Ормандық қоңыр күлгінденген топырақтар А1 қабатының ашық түсті қалыңдығы азырақ болуымен және А1 қабатынан төмен сұрғылт-қоңыр немесе ашық қоңыр түсті, кесекті немесе тозаңды-кесекті құрылымды гумусты-күлгінденген А1А2 қабатының болуымен ерекшеленеді.
Ормандық қоңыр глейленген топырақтар кескінінде бозғылт және татты дақтардың болуы, темір-марганецті түйіршектердің болуымен сипатталады. Бұл топырақтардың глейленуі беткейлік және жер асты суларының әсерінен болуы мүмкін. Топырақ кескіні мынадай қабаттардан құралған: А0А1–А1А2– А2Вg –Вit(g)–С.
Ормандық қоңыр глейленген күлгінденген топырақтар глейленген және күлгінденген топырақтардың жиынтық белгілерін сақтайды, олардың кескінінде А2g қабаты бөлінеді.
Ормандық қоңыр топырақтардың типшелері мынадай тегтерге бөлінеді: қалыпты, қалдық-карбонатты, қызыл түсті, шала жетілген.
Қалыпты ормандық қоңыр топырақтар тығыз элювий- делювий шөгінді және магматикалық жыныстарда, сонымен қатар құмды және құмбалшықты шөгінділерде қалыптасады, жоғарыда сипатталған типшелердің барлық белгілерін сақтайды.
Қалдық-карбонатты ормандық қоңыр топырақтар карбонатты жыныстарда қалыптасады, олардың кескіні күңгірт-қоңыр немесе сұр-қоңыр түсті. Құрамындағы гумус мөлшері жоғары (10-12%), қарашірікті-аккумулятивті қабаттың дәнді немесе ұсақ жаңғақты-дәнді құрылымы анық байқалады.
Қызыл түсті ормандық қоңыр топырақтар ежелгі қызыл түсті элювий және делювийлі шөгінділерде қалыптасады. Кескінінің түгелдей қызыл немесе қызғылт-қоңыр түсті болуымен сипатталады.
Шала жетілген ормандық қоңыр топырақтардың кескіні аз қалыңдықты, нашар жетілген. Топырақ кескіні мынадай қабаттардан құралған: А0А1–А1 –Вt–С.
Ормандық қоңыр топырақтар мынадай белгілері бойынша түрлерге бөлінеді: а) қарашірік мөлшері бойынша: жоғары қарашірікті (>10%), орташа қарашірікті (5-10%), аз қарашірікті (<5%); б) күлгіндену дәрежесі бойынша: сәлкүлгінденген – А1А2 қабатында ақшыл дақтар бар, орташа күлгінденген – А1А2 қабаты түгел ақшылданған, күшті күлгінденген – ағарған А2 қабаты бөлінеді; в) глейлену дәрежесі бойынша: глейленген және глейлі.