Дәріс №1. (1сағ) Кіріспе. Ветеринариялық гигиенаның пәні және әдістері


Ауаның ылғалдылығының гигиеналық маңызы



бет12/52
Дата02.01.2022
өлшемі199,74 Kb.
#107799
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   52
Байланысты:
гигиена.сабакка керек

9.Ауаның ылғалдылығының гигиеналық маңызы.

Ауаның ылғалдылығы оның су буымен қанығуы арқылы сипатталады. Ауаның ылғалдылығының мынандай көрсеткіштері (гигрометрлік) болады: абсолюттік, максимальды (ең жоғарғы), салыстырмалы, қанығудың жетіспеушілігі (дефицит) және шық нүктесі. Бұл көрсеткіштер, мал мамандарының ауа ылғалдылығы мен температурасын қалыптау және бақылау кезінде, сол сияқты қораның желдету жүйелерін, жылу тепе-теңдіктерін есептеу, ауа ылғалдатқыштарының қуатын және шық нүктесінің температурасын (қора бөлшектерінің - төбе, қабырға бетіндегі тамшылардың түзілуінен сақтандыру) анықтау үшін қажет болады.

Ауаның абсолюттік ылғалдылығы (е немесе q) – бір куб.м. ауадағы су буының граммен алынған мөлшері. Бұл көрсеткіш ауадағы су буының абсолюттік мөлшерін білдіргенмен, ол ауаның су буымен қаныққандық шамасын көрсетпейді. Өйткені бір түрлі ауаның абсолюттік ылғалдылықта ауаның су буымен қанығуы температураға байланысты әр түрлі болады. Абсолюттік ылғалдылық температураға тура пропорционалды болып, ол жоғарылаған сайын бұл да көтеріледі.

Максимальды ылғалдық (Е) – бір куб.м. ауадағы нақты температурада су буының ең жоғарғы мөлшері. Ол да бір куб.м. ауада грамм немесе мм. сынап бағанасымен өлшенеді де, ауа температурасына тура пропорционал болып келеді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болса, солғұрлым оның буы мен максимальды қанығуы кем, керісінше температура жоғарылаған сайын ауадағы су буының жоғарғы мөлшері арта түседі.

Салыстырмалы ылғалдылық (R) – ауаның су буымен пайыздық (проценттік) қанығуы. Оны абсолюттік ылғалдықтың мөлшерін максимальды ылғалдылықтың шамасына бөліп және 100 пайызға көбейту арқылы анықтауға болады:
R = e • 10 0% / Е
Салыстырмалы ылғалдық ауаның нақты температурада су буымен қанығуының пайыздық мөлшерін білдіреді. Ауаның температурасы мен салыстырмалы ылғалдықтың арасында кері байланыс болады, яғни ауа температурасы жоғарылаған сайын салыстырмалы ылғалдықтың мөлшері төмендеп, температура төмендегенде оның шамасы жоғарылайды. Тәулік ішінде салыстырмалы ылғалдық жиі ауытқуда болады. Түн мезгілінде жоғарылап, күндіз төмендейді.

Малдың түрі, жасы, т.б. физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты салыстырмалы ылғалдық мал қораларының ауасында 50 пайыздан 80 пайыз аралығында рұқсат етіледі.

Су буының қанығуы (Дф) – белгілі бір температурадағы бір куб.м. ауаның толық су буымен қанығуына жетіспеушілігін көрсетеді де, максимальды ылғалдықпен абсолюттік ылғалдылықтың айырмасы болып келеді.
Дф = Е – е
Су буының жетіспеушілігі ауа температурасы жоғарылаған сайын өсе береді. Сондықтан су буының жетіспеушілігінің мөлшері ұлғайған сайын судың булану жылдамдығы жоғарылап, ауаның құрғауы артады, яғни, неғұрлым су буының жетіспеушілігінің шамасы көп болса, солғұрлым ауа құрғақ болып, ол көп мөлшерде су буын сіңіре алады.

Шық нүктесі (Т) – деп ауадағы су буы толықтай қанығып, сұйыққа айналатын (конденсат) температураны айтады. Бұл көрсеткіштің гигиеналық маңызы өте зор болады. Себебі мал қораларының ішкі бөлшектері жылу ұстамайтын құрылыс материалдарынан салынған болса (қабырға, төбе т.б.) олардың бетіне су буымен қаныққан ауа соғылып су тамшысына айналады, яғни қандай температурада суға айналатындығын білуге болады.

Тәжірибеде мал қораларының ауасының су буымен қанығуының мөлшерін (ылғалдығын) білу үшін көбінесе салыстырмалы ылғалдықтың шамасымен бағаланады.

Атмосфералық ауадағы су буының мөлшері температураға, қозғалыс жылдамдығына, жыл мезгіліне (күз, көктем, қыс, жаз), жер бедеріне (ойпаң, қыр), тәуілік бойына, ауа райына (жауын, қар), су көздеріне (көл, теңіз, мұхит) т.б. факторларға байланысты өзгерісте болады.

Ал мал қораларының ауасындағы су буының негізгі мөлшері (70-80 %) онда орналасқан малдарға байланысты болса, тек шамалы (20-30 %) бөлігі ондағы технологиялық процесстермен қора бөлшектері және жабдықтарының беттерінің булануынан құралады. Сондықтан атмосфералық ауаға қарағанда қоралардың ауасының ылғалдылығы жоғары болады. Қорада орналасқан малдардың тек санына ғана емес, олардың түрі, жасы, өнімі, физиологиялық ерекшеліктері т.б. байланысты ауа ылғалдылығы өзгерісте болады. Мысалы, орта тірі салмағы 500 кг., тәуліктік сүттілігі 15 л сиыр бір тәуліктің ішінде ауаға демімен 10 л су буын бөліп шығаратын болса, жұмыс аты 8 л, 100 кг салмақтағы жас шошқа – 3,5 кг-ға ауаны ылғалдандырады. Егер ауа температурасы 20 градусқа жоғарылаған болса, ауаға сіңген мал демімен бөлінген су буының мөлшері екі есеге артады. Мұнымен қоса шошқа малдарының қорасының ауасына, басқа малдардың қорасымен салыстырғанда, еден бетінен буланатын су буының мөлшері шошқа демімен түсетін будың шамасынан 150 %-ға артық болады. Бірақ, жылытылмайтын шошқа қораларындағы ауаның ылғалдылығы 90 пайыздан асса, бөлшектер беттерінен судың булануы тежеледі.

Ауаның ылғалдылығының зор гигиеналық маңызы бар. Ол мал денесіне тікелей және жанама әсерін тигізеді. Ылғалдылықтың денеге тікелей әсері, оның жылу алмасуына, әсіресе жылудың сыртқы ортаға тарауына тиеді. Себебі, ауаның ылғалдылығы жоғары болса, онда жылудың булану арқылы таралуы тежеледі. Сондықтан жоғарғы ылғалдық температура жоғары болса, организмнен жылудың сыртқа таралуын бөгеп, денеге ыстық жиналып, малды ыстыққа ұрындырады да, оның тәбетін нашарлатып, резистенттілігін төмендетіп, өнімі азайып, гипертермия ауруына ұшыратады. Жоғарғы ылғалдылық ортаның ауасының температурасы төмен болса да мал организміне әсерін тигізеді. Себебі, ылғалды ауаның жылу өткізгіштік қасиеті құрғақ ауаға қарағанда бірнеше рет (8-10) жоғары болғандықтан, жоғарғы ылғалдық ауаның суық кезінде денеден жылудың көп тарауына соғады да, организмді суыққа ұрындырып, гипотермия ауруын тудырады және мал азығының орынсыз шығынын арттырады.

Малдарды суық, сызды қораларда ұстағанда оларда тыныс органдарының (кеңірдек, мұрын жолдары, өкпе), ас қорыту мүшелерінің (іш өткен) және тері аурулары жиілеуіне апарып соғады. Мұнымен қоса инфекциялық және инвазиялық аурулардың шығуы көбейеді.

Ауаның жоғары ылғалдығы денеге тікелей ғана емес жанама әсерін де тигізеді. Ауаның жоғарғы ылғалдық кезінде сыртқы ортада көптеген инфекциялық және инвазиялық аурулардың қоздырғыштары сақталып қана қоймай, өсіп-өнуіне қолайлы жағдай тауып, мал организмдеріне ауа тамшысы арқылы түсіп, ауру шығарады. Мұны мен қоса жоғарғы ылғалдық қора бөлшектерінің бетіне жиылып, олардың ауа және жылу өткізгіштік қасиеттерін бұзады. Ауаның жоғарғы ылғалдылығы қора бөлшектерін, ішкі жабдықтарды шірітіп, көк, тат түсіріп, тез істен шығарады, азықтарды көгертіп, шірітіп, сапасын төмендетеді.

Сол сияқты өте құрғақ ауа да (жазда) зиянды болады. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30-40 пайызға төмендесе дененің артық терлеуіне (булануына) әсер етіп, теріні, кілегей қабатының беттерін құрғатып, мүйіз, тұяқ сыртқы беттері жарылып, емшек үсті жарақаттанып, құс қауырсындары сынғыштанып кетуіне апарып соғады. Малдар термен денедегі минерал тұздарын жоғалтып, шөліркегіш болып, тәбеті нашарлап, өнімі мен резистенттілігі төмендейді. Сондықтан мал қоралардың ауасының температурасымен қатар ылғалдылық көрсеткіштерін де қалыптау қажет. Мал қораларының ауасының салыстырмалы ылғалдылығын 50-75 пайыз мөлшерінде ұстаған жөн. Ол үшін мал қораларын жобалап салар кезде дұрыс құрғақ жерді таңдаудың, сол сияқты қора бөлшектерінің жылу сақтағыштық қасиеттерін ескерген дұрыс болады. Қораны пайдаланған кезде ондағы ауа алмастыру және көң шығарып-тазалау жүйелерінің гигиеналық талаптарға сәйкестігіне көңіл бөлінеді. Кейбір жағдайларда ауаның жоғарғы ылғалдылығын азайту үшін сөндірілмеген әкті, 3 кг. әк ауадан 1 л. су сіңіреді деген есеппен пайдаланады. Қыс айларында қораға кіргізетін таза ауаны жасанды түрде жылыту арқылы кіргізген жоғарғы ылғалдылықты төмендету де маңызды рөл атқарады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   52




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет