Әл-Фарабиді Қазақ еліне қайтарған Ақжан Машани



бет4/4
Дата29.01.2022
өлшемі31,91 Kb.
#115911
1   2   3   4
Байланысты:
машани

Ақаң арманы

Әсіресе әл-Фарабидің музыка жа­йын­да жазғаны Ақаңның бала кезден қызыққан дала әуені, домбыра, қобыз үні, күй құдыреті туралы танымын, Шоқан, Абай еңбектерін терең зерттеуге деген құлшынысын оятты. Соның айғағы – «Әл- Фараби және Абай» атты еңбегі.

Жалпы, А.Ж.Машанидің ғылыми-шы­ғармашылық мұраты – «Екінші ұстаздың» артында қалған қыруар мұрасын зерттеу, саралау, қалың оқырманға қаймағын бұзбай жеткізу еді. Оның сол ерен еңбе­гінің алғашқы жемісі – «Әл-Фараби» атты тарихи-деректі кітабы.

Оған сол кездегі Қаз КСР Ғылым акаде­миясының президенті, академик Ш.Есенов алғысөз жазған. Кітаптың басты тұғыр-пікірлерінің бірі – «Ғылым болсын, дін болсын, саясат болсын – бәрі де адамның өміріне байланысты туған нәрселер ғой. Адам білгенді адам неге білмесін. Олай болғанда, осылардың бәрін де қалдырмай білу керек. Білгенде, олардың бір ғана үзіндісі емес, бастан-аяқ тегіс адақтау керек» деген қағида. Осыны берік ұстанған шығарманың бас қаһарманы өзінің алдында өткен математик, астроном, оптик, метео­ролог, медик, психолог, сазгер Әбу Юсиф ибн Исхақ әл-Киндидің жаңалықтарын жа­сампаздықпен, салиқалылықпен қор­ғай бі­леді.

А.Машанидың ендігі бір оқшау дүние­сі – «Табу» хикаяты. Автор тек өзіне тән «шығармашылық елгезектігімен» оқыр­мандарын жер беті, планетаның төменгі қыр­тыстары былай тұрсын, космосқа «алып кетеді». Оларды Қорқыт атамен «кездестіреді». Тағы да айналып-үйіріліп Фараби феноменіне соға береді. Мұның бәрін кітаптағы бас кейіпкер Маңғаз ұстаз: «Менің айтар сөзім... жаттанды, жа­санды, жалған сөз емес. Иесі жоқ жетім сөз емес... Сөздің асыл тегі оның терең тарихында. Ғылымның да шыққан көзі сонда. Білім бұлағының бастауы – ана тілің... Ғылымның, білімнің, өнердің, өмірдің басы осында» деген дәйектемеге тірейді. Мұндағы «ғылым» да, «тіл» де ғылыми публицистиканың жұлыны екенін зерделі жан білсе керек.

Автор «Табу» жанрын «ғылыми фан­­­тастика» деп айдарлапты. Біздің ойы­­мызша, шығарманы «ғылыми-фан­тастикалық трактат» мәртебесінде қарас­тырған дұрысырақ. Себебі туындыда әдеби-көркемдік мотивтерден гөрі ғы­лыми жорамалдар, гипотезалар жалпы шығар­мадағы басқа компоненттерден басым жатыр.

Ақжан Жақсыбекұлы намаз оқыды, ата дінді қасиет тұтты. Атеизм тұсында мұ­нысын мін көргендер көп болды. Бірақ үлкен тұлға, ғалым Ақаң өз сенімі, ар-ұж­даны қағидатымен жүрді. Өмірінде сансыз қиындық болды. Қуғынды да, күстаналауды да аз көрген жоқ. Жасынан ұйықтаса ұйқысы қанбаған, тойып тамақ ішпеген ол кең жазиралы қазақ дала­сының жер астын зерттеумен, жер үстін­дегі ғұламаларын танумен өмірін өткізді.

Ақаң өз білгені өзіне жетер еді. Бірақ ғұлама еліне, жұртына, кейінгі ұрпаққа үлкен азық боларлық ғылымның, білімнің негізін салып кетті. Сол үшін біз Ақаң аруағы алдында бас иеміз.

Ғалымның көзі тірісінде жарық көр­ген соңғы дүниесі – «Ай арысы – ғы­лым жаңалықтары» кітабы. Мұнда ком­мунистік атеизм қаншама жыл бұғау салып келген алхимия, астрология секіл­ді ғылым салалары жөніндегі оңды көз­қарастар қайта жаңғыртылды.

Ғалымның ғылыми-публицистік шығар­машылығын зерттеуді аса мандыт­пағанымыз белгілі. Мұны қарастыру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені оқы­мыстының көп томдық шығармалар жинағын шығару қолға алынды. Про­фессор Ш.Әбдіраманның басқаруымен 16 томы жарық көріп үлгерді. Бұл бір те­легей-теңіз дүние.

Ғұлама, үлкен ғалым болу – біреудің әкеліп бере салатын дайын асы емес. Оған талмай ізденіс және текпен бірге келген дарын керек. Ақаң туған Қарқаралы – айрықша білім ошағы, ағартушылық, демо­кратиялық идеяның өрбіген жері. Империяны шайқалтқан әйгілі құзыр­хаттар да осы жерден басталған. 20-30 жылдардағы Алаш зиялыларының реп­рессиялануы, кеңес тұсында дінді ман­сұқтау, Ұлы дала ғұламаларын тұмшалау, атын да айтқызбау тарих сахнасына Ақжан Машанидай батыл, иманды, білім­ді тұлғаларды шығарды. Ақаң ақыл-ойдың жоғалған жаһұты әл-Фарабиді іздеп тапты. Міне, Машани феномені де осында.

Ақаң арманы – Фараби арманы. Фараби арманы – ел мен ұлтты даналық пен берекеге жеткізу арманы. Тәуелсіз Қазақстан, түркі дүниесі, жалпы «екінші ұстаз» ретінде ұлы ғұлама ағартқан өркениетті әлем осы жолда деп білеміз.

Қазір әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтер кезеңде таяу тарихымыздағы Қазақ елі даналарын жоқтаған, оларды тауып, халық парасатымен жалғаған, қиын кезеңде қал-қадерінше зерттеген, насихаттаған Ақжан әл-Машаниды ұмытпауға тиіспіз.

 Әлия БЕЙСЕНОВА, академик



 https://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/aqjan-mashani-al-farabidi-qazaqqa-qalai-qaitardy-1634/#gsc.tab=0

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет