ЫША Халық шаруашылығындағы маңызы.Күнбағысқа бәсекелес болуға мүмкіндігі бар дақылдың бірі – қыша. Ол топырақ күйін нашарлатпай өсімдік майы өндірісін арттыра алады. Нарық экономикасында оған сұраныс соңғы жылдары артып келеді. Қазақстанда қыша өсірудің агроэкологиялық артықшылықтары оның медициналық- биологиялық қасиеттерніде, өнімінің жоғары рентабельділігі (110%-дан жоғары) нарықта оның дамуына ,өнімін қайта өңдеуде, таза пайданың артуына әсері зор. Жоғары экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін тұрақты жоғары тұқым өнімін алуда дақылдың өсіру технологиясын тыңғылықты іске асыру қажет. Қышаның тұқымында 47-49% - ға дейін өсімдік майы жинақталады және мамандардың бағалауынша оның дәмі күнбағыс майынан дәмдірек. Тұқымында 3,0% - ға дейін эфир майы болады (сарепт қышасында). Ақ қышаның тұқымында 35% сұйық (өсімдік) майы мен 1% шамасында эфир майы бар. Тұқымынан майларды сығып алғаннан кейінгі қалдығы –күнжарасынан қыша ұнтағы өндіріледі, одан асхана қышасы мен медициналық қышалықтар дайындалады. Соңғысының медицина саласында емдік қасиеті зор (әсіресе суық тигенде). Қышаның агротехникалық маңызы да айтарлықтай: оның тұқымы жақсы ықтырма өсімдігін қалыптастырады; өсімдіктерінің тамыр жүйесі органикалық қышқылдар түзеді де топырақтағы қиын еритін тұздарды жеңіл сіңірілетін күйге айналдырады, әрі топырақта ол фитосанитарлық рөл атқарады (әсіресе картоптың фитофтороз, ризоктониоз, парша, фузариоз шірігі ауруларын басады) сонымен қатар қыша өсімдігін топыраққа жыртып енгізгенде ондағы сымқұрттар (проволочники) санын азайтатыны белгілі, өйткені олардың қыстап шығу жағдайлары нашарлайды да опат болуына ұрындырады; Қазақстанда қыша – жақсы бал жинағыш дақыл.
Қыша өсімідігінен сүрлемдік мал азығы дайындалады.
Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері мен сорттары.Қышаның екі түрі өсіріледі (көкшіл сұр немесе сарепт қышасы) – (Brassica Juncea L.) және ақ қыша – (Sinapis alba L.) және қырыққабат (Brassicaceae) тұқымдасына жатады. Екеуінің сыртқы құрылыстарында көп ұқсастықтар бар (Сурет 33).
Көкшіл сұр қыша – айтарлықтай биік (1,5-2 м-ге дейін) біржылдық өсімдік, бұтақты, балауыз тұтынан түсі көкшіл сұр болып келеді. Дамыған кіндік тамыры 2м топырақ тереңдігіне бойлайды. Жапырақтары шар пішінді, отырмалы немесе қысқа сағақты. Гүлдері төрттік түрде, қосжынысты, ашық сары түсті, маусым-шілде айларында гүлдейді, гүл шоғыры – шоқгүл. Гүлдегеннен кейін дөңес бұршаққын түзеді, оның ұзындығы 3-5 см-ге дейін жетеді, біз тәрізді мұрыншасы болады. Тұқымы шар тәрізді, қызғылт қоңыр немесе күңгірт-қоңыр түсті, 1000 тұқымның массасы – 2-4 г.
Сурет 33. Көкшіл сұр қыша. 1, 2 – дамыған егін және гүлдену-жеміссалу кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3 – сабақтың бір бөлігі; 4 – жемісі; 5 – тұқымдары.
Ақ қыша – біржылдық шөптесін өсімдік, тереңге бойлайтын кіндік тамыр жүйесін қалыптастырады. Сабағының биіктігі -30-80см. Көкшіл сұр қышадан шашақталған сабағымен ерекшеленеді және жапырақтары мен бұршаққындары сияқты ұсақ түктермен көмкерілген. Гүлдері сары түсті, бал иісті, жемісі -5-6 тұқымды бұршаққын және ол ұзын семсер тәрізді мұрыншасымен аяқталады. Жеміс піскенде жарылмайды, тұқымы шар тәрізді, сарғыш түсті, 1000 тұқымының массасы – 5-6 г. Қыша қоршаған орта факторларына жоғары талап қоймайды.
Сурет 34. Ақ қыша. 1, 2 – дамыған егін көгі және гүлдену-жеміссалу кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3 – жапырақтары, гүл шоғырлары және жемістерімен сабақтың бір бөлігі; 4 – жемісі; 5 – тұқымдары.
Тамыр жүйесі қиын еритін тұздардан фосфор мен калий қоректік элементтерін сіңіре алатындықтан әлсіз қышқыл реакциялы құнарлығы төмен топырақтарда өсе береді. Көкшіл сұр қыша жылуға айтарлықтай жоғары талап қоймайды, тұқымдары 2-3°C жылылықта өне бастайды, егін көгі -5 °C-ға дейінгі үсікті (бозқырау, аязды) жеңіл көтереді. Қуаңшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді, транспирациялық коэффициенті – 320-350 бірлікке тең; оған ауыр, толқымалы және сортаң топырақтар жарамсыз, орташа байланысқан қара және қара-қоңыр топырақтарды жаратады; өсіп жетілу кезеңінің ұзақтығы – 90-100 тәулік. Ақ қыша ылғал сүйгіш және салқынға төзімді дақыл; тұқымы 1-2°C температурада өне бастайды, егін көгі – 6°C бозқырауды көтереді; ұзақ күннің өсімдігі сондықтан солтүстік аудандарда ерте гүлдейді және қысқа өсіп-жетілу кезеңімен (80-90 тәулік) ерекшеленеді. Қазақстанда қышаның өсіруге рұқсат етілген мынадай сорттары бар: Неосыпающаяся 2 (Ақмола, Павлодар, СҚО), Заря (Павлодар обл.), ВНИИМК 11 (Батыс Қазақстан обл.), Рушена (Ақмола, Павлодар, СҚО).