ҚОРЫТЫНДЫ
Тілдің бірнеше негізгі қызметтері бар: коммуникативтік қызмет; ақпаратты жеткізу; когнитивтік; эмоционалды-экспрессивті қызметі.
Тілдің эмоционалды-экспрессивті қызметі негізгі әрі маңызды қызмет болып саналады. Тіл тек қарым-қатынас құралы немесе ойды сыртқа шығарушы құрал ретінде жұмсалмайды, сонымен қатар тіл адамның эмоционалды және ойлау-сөйлеу әрекетін қамтамасыз ете отырып, сезіммен, эмоциямен тығыз байланыста болады.
Эмоция мен экспрессивтілік (туралы) жөніндегі ғылымдағы пікірлерге мән берсек, мұндай пікірлерді тек тіл біліміне қатысты емес барлық сала мамандарының еңбектерінен кездестіруге болады.
Мысалы, тілдегі осы мағынаға байланысты: «Сөз сөйлеушінің ойымен қатар, оның әр түрлі психикалық толқуларын білдіреді» - деп атап көрсетеді академик В.В. Виноградов. [1, 50].
Ал Э.Клаус сөздің тілдегі қызметін саралай келіп: «Сөз тек түсінісу құралы ғана емес. Тілдік белгілер, сондай-ақ, тыңдаушының қызығушылығын арттырып әңгімеге белсенді араласуына ықпал етеді» - деген пікір айтады. [2, 102].
Эмоция сөзінің төркіні – латын тіліндегі “Emoure” етістігі [3, 46]. Бұл орыс тіліндегі «возбуждать, волновать» (әсерлендіру, толқыту) деген ұғымды білдіреді.
Эмоционалдық құбылыс қолданылу аясы мен белсенділігіне қарай әрқилы болып келеді және эмоционалдық әсер неғұрлым күшті болса, одан көрінетін экспрессивтілік те ұлғая түседі:
Қанға бөгіп, аппақ болып есеңгіреп жатқан балғын денесі бар күнәдан бар азаптан арашалап алғысы келген көлдің көп толқындары өз ырқынан, өз арнасынан асып кете алған жоқ (Ардақ, 429).
Сөйлемнің эмоционалдық әсері өте күшті себебі, мұнда «қанға бөгу, есеңгіреу, күнә, азап» сияқты бірнеше семантикасынан эмоционалды сөздер мен сөз тіркестері қатар қолданылған және олардың әрқайсысының эмоционалдық реңі, мәні ерекше көзге шалынады. Соған сәйкес сөйлемдегі экспрессивтілік те айқын әрі анық болады. Енді тіл мамандарының эмоцияға берген анықтамаларына тоқталып өтейік. Түркологияда бұл тақырыптың зерттелуі 50-жылдардан бастау алды десе де болады. Қазақ тілінің көрнекті өкілдері С.Қ. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, А.Т. Қайдаровтың еңбектерінде эмоционалдылық, экспрессивтілік, ондағы лексика-семантикалық бірліктер мен олардың жасалу тәсілдері жайлы салмақты пікірлер айтылған.
Ал, А.Нұрмахановтың «М.Әуезов драмалық шығармаларындағы эмоционалды-экспрессивті лексика» атты диссертациясында аталмыш тақырып жан-жақты, бірнеше жүйелі түрде зерттеліп, құнды ғылыми тұжырымдар жасалған.
Тілдегі эмоционалды элементтер адам сезімін білдіру үшін қызмет етеді. Ал тілдегі экспрессивтілік амалдар эмоцияларды, ерікті білдіруде, ойды білдіруде де, мәнерлілік пен суреттілікті күшейтуге қызмет етеді [6, 918].
Тағы бір мысал:- «Тәңірім-ай, келдің бе? Деп екі бетін алақанымен басқан күйі шөге түсіп, еңіреп жылап жіберген әйел затына тән босаңдық немесе долдылықпен емес, көбік ата талқып-тасыған қуаныштан жылаған жыласын... жыласын» (Атау кере).
Келтірілген сөйлемдердегі эмоционалды мән айқын. Осындағы «Тәңірім-ай» сөзі одағай сөзі ретінде эмоционалды мәнге ие болса, табиғатынан эмоционалды «еңіреп» сөзіне одан кейін синонимдік қатармен берілген «жылап жіберді» сөзі тіркесіп оның көркемдік бояуын күшейтіп тұр. Алдыңғы ойлар тұрғысынан бұл сөйлемдерде экспрессивтілік бар ма? Деген сұрақ туындайды. Бұл сөйлемдегі сөздерде де эмоция мен бірге экспрессивтілік бар. Бұл алдымен, «көбік ата шалқып-тасыған қуаныш» сияқты метафоралық сөз тіркесінен көрінсе, екіншіден «жылаған.., жыласын» сөздеріндегі әріп, буын ұқсастықтарын және бір сөздің бірнеше рет қайталанып келуінен және сөз соңында көп нүкте арқылы жасалған интонациялық әсерден де байқалады. тағы бір айта кетерлік жай - экспрессивтіліктің дамыту түрінде қолданылатын эмоционалды сөздер де болатындығы. Мысалы: тәуір – жақсы –тым жақсы- тамаша деген сөздерді алайық. Бұл тізбектегі сөздердің бәрі де эмоционалды мәнді сонымен бірге оларды салыстырмалы түрде, не күшейтпелі түрде жұмсағанда байқалатын экспрессивтілік рең де бар.
Сонымен біз жоғарыда келтірілген деректерден эмоционалдылық бар жерде экспрессивтілік те болатынына көз жеткіздік.
Халықтық тілдегі эмоционалдық пен экспрессивтілік тудырудың бірден-бірсөзі – дөрекі сөздер, архаизм, варваризмдер, жалған этимологиялы сөздер болып табылады.
Эмоционалдық пен экспрессивтілік тудыруға тек бейнелі сөздер ғана емес, жалпылама, арнаулы көнерген, неологизмдер, кітаби лексика, тұрмыстық сөздер, қарапайым сөздер, диалектизм бәрі де қатысыды. Әңгіме тек олардың қалай және қандай мағынада қолданылуында. Бірақ тілімізде өзінің заттық-лексикалық мағынасы о бастан эмоционалды-экспрессивті мәнді болып ұшырасатын сөздер болатыны белгілі.
Эмоционалды және экспрессивті сөздердің бір алуына ауызекі сөйлеу тілі стилінде жиі кездесетін дөрекі сөздер екені мәлім.
Достарыңызбен бөлісу: |