Екінші кітап



бет23/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   31
20. ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БАҚЫТ
(Қалмұқан Исабаев)

Мен осы бір қушыкес тілді, бала мінезді, терең ойлы жазушыны көрген сайын ойға қалам. Бала кезінен әдебиетке ғашық болып, сол ойын жүзеге асыру үшін талай ыстық пен суықты басынан кешірген, туған жерінің тең жарымын жаяу аралап, небір құнды шығармалар жазған, 1 пайыз талантын 99 пайыз еңбегімен жандандырған нағыз халық жазушысы ғой Қалекең.


Тікелей оқытушылық, зерттеушілік және ғылыми жұмыстарыма байланысты соңғы жылдары маған Қалмұқан Исабаевтың ертеректе шыққан және соңғы жылдары жазылған көптеген еңбектерімен жақынырақ танысу сәті түсіп жүр. Негізінен тарихи және әлеуметтік – экономикалық, шаруашылық мәселелеріне қалам тербейтін бұл қаламгердің кітаптарында қызылсөздік пен шарттылықтан гөрі шындық пен нақтылық басым.
Қ.Исабаев жазушылық жолын әскери тақырыптан бастаған қаламгер. Осы тақырыпта оның 1959 жылы «Баян» атты тұңғыш әңгімелер жинағы, Рахметтола Райымқұловпен бірігіп жазған «Ашынған жандар» атты пьесасы, 1961 жылы «Ажал құрсауында», 1963 жылы «Бетпе-бет» романдары, соңғы екі кітап 1975 жылы «Жолдас комендант» деген атпен қайта басылып шықты.
Өзі құрыптас құрдастары сияқты Қалекеңнің де жастық шағы қиын-қыстау Ұлы Отан соғысы жылдарына сәйкес келді. Алдымен 1941 жылдың күзінде үлкен ағасы Зармұқан әскерге алынды. Одан соң 1942 жылдың көктемінде әкесі Әлиді еңбек армиясы қатарына шығарып салды. Үшінші кезек өзіне келді. 1943 жылдың қаңтар айында 10 сынып партасынан майданға шақырылды. Сөйтіп, бір шаңырақтың бар еркек кіндігі әскерге алынып, соңдарында тілеулерін тілеп жалғыз шешелері Мақпуза қалады.
Содан он жылдан астам өмірін әскери қызметте өткізген жауынгер елге 1954 жылы ғана оралады. Міне, осы он жылдың ішінде Қ.Исабаев қатардағы жауынгерден офицер дәрежесіне дейін көтерілген. 1948 жылдан Германияның Ильменау қаласында комендант болады. Осында жүріп өзінің өмір бойғы арманын жүзеге асыра бастайды. Бұл туралы жазушының өзі осыдан 25 жыл бұрын: «Бұл қала маған әрқашанда ыстық болып көрініп тұратын болады. Жазушылықтың алғашқы азаптарына кездесіп, ой тежеліп қалғандай уақытта тысқа шығып, осы қаланың самалы құшағына алып, жас қиялға қанат бітірген еді. Менің балаң ойларым осы қалада қағазға түсірілді. Яғни, алғашқы еңбектерім осында жөргекке бөленді. Сондықтан да бұл қала өмір бақи менің есімде жүрмек»,-деп жазыпты күнделігінде.
Иә, Қ.Исабаевтың жазушылық қызметке келу жолы да қызық. Бұл туралы оның «Бақытты сәттер» атты өмірбаяндық повесінде жан-жақты толық қамтылған. Әйтсе де біздер жазушы туралы өз әңгімемізді сол штрихтан бастағанды жөн көріп отырмыз.
1954 жылы әскер қатарынан босаған ол 1955 жылдың жазында сол кездегі С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетіне сырттай оқуға түседі де үлкен қиыншылықпен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады. Бұл арада оған Рахметолла Райымқұлов пен Зейнолла Қабдоловтардың көмектері көп тиеді. Осы кезде Қ.Исабаевтың «Әдебет және искусство» журналында «Қазақ вальсі», «Шаруа бақыты», «Оның тағдыры», «Эльбаның ашуы», «Қыз құпиясы» атты әңгімелері бірінен соң бірі жариялана бастайды. Сөйтіп, осылардың нәтижелері ретінде 1959 жылы жазушының тұңғыш «Баян» атты жинағы жарық көреді.
«Социалистік Қазақстан» газетінде алты жыл қызмет істеген жазушы 1961 жылы «Ертіс-Қарағанды» каналы құрылысына творчестволық жұмысқа ауысады. Оның Ертіс-Қарағанды каналы сияқты су жолынан алынған алғашқы шөміш топырақ жөніндегі репортажы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1962 жылғы 1 шілде күнгі санында «Каналды бастағандар» деген тақырыппен жарияланады. Қ.Исабаев жалпы өзіне үлкен жазушылық қызметтің ізашар бастамасы болған аға газет туралы: « Мамандық атаулыдан жұрдай, орта да білімі жоқ, қабілеті ешкімге де белгісіз бұрынғы солдатты жылы құшағына алып, ағалық ақылымен рухымды байытқан, көп нәрсеге көзімді ашқан «СҚ» газеті аппаратынан партияға мүше болып, қолыма диплом тиісімен шығып барамын. Әрине, өкінішті-ақ. Алайда Бүкілодақтық дәрежеде салынайын деп жатқан құрылыс менің «бірер жыл бөгеле тұрыңдаршы дегеніме» құлақ асар ма?
«Социалистік Қазақстан» маған күнделікті өмірде алдымен неге назар аударуды, ойды шұғыл дамытуды, қолдағы деректерді сөз бұйдаға салмай дереу қағазға түсіруді, өзіме ұзақ жылдар бойы қол үзіп кеткен ана тілімді жетілдіріп, нақыштауымды, аз сөзбен көп ой айта білуімді, кіммен қалай сөйлесуімді үйретті.
Қаламмен қаруланғаныма қырық жылдан асқан екен. Бүгінде мен жиырмадан астам кітаптың авторымын. Мені осындай дәрежеге жеткізген университетім «Социалистік Қазақстан»-деп толғанады.
Ал, жазушыны Ертіс-Қарағанды каналы туралы шығарма жазуға итермелеген мол кездегі Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті, академик Қаныш Сәтбаев екендігі белгілі. 1961 жылдан болашақ канал бойын алдымен жаяу аралап шыққан Қ.Исабаев қашан канал құрылысы аяқталғанша одан байланысын үзбейді. Бұл туралы жазушының өзі: «Жаяу сапардан жазған күнделігім «Қызыл ту», «Социалистік Қарағанды» газеттері мен «Жұлдыз» журналында жарияланып, құрылыс басталған жылы «Арман арнасымен» деген атпен жеке кітап болып шықты»,- деп еске алады бүгінгі күн. Жалпы, жазушы бұл құрылысқа арнап екі тілде жүзден астам очерк пен проблемалық мақалалар, сегіз кітап жазған. Соның нәтижесі «Өткелде», «Өрде», «Арна» деп аталатын үш романнан тұратын «Өсиет» деген трилогия.
Қ.Исабаев бұдан соң тарихи тақырыптарға ден қоя бастайды. 1967 жылы оның «Айқыз» романының алғашқы варианты жарық көрді. 1977 жылы толықтырылып қайта басылып шықты. Ал 1981 жылы «Советский писатель» баспасы арқылы орыс оқырмандарына жол тартады. Бұл арада жазушының қазақтың ержүрек әйелінің бейнесін жасау жолындағы қыруар еңбегіне тоқталмай өтпеуге болмайды. Бүкіл Аягөз өңірін аралап, басты кейіпкеріне қатысты деректерді там-тұмдап жиып жүріп, оқырман көңілінен шығатындай тамаша шығарма жазып шығарған.
Жазушының екінші бір тарихи еңбегі «Соңғы ерлік» деп аталады. Онда автор белгілі чекист Серікқали Жақыповтың қиын да күрделі өмір жолы туралы сыр шертеді. Тарихи, нақты деректерге сүйене отырып, кезінде нақақтан жазаланып, халық жауы атанған аяулы азаматтың есімін ел арасына қайтарып әкеледі.
Кезінде Қ.Исабаевтың бұл кейіпкеріне «1918 жылдың мартында Казталовкада совет өкіметінің жеңісін ұйымдастыруға Астраханнан барған Панасюк деген большевикті бай-көпестерге ұстап беріп атқызған...»
«...1919 жылы бес мың атты казагы бар Анохин деген атаман Ордаға жақындап қалғанда Жақыпов қаланы қорғаудан қашып кетті. Осыған қарағанда оның атаманмен жеңұшынан байланысы болса керек...»
«...1920 жылдың күзінде Панченко, Нестеров және С.Жақыпов Казталовка уезін талан-таражға ұшыратып, тонауға кірісті...»
«... 1921 жылы ВЧК-ға Жақыпов Серікқали мен Ізбасаров Жұмағалиды тұтқындап, Хан ордасына жеткізіп берулері жөнінде телеграмма жіберіп едік, ол екеуі бұл жерден де құтылып кетіпті...»
«...1924 жылы Жақыпов Гурьев уездік партия комитетінде ұйымдастырушы секретарь боп істегенде уком құрамына кілең Беріш руынан шыққандарды сайлаған... »
«...1927 жылы Жақыпов Казталовка аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып жұмыс істеп жүрген кезінде «Ұшқын» деген ауыл шаруашылық артелін ұйымдастырып, оған мүшелікке, конфискациядан сақтап қалу үшін кілең байларды алған...»
«Жақыпов Казталовка аупарткомының бірінші секретары боп істеп жүрген кезінде Аязбаев Ерғали деген атышулы қарақшыны қанатының астына алып, милицияға бандылық істерден ада, алайда өзіне ұнамаған адал адамдарды тұтқындауды бұйырған...»
«1930 жылы монах киімін киіп, Орта Азиядан Қытайға қарай қашып бара жатқан бұрынғы патша армиясы офицерлеріне Жақыпов Совет паспортын алуға көмектескен...» деген ойластырылған жалалар жабылып, қайран ерді нәрін сорып, сыртқы сауытын өрмекшінің торына лақтырып тастағандай қылған екен.
Бұл туралы жазушы «Коммунист – чекист өмірін ой сарабынан тағы да бір рет өткізіп қарасам - өңкей күреспен өткен күрделі де тағылымды өмір екен. Ал, 1937 жылғы оқиғаға қарсы шығуы- өзінің де барар жерін біле тұра жасаған «Соңғы ерлігі!». Кітапты да осылай атауды жөн көрдім. Алайда, ол уақыт жөнінде жазатынымның өту-өкпесі екі талай болса да, «алып тастаса да кітаптың басқа жағына нұқсан келмесін» деген оймен Жақыповтың соңғы ерлігін соңғы тарау ретінде қостым. Шамалағанымдай, «Соңғы ерлік» повесі 1971 жылы соңғы тарауынсыз жарық көрді.
1972 жылдың көктемінде кенеттен маған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің сол кездегі қызметкері Устинов Альберт телефон соғып, кіріп шығуымды сұрады. Бардым. «Соңғы ерлік» кітабының үстінен арыз түскен екен. Арызда Серікқали Жақыповтың көркем шығармаға кейіпкер бола алмайтынын дәлелдеу үшін, осы зерттеу очеркімнің бас жағына келтірген «қылмыс» тізімін жазып шығып, астына 1919, 1920 жылдардан партия мүшелері екендігін атап Серікқалидың он шақты жерлесі қол қойыпты.
- Партия тарихи институты жанынан комиссия құрылды. Сен оларға қай деректі қайдан алғаныңды тізіп бер,-деді Устинов.
Мен ешкімге де ештеңе бермейтінімді айттым...
Келесі жылы Устинов үйге телефон соғып, комиссияның , «Соңғы ерлік» повесінің бұдан былай да өмір сүруге правосы бар кітап екенін анықтағанын айтып қуантты...»,-деп еске алады.[107]
Өстіп тарихи тақырыпқа қалам тартып, жол салған Қ.Исабаев енді тарихи роман жазуға дайындық жұмыстарын жүргізе бастады. Алғашқы барлау ретінде ол «Жұлдыз» журналының 1975 жылғы сәуір айындағы санында «Шоң» деген деректі повесін жариялайды. Оны оқырман жылы қабылдаған соң бірнеше кітаптан тұратын осы аттас роман жазуға отырады. Оның «Серт» деген алғашқы кітабы 1982 жылы, «Шоң би» деп аталатын соңғы үшінші кітабы 1993 жылы үш кітаптан тұратын трилогия ретінде оқырман қолына тиеді.
Бұл кітаптың жазылу тарихы да қызық. Үнемі зерттеу жұмысымен жүретін Қ.Исабаев 60 жылдарыдың басында Ғылым Академиясының кітапханасынан ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Омбы қаласынан орыс және қазақ тілдерінде шығып тұрған «Дала уалаятының газетін» оқиды. Оны әсіресе осы басылымның Баянауылдың тілшілері Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Аббас Айманов, Әміре Нөгербеквтардың материалдары қызықтырады. Оның ішінде «Атақты Шоң бидің немересі» деген анықтаманың беріліп отырылуы жазушыны үлкен жауапты іске бастайды.
Бұл туралы Қалекеңнің өзі: «Шоң жөнінде 400 беттей архив материалдарын жинаппын. Бұл беттерге қазақ тарихында елеулі орын алатын жылдардың қыруар оқиғалары тіркелген. Соларды қайта жинақтап, ой сарабына салған кезімде кемеңгер адамның қабілеті көз алдыма келді. Ол:

  • Қазақта алғашқылардың бірі болып хан билігін мансұқ еткен екен.

  • Халық бірлігін көксеп, «бөліп алда, билей бер!» ұранын

көтерушілерге ырық бермеу үшін ұсақ рулардың басын тұтас одаққа қосқан екен. Яғни, «Төртұлы одағын» алғаш ХVІІІ ғасырдың басында Шорманның атасы Сәти жасаған болса, оны заманына сай қайта құрған Шоң екен.

  • Қазақ халқының болашағын орыстарға жақындасудан көрген екен.

  • Халық арасына діннің жайылмауына күш салған екен (338 қорының 795 папкесінің 23 бетінде Шоңның Баянауыоға мешіт салуға арналған қаржыны диірмен салуға жұмсағаны айтылған).

  • Патша бекіткен уставының темірдей қатаң бабтарын бұздырып,

қазақта қарадан тұңғыш аға сұлтан болған екен...

  • Шоң халықтың ұмыт болған кемеңгер ұлдарының бірі екен.

Ендеше ол жөнінде кітап жазуға әбден болады. Ә дегеннен романнан бастау әбестік болар. Шоң есімінің біреу болмаса, біреудің құлағына түрпідей тиюі мүмкін. Сондықтан да оны жұртшылыққа әуелі шағын жанрда таныстырып алған жөн бе, қалай?
Қолымда бар материал негізінде «Жұлдыз» журналының 1975 жылдың апрель айына «Шоң» атты деректі повесть жарияладым. Халық жылы қарсы алды. Ендеше роман жазуға болады екен. Осы зерттеуде жауап берілмеген сұрақтар қалды. Шоң өмір сүрген уақыт тарихындағы аса бір күрделі кезең. Осы ерекшеліктерді көрсетуге арналған кітаптан оқырман сол сұрақтарға да жауап алып қалар. Ол романның бірінші кітабы «Серт» деген атпен 1982 жылы оқырман қолына тиді де»,-деп жазады өзінің «Ханға қаны қас Шоң» деген эссе-әңгімесінде.
Жоғарыда біздер Қ.Исабаевтың еңбектерінде қызылсөздік пен шарттылықтан гөрі шындық пен нақтылық басым деп тегін атағанымыз жоқ. Себебі, бұл жазушы қай тақырыпты қолына алмасын, ең алдымен оны терең сүзгіден өткізеді. Яғни, алдын-ала зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Көп уақытын жолда, архивтерде, адамдармен кездесумен өткізеді. Мәселен, бұл тұрғыда оның «Совхоз ақын атында» және «Қазына тапқан адам» деген деректі әңгімелерін атауға болады. Алғашқы еңбекте Александр деген көпестің атымен аталған шаруашылыққа Сұлтанмахмұт сынды ақынның атын бердіру үшін басқа да ақын, жазушылармен Қ.Исабаевтың да бір кісідей тер төккенін байқауға болады.
Ал, «Қазына тапқан адам» деп аталатын екінші очеркінде болса жазушы Екібастұз көмірін ашқан жерлесіміз Қосым Пішенбаев туралы бір кітапқа жетерлік дерек жинап, соны енді көркем дүниеге айналдыру жолында жұмыс істеп жатқанын сөз етеді.
Осымен қатар жазушымыз ауыл шаруашылығы тақырыбын да жете меңгерген. Оның кезінде республикамыздағы диқандар өмірін көрсету үшін қартайған шағында Солтүстік облыстарының бірінде комбайншы болып жұмыс істегенін де білеміз. Бұл туралы жазушының өзі: «Менің көзім көп нәрсеге жетті. Егін орағында көріп-білгендерім пьесаның бұрынғы қаңқасын бұзып, мүлде басқа жолға салғандай және болашақ комедия кейіпкерлерін енді ғана толық көргендей болдым. Объектіні сыртынан шолып, сандар төңірегінде ғана сөз қозғау мәселеге терең үңілгендік емес екен. Енді менің көз алдымнан Ерейментау сілемінің ой-қырлары кетпеді. Кетпеді деген аз-ау! Сол қырларда, онда еңбек қазанын қайнатушылар басыма тың ойлар салып, қаламымды жетектеді де отырды.
Сөйтіп, «Десант» деген комедия дүниеге келді. 1983 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігі пьесаларға жабық конкурс жариялап жатыр екен. Мен де қостым бәйгеге «Десантымды». Бес айдан кейін конкурс нәтижесі жарияланды. Алпыс шақты пьесаның конкурсқа түскен алтауы жүлдеге іліккен. Бірі менің «Десантым» болып шықты.
Осылай менің еңбегім ақталды. Бүгінде «Десант» республика театрларында қойылып жүр. Өмірмен қоян-қолтық араласып жазғанға не жетсін!»-деп еске алады.
Бұл күндері сексеннен асқан жазушының әлі де болса бергенінен берері көп деп білеміз. Оған Қ.Исабаевтың өзінің де, сүйіп оқитын қалың оқырманның да күмәні жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет