Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»


Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат



бет2/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат
Рахматы күшті раббымның атынан, бұл зерттеудегі біздің мақсатымыз – тұнық ой маржанын сүзіп, онымен танысқандарға философтың поэзия туралы айтқандарын түсінуге қол ұшын беру еді. Алайда біз аталмыш өнерге байланысты белгілі жайларды шиырлап, тәптіштеп жатпаймыз. Өйткені философтың өзі де софистика өнері, әсіресе поэзия өнері хақындағы тұжырымдарын аяқтаған жоқ. Бұның бір ғана себебі бар, оның өзі софистика өнері туралы толғамдарының соңында айтқандай, өзінен бұрынғылардан негізге алып, қағидаға айналдырып, жүйемен әсіре бағалайтын еш нәрсе таппаған. Сондықтан да сонша таудай талантымен дарқан дарынды бола тұрып философтың өзі де ширатып, пісірмеген нәрсені тәмәмдау талабы ақталар ма? Біз тек қана осы өнерді зерттегенде септігі тиер-ау деген қағида, сана салиқалылығын танытатын сөздерді атап өтудің дәл қазір мүмкіндігі туды деп есептейміз.

Жалпы айтқанда, сөздің мағыналы яки мағынасыз болмағы шарт. Алғашқысының ішінде кейі қарапайым, басқалары күрделі келмекші. Күрделі сөздің жай айтылуы да, тұспалмен жеткізілуі де мүмкін; әуелгісінің кейбірі көкейден шығады да, кейбірі олай емес. Ой көрігінен сомдалып шыққан сөздің шынайысы да, жалғаны да болады. Жалған айтылғанның ішіндегі кейбірі сөз барысында тыңдаушының зердесінде бейнеленіп, сонымен тікелей тұспалданса, басқалары бейнеленетін затқа байланысты ойда еліктеу туғызады, соңғысы жай поэтикалық қуаттың әсері. Еліктеудің кейбірі жетілген, кейбірі түбегейлі жетілген. Екеуінің жігін ажыратып зерттеу ақындар мен поэзия білімпаздарының міндеті, көптеген тіл мен диалектіде бұл хақында әр түрлі шығармалар жазылған.

Бұдан әрі ешкім “софистика” мен “еліктеу” екеуін төркіндес санамауы тиіс. Керісінше, олар кейбір арақатыста ерекшеленеді. Ең алдымен олардың мүддесі әр түрлі: софист тыңдаушы санасында болмыстан тыс, оған қайшы қайдағы бір елес туғызады; сондықтан, ол бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар деп ойлайды; ал оған қарама-қарсы еліктеуші тыңдаушысына үйлесімге орай ой түюге жетелейді. Оған сезім шарапатын тигізеді.

Мамыражай күйдегі адам кейде қиялға шомып, серуендеп жүргендей, жағадағы жапырлаған тынығушыларға қарағандай немесе жерде тұрып көктемгі бұлттардың жөңкіген көшін, қарабарқын аспандағы ай мен жұлдыздарды көргендей бір түрлі күй кешеді. Сезімді сиқырлайтын болмыс сондай. Егер адам айнаға, яки соған ұқсас жалтыр затқа қараса, онда жағдай оны сол затқа ұқсас нәрсені көріп тұрғандай топшылауға мәжбүр етеді.

Тұжырымды да басқаша, келесідегідей бөлген ғанибет. Ол да құптарлықтай, яғни, оған керісінші болуы мүмкін. Егер пайымдау діттеген жерден шығып жатса, үйлесімді не оған кері болады. Егер ол үйлесімді болса, онда болмыстағыдай қисынды болса ол не қорытынды, не еліктеу. Еліктеу дағдыдағыдай поэзия өнерінде қолданылады. Поэтикалық пайымдау дегеніміз – еліктеудің өзі.

Үйлестікті де басқа пайымдау тәрізді, өз бетінше бөлуге болады. Пайымдау не толық шынайы, не толық жалған, не шынайылау, бірақ ішінара жалған, не керісінше шынайы мен жалған барабар келеді. Егер көбісі шынайы болса, пайымдау басым да, шынайылық пен жалғандық тепе-тең болса даулы болады, көбісі жалған болса, көпірме, толық жалған поэтикалық софистика болып шығады. Бұл талдау поэтикалық пайымдау не басым, не дәлелдемелі, не көпірме желбуаз, не софистикалық болмайтынын көрсетеді. Сөйтсе де, ол силлогизмнің немесе пост-силлогизмнің түрі деп есептелінеді (“Пост-силлогизм” дегенде мен түйінділік, бейнелілік, түйсік, үйлестік, т.б. секілді әсер күші бар нәрсені айтамын. - Әбунәсір әл-Фарабидің өз түсініктемесі).

Біздің жазбамыздың осы жеріне жеткенде ақындық түйіндеудің әр қилы түрін белгілеу ләзім. Ақындық түйіндеуді өлшеміне, яки мазмұнына қарай топтау мүмкін. Өлшеміне қарай топтау әуенділікке немесе екпінге, тұжырымдау қай тілде екеніне байланысты, сонымен қатар музыканың деңгейіне де қатысты. Мазмұнына қарай ғылыми тұжырымдау тап басып болжау, поэзияны талдаушының, поэтикалық мәнді зерттеушінің, әр түрлі халық поэзиясы мен оның әрбір мектебін білетіндердің характеріне кіреді. Ондай араб пен парсы поэзиясын бүге-шігесіне дейін білетін білімдарлар біздің кезімізде де өмір сүріп отыр. Кітап та жазып жүр. Олар поэзияны сатира, поэтика, айтыс, комедия, газел, жұмбақ және басқаларға бөледі. Сөйтіп, өз кітаптарында әр түрлі топты келтіреді, оған көз жеткізу онша қиын емес, демек, біз мүлдем кең көсіліп, негізгі нысанадан ауа жайылмаймыз.

Басқа мысал келтіреміз. Біз білетін қазіргі және ежелгі халықтардың көптеген ақыны фабула мен өлшем арасын шектемейді, сонымен қатар ақындық тақырыпқа ерекше өлшем қоймайды. Бұдан тек ежелгі гректер ғана тыс тұр. Олар әрбір ақындық тақырыпқа ерекше өлшем қолданған. Оларда пэонның өлшемі сатира өлшемінен, ал ол комедия өлшемінен тіптен өзгеше. Соған қарамастан басқа халықтар мен тайпалар пэон үшін де сатираға, т.б. қолданатын өлшем түрін қолданады, сөйтіп, өлшемнің көпшілігі жалпы болып есептеледі және олар әрбір топты ежелгі гректер сияқты мұқият топқа бөлмейді.

Енді біз грек поэзиясы түрлеріне тоқталамыз.

Философтың поэзия өнеріне байланысты тұжырымдарында келтірген топтауына сәйкес өз ретімен келтіре кеткен жөн. Грек поэзиясы мен сипаттағандай, төмендегі топқа бөлінеді:

1. Трагедия 8. Сатира

2. Дифирамб 9. Поэмата

3. Комедия 10. Эпос1

4. Ямб 11. Риторика

5. Драма 12. Амфигеноссос (космогония)

6. Эпос 13. Акустика

7. Диаграмма

Трагедия дегеніміз – арнайы өлшемі бар, бәріне тыңдаушыға һәм айтушыға да ләззат беретін поэзия түрі. Онда еліктеуге тұрарлық, үлгі алар орайлы оқиға бар; онда билеушілер мен шаһар манаптары мараптатталады. Орындаушылар әдетте оны патшазадалар алдында келістіріп айтып береді. Егер патша өлсе, олар трагедияның орнына кейбір әуен қосып, марқұмды жоқтайды.

Дифирамб – трагедиядан екі есе артық өлшемі бар поэзия түрі. Онда да жалпы бекзаттар жайлы, марапаттарлық мінез, адамзатқа тән ізгі жайлар айтылады. Дифирамбыда да көбіне қайсыбір патшаларды мақтауға талпынады, бірақ, негізінен жалпы ізгі істер тілге тиек етіледі.

Комедия болса ерекше өзіндік өлшемі бар поэзия түрі. Оған кейіпсіз, келеңсіз жайлар арқау болып, жеке адам мінез-құлқының көлеңкелі көріністері шенеледі. Кейде адам мен хайуанға тән құлықтың, сонымен қатар сыртқы ұсқынсыз тұрпаттың нышандары келемежделеді.

Ямб – ерекше өлшемі бар жыр түрі. Онда жалпыға мәлім жағымды, жағымсыз жайлар айтылады, ең бастысы, ол көпшілікке кеңінен аян болуы тиіс: мәселен, мақалдар. Жырдың бұл түрі тайталас бәсеке мен соғыста, ашу мен беймазалық үстінде қолданылады.

Драма алдыңғы түр сияқты, оған жеке есімдерге қатысты мақалдар мен қанатты сөздер кіреді.

Эпос – мейлінше көркем немесе әдеттен тыс эмоциялық күшімен ләззат беретін поэзия түрі.

Диаграмма - заң шығарушылар қолданатын поэзия түрі. Онда адамдар жанын күтіп тұрған бақи бқытсыздық бейнеленеді (егер олар бейәдеп һәм шектен шыққан болса).

Эпика мен риторика – ежелгі басқару мен заң формаларын жырлайтын поэзия түрі. Бұнда патшалардың парасаты мен ерлігі, жорықтар мен бастан кешкен қызықты жайттары айтылады.

Сатира дегеніміз – музыканттар ойлап тапқан поэзия түрі. Осы өлшемді олар әндеріне пайдаланып, сол арқылы жабайы хайуандарға әдеттегісіне ұқсамайтын сан алуан қимыл жасатады.

Поэма да – сұлулық пен тұрпайылықты, жүйелілік пен бейберекеттілікті жырлайтын поэзия түрі. Осы орайда әр поэзияның түрі өзі жырлайтын затқа – сұлулық пен әдемілікке, келістілік пен ұсқынсыздыққа сәйкес келеді.

Амфигеноссос – жаратылыс ғылымдарын баяндайтын оқымыстылар ойлап тапқан поэзия түрі. Поэзияның барлық түрінен өлең өнеріне дәл келетін сәттісі осы.

Акустика – шәкіртті музыка өнеріне үйрететін поэзия түрі: оның пайдалылығы осымен шектеледі, өзгеше онша қажеті жоқ.

Поэзия білгірлерінен алып Фемистияға бағыштаған философ Аристотельдің тұжырымдарынан оқығанымызды, сонымен қатар бұрынғы жазушылар мен олардың еңбегін түсіндіретіндерден түйгенімізді топшылағанымызда грек поэзиясының кейбір түрлері осындай. Және бұл түрлердің тізіміне қатысты тұжырымдарымызға қосымша пайымдауларымыз айтылады. Енді біз оны жөн санағандықтан да сол күйінде мазмұндар береміз.

Ақындарды үш топқа бөлген абзал. Біріншісінің табиғи дарыны, өлеңді жазып, келісті оқуға қабілеті бар: олар поэзияның көптеген түрінде, не қайсыбір жеке түрінде бейнелілікке, тамаша теңеулер құруға керемет бейім. Бұл ақындар қандай болғанда да өлең өнерінің сын-сипатымен онша таныс емес, тек алғырлығы мен бейімділігі арқасында жырлары ұшқыр, жүрекке жылы тиіп жатады. Бұл ақындардың туындылары мүлде кемеліне келмегендіктен һәм өнерден берік қоныс теппегендіктен, шын мәніндегі екі ой қорытындысынан үшінші қорытынды туындататындар қатарына жатпайды; тек олардың жалпы поэзиямен айналысатынына қарап, екі ой қорытындысынан үшінші қорытынды туындататындарға қосқанның жөн-жосығы келеді.

Екінші топтағы ақындар - өлең өнерімен толық таныс: қай тәсілді таңдамасын, олар қағиданы да, бейнелеу құралының да қайсысына болсын жетік келеді. Бұндайларды екі қорытындыдан үшінші қорытынды жасайтын ақындар сапына толық жатқызуға болады.

Үшіншілердің қатарына ақындар мен алғашқы екі топтағының шығармаларына еліктейтіндер жатады. Олар бейнелеу мен теңеуде әлгілердің ізденістерін дамытып отырса да, поэзияның қағидаларына онша қанық емес. Осындай ақындарда қателіктер мен мүлт кетулер жиі болып тұрады.

Үш топқа жататын ақындар шығармалары табиғи дарынмен немесе арнайы жаттығу жағдайында туындауы ләзім. Жоқтау жазуға икемделіп, төселген адамды кейде жағдай сатира немесе басқа поэзия түрлерін де жазуға мәжбүр етеді. Сондай-ақ өнерді зерттеп, белгілі поэзия түрін меңгеріп, басқаларға немқұрайды қарамайтын жанды, ерекше себептерге байланысты - өзі білмейтін түрде жазуға сыртқы не ішкі жағдай итермелейді. Дегенмен, ғажап поэзия еркіндікте тумақ.

Одан әрі ақындар өлең жазуда кемелденгендігімен не балаңдығымен айрықшаланады: бұл құбылыс шайыр ойының әсерімен, не оқиға өрбітумен, не өлең тақырыбына байланысты пайда болады. Ал алғашқылармен салыстырғанда ақын идеясы өте-мөте пайдалы, кейде залалды болуы мүмкін, өйткені қажетті психологиялық шарт кейде басым, кейде тіпті жоқ болмақ: дегенмен, аталмыш тұжырымда бұған қатысты уақ-түйекке іркілгеніміз дұрыс: қалай болғанда да, бұл этика мен физиологиялық жай-күй, оның жеке салдары туралы кітаптарда айқын келтірілген. Зады, өлең тақырыбына аялдағанда, кейде ұқсас заттарды өзара теңегенде, ұзақ сонарға түсіп кетеміз, ал басқа жайда өзінен-өзі көрініп тұр ғой. Бұндай сәтте ақын кемелділігі мен балаңдығының темірқазығы – заттардың ұқсастығының түр-түсіне қатысы бар.

Кейде қайдағы бір әрі-сәрі дәлдүріштердің нағыз шебердің туындысына бергісіз керемет өлең шығаруы таң қаларлық емес. Бірақ оның себебі тек сәйкестік пен кездейсоқтықтан деп білген дұрыс, ондайларды екі қорытындыдан үшінші қорытынды жасайтындардың сапына жатқызуға әсте болмайды.

Теңеу де өз көркемдік дәрежесімен ерекшеленеді. Бұл заттың – тақырыптың өзінен туындайды, теңеу дәл келе ме, жоқ, жуықтай ма немесе бір-бірімен тым алшақ екі затты қосымша кейіптеу арқылы суреткерге тән тәсілмен ұқсастыру - әрбір ақынның шеберлігіне байланысты. Мәселен, ақын А мен В, В мен С-ны айқын көрініп тұрғандай салыстырады, өйткені, А мен В арасында ұқсастық белгілері мен сәйкестігі, В мен С-ға да барабар. Сонымен ол А мен С бір-бірімен соншама алыс бола тұрса да, тыңдаушы мен айтушыға оның ұқсастық идеясын жеткізіп беретіндей етіп баяндайды. Дәл мұндай әсерді тек өнер кемелдігі ғана шақыра алатыны кәміл. Бұған ұқсас мысалды қазіргі ақындар тәжірибесінен мол ұшырастырамыз; олар жыр жолының соңына ұйқас үшін сөз қоярда тіркес алдына соның мәнін ашатын сөз таңдайды. Онысы шынында да шұғылалы сезімге бөлейді.

Енді осы өнер біліктері мен суретші арасында кейбір сәйкестік бар екенін еске сала кетеміз. Өлең өнері сөзбен, ал сурет (жанды жазу) өнері бояумен құлпырады, олар осымен ғана бөлек; ал іс жүзінде екеуі де ұқсас; екекуі де адам сезімі мен ойына еліктеудің көмегімен әсер етеді.

Сонымен өлең өнері ілімінің жетістігін зерттеу үшін осындай жалпы қағидалардың пайдасы бар. Осыларды жеріне жеткізе талдауға да болар еді; тек ондай қаракет аталмыш өнерде басқа өнердің есесінен бір жақсы мамандануға ұрындырады; сол себепті ол бұл тұжырымның үлесіне жатпайды.

Осымен, Әбунәсір Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тарханның өлең өнерінің қағидалары туралы жазған трактаты тәмам болады.



Г.В.Ф.Гегель

Эстетика туралы лекциялар
Поэзия өз бойына ішкі рухани әлемнің барлық ерекшеліктерін жинақтаған, пластикалық өнер түрлері мен музыкаға да тікелей байланысы бар сөз өнерінің түрі. Бір қырынан алып қарағанда, поэтикалық өнерде музыкадағы сияқты сәулет, мүсін, кескін өнерінде мүлдем көрінбейтін ішкі әлем мазмұны көрінеді. Екінші жағынан, рухани дүние ауқымында поэзияның өзі көңіл-күй алмасуларын, сезім әуендері мен үрейді, қандай бір оқиғаның шиеленісуі мен шешімін бейнелейтін, басқа өнер түрлеріне тән емес кең түрдегі объективті әлемді туындатады.

Өзге өнер түрлеріне қарағанда, сөз өнерінің мазмұнға қарым-қатынасында еркін тыныс бар. Кез келген мазмұн, рух пен табиғаттың барлық белгілері, оқиға, тарих, қарым-қатынас, сыртқы және ішкі қалып поэзияда түрленіп, мазмұнға ие болады.

Поэтикалық қиял, бізге белгілі көркемөнер түрлеріндегі сияқты, дерексіз жалпылама ойлар мен айқын сезімдік белгілер арасындағы қатынасты берік сақтау керек.

Поэзия енді белгілі көркемдік формамен түбегейлі байланысты емес, дегенмен кез келген формада кез келген мазмұнға ие бола алатын жалпылама өнер түрі болып қалады. Жалпылама өнер белгілі дәрежеде қиялдан алшақ кетпейді. Көркем туынды мазмұнында көркемдік қиялдың өзі негізгі материал болып қалатын жағдайда да бар. Бұл өнердің барлық ерекше формасы мен жекелеген өнердің жалпылық негізі.

Поэзияны шығармашылық ретінде емес, шынайы сезімнің ішкі рухани әлем аясындағы әрекеті түрінде түсінуге ұмтылған жөн.

... Поэзия философиялық таным үшін діни түсініктерді, прозаға ғылыми ойлауды негіз ретінде табатын, бір мезгілде бірнеше өнер түріне әсер ететін еркін өнер.

Рухани дүниенің толысуы мен жаңғыруы үшін поэзия тамаша тұтастық, өнер үшін ең соңғы қабат болып табылатын рухани әлемнің кемшін тұстарын толықтырады.

Г.Э.Лессинг

Лаокоон немесе кескін өнері мен

поэзияның шекарасы туралы
Біріншіден, поэзия мен кескін өнерінің ұқсас құбылыс екенін алғаш аңғарған адам нәзік сезім иесі болса керек. Өзара қатысты нәрселердің бір-біріне жақын келсе, шындыққа айналатыны, тіпті шындық алыстаса да әсерлендіретінін ең бірінші болып көрсетті. Екіншісі, бұл әсерлердің ішкі болмысына терең үңілу арқылы олардың қайнар көзі біреу-ақ деген түйін жасайды. Яғни, әдемілік тәннен ғана көретін, тек түрге қатысты нәрсе емес оқиға мен идеяға да қатысты дейді. Үшіншісі, бұл екі белгіден басқа жалпы ережелердің мәні мен қолданылуы туралы ойлана отырып, бұлардың бірі кескін өнерінде үстем болса, басқалары поэзияда басым екенін аңғарған. Тіпті кей жағдайда поэзия кескін өнеріне түсіндіру және үлгі болуда көмектессе,кейде кескін өнері поэзияға көмекке келеді деп тұжырым жасады.

Аталмыш үшеудің біреуі - өнерді сүюші болса, екіншісі – философ, үшіншісі – сыншы еді.

Алғашқы екеуі алған әсері мен тұжырым түйіндерін жай айтса, сыншы ісі басқаша талдау. Бұл жерде ең маңызды нәрсе эстетикалық бастауларды кейбір жағдайларға дұрыс пайдалану.

Егер Аппалес пен Протоген өнер туралы шығармаларында поэзия ережелеріне сәйкес заңдылықтарды нақтыласа, әрине, бұл сол тұстағы нақтылық пен сезінуге байланысты еді. Аристотель, Цицерон, Гораций мен Квинтилиан туындыларында да өнерге қызылтілділік және поэзияға кескін өнерінің тәжірибесі мен заңы тән болып көрсетілген.

Біздер, яғни жаңа өкілдер, айтылған көзқарастардың дүдәмал тұстарын тауып, өңдеп, саралауымыз керек.

Гректік Вольтердің тамаша шендестіруі мынадай: кескін өнері– мылқау поэзия, ал, поэзия – сөйлейтін кескін өнері. Мұндай тауып айтылған болжамдарды Симонидтан да кездестіруге болады. Симонид нақты емес, жалған нәрселер өнер түрлерінде айтылмай түсіп, қалатынын да ескерткен. Ол ойларын нақтылай отырып, өнердің барлығының адамға әсер етуінің ұқсас белгілерін саралап көрсетуге ұмтылады.

Ал, жаңа тұрпаты сыншылар айырмашылықтарын ескермей, кескін өнерінің ауқымында поэзияны қалыпқа салғандай етіп қарастырады. Бұл ойды алға тартатындар ақын мен суретшінің шығармашылық барысындағы кемшілігін бір ауқымда сынға алады.

Бұл жалған сын өнер адамдарын сүріндірді. Олар поэзияны сипаттап көрсету бағытында тудырып, кескін өнерін аллегориямен бейнелеуге, сөйлейтін картина жасауға тырысты. Бұл поэзияның бейнелеуге бейім және міндетті екенін түсінбеу. Екіншілері поэзия нақтылы емесін, оған көзге көрсету міндетті емесін ұғынбады.

Сөз соңында мынадай мәселелерге арнайы тоқталу керек: кескін өнерін бейнелеу өнері деп түсіну қажет. Бұл поэзияны жоққа шығару емес, оның өзіндік мәні мен бағыты бар.

Қазір өнер шекарасы төтенше түрде кеңейді. Ол барлық көзге көрінетін табиғат бейнесін әдемілігі шамалы болса да бейнелеу нысанасына алады. Ақиқат пен айқындылық оның ең басты заңы, табиғаттың өзі әдемілікті биік мақсаттың құрбандығына шалады. Сол сияқты суретші де өзінің негізгі мақсатын танытуды шындық пен айқындылық аясында жүзеге асыруға ұмтылуы қажет. Сонда ғана табиғаттағы ең жеккөрінішті нәрсе нақтылы ақиқаттың арқасында өнерде тамаша көрінеді.

Суретші мен кескіндеуші өзгермелі болмыстың бір ғана сәтін немесе мезетін нысанаға алады. Ол көз алдымызға келгендіктен, оны бірнеше мәрте қайталап көре алатындығымыздан оған нақты пікір де айта аламыз. Табиғаттың ерекше сәтіне көз тоқтата отырып, біз пікірімізді тереңдете аламыз. Ой неғұрлым күшті әрекет етсе, соғұрлым біздің қиялдауымыз арта түседі. Ең жоғарғы қысым сәтінде сезім бейнеленеді. Қиялды бір бағытта қарастыру – оның қанатын байлау, әрі оны толық түрдегі еркіндіктен ада әлсіз бейнелермен қанағаттандыру деген сөз. Сондықтан Лаокоон ыңырсығанда оны жеңіл түрдегі айғай сияқты елестетеді, бірақ ол айғайлаған болса, фантазия бір саты жоғарыламай, керісінше, төмендейді. Лаокоон көрермендер алдында қызықсыз, әрі аянышты көрінбейді. Көрермендерге екі талдау қалған: Лаокоонды ыңырсығанда немесе өлі қалпында елестету...

Айғай шақыратын күшті ауыртпашылық не тоқталуы керек, не өз құрбандығын құртуы керек. Сондықтан да ұстамды, мықты көрінген адам кенеттен айқайласа, оның үздіксіз айғайлауы мүмкін емес. Егер үздіксіз айғайласа, мықты адамды өнер туындысында әйелдік әлсіздікпен немесе баланың шыдамсыздығымен бейнелеуге айналдырар еді.

Суретші тән ауруын көрсеткенде, Лаокоонды бейнелеуде белгілі өлшемді пайдалануға тиіс болды. Әрине, бұлар өнердің осы түрінің барлық мүмкіндіктерін, өзіндік белгілерін, оның шекарасы мен талаптарын сақтай отырып жүзеге асатынына тоқталғым келеді.

... Ақын тән сұлулығының бейнеленуін, сыртқы болмыстың өзіне қажетті жақтарын көріп, тани алады. Кейде ақын сыртқы болмысты суреттемеуі де мүмкін. Вергилийде Лаокоон айғайлағанда аузы міндетті түрде кең ашылады, ал бұны әдемі емес деп көр. Сұмдық айғай есту үшін ғана қажет, көзбен көру үшін мүлде керексіз. Осыдан келіп ешқандай әсер тудыра алмаған көрермендік бейнені кім талап етеді деген пікір туады.

Ақыннан картинадағы мезетті бейнеле деп ешкім сұрамайды. Ол егер қаласа әрбір әрекетті алып соңына дейін жеткізе алады. Суретшінің айрықша туындысындағы түр-әлпеттегі өзгерістер ақын үшін бір ғана штрих болуы мүмкін. Оның үстіне тағы бірнеше штрихты алуы да мүмкін.

Вергилийдің Лаокооны айғайлайды. Бұл Лаокоон – біз сүйіспеншілікпен қарайтын, алысты болжайтын патриот және нәзік сезімді әке. Лаокоонның айғайын оның мінезімен, қасіретімен түсіндіре аламыз. Айғайын естірту арқылы ақын бізге оның қасіретін көрсетеді. Суретші оны айғайлауға жібермесе, ақын айқайлату арқылы болмысын танытады. Бұл үшін оны ешкім де сөкпейді.

Бұл жерде Вергилий – эпик. Ал, біздің талқылауымыз драматургия ауқымына келе ме? Актерлер арқылы өмірді кескіндейтін драма кескін өнеріне жақын болуы міндетті. Бұдан біз Филоктет айғайын көреміз, әрі естиміз және актер табиғатқа барынша жақын келеді, неғұрлым біздің көруіміз бен естуімізге әсер етеді.

Гомерде болмыс пен әрекет екі түрлі болып кездеседі: көрінетін және көрінбейтін. Бұл кескін өнеріне жат, онда бәрі де көрінеді.

Өмірді бейнелеу тұрғысынан ақын суретшіден жоғары тұрады. Ашулы Апполон садағы мен қорамсағын асынып, Олимп биігінен түсіп келеді. Мен көріп қана тұрғаным жоқ, оның қалай жүріп келе жатқанын естіп те тұрмын: әрбір адым құдайдың арқасына соғылған қорамсадағы жебе сыңғыры мен қоса естіледі. Міне, ол қарама-қарсы отырып улы жебесін итке, одан соң адамдарға бағыттады. Ақынның үнінен естілер әуенді музыка да жеткізе алмайды, картина да бейнелей алмайды. Бұл – поэзияның ешкім аңғармас мүмкіндігі.

Осының бәрін қортындылай келе өз көзқарасымды білдіремін: кескін өнері – дене мен бояуды көп пайдаланса, поэзия - өз уақытымен мүшеленген дыбыстар жүйесін қабылдайтын, сезімді бейнелеу арқылы әсер қалдыратын, таныту белгілері бір-бірінің ізімен көрініп отыратын әрекеттер жүйесіне құрылған өнер түрі.

Тізбектеле көрініс беретін нәрсе – дене деп аталады. Дене өзінің көрінетін белгілерімен кескін өнеріне тән.

Тізбектеле іске асатын нәрсе - әрекет деп аталады. Әрекет поэзияның белгілерін құрайды. Барлық дене кеңістікке ғана емес уақытқа да тән. Оның тіршілік етуі ұзаққа созылады және ауыспалы сипатта болады. Осы әрбір мезеттегі ауысу, өзгеріске себеп болады да, әрекеттің негізгі орталығы болады. Бұл тұрғыда кескін өнері дененің көмегі арқылы әрекетті бейнелеуі мүмкін.

Екіншіден, әрекет өз-өзінен жүрмейді, белгілі бір тіршілік иесімен үйлеседі де денені шығарады. Поэзия әрекеттің арқасында денені де бейнелейді.

Өнер туындысында әрекеттің бір ғана сәтін бейнелеуге болады, сондықтан ең маңыздысын, мәндісін, келесі әрекетті аңғарта алатын сәтті таңдай білу қажет. Сол сияқты поэзия да дененің өзіндік даралығын танытатын сәтін ұстай білуі керек. Бұл әсерлілікті арттырып, нақты жағдайда керекті нәрсені көрсете білуді танытады.

Осыдан барып кескін өнерінің айқындаулары мен деректі нәрселерді сипаттау бірлігі туралы ереже туындайды...

Н.Г.Чернышевский

Өнердің болмысқа эстетикалық қатынасы
Өнер атаулының ішіндегі ерекше тұратын өз бойына өнердің барлық теориялық мәселелерін жинақтаған поэзияға келейік.

Басқа өнер түрлеріне қарағанда поэзияның биік тұратынына дау жоқ, өйткені өзге өнер түрлері поэзияның айтарын бізге жеткізе алмайды. Бірақ, бұл көзқарас біз назарымызды поэзияны туындатқан жеке әсердің ықпалына аударған кезде мүлде өзгеруі мүмкін. Екінші жағынан, өнердің өзге түрлеріне де қатынас өзгеруі мүмкін.

Өнердің поэзиядан өзге барлық түрлері тікелей сезімге әсер етсе, поэзияға қиялға /фантазияға/ әсер етеді. Кей адамдардың қиялы /фантазиясы/ әсершіл әрі ширақ. Кәдімгі ақыл-ойы жеткі адамдарда қиял, сезімдік тұрғыдан қарағанда әлсіз әрі көмескі. Осы қырынан алып қарағанда поэзияның субьективті әсері өнер атаулыдан және шындықтан біршама алшақ жатыр.
А.Байтұрсынов

Көрнек өнері
Көрнек өнері бес тарау болады:

Бірінші – тастан, кірпіштен, ағаштан, яки басқа заттан сәнін келтіріп, сәулетті сарайлар, мешіт, медресі, үй, там сияқты нәрселер салу өнері. Бұл сәулет өнері болады (европаша архитектура).

Екінші – балшықтан я металдан құйып, тастан я ағаштан жонып, нәрсенің тұлғасын, тұрпатын, сын-сымбатын келтіре сурет жасау өнері – бұл сымбат өнерлі болады (европаша скульптура).

Үшінші – түрлі бояумен нәрсенің ісін, түрін, түсін, кескінін-келбетін келтіріп, суреттеп көрсету өнері – бұл кескін өнері болады (орысша живопись).

Төртінші - әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері – бұл әуез өнері болады ( европаша музыка).

Бесінші – нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері – бұл сөз өнері болады (қазақша асыл сөз, арабша әдебиет, европаша литература).

Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. “Өнер алды – қызыл тіл” деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама-қадырынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреткер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді...

Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге.

Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау.

Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек...

Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз.

Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да тіл (я лұғат) деп аталады.

Шығарма тілі екі түрлі болады: 1) ақын тілі, 2) әншейін тіл. Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылған сөз; әншейін тіл – ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен, лебіз өрнегі болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде, сөзге өзгеше өң берілмегендігінен, лебізсіз де жалаңаш болып шығады. Сондықтан алдыңғысы көрнекі лебіз деліп, соңғысы жалаң иә көсе лебіз болып айтылады.

Сөз өнері деп, асылында, нені айтамыз?

Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келтіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз – осылай шығарған сөз. Сөзді бұлай етіп шығаруға көп өнер керектігі жоғарыда айтылды. Сөз шығару өнерді керек қылса, өнер ғылымды керек қылады. Мұнан сөз өнерінің ғылымы туады...

Е.Франко



Көркем шығарманы аналитикалық
Суреткер табиғаты
Мағжанның ақындығы туралы
Ақан серінің сөздері
Көркем мәтін құрылымы
Поэзияны тегі мен түріне қарап бөлу
Көркем аударма мәселелері
Комедияның жанрлық ерекшеліктері
Лирикалық жанрлар
Халық әдебиетінің мазмұны
Көркем реализм туралы
Стилистика және өлең құрылысы
Хіх ғасырдың аяғындағы әдеби тіл
Идея және стиль



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу