Популяцияларжастық құрылымы особтардың барлық жас топтарын, оның ішінде организмнің барлық даму стадияларын, фазаларын қамтиды.
Жануарлар популяциясында 3 экологиялық жасты бөледі: репродуктив алды, репродуктивті, репродуктив соңы. Жалпы өмірінің ұзақтығына қатысты әрбір жастың ұзақтығы әр түрге әрқалай болады.
Популяциялар жастық құрылымы сыртқы факторлар әсерінен болуы мүмкін. Өйткені сыртқы факторлар туылу және өлу процесстерін қадағалап отырады.
Егер поуляцияда барлық жастағы особьтар біркелкі мөлшерде болса, соғұрлым өміршең болады. Мұндай популяцияларды қалыпты деп атайды. Егер популяцияда кәрі особьтар көп болса оны регрессивті немесе өліп бара жатқан популяциялар деп, ал жас особьтар саны көп популяцияларды инвазиялық немесе өсіп келе жатқан популяциялар деп атайды.
Популяциядағы әр жастығы особьтардың сандық мөлшерін салыстыру үшін жастық құрылымның гистогррамасы қарастырылады.
Жастық құрылымға талдау жасау жақын арада популяцияның бірнеше ұрпақтарының сандық мөлшерін білуге көмектеседі. Мұндай талдаулар ауланатын балықтың шамасын білу үшін балық шаруашылығында жиі қолданады. Егер таңдап алынған табиғи популяцияның жастың құрылымының көрсеткіштеріне ортаның әсері дәл анықталып алынған болса, алдағы бес жылда аулауға болатын балықтардың мөлшері туралы дәлдігі жоғары болжамдар алуға болады.
Биогеоценоз–тіршілік ететін жер бетімен қоса (биотоп) тірі организмдер (биоценоз) мен абиотикалық ортаның тарихи қалыптасқан жиынтығы. «Биогеоценоз» ұғымын 1944 жылы академик В.Н.Сукачев ұсынды.
Табиғатта әртүрлі түрлердің популяциялары биоценозға бірігеді. Бірақ, ешқандай биоценоз ортадан бөлек өздігінен дами алмайды. Нәтижесінде табиғатта тірі және өлі компоненттер жиынтығы құрылады. Орта жағдайлары ұқсас кеңістікте тіршілік ететін организмдер қауымдастықтарын биотоп (биоценоз) деп атайды. Биотоп – биоценоздың тіршілік ету ортасы. Сондықтан биоценозды белгілі бір биотопқа тән тарихи қалыптасқан организмдер тобы ретінде қарастыруға болады. Кез-келген биоценоз биотоппен бірге жоғары дәрежедегі биологиялық жүйе – биогеоценозды құрайды (Сурет 1).
Мөлшері мен күрделілігіне қарамастан кез-келген биогеоценоз мынадай құрамдардан тұрады:
продуценттер – өндірушілер (жасыл өсімдіктер), күн энергиясын пайдалана отырып денесін бейорганикалық заттардан түзетін автотрофты организмдер. Бұлар қоректік тізбектің бірінші буыны;
консументтер – тұтынушылар, продуценттер арқылы дайын органикалық заттармен бірге ондағы энергияны пайдаланатын гетеретрофты организмдер (бірінші дәрежел–өсімдік қоректі жануарлар, екінші дәрежелі – ет қоректілер және үшінші дәрежелі–жыртқыштар);
редуценттер–ыдыратушылар, органикалық қалдықтарды ыдырататын, биологиялық зат айналымын аяқтайтын организмдер (бактериялар, саңырауқұлақтар, микроорганизмдер);
өлі табиғат компоненттері.
Бұлардың арасында әртүрлі дәрежедегі байланыстар пайда болады. Адамның қатысуымен табиғи биогеоценоздар өзгеріп, олардың орнына көбейіп келе жатқан агробиоценоздар келеді. Мысал ретінде ауыл шаруашылық егістіктерін, бау-бақшаларды, жайылымдарды, тоған суларды, су қоймаларын, каналдар мен құрғатылған батпақтарды келтіруге болады. Қазіргі кезде Жер бетінің 10%-ын агроценоздар алып жатыр. Егер табиғи биогеоценоздар өздігінен реттелетін болса, агроценоздарды адам реттеп отырады.