Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны.Күнбағысты бір орында қайтадан орналастырып өсірсе егістік аурулар және маманданған зиянкестермен залалданады. Өсіру аймағында бұрынғы орынға 8-10 жылдан ерте орналастырмаған абзал. Күнбағысты қант қызылшасы, жоңышқа, судан шөбінен кейін сеппеген дұрыс, өйткені олар топырақты қатты ылғалсыздандырады. Асбұршақ, майбұршақ, рапстан кейін де орналастырмаған абзал, олар мен күнбағыстың ортақ аурулары бар. Ең дұрысы күнбағысты сүріден кейін өсірілген бірінші немесе екінші бидайдан кейін орналастырып өсіргенде жақсы тұқым өнімі жиналады.
Топырақ өңдеу. Қазақстанның солтүстігінде (күңгірт қара-қоңыр топырақтарда) топырақты негізгі өңдеуді 25-27 см тереңдікте жазықтілгіш-терең қопсытқыштармен (ПГ-3-100, ПГ-3-5) жүргізген дұрысырақ. Қара топырақтарда алғы дақыл жиналғаннан соң жел эрозиясы қаупі болмағанда танапты әуелі БДТ-7 ауыр дискілі тырмасымен өңдеп, соңынан терең аудара жыртқан (25-27 см) жөн, бұл агрошара атпа тамырлы агрошөптермен ластанған танаптарда өте тиімді. Қыста қар тоқтату да оң нәтиже береді. Көктемде жазықтілгіш құралдармен өңделген танаптарда БИГ-3, БМШ-15 немесе БМШ-20, ал аудара жыртылғанда – тісті тырмалармен тырмаланады. Себу алдында топырақ 6-8 см тереңдікте культивацияланады, бір мезгілде тырмалау мен бұдырлы катоктармен тығыздау іске асырылады.
Тыңайтқыштар. Күнбағыс органикалық тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді. Оның астына күзде 40 т/га дейін шала шіріген көң мен 60-90 кг/га әсер етуші зат мөлшерінде фосфор тыңайтқышын негізгі тәсілмен топырақты аудара жырту жолымен енгізуге болады. Калий тыңайтқышы 40-60 кг/га ә.е.з. мөлшерінде тек қана құмдауыт топырақтарға енгізіледі. Күзде тыңайтқыш енгізілмеген жағдайда себумен бірге 10-12 см тереңдікке және тұқым себілетін қатарлардан 10 см қашықтықта әр гектарға 10-15 кг ә.е.з. мөлшерінде түйіршіктелген тыңайтқыш енгізуге болады.
Тұқымды себуге дайындау. Кондициялы тұқым себуден 15-20 тәулік бұрын 80 % ТМТД улы химикатпен (2-3 кг/т), немесе 50 % фундазолмен (3 кг/т) аурулар мен тұқым өңезіне қарсы дәріленеді.
Себу жұмыстары. Күнбағыс ерте себу мерзімінің дақылы, алайда оның майлы сорттары жылуға жоғары қажетсінуімен ерекшеленеді, сондықтан оны тұқымның сіңіру тереңдігінде топырақ 8-100С-ға жылынғанда себеді. Мұндай температурада тұқым жаппай және тез көктейді, ал мұның өзі танапты арамшөптерден тазартуға, өсімдіктердің біркелкі пісуіне және себеттердің қолайлы жағдайда қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен Солтүстік Қазақстанда күнбағысты майлы тұқымға өсіргенде оңтайлы себу мерзімі – 20-25 мамыр. Негізгі себу тәсілі пунктирлі, қатараралығы 70 см СУПН-8, СКП-12 дәл сепкіштерімен. Оңтайлы өсімдік жиілігінің бітіктігі жинау алдында орманды-дала аймағында 40-60 мың/га, құрғақ далалы аймақта – 20-30 мың/га, ал мұндай жиілік 6-10 кг/га күнбағыс тұқымын сепкенде қамтамасыз етіледі. Тұқымның сіңіру тереңдігі 6-8 см, топырақтың беткі қабаты кебіңкіреп кеткенде – 8-10 см-ге дейін.
Егістікті күтіп-баптау. Біржылдық астық тұқымдас және қосжарнақты арамшөптерге қарсы 2-4 кг/га мөлшерінде Гезагард, 50 (50% прометрин), трефлан, 24 (4-10 л/га), трофи, 90 % (1,4-1,7 л/га) көктеуге дейін, фроньтьер оптима 72 % (1,2 л/га), фроньтьер 90 % (1,4-1,7 л/га), Харнекс 90 % (2 л/га) гербицидтерінің бірімен себуге дейін және бірден топыраққа сіңіру қажет, немесе дақылдың көктеуіне дейін, сонымен қатар егістіктің ерте кезеңінде фуроре супер 7,5 % (0,8-1,2 л/га), флюзеланд супер 125 (1,0-1,2 л/га) біржылдық астық тұқымдастардың ерте кезеңінде (2-4 жапырақ). Гербицидтерді қолдану жерүсті бүріккіштерінің бірімен іске асырады. Арамшөптерді құрту және топырақты қопсыту үшін вегетация бойы тісті тырмалармен (көктегенге дейін және көктегеннен соң) танап тырмаланады, қатараралық өңделеді (ол үшін жебе табанды және бритва табанды құрылымдармен, сымды тырмалар және топырақсүйгіш құрылымдар жабдықталған культиваторлар қолданылады). Гербицид қолданған жағдайда көктеуге дейін тырмалау мен бір рет қатараралық культивация жүргізіледі. Егістікте гербицид қолданғанбаған жағдайда көктеуге дейін (себуден 5-6 тәулік соң) және көктегеннен кейін (1-3 жұп жапырақ кезеңінде) танап тырмаланады және 2-3 мәрте қатараралық культивация (біріншісін 6-8 см, екіншісін – 8-10 см тереңдікте) жүргізіледі.
Босдәнділікке қарсы егістік бал араларымен қосымша тозаңдандырылады (1 га егістікке 1,0-1,5 ұядан – омарта орналастырылады). Күнбағыстың пісуін тездету және өсімдіктерді тамырында кептіру үшін егістікті жаппай гүлденуден 40-45 тәуліктен соң (себеттің 10-20 % қоңырлағанда, 20-30 % сарғыш-қоңыр, 50-60 % сары түсте тұрғанда) жинау алдындағы десикация жүргізіледі: ол үшін себет қоңырланғанда Реглон супер 150 (2,0 л/га) толық физиологиялық пісу кезеңінде (тұқым ылғалдылығы 35-40 % кезінде) Харвейд 25Ғ (1,2 кг/га) препараттарын қолдануға болады.