Ғылыми конференциясының материалдары


ҚАСЫМ ХАН ЖӘНЕ ОНЫҢ «ҚАСҚА ЖОЛЫ» ЗАҢДАР ЖИНАҒЫ



бет45/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   131
Байланысты:
treatise40297

ҚАСЫМ ХАН ЖӘНЕ ОНЫҢ «ҚАСҚА ЖОЛЫ» ЗАҢДАР ЖИНАҒЫ


Кабылбекова М.Н. (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: т.ғ.к., доцент Тасилова Н.А.

Өткен тарихымызда ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырып, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше, өзгерістердің тез немесе баяу дамуына, оқиғалардың объективті барысына, өрбу бағытына өзіндік жеке рөлін қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ халқының тарихында, әсіресе, хандық дәуірдегі кезеңде мұндай ұлы адамдар өте көп. Олардың қатарында 1511-1521 жылдар ішінде Қазақ хандығын билеген Қасым ханның алатын орны ерекше.


Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бірден ойымызға ешбір жазба деректерде кездеспейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ол – біріншіден, Қасым ханның өмірі, хандық билігі, сол жылдардағы Мауреннахрдағы шайбанилер әулетімен, Моғолстандағы шағатайлар әулетімен жүргізген саясаттың, қарым-қатынастың нәтижесі; екіншіден, Қазақ хандығын күшейтудегі, қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы сіңірген еңбегіне халықтың берген бағасы; үшіншіден, қазақ халқының этникалық, ұлттық аумағын қалыптастыру жолындағы атқарған жұмыстарының жемісі; төртіншіден, мемлекетті басқару ісіндегі ұрпақтарға қалдырған өнеге жолы. Міне, осындай ірі тарихи тұлғаның қазақ тарихындағы алатын орнын ескере отырып, біз қалың қазақ жұртына Қасым ханның кім екендігін, қазақ халқының тарихи санасында қандай істерімен қалғандығын көрсету мақсатында осы зерттеу еңбегімізді арнағалы отырмыз.
Қасым ханның жеке өмірбаянына арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ, тек қана оның сұлтандық және хандық дәуірінен үзік-үзік мәліметтер Қадырғали Жалайыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Бабыр, Бинай, Шади, Рузбехан Исфахани, Махмуд бен Уәли, Хайдар Рази, Гафари, Абдаллах Балхи, Әбілғазы және тағы басқа авторлардың еңбектерінде кездеседі. Орыс деректерінде де ол туралы мәліметтер баршылық.
Қасым хан Жәнібекұлы (1445-1521 жж.) – қазақтыңұлы хандарынын бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Әз-Жәнібек ханныңортаншы баласы. Шешесі Жаған-бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанныңшешесінің туған сіңілісі.
Қасым хан өз билігі кезінде шын мәнінде өз елінің беделі, оның тыныштығы, қауіпсіздігі үшін жанын беріп күрескен болатын. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде төмендегілерді жатқызуымызға болады.
Мұхаммед Шайбанидің қазақ билеушілеріне қарсы соғыстары туралы деректемелерде Қасым ханның аты алғаш рет аталады және оған «белгілі сұлтандар мен бахадүрлердің» бірі деген баға беріледі.
Абдаллах пен Мұхаммед бен Әли Нассуруллах: «Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақтың падишасы болды. Ол ұлы істер жасау үшін туған еді. Қасым ханның қисапсыз көп әскерлері қазақтар мен ноғайлардан құралған», – деп оны халқының бақытына туған ерекше тұлға ретінде бағалайды деп ерекше атап жазады.
Ал Бабыр өзінің «Бабырнама» кітабында: «Қазақ халқының бұрын-соңғы сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның 300 мың әскері бар еді», – деп атап көрсетеді. Міне осы атап өткен деректердің өзі Қасымның ерекше тұлға екенін анық айқындап береді.
Міне осылар шынында да жоғарыдағы сөзімізді дәлелдеп береді деп ойлаймын.
Қасым хан Қазақ хандығын 10 жыл (1511-1521 жж.) басқарады. Қазақ халқы үшін ол осы 10 жыл ішінде бірнеше хан ұрпағы атқаратын іс атқарып кетті. Ол хандық құрған жылдар ішінде қазақ елін, қазақ жұртын іргесіндегі көршіден алыстағы Еуропа халқына дейін танып-біледі. 1510-1513 жылдары Шайбани хан өлгеннен кейін, Орта Азияда саяси бытыраңқылық белең алып, Сыр өңірінде оның ықпалы әлсірейді. Сондай-ақ Жетісу мен Шығыс Түркістанда бір жарым ғасырдан астам өмір сүрген Моғолстан мемлекеті де осы тұста ыдырап кетеді. Осындай Қазақ хандығы үшін қалыптасқан қолайлы сәттерді шебер пайдалана білген Қасым хан Жетісуда, толығымен Сыр өңірінде Қазақ хандығының билігін орнатады. Мұнда бір ескеретін жай, бұл аталған аймақтар ешбір ұрыссыз қазақ халқының этникалық аумағына енеді. Себебі мұндағы тайпалар қазақ халқының этникалық құрамының бірі болатын.
Мұхаммед Хайдардың жазбаларына қарағанда, Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған. Ал Тахир Мұхаммед өзінің «Раузат-ат Тарихирин» атты еңбегінде Қасым ханның өлген уақыты 1523-1524 жылдар деп көрсетеді. Қадырғали Қасымұлы Жалайырдың сөзі бойынша, Қасым хан Сарайшық қаласында қаза болған. Қасым хан өлгеннен кейін, өзара қырқысулардың өрши түсуіне байланысты, Қазақ хандығы біраз әлсіреді, ал моғолдар мен қазақтардың арақатынасы өзгерді.
«Қасым ханның Қасқа жолы» XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатты. «Қасым ханның қасқа жолы» – осының куәсі.
«Қасым ханның қасқа жолы деп аталатын» заңдар жиынтығы көпке белгілі. Ол сол кезде мұсылман елдеріне жаппай қолданып жүрген шариғат заңынан өзгеше қазақ өміріне үйлесімді заң болды. Қазақ ордасының мемлекеттік негіздері де осы «Қасым ханның қасқа жолында» өз көрінісін тапты деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда бұл заң – қазақ халқының елдік санасын негіздеуде шешуші қызмет атқарған ерекше құжат еді. Міне енді осы мәселеге толық тоқталып өтсек.
«Қасым ханның қасқа жол» деп аталатын заң – қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған.
Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:
1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтеріледі;
2. Қазақ халқының этникалық аумағы толығымен біріктіріледі;
3. Хандық билік этникалық аумаққа толық тарап, рөлі артады;
4. Халықтың саны Қасым хан тұсында бірнеше есе өседі;
5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейтіндіктен, оны жаңа дәуір талаптарына сай бейімдеу қажеттілігі туады.
Міне, осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі.
Ендігі сөз бұл заңға енген ережелер жайлы, олар төмендегідей:
1. мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік);
2. қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық жасау, ұрлық қылу)
3. әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қарақазан, ердің құны, тұлпар ат)
4. Елшілік жоралар (майталман шешендік, халықаралық қатынастағы сыпайылылық, әдептілік, ибалылық)
5. жұртшылық заңы (шүлен, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері)
«Қасқа жолының» қағидалары ХVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста «Есім ханның ескі жолы деген жаңа атқа ие болды. Тәуке ханның тұсында бұл заң әлі де шариғат қағидасымен боялмай, билер жасаған қалпын жақсы сақтады. Құба қалмақтың жортуыл шапқыншылығына байланысты тарихи-саяси жағдайдың аса шиеленіскен қиын кезеңінде мұңғыла ойшыл билер бес тараудан тұратын ережелерге тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» деп атаған. Тәуке кезінде қосылған бұл екі тарау: жесір дауы; құн дауы деп аталды. Бұл кезеңде шапқыншылық, кісі өлтіру көп болғандықтан құн дауын өз алдына бөлектеп, қылмыс заңына айналдырған.
ХV-ХVIII ғасырлада қолданылған ежелгі жарғының үзінділері халық аузында қысқа-қысқа мәтел түрінде сақталған.
Мәселен: «Қара қылды қақ жару», «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіру», «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы-Майқы би», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақалдар түрінде күні бүгінге дейін атап айтылады.
Қасым ханның қасқа жолы заңның жазбаша мәтіні болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.
Қасым хан және оның Қасқа жолы атты тақырыбымызды қорыта айтқанда, 16 ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген және қазақ территориясын кеңейткен Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. Сонымен қатар Қасым ханның «Қасқа жолы» қазақ билеушілерінің болашақ өкілдеріне қалдырған өнеге жолы – елдің саяси бірлігін сақтауы мен мемлекеттіліктің ең басты көрсеткіші хандық билікті нығайтуы, оны мойындатуы еді. Мінеки жоғарыдағы атап айтқандарымыздың яғни Қасым ханның өмірі, оның хандың билікті нығайтқан Қасқа жолы заңдар жиынтығы мен ол жүргізген саясаты қазақ тарихында алатын орны осындай ерекше болуының дәлелі болып табылады деп ойлаймын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет