Әдептілікке тәрбиелеу (оқу-әдістемелік құрал) Дайындаған: Қапарова Ж. У



бет10/89
Дата05.02.2022
өлшемі5,38 Mb.
#15828
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   89
Ана алғысы

Шешесі жұмысқа кетерде Кенжебекті ересектерге тапсырып:


– Ойнатыңдар, емізікпен сүт беріп тамақтандырыңдар, жаялығын суласа, ауыстырыңдар, ұйқысы келгенде ұйықтатып, демалдырыңдар, өздерің шуламай, тату ойнаңдар, – деп ұғындырып жатты.
Ересегі Ақлима Кенжебекті түрлі ойыншықтар беріп ойнатты. Шөлмекке сүт құйып, емізікпен тамақтандырды. Содан кейін арбаға жатқызды. Жаялығы суланып қалып еді, тазасын салып, суланған жаялықты шайып, жуып, жайып қойды.
Бұл кезде Болатбек арбаны қозғап, тербетіп, Кенжебекті ұйықтатты. Екеуі шуламай ойнап, ақырын ғана сөйлесіп жүрді.
Шешесі түскі үзіліске келді.
– Менің Кенжебегім не істеп жатыр? – деп сұрады үйге келген бетте-ақ.
– Кенжебек ұйықтап жатыр. Біз сенің айтқаныңның бәрін орындадық. Оны жылатқанымыз жоқ. Ойнатып, ұйықтатып қойдық, – деді екеуі жарыса сөйлеп.
– Міне, жақсы балалар сөйтеді. Кішісіне қамқорлық жасап, шешесін іздетпейді.
Еңбегін бағалаған жылы сөзге, ана алғысына балдырғандар мәз болып, қуанып қалады.

М. Төрежанов


Мейірімді қыз

Бірде кеңсеге келе жатып, көшеден ойыншық тауып алдым. Қуыршақ. Басына көк тақия, үстіне ақ көйлек кигізіп, күнтитіп қойыпты.


«Бір балақай ойнап жүріп ұмытып кетті-ау», – деп жан- жағыма жаутаңдай қарадым. Көшенің оң қапталында қызыл қақпадан төрт-бестер шамасындағы қыз бала жүгіріп шыға келді.
«Е, қуыршақ осы баланыкі болды...» Мен солай қарай жүрдім.
Дөңгелете қиған қара шашы желбіреп, топ-томпақ қара қыз алдымнан шықты.
– Жөндеп көтермейсіз бе? – деді қарсы келген бетте бұртия тіл қатып.
– Не дедің?
– Бөпенің қолы сынады, – деп ол менің қолымдағы қуыршаққа жармасты.
Сонда барып байқадым... қуыршақты қолынан салбырата ұстап келеді екенмін.

Н. Серғалиев


Қайырымды бала

Нодардың әкесі қызметінен қайтқанда қағазға орап ойыншық әкеледі.


– Алақай, моторлы қайық! – деп айқайлап жібереді Нодар. Нодар қуанып, Гивиге жүгіріп келеді, достар ойыншықты әбден көрді. Үлкен астауға су құйып, қайықтың моторын жүргізді. Оны су бетіне қоя берді.
– Жүзеді, жүзіп барады, – деп дуылдасып, балалар мәз болды.
– Нодар, менің де осындай қайығым болса... Екеуін жарыстырсақ, кімдікі озар еді? – деді Гиви күрсініп.
Нодардың «Әкең саған да алып береді» дегісі келіп еді, бірақ Гивидің әкесінің жоқтығы есіне түсті.
– Гиви, бұл қайықты сен ал, маған әкем тағы да алып береді, – деді Нодар шынымен. Гиви басын шайқап қайықты алмады.
Нодар да ойыншықты алмай, үйіне кетіп қалады. Есіктен кірісімен: – Әкетай, маған тағы қайық сатып алып берші, – деді ол әкесіне жалынып.
Түр-түсі бірдей ойыншықты жинап қайтесің? – деді әкесі таңданып.
Мен оны Гивиге бердім. Оның әкесі жоқ қой, – деді баласы. Әкесі Нодарды мақтады, арқасынан қақты. Тағы бір қайық сатып алып беретін болды.

С. Сауытбеков




Қайырымдылық

Амангелді бала кезінен-ақ Торғай уезінің Қызылжыңғыл болысында тұратын Махамбет, Сарымбай, Қорқақ секілді мергендерге еріп, тау-тасты аралап, құс атып, аң аулаған.


Бір күні соңына екі лағын ерткен киік келіп, суаттан су ішіп жатады. Ор қазып, киікті аңдып жатқан сақа мергендер:
– Ал, бала мерген, саған жол бердік. Ешкіні ат, – дейді. Амангелді:
– Анасын атып, екі лағын маңыратып, жетім қалдырар жайым жоқ. Қолым бармайды, – деп ешкіні атпайды.
Сол кезде бір қасқыр өлген малдың қу басын көлденең тістеп, сай ішімен ақырын ұрлана басып, ешкіге қарай жылжып келе жатады. Амангелді:
– Ал, ағалар, ататын рет жаңа келді, – дейді. Амангелді қасқырды жалғыз оқпен қос өкпенің тұсынан дәлдеп атып, жайратып салады. Киіктің ешкісі ажалдан аман қалып, екі лағын ертіп, жөніне жүре береді.
Бала да болсаң, өзің әділ бала екенсің. Сен халықтың қамқоры болғалы тұрған жігіт екенсің, – деп, үлкен мергендер бата беріпті.

С. Мәуленов




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   89




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет