4.Сыртқы ортаның факторларын қалыпқа келтірудің принциптері
Сыртқы ортаның әртүрлі факторларының әсеріне мал организмінің бейімделуінің белгілі бір шегі болады. Сондықтан әр факторлардың әсерлерінің сандық және сапалық сипаттамаларының гигиеналық маңызы өте зор.
Сыртқы ортаның биологиялық, физикалық, механикалық, химиялық, антропогендік т.б. факторларын ғылыми негізге сүйеніп гигиеналық талаптарға сай қалыптау (нормалау), малдардың денсаулығы мен өніміне зиянды әсерінен сақтандырады.
Ауаның физикалық факторлары қоршаған ортаның табиғи түріне жататындықтан, көбінесе организм үшін үйреншікті болып саналады. Сондықтан мал организмі үшін физикалық факторлардың толықтай болмауы емес, оның бір физиологиялық шегі – қалыпты мөлшері (оптимальды ) болуы керек. Осы оптимальдық шектен жоғары, артық немесе төменгі (жетіспейтін) мөлшердегі факторлар деп аталады да, олар белгілі бір шамаға дейін организммен қалыптанады (компенсацияланады). Бұл көрсеткіштердің шегі болып жоғарғы рұқсат етілетін мөлшер (ЖРМ) максимальды және төменгі рұқсат етілетін мөлшерлер (ТРМ) минимальды саналады. Сондықтан ортаның физикалық факторларын денеге нормалдаудың үш шегі болады: минималды, оптимальды және максимальды мөлшерлер. Мысалы, мал қораларындағы ауадағы су буының ең төменгі мөлшері (минимальды) 40 %, оптимальды (қалыпты) – 50-75 %, жоғарғы шекті (максимальды) – 80 % болуы қажет.
Химиялық заттардың әртүрлі объектілердегі (суда, ауада, топырақта т.б.) шекті рұқсат етілетін мөлшері (концентрациясы) ең жоғарғы максимальды шамамен белгіленеді, яғни әртүрлі объектілердегі химиялық заттардың көрсетілген максимальды мөлшері малдардың денсаулығы мен өніміне айтарлықтай зиянды әсерін тигізбейді деген сөз.
Химиялық заттардың әр объектідегі (куб. м ауадағы, литр судағы, кг. топырақтағы) миллиграммдық (мг), миллилитрлік (мл), немесе пайыздық (%) өлшемімен алғандағы малдардың, құстардың, балықтардың денсаулығына қауіпсіз мөлшерін максимальды рұқсат етілген шама деп есептеледі.
Малдардың денесіне күндегі қабылдаған азығымен ұзақ уақыт түсетін улы заттардың денсаулығына қауіпсіз мөлшерін максимальді рұқсат етілетін межесі дейді. Ондай мөлшердегі азықпен қабылданған улы заттар малдың өнімімен (сүті) бөлінбей, сойылған малдың ұлпаларында жиналмай, жас малдардың өсуіне зиянды әсерін тигізбеуі керек.
Қоршаған ортадағы кейбір объектілер (ауа, топырақ, су, азық, қора, мал-хайуанаттар т.б.) көптеген инфекциялық аурулардың тууының көзі болып, оларды таратуы мүмкін. Сондықтан сыртқы ортаның әртүрлі микробтармен ластануының алдын алу үшін олардың да мөлшерін қалыптаудың (нормалау) – зор гигиеналық маңызы бар. Қоршаған ортаның биологиялық ластануына патогенді, шартты патогенді, сапрофиттік микробтар, құрттар, олардың жұмыртқалары т.б. жатады. Қоршаған ортаның объектілерінің санитарлық-гигиеналық жағдайын, олардың патогенді микроорганизмдермен ластану мүмкіндігін білдіретін, микробиологиялық қосымша тәсілдермен бағалайды. Ондай кезде объектінің жалпы микроорганизмдермен ластануын (санын) ондағы санитарлық көрсеткіш есебінде алынатын (мал ішінде жиі кездесетін ішек таяқшасы, В. Perfrigens т.б.) микробтармен бағалайды. Зерттелетін объектілердің құрамында санитарлық – көрсеткіш есебінде алынатын микроорганизмдер концентрациясы және жалпы микробтар (микроб саны) неғұрлым көп болса, солғұрлым оларда патогенді микробтар да көп болуы мүмкін. Соған байланысты қоршаған объектілердегі барлық микроорганизмдердің ластану шамасы және санитарлық – көрсеткіш есебінде алынатын микробтар үшін олардың шекті рұқсат ететін мөлшерін (ШРМ) белгілейді. Судың, ауаның және топырақтың санитарлық жағдайын бағалау үшін олардың белгілі бір мөлшеріндегі (мл, куб.м., гр.) микроорганизмдермен ластануының рұқсат етілетін мөлшерін анықтайды (ШРМ). Судың, ауаның, топырақтың, азықтың санитарлық көрсеткіші есебінде алынатын микроорганизмдермен ластануының шамасын олардың титрі мен индексін анықтау арқылы нормалайды. Титр – дегеніміз зерттелетін объектінің (ауа, топырақ, су, азық) құрамының ең аз мөлшеріндегі (грамм, мл.) анықталған санитарлық көрсеткіш есебіндегі микробтың саны. Индекс – деп зерттелетін объектінің белгілі бір мөлшеріндегі (1000 мл суда, 1 гр азықта немесе топырақта) санитарлық көрсеткіш есебінде алынатын микробтар клеткаларының санын айтады.
Кейбір жағдайларда мал организміне бір емес бірнеше жағымсыз факторлардың жиынтығы (физикалық, биологиялық, химиялық), бір мезетте әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, осындай бірнеше факторлардың мал организміне зиянды әсерін болдырмау ең бір басты мәселе болып саналады.
Малдарды аурудан сақтандыру үшін, яғни сыртқы ортаның факторларының зиянды әсерлерін төмендету мақсатында барлық гигиеналық жұмыстар мынаған негізделуі қажет.
1. Ветеринариялық – гигиеналық нормативке. 2. Ветеринариялық-санитарлық нормаға. 3. Ветеринариялық-санитарлық ережелерге.
1. Ветеринариялық-гигиеналық нормативтер - қоршаған ортаның факторларының (физикалық, химиялық, биологиялық) организмге зияны жоқ ең төменгі (минимальды), немесе максимальды рұқсат етілетін шекті мөлшері. Бұл көрсеткіш мал организмінің ортада қалыпты өмір сүруіне қажет жағдай.
2. Ветеринариялық-санитарлық норма – дегеніміз ветеринариялық-гигиеналық нормативтердің ресми құжат түрінде дайындалып шығарылуы (қораның жарықтандыру нормасы, малға қаралған орындардың нормасы, ауа алмастыру нормасы т.б.). Сол ветеринариялық-санитарлық нормалардың негізінде әрбір мал шаруашылығындағы өндірістерге арнап ветеринариялық-санитерлық ережелер дайындалады.
3. Ветеринариялық-санитарлық ережелер дегеніміз ветеринарлық-санитарлық нормалар мен талаптар көрсетілген, үкімет орнының директивті нұсқауы; оны барлық мал өсірумен (құс, аңдар, ара, балық), күтіп-бағумен, тасымалдап, сойып, өнімдер алумен шұғылданатын мекемелер мен жекелеме адамдардың міндетті түрде орындаулары қажет.
Ветеринариялық-санитарлық ереже әртүрлі өндірістерге арнап жасалып, соның негізіне сүйеніп, ветеринариялық мамандар сақтандыру (алдын алу) және күнделікті бақылаулар (тексеру) жүргізеді.
Ветеринариялық-санитарлық сақтандыру бақылауы – мал объектілерін салу (тұрғызу) барысында мезгілді жүргізілетін бағалау. Онда жаңадан салынатын немесе қайта түзету жүргізілетін мал объектілерінің жобаларын, ішкі технологиялық процесстерінің (желдету, көң тазалап-шығару, су жүйелері, азық тарату механизмдері, жарықтандыру мөлшерлері т.б.) санитарлық гигиеналық ережелер мен талаптарға сәйкестігін бақылайды.
Күнделікті ветеринариялық-санитарлық бақылау – тұрақты түрде арнайы жоспар бойынша мал объектілерін пайдалану кезінде жүргізілетін баға. Мысалы, мал қораның микроклиматының көрсеткіштерінің (температура, жарықтануы, ылғалдылығы, газдық ластануы т.б.), азықтың, судың сапаларының нормативке сәйкестігі, қораны дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау т.б. жатады.
Әр ветеринариялық-санитарлық бақылау мынадай жағдайларда жүргізіледі:
- Мал шаруашылық өндірістерінде малдарды күтіп бағу, азықтандыру және пайдаланудың ветеринариялық-санитарлық ережелерінің сақталуын бақылау үшін. Мұндай бақылау мал тұратын қораларға, ондағы жабдықтарға, өндіріс маңайы, серуен алаңдарына, жайылым, азық және азықты өңдеп сақтайтын орындарға, мал суғаратын жабдықтар мен орындарға, көң шығару және сақтау қоймаларына т.б. жүргізіледі.
- Мал тасымалдайтын көліктерге, жеткізілетін (айдайтын) жолдарға, тасымалданатын мал өнімдері мен шикізаттарына, тасымалға арналған көліктер мен жабдықтарға (клеткалар, станоктар т.б.) т.б.
- Мал өнімін өңдейтін орындар мен сойыс жүргізетін мекемелерге т.б.
- Малдар мен олардың өнімдерін саудалайтын (балық, бал, құс өнімдерді т.б.) базарларға.
Ветеринариялық-санитарлық бақылаудың ең басты мақсаты малдар және олардың өнімдері арқылы ауру тарап кетуден сақтандыру болып саналады.
Күнделікті және алдын ала сақтандыру, ветеринариялық-санитарлық бақылаулар, ветеринариялық заң құжатының (законодательство) бір бөлігі болғандықтан, ветеринариялық-санитарлық ережелер мен талаптардың негізінде жасалады. Оны барлық мал мен айналысатын, мал өнімін шығаратын, саудалайтын мекемелер мен жеклеме адамдар міндетті түрде орындауға тиіс. Ветеринариялық-санитарлық бақылаудың нәтижелеріне арнайы зерттеу актісі жасалады. Ол актіде мал мамандары күнделікті жүргізілген ветеринариялық-санитарлық бақылау кезінде байқалған гигиеналық-санитарлық ережелерге сәйкес келмейтін олқылықтарды көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |