Эмоциялық, экспрессивтік тілдің барлық құрылымдық бөлшектерінде көрінеді


Қазақ тіліндегі эмоционалды-экспрессивті құрмалас сөйлемдер



бет10/19
Дата26.05.2022
өлшемі268,5 Kb.
#145167
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19
Байланысты:
Эмоционалды-экспрессивті рмалас с йлемдер мазм НЫ

2 Қазақ тіліндегі эмоционалды-экспрессивті құрмалас сөйлемдер


Синтаксистің жалпы теориясында құрмалас сөйлемнің грамматикалық табиғаты туралы мәселені қанағаттандырарлықтай деңгейде шешілген мәселе деп атауға болмайтыны туралы көзқарастар бар. Жеткілікті зерттелді деген бұрыннан келе жатқан лингвистикалық зерттеу дәстүрі бар индоевропа тілдерінің өзінде бұл мәселе түбегейлі зерттелген мәселелер қатарына жатпайды.
Жалпы тіл білімінде құрмалас сөйлемдер туралы екі көзқарас қалыптасқан. Бірінші көзқарас бойынша құрмалас сөйлем синтаксистік байланыс негізінде тіркескен жай сөйлемдердің тіркесі болып табылады, мұндай көзқарасты А.Шахматов, А.Пешковский т.б. жақтайды.
Ал екінші көзқарасты ұстанған ғалымдар В. Богородицкий, Н.Поспелов құрмалас сөйлемдер тұтас сөз тәртібі және интонациясы бар бір коммуникативтік бірлік ретінде берілетін тұтас синтаксистік құрылым деп есептейді. Қазақ тілі синтаксисінің маманы Қ. Есеновтың «Жеке жай сөйлемдер бір бүтін құрмалас болу үшін олардың арасында мағыналық, тұлғалық және интонациялық тығыз байланыстылық болу қажет» деген пікірі автордың соңғы көзқарасты ұстанатындығына дәлел [14 , 4].
Қазіргі кезде орыс тілі синтаксисінің белгілі маманы В.А.Белошапкованың құрмалас сөйлемге «сочетание предикативных единиц или их контекстуальных эквивалентов, построение по той или иной структурной схеме (формула сложного предложения) и предназначение для функуционирования в качестве одной коммуникативной единицы» деп берген анықтамасы аталған сөйлемдердің табиғатын толық аша алатын сияқты [15, 23].
Түркі тілдерінде де құрмалас сөйлем мәселесіне байланысты айтылған әр түрлі пікірлер болды. Бірақ қазіргі түркі тілдерінде құрмалас сөйлем белгілі бір жағдайлардың арасындағы қатынастарды білдіретін предикаттық бірліктердің жиынтығы ретінде танылып жүр.
Қазіргі синтаксисте сөйлем табиғатын зерттеуге деген үш көзқарас бар: құрылымдық жағынан ұйымдасуын зерттеу; коммуникативтік бағытталуы тұрғысынан және семантикалық құрылысын зерттеу. Сөйлемдегі мағыналық жағынан зерттеу соңғы кезде синтаксистегі жаңа маңызды бағыт болып табылады. Шетел және орыс тілтанунда бұл бағытта жасалған зерттеулер көптеп саналады.
Түркі тілтануында құрылымдық-семантикалық зерттеу мәселесі Сібір түркологтарының жұмыстарында көрсетіледі. Якут тілі материалдары негізінде сөйлемдерді Е. Убрятова [16], тува тілі материалдары негізінде Ш. Сат [17] зерттеген.
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемдердің зерттелуі бірден қалыптасып кеткен құбылыс емес. Қазақ тілінде құрмалас сөйлем мәселесіне байланысты айтылған түрлі пікірлер болды. А.Байтұрсынов «құрмалас сөйлемдер сыйыса және қиыса құрмаласады» - дейді, сыйыса құрмаласады дегені жай сөйлемдерге ұқсас, қиысулы құрмалас дегені қазіргі салалас және сабақтастарға сәйкес келеді [18].
Проф. Қ. Жұбанов құрмалас сөйлемдерді қазіргідей салалас және сабақтас деп, екіге бөлсе [19, 358], проф. С. Аманжолов төртке бөледі:
- салалас құрмалас,
- сабақтас құрмалас,
- аралас құрмалас,
- тиянақты басыңқысыз құрмалас [20, 118].
Синтаксис бойынша арнайы еңбек жазған С. Жиенбаев құрмаластың салалас және сабақтас түрлерін көрсетеді, автор аралас құрмалас сөйлемнің «өз алдына басқа бір заңдары жоқ» себепті оны құрмаластың бөлек түрі ретінде қарастырмаған.
Т. Қордабаев құрмалас сөйлемнің салалас, сабақтас және аралас түрлерін көрсетеді [21, 226].
Қазіргі құрмалас сөйлемдердің маманы Қ. Есенов те осы пікірді араластың «бөтен грамматикалық көрсеткіштері болмайды, тек салаласа, сабақтаса байланысу тәсілдері араласа жүреді, сондықтан бұл үшінші түрді шартты жіктеу деп қарауымыз керек» - деп қолдайды да аралас құрмалас сөйлемнің үшінші түрі ретінде бөліп көрсетеді [22, 12].
Н.Х. Демесінова қазіргі қазақ тілінің синтаксистік жүйесінің даму деңгейі синтаксистік конструкциялардың стилистикалық түрлерінің дамуына мүмкіндік беретіні туралы айтады. Ғалым «Әрбір жазушы және айтушы адам өзінің мақсатына сәйкес әрбір нақты жағдайларда өзіне қолайлы синтаксистік конструкцияны таңдап қолдауына болады» - дейді [23, 64-65].
Енді бағыныңқы сыңар баяндауышының предикаттылығы туралы мәселеге тоқтайық.
Тіл білімінде және түркітануда бағыныңқы сыңардың баяндауышы есімше немесе көсемше формасымен берілсе, оны инфинитті (бағыныңқы) етістіктер, ал етістікке жақ, шақ қосымшалары жалғанып, етістіктер аяқталған формада берілсе, финитті етістіктер деген терминдер қолданылып жүр.
Осы инфинитті формалардың предикаттылығы туралы түрлі пікірлер бар. Бір ғалымдар бастауышы атау септігінде тұрып, баяндауышы етістіктің финитті формаларымен берілген конструкциялар ғана предикаттылыққа ие болады десе, екінші бір ғалымдар предикаттылықты предикаттық байланыстардың түрімен: синтетикалық, аналитика-синтетикалық және аналитикалық байланыстырады, тағы бір зерттеушілер жақсыз формалар өзінің бастауышы болған жағдайда ғана предикатты болады дейді.
Бағыныңқы сыңардың баяндауышының көсемше немесе есімше болуына байланысты Е.И. Убрятова «көсемшелі және есімшелі етістік формаларының предикаттық сипаты түркі тілдеріндегі құрмалас сөйлемдердегі синтаксистік қатынастарды білдірудің тәсілі ретінде түркі тілдерінің бүкіл синтаксистік жүйесімен белгіленген» деген пікір айтады [16, 23].
Инфинитті формалардың предикаттылығы туралы Н.З.Гаджиева да айтады: «Көсемше мен есімшеде жақ көрсеткішінің жоқтығы оларды баяндауыштық қызметте жұмсауға кедергі болып табылмайды, өйткені түркі тілдеріндегі предикат ретіндегі көсемше мен есімше етістіктің шақ және етіс сияқты белгілеріне ие» [24, 91-98].
Сонымен, бағыныңқы сыңардың баяндауышы көсемше, есімше формалы инфинитті етістіктерден жасалған конструкциялар предикаттылыққа ие бола алады, ондай сөйлемдерді қазақ тілінде себеп бағыныңқылы сабақтас деп атап жүрміз.
Жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды шығарамыз: құрмалас сөйлемдер немесе көппредикатты конструкциялар кем дегенде басыңқы және бағыныңқы деп аталатын предикаттық бірліктен тұратыны белгілі: басыңқы предикаттық бірліктің баяндауышы етістіктің финитті түрлері, ал бағыныңқы предикаттық бірліктің баяндауышы ретінде түркі тілдерінде етістіктің инфинитті түрлері беріледі. Көпредикатты конструкциялардың маңызды бөлігі бағыныңқы сыңар болып табылады, олардағы инфинитті етістіктер негізгі қызметті атқарады. Инфиниттік формалардың көрсеткіштері басыңқы және бағыныңқы қимылдың арасындағы әр түрлі мағыналық қатынастарды (мезгілдік, себептік, мақсаттық) білдіреді.
Диплом жұмысы негізінен құрмалас сөйлемдердің эмоционалды-экспрессивті қызметіне арналғандықтан, құрмалас сөйлемдерді салалас және сабақтас түрлерін ғана алдық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет