Байланысты: Эмоционалды-экспрессивті рмалас с йлемдер мазм НЫ
Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлем. Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлем семантикалық-грамматикалық тұрғыдан біренше топқа жіктеледі:
- мезгілдес салалас сөйлем,
- себептес салалас сөйлем,
- қарсылықты салалас сөйлем,
- талғаулы салалас сөйлем,
- кезектес салалас сөйлем.
1. Мезгілдес салалас сөйлемдер құрамына енетін жай сөйлемдер бір-бірімен да, да әрі, және жалғаулықтары арқылы құрмаласады.
Мезгілдес салалас сөйлемдер құрамында да жалғаулығын қайталап айту арқылы іс-әрекеттің үдей, өсе, күшейе түскені көрінеді. Мысалы:
Ресейдің жұмысшы табы мен қалың шаруасы енді құлдық қамытын кимейді де, оны зорлап ешкім кигізе алмайды да (Х.Есенжанов). Одан арғыны Игілік айтқан да жоқ, қасындағылары батып сұрай алған да жоқ (Ғ. Мүсірепов). Кең-кең ордан аттың қалай ырғып кетенін Әбдірахман көз тоқтатып қарап байқаған да жоқ, байқауға шамасы да келмеді (Х.Есенжанов).
Қайталанып қолданылған да жалғаулығы екі компонентті құрмаластыру қызметін атқарумен бірге тіркесіп айтылған сөзінің мәнін арттыру, оған ой екпінін түсіре, күшейте, өзгеден ерекше бөлек айту үшін де қолданылады. Мысалы:
Дәл шындықтан шет жатқан елдің әңгімеге құмарлығы да көп, шала ұғарлығы да көп. Күн бата шұбартып мал шеті де көрінді, боран да үдеңкіреп кетті. Көмір де осы, отын да осы (Ғ.Мүсірепов).
Және жалғаулығы арқылы да экспрессивті мән жасалады. Мысалы:
Отырып әңгімелескендей үлкен жұмысым жоқ және ұзақ отырып сізбен кеңес құратын қазір уақыт та тар (Х.Есенжанов).
Әрі жалғаулығы да үстеме мағына беру үшін жұмсалады. Мысалы:
Бұл бізге істелуге тиісті істердің түрін тегіс айтуға мүмкіндік береді, әрі ол жұмысқа көпшіліктің ынтасын аударады. Қи өзге отыннан әрі қызу, әрі оның шоғы ұзақ уақыт сөнбейді. Менде әрі документ жоқ, әрі бармақшы болған үйлердің адресі жоқ (С.Мұқанов).
2. Себептес салалас сөйлем себебі, өйткені, неге десең, сондықтан, сол себепті жалғаулықтары арқылы құрмаласады.
Жалпы себептік қатынас не үшін десең, неге десең деп контактілік қызметте жұмсалып, тыңдаушыны өзіне қаратады. Мысалы:
Сәдірбайға мен жақтым, өйткені құранды бірсыдырғы әдемі оқитын даусым бар. (С. Мұқанов).
3. Қарсылықты салалас сөйлем бірақ, дегенмен, әйтсе де, өйткенмен, сонда да, солай бола тұрса да, солай болғанмен жалғаулықтары мен жалғаулық мәнді сөз тіркестері арқылы жасалады.
Онша үлкен төрелігім жоқ, әйтсе де айтып көріңіз (Б.Майлин).
Сонда да жалғаулығы экспрессивті түрде жұмсалады. Мысалы:
Екі мың метр биіктіктен парашютсіз түсіпті, бірақ сонда да ол тірі қалыпты.
4. Талғаулы салалас сөйлем не, немесе, я, яки, болмаса, я болмаса, әйтпесе, әлде, мейлі жалғаулықтары арқылы құрмаласады.
Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар, немесе құлағымен естіген айтар (Ә.Әбішев).
Мейлің жалғаулығы экспрессивтілікті білдіреді. Мысалы: Мейлің өзің бар, мейлің баланы жібер, әйтеуір олармен қалай да хабарласу керек (Б. Майлин).
5. Кезектес салалас сөйлем компоненттері бір-бірімен бірде, біресе, кейде деген кезектестік жалғаулықтар арқылы құрмаласады.
Нұрғали біресе Тәукеге қарап кіжінеді, бірсесе Аманға қарап мүләйімсиді (Ғ. Мұстафин).