Ботаникалық және морфологиялық сипаттамасы. Көптеген түрлерінің ішінде барынша өндірістік маңызы бар зығыр түрі – мәдени, немесе кәдімгі зығыр (Linum usitatissimum).
Майлы зығыр – біржылдық аласа өсетін (40-50 см) өсімдік. Сабағы тік өседі, бұтақты және түксіз. Жапырақтары қарапайым, ланцетті, ұштары үшкірленген, сабақта кезектесіп орналасқан. Гүл шоғыры – борпас шатыр тәрізді шоқгүл. Гүлдері қосжынысты, бестік түрде, күлтеше жапырақтары ақ және күлгін түсті, жемісі – бес ұялы домалақ келген қорапша. Тұқымдары – сопақ, жылтыр, тегіс бетті, қоңыр түсті, 1000 санының массасы 4-6 г (34 – сурет).
Биологиялық ерекшеліктері. Майлы зығырдың басты ерекшеліктерінің бірі – оның жартылай қуаңшылықты далалық және орманды-дала аудандарының жағдайларына бейімділігі. Ол жылуға жоғары талап қояды, әсіресе пісу кезеңінде, тұқымдары 3-40С-да өне бастайды, көктеуіне оңтайлы температура 12-140С. Зығырдың егін көгі – 3-40С бозқырауды жеңіл көтереді. Орташа мерзімде пісетін сорттары үшін белсенді температура жиынтығы 1600-18000С. Майлы зығыр көктеуден гүлденуге дейінгі кезеңде қуаншылыққа барынша төзімді. Бұл уақытта тамыр жүйесінің өсуі мен топыраққа тереңдей бойлауы жүреді.
Майлы зығыр ылғалға орташа талап қояды, транспирациялық коэффициенті 370-430. Ылғалға барынша жоғары талабы гүлдену-тұқымның толысу кезеңінде байқалады. Бұл кезеңдегі ылғал жетімсіздігі өнімді күрт төмендетеді. Майлы зығырға ең жақсысы механикалық құрамы орташа қара және күңгірт-қоңыр топырақтар. Сортаң кешенді топырақтар оған жарамсыз.
Майлы зығыр өздігінен тозаңданатын өсімдік, алайда төменгі температура мен ауаның төмен салыстырмалы ылғалдылығында гүлдердін бір бөлігі айқас тозаңдануы мүмкін. Зығыр таңғы сағаттарда гүлдейді, жекелеген гүлдер 3-5 сағат бойы гүлдейді, алайда танаптың гүлдеуі 30-40 тәулікке дейін созылады.
Реклама от RtbSape Майлы зығырда мынадай фенологиялық кезеңдер ажыратылады: көктеу – 6-7 тәулік (тұқым жарнақтары жапырақтарының пайда болу кезеңі), қосқұлақ – 28-29 тәулік себуден бастап.
Майлы зығырдың Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары: Кустанайский янтарь (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, СҚО); Исилькульский (СҚО); Карабалыкский 7 (Ақмола, СҚО); Опал (Ақтөбе обл.).
Өсіру технологиясы. Майлы зығыр алғы дақылға талапты және міндетті түрде жеміс алмастыруды қажетсінеді. Аймақ жағдайында ол үшін сүріден кейінгі жаздық бидай, жүгері, дәнді бұршақ дақылдары, бұршақ-астық тұқымдастар қоспасы, көпжылдық шөптер қыртысы жақсы алғы дақыл болып табылады. Бұл Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібір ғалымдарының зерттеулерімен дәлелденген.
Топырақ өңдеу жүйесі дәнді дақылдарға ұқсас. Ол топырақты алғы дақылды жинағаннан кейінгі негізгі өңдеуді (сүдігер дайындау), қысқы екі рет қар тоқтату шараларын қарастырады. Көктемде-топырақтың беткі қабатын қопсыту (ылғал жабу) және себу алдындағы топырақты тұқым сіңіру тереңдігіне (4-6) см өңдеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда (топырақтың тығыздалып қалуы, арамшөптермен ластануы жоғары болуы) себу алдындағы өңдеу қайталануы мүмкін, әсіресе жеңіл топырақтарда қосымша себу алдындағы тығыздау. Бұл шаралар егіннің жаппай көктеуін қамтамасыз етеді.
Аймақта сүдігер дайындағанда немесе себумен қатар фосфор тыңайтқышын (Р30) енгізу жақсы нәтиже береді.
Себу алдында тұқым құрғақ ауада қыздырылады және дәріленеді (ТМТД, 80 %, 2-3 кг/т).
Майлы зығырды топырақта тұқымның сіңіру қабатында температура 12-140С-ға жеткенде – күнтізбелі 15-20 мамыр – сепкен дұрыс. Себу тәсілі – жаппай қатардағы немесе таспалы, себу мөлшері – 6-7 млн/га өнгіш тұқым (45-50 кг/га). Қазақстанның өте қуаңшылықты жағдайларында кейде кең қатарлы тәсілмен әр гектарға 20-30 кг тұқым себуге болады. Екі бағытта пайдаланатын аралық зығырды (май және талшық өндіруде) өсіргенде тұқымның себу мөлшерін 10-15 кг/га арттыру ұсынылады. Тұқымның сіңіру тереңдігі 4-6 см. Қажеттігіне байланысты майлы зығыр егістігінде арамшөптерге қарсы гербицидтерді қолдануға болады: қосжарнақты арамшөптерге қарсы дақылдың «қосқұлақ» кезеңінде 2М-4Х гербицидімен (1,0-1,2 кг/га ә.е.з.) бүркеді; біржылдық астық тұқымдас арамшөптерге қарсы себуге дейін немесе майлы зығыр көктегенге дейін 1,0-1,2 кг/га ә.е.з. мөлшерінде топыраққа триаллат гербицидін енгізеді.