келгенде, алдымыздан көзді қуантып, жайнап шығатын асыл тас сияқты қымбатты бұйымдары басқа жерде де бар.

Сол ауызша әдебиетте қара сөзбен айтылатын аңқаулықтың исі аңқыған қарапайым ертегімен қатар, Сарыарқаның “ақ көде малға шүйгін шөбі, кір жуып, кіндік кескен жері, көлеңкелі ағашы, қоңыр желіне” шейін шеберліктің орамына кіргенін көреміз.
Тайлақтың енді аман бол, қалған елі

Арқаның сен де аман бол, қоңыр желі...

Нәзік сезімді әйел заты Ай, Таңсықтың аузына туған елі, өскен жерімен қоштасарда, ел қиялының салған сөзі – осылар. Қазақ даласында ақындықтың тәтті сұлулығынан қой баққан қотыр тайлы тазша бала, жар басында жарты лашықтағы сақау қатынға шейін құр қалмағандықтан, ел еркесі батыр да, жұрт тұрғысы бір төре де құр болмаған. Сондықтан өлеңмен айтқан билік, жырмен айтқан өсиет, тақпақпен айтқан дау бір кезде “татуды араз, жақынды жат қылуға” жараса, бір кезде іріген елді біріктіріп, іріткішінің шіріген сөзін саф қылуға жараған. Хан, қара, би, төре, аламаншыл батыр, жетекшіл қарашы – бәрі де айырмасыз кестелі, сырлы сөздің қадірін білімге ұстартып, зейіні ашылған европеецтен кем білмеген.

Ескі қазақ баласы, шынында, туған жерде өлеңмен қарсы алынып, өлеңмен шығарып салынатын болған. Бұл қазақ рухына анық сіңген мінез еді. Сондықтан қазақтан шыққан ту ұстар адамдардың бәрі де өмірінде кез келген ірі істердің бәрінің жанынан ақын рухы мінген тұлпары - өлеңменен желдіртіп өткенге ұқсайды.

Ол замандағы қазақтың өміріндегі кез келетін қиын асу, тар кезеңде жорыққа аттанып, жасанған жаудың қарсысына бару болса, Абылайдың үлкен соғысының біріне бара жатып, Керей Жәнібектің өзіне берген батасы мынау:
Қарулы мылтыққа жолықтыр,

Құрсаулы жауға жолықтыр,

Ел сасқандай,

Етек басқандай

Абылайдың сарт... ашқандай күнге жолықтыр, -
деген. Бұл асау қанды батыр, тайғақ кешу, тар жолда еліне еңбек сіңіруді қиял қылған елшіл аламан сөзі.

Ел өміріндегі үлкен өлім – атақты басшылардың өлімі болса, онда да қамырыққан көңілдің шерін сыртқа шығарушы өлең болған.

Абылай өлім халінде жатқанда айтқан Бұқар жырау сөзі мынау:
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай.

Үш жүздің баласынан үш кісі айтсам,

Қалар да ма екен, жаның-ай.


Осы бір ауыз өлеңдегі мағына қанша? Мұнда – Абылайдың жауынгерлігі, жолы болып, кезенген жауын көп жеңгендігі, ел билеуге шеберлігі, тентек бұзықты тыя білгендігі, ел ішіне тыныштық орнатқандығы; сол үшін үш жүздің баласының оған деген тілегі, құрметі түгел көрінбей ме? Аз сөзде көп мағына осыдан артық бола ма?

Әр адамның өз басына кез келетін қиын құн - өлім күні болса, оны да өлеңмен қарсы алып және өлім халіне лайықты зарлы сарынмен ән шығарып кеткен адамдар біреу ғана емес.

Сыбан Сарыбай ақынның өлерде шығарған өлеңі мен әні қазақ даласында әлі күнге даланың мұңлы күйінің бірі болып күңіреніп жүр.

Мінеки, бізге ескі әдебиетімізді сүйгізетін себептер осы айтылған секілді мысалдардан туады.

Рас, өткен күннің әдебиеті біздің сүюімізді тілемейді. Сүюімізбен семірмейді де түрленбейді. Жек көруімізбен жоғалып та кетпейді. Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсіну – біздің өзіміз үшін керек. Бүгінгі әдебиетке белгілі жол салып, дұрыс бағыт береміз дегенде, жалпы қазақ әдебиетінің өткен күнін, бүгінгі қалпын һәм келешегін де түгел түсіну керек. Сонда ғана әрбір жазушы хақиқатқа жақын сөйлеуі де мүмкін.

Сондықтан мен бұл мақаланы қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі деп атасам да, бүгінгі сынға салу үшін ескілікті айтпау, әдебиеттің басын айтпау, бізге атадан қалған дәулетті айтпау лайықсыз болғандықтан туып отыр.

Ескіліктен жоғарыдағы айтылған қысқаша мағлұматпен тоқтап, енді жаңа жазба әдебиетке келеміз.

Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественная литература ретінде қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады.

Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды.

Наурызбай мен Тілеуқабақтың қызының айтысуы, Біржан мен Сараның айтысуы, бір жағынан, ауызша әдебиетке кірсе, бір жағынан, жартылап келіп жазба әдебиетке кіреді.

Тегінде, қазақтағы айтыс өлеңдер - өзге жұрттың әдебиетінде кез келмейтін, біздің әдебиеттің байлығына дәлел болған айрықша бір түр.

Айтыс өлеңдердің ерте күндегілері ауызша әдебиетке кірсе де, бергі замандағы айтыстың ішінен ұзақ әңгіме тудыратын Наурызбай мен Біржан – Сара сияқтылары жазба әдебиетке кіреді. Екі кісінің айтысуынан, немесе екі кісінің жайынан туатын әңгімелер ертерек уақытта ағылшын әдебиетінде Грандисон, Ричардсон, Достоевскийдің уақыттарында туылған. Орыстардың “Бедные люди” деген кітабында бар. Мұндай әңгімелерді эпистолярный роман деп атаған. Біздің айтыстардың көбі – осы эпистолярный роман түріндегі өлеңдер.

Сондықтан жазба әдебиеттің әуелгі басына бұл өлеңдер кіруі тиіс. Одан бері де жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кемкетікті қолға ала бастағаны да Абайдан бұрын басталады. Бұл жағынан қарағанда, Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп, һәм Нарманбеттерді алу керек.

Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жасы кем болғандығын есеп қылуға болмайды. Бәрінің жазған сөздеріндегі бетті, белгіні, сарынды еске алу керек. Осы соңғы екі сыпатынан қарағанда, әлгі төртеуі қазақ әдебиетінің көшпелі дәуірінің ақындары деп саналуға тиіс.

Көшпелі деп ауызшадан жазбаға қарай көшкенін айтамыз. Мана сол замандағы ой ойлаған адамдардың ойында болған өзгерісті, сөздерден туған жаңа күйді айтамыз.

Әдебиеттегі бұл көшпелі дәуір қазақтың жалпы тұрмысындағы, тарихындағы көшпелі дәуірмен жалғасып келеді. Қол ұстасып қатар келді, егіз болып туды деуге болады. Қазақты патша саясаты билеп алған, қол-аяғын байлап, бағындырып алған, дерін алып өзінің төрелерін қазаққа ұлық қыла бастаған отаршылдық әрекетін күшейте бастаған, дінінен айыра бастаған уақытына келеді.

Сыртқы өмірдің осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, қайғы басқан, сөзінен, өлеңінен, әнінен бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман, заршер, қайғы басқан.

Сондықтан әдебиеттегі көшпелі дәуір де осындай мұңды күйден құралған. Осы ретпен қарағанда, Шортанбай жазған “Зар заман” - әдебиеттегі, тарихтағы көшпелі дәуірдің зор айнасы. Бұл өлеңнің ішінде қазақ тұрмысына жанасқан кемшіліктің айтылмағаны жоқ деуге болады. Патша ұлығынан бастап, қазақтың өз ішіндегі берекесіздігі, бұрынғы мінезден айырылып бара жатқандығы, дінін жоғалтып, жастарының азып бара жатқандығы, - барлығы да зарлы сарынмен айтылып өтеді...

...Осындай қайғы, уайымның сарыны Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінде де көп кездеседі. Бірақ мұнда алдыңғылар сияқты шексіз уайым болса, мұнымен араласқан жалпы дертке ем іздеудің талабы да бар. Аурудың емі мынау деп, ашып айтып, бір нәрсені шешіп бермесе де, бірде дінді, бірде оқуды, бірде таза адамшылықты ем қылым ұсына бастаған Алтынсарин.

Көшпелі дәуірдегі ақындардың бәрінің жайынан айтатын сөз – бұлар өз заманының бел баласы. Олардың заманы – қараңғыда сипалап сенделудің, қиналудың заманы. Ел дертіне не нәрсенің ем екенін білмей, бірі дінді, бірі ескілікті жақтап, бірі орыс ұлығын жамандап, бірі қазақты жамандап, түпкі дертті таба алмай жалпақ адасқан заман.

Сондықтан ол дәуірде күншығыстың діни дерті – религиозный мистицизм де байқалады, ұлтшылдық та сезіледі, болымсыз өнершілдік те көрінеді.

Бірақ осылардың ешбірі де жеңген емес: бір жерге тоқтаған тілек жоқ, бір қалыпқа түскен бет жоқ. Әр жерде әркім өз ауруымен қиналуда, ыңыранып, зарлануда болған.

Мінеки, көшпелі дәуірдің айрықша мінезі – осы. Сондықтан ол мезгіл көшпелі дәуір деп аталады. Бірақ ол дәуірдің ақындары жазба әдебиеттің басы екендігі даусыз. Себебі бұлардың өлеңінде ел тұрмысының бұрынғы айтылып жүрген жалғыз қызығы мен желігінен басқа, тұрмыстағы негізгі дерт, негізгі себептер айтыла бастаған. Ел күндегі өмірі, күндегі сезімі, күндегі ойыменен әдебиет шеңберінің ішіне кіре бастаған. Абайды әдебиеттің басшысы дегенде, осындай кейінгі дәуірді еске алып айтамыз. Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы; тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан.

Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың ойын тәрбиелеген.

Бұдан соңғы бір үлкен қызметі – қырдағы қалың қазаққа Европа мәдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы – Абай.

Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында, бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған.

Абайдың барлық өлеңі- қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш: қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі.

Абайдың өлеңін ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері – мұнда сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ, оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар. Бұрынғыдай әр нәрсені ем көрген далбасалықтың орнына, Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысынан болса да, Абай өз емін айтып кеткен.

Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу деп білгендіктен, Абай ел ішіндегі көпшіліктің мінезін өлеңменен суреттеп, белгілі типтерді де көрсеткен. “Мәз болады болысың”, “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ”, “Болыс болдым, мінеки” деген өлеңдерінің бәрінде де қырдағы әрбір таптың адамдарының мінезін сипаттаған.

Абай өлеңінде кездесетін мұң мен зар болса, ол бұрынғы зардың сарқыты емес, өз жүрегіндегі сырын айтқан сыршылдықтың сарыны. Бұл да – Абай өлеңіндегі жаңа түрдің бірі.

Мінеки, бұл айтылған түрлердің бәріне қарағанда, Абай өлеңіндегі беттеген бағыт, құлаққа естілген сарын ненің сарыны екені байқалады. Ол – ашық тілек, айқын ұғымның, здоровый реализмнің сарыны. Әдебиетте жұрттың тілегі айқын көрініп, беттеген беті ашық білінген соң, көшпелі дәуір бітеді.

Абай ол дәуірдің ақыны емес екендігін өз өлеңінде де айтып кеткен. Сондықтан өлеңді бастағанда, ескіліктің ақындарымен арбасудан бастайды. Рас, олармен ұрысу Абайдың қатысы шығар, өзін тапқан енесін тепкенге ұқсар-ақ. Бірақ ол ұрысу – ескіліктің бетіне қанағаттанбай жаңадан бет іздеудің белгісі болатын. Сондықтан ол қатасы Абайға кешіріледі.

Абайдан басталған сол реализмнің сарыны қазақ әдебиетіне осы күнге шейін жол болып келе жатыр. Рас, бұл жолда кейбір бір ағым күшейіп, кейде жалпақ жарысқа ұқсап, бытыраңдылық күшейіп жүрген мезгілдер бар. Бірақ негізгі сарынға келгенде, қазақ өміріне тез боламын деген әдісіне, айналасына келгенде, қазақ әдебиеті Абай салған жолдан көп ұзап, өзгеріп кете қойған жоқ.

Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – “Қазақ“ газеті. “Қазақ” газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұтас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді.

Сондықтан бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде бұдан өзгенің бәрін қоя тұрып, бір саясат әңгімесіне жұмылудың жалғыз соған ғана үңілудің қалпында өтті...

“Қазақ” газетінің бетіндегі бағыт пенен тұтынған жол да осы ретпен жүрді. Жазылған ұсақ өлеңдер, әңгімелер, барлық мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көз-құлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда “Қазақ” газеті өз міндетін атқарады. Бірақ таза әдебиет көзімен қарағанда, “Қазақ” газетінің заманында қазақ әдебиеті бөлекше түр тауып, өркендеп кетіп еді деп айтуға болмайды. Затында тарихпен салыстырғанда, әдебиет саясат жүзіндегі бір беткей жұмылудың заманында көп жаңа түр тауып кете алмайды. Жаңа түр өзге жұрттың ізіне қарағанда, тұрмыс жүзіндегі қиқы-жиқылықтың, брожениенің мезгілінде көп туады. Сондықтан ол күндегі өте жас әдебиетте жаңа түрлерді іздеу де болған жоқ.

Жұрттың бәрінің сөзіндегі бір сарын жалғыз – ұлтшылдық сарыны болатын. Бұл турада ескіден келген тарауы, түрі көп ауызша әдебиетпен салыстырғанда, ол күнгі әдебиет ауданы тарылып, түрі азайып, солақай бір-ақ бетпен кеткен сияқты...

Бірақ “Қазақ” газетінің кезінде бұл ақындардың бәрі де сол газеттің бетін өздеріне бет қылып тұтынғаны даусыз. “Қазақ” газетінің басшылық дәуірі 1917 жылдың төңкерісіне шейін жүріп келді. Өзгерістің алғашқы жылдары қазақ әдебиетіне айрықша жаңалық кіргізген жоқ. Өзгеріске дейін жүріп келген “Қазақ” газетіндегі сарын бұл жылдарда қалпынан ауған жоқ, бұрынғыдай білініп отырды.

Бірақ бұл жылдардың жаңалығы - әдебиеттің беті өзгермесе де, түрі көбейе бастады. Қазақ тілінде пьесалар, әңгімелер жазыла бастады. Аз уақыт шығып тұрса да ғылыми, әдеби журнал болып “Абай” журналы азын-аулақ түр шығарды. Өзгерістің алғашқы жылдарындағы әдебиет қалпы осы болды. Жазба әдебиеттің Абайдан бергі дәуірін алғанда, жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді.

Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз күйі осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйіне айналып келеді. Бұдан басқа сезім жағына көбірек көз салған бірен-саран пьесаларда, соңғы жылдардың кішілеу әңгімелерінде бар. Жаңа басталып келе жатқан әдебиет дәуірінің бұл сияқты жұрнақтарында, көбінесе құлаққа ілінетін күй – сезім күйі. Бұлардың ішінде тіршіліктің суреті, әңгімесі аз болса, да, ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілтетін мұң мен шердің сарыны бар. Сыршылдық дәуірі, қай жұрттың болса да әуелгі кезде ескі ертегідегі жын, пері, жалмауыз, жез тырнақ сияқты жаратылысы тұманды, қараңғы заттарды жыр қылумен басталған. Қазақта да осының белгісі көрініп отыр.

Қазақ әдебиетінің бұл күнге шейін жүріп келген жолына қарағанда жаңа дәуір, жаңа үлгінің туатын кезі жеткендей. Жазба әдебиеттің жаңадан түбір тауып, ауданын кеңейтіп, келесі өрнекті дәуірге қарай аяқ басуы осы белгілерден басталса керек.

Қазақ әдебиетінің бұл дәуірі буыны бекіп, қатарға кірерлік әдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық-романтизм дәуірі болады.

Бұл арада біздің әдебиеттің өткен күні туралы айтылатын бір сөз: Абайдан бергі дәуірді орыстың реализм дәуіріндей, толық реализм дәуірі деп айтпаймыз. Ол уақыт қазақ әдебиетінің аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан кезі болғандықтан, толық реализм шартын көрсеткен жоқ.

Бұл мақалада ол дәуірде реализм болды деген сөз болса, ол өзге күйдің ішіндегі күштірек болған сарын сол деп айтылған. Әйтпесе, әр нәрсеге арналып айтқан ұсақ өлеңдерден белгілі дәуірді туғызатын ұзақ күй шығады деуге болмайды.

Қазақ әдебиетінің тарихы, бағыты жағынан айтылған осы сияқты азын-аулақ мағлұматқа қарап, барлық жазба әдебиеттің салмағын өлшегенде, қазіргі қалпын бағалағанда, айтатын сөз: біздің әдебиет әлі жас, әлі бойы өсіп жетілген жоқ. Өткен күніне қарап, келешегі зор десек, біздің әдебиет келесі күнде шығатын талай тұрғыларының біреуіне ғана жаңа-жаңа тырмысып келеді. Біздің ескі әдебиеттен қалған көп сарын, кең ауданның бәрі де жазба әдебиетке келіп, тарылып, азайып отыр. Жазба әдебиет бір беткейліктен арылса, жаңа арылайын деп, жаңа ғана қайтадан тарауланып, ауданын кеңейтейін деп отыр.

Болмаса ауызша әдебиет жасаған күлдіргі тип – Қодарды, қайғылы геройлардың типі – Қозы Көрпеш – Баянды, елдің зар-мұңының тілшісі – Асанқайғыны, еркелік-серкеліктің типі – Ақан серіні жазба әдебиет жасады ма? Әлі жасаған жоқ. Бұларды айрықша жан деп /тип деп/ ұға білген қазақ кейінгіні де ұға алады, ұқпақ түгіл өміріне үлгі қылып еліктеуге жарайды.

Ел ішіндегі бозбала Біржанның ақындығы мен салдығына, Ақанның серілігіне еліктесе, батагөй қария Асанқайғының қайғысына еліктесе, далада еркін өскен ерке қыз Сараның салдығы мен айтыс құмарлығына еліктесе, бұл еліктеудің Чайльд-Гарольдке, Печоринге еліктеген орыс жастарының мінезінен қай жері кем? Әдебиеттің қазақ мінезін түзеп, басшы болуына мүмкін екендігі осы белгілерден білінбей ме?

Олай болса, жазылатын пьесаларда, романдарда, әңгімелерде, поэмаларда қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін типтер жасау керек. Қазақ әдебиетінің ішіне қазақ өмірін түгел суретімен алып кіру - әдебиеттің ендігі міндеті. Бұл күнге шейін біз саяз жүзіп жүрміз. Қазақ әдебиеті өмірінің бетіндегі қаймағын жалап жүр. Бұрынғы әдебиеттің ішіне тазша бала менен жалшы сақау қатын да кірген болса, бүгінгі әдебиетке қалпақ киген, оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс. Әдебиет сол күнде ғана өмір айнасы, өмір тезі болуға мүмкін.



Р.Якобсон



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет