Ғылыми конференциясының материалдары



бет50/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   131
Байланысты:
treatise40297

Әдебиеттер



  1. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна» ЖШС, 2006. – 768 б.

  2. Елтұтқа. Ел тарихының әйгілі тұлғалары: оқу құралы. – Астана: Күлтегін, 2001. – 357 б.

  3. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк) – Алматы: «Дәуір» баспасы, 1994. – 445 б.

  4. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3 том. – Алматы: «Атамұра». 2010. – 768 б.

І. ЕСЕНБЕРЛИННІҢ «ҚАҺАР» РОМАНЫНДАҒЫ КЕНЕСАРЫНЫҢ ТАРИХИ БЕЙНЕСІ


Лесбекова Ұлмекен (Қазақстан)
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Ғылыми жетекшісі: оқытушы Тойшубекова Ж. К.

Қазір қоғамның барлық салаларындағыдай тарих ғылымының дамуында да үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Қайсыбір халықтың болмасын ең бір маңызды құндылығы – тарихы. Тарихымыздың ақ пен қарасын ажыратып, алыптарымызды ақтап алу, бастан өткерген жағдаяттарға дұрыс баға беру бізге жүктелетін азаматтық іс. Тарих сахнасындағы оқиғалардың бірі де бірегейі – ұлт-азаттығы жолындағы күрес. Азаттық күресінің майталмандарының бірі – Кенесары Қасымұлы.


Кенесары хан – қазақ даласында ХVIII ғасырда ұлт азаттығы үшін 1837-1847 жылдары күрескен біртуар көсем, қайсар қайраткер, Қазақ хандығындағы соңғы хандықтың иесі (1841-1847). Егемендіктен соң тегімізді түгендеп, тарихымызды қайта парақтаудамыз. Жауына тізе бүкпеген Хан Кененің өз деңгейінде ашылмай келе жатқан азаматтық бейнесі жоғары бағаға лайық. Қиын да болса халықтың азат күні үшін Қытай империясына, Хиуа, Қоқан хандықтарына және патшалы Ресейге қарсы тұрды. Кенесары ұлт азаттығының жолында көтеріліс жасаған тұлға деуден әлде қайда жоғары дәрежеде. Ол – шын мәнінде Қазақ мемлекетінің негізін құрған қайраткерлердің бірі. Хан Кене қазақ қоғамына сол заманның өзінде-ақ кедендік қызметті пайдаланды, мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды, дипломатиялық мақсат ұстана біліп, салық жүйесін қалыптастырды. Кенесары туралы алғаш зерттеу Е.Бекмахановтан бастау алып, осы уақытқа дейін көптеген еңбектердің негізі болды. Аталмыш еңбектердің елеулісі І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Қаһар» бөлімінен тарихи тұлғасы биік Кене ханның біз білмеген келбетін, өзіндік әдісін, дара қасиетімен ел еркіндігі үшін ұлы қадамға бел буып, тарихқа салған таңбасын сараптап қаралық. І.Есенберлин трилогияда Шыңғысхан шабуылынан бастап, алты жүз жыл көшпенді атанған қазақтың көкжалдарша тәуелсіздік жолында күресіп өткен тарихын кеңінен қамтып, «Қаһар» романында ХIХ ғасырдағы қазақтың өз сахарасында өзге ұлтқа бас иетінін қынжыла баяндайды. Бұл кезең алып Абылайдың немересі Кенесары тұсына тура келді. Абылай заманындағы берілген уәде бойынша қазақ территориясына патша ағзам бекіністерін орнатып, орыс-казак әскерлерін кіргізе бастаған дүрбелең кезеңнің бастауы еді.
«Бұл – орта бойлы, кең жауырын, арықтау тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт тартқан қыран көзді, жуан балуан мойынды. Ашық жүзіне жараса біткен сәл келтелеу қыр мұрнының астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша сақалы сүп сүйір. Сақал мұрты күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал, жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғұлт түйе жүн шекпен жамылған. Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген орта қоныш көк салмен өрнектелген саптама етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп көп тыңдайтың адамды сездіреді. Егер тұлғасына көңіл райына қарасаң ішінде тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.
Бұл Абылай ханның немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары еді деп «Қаһар» романы Кенесары сипатымен басталады [1, 69-б.]. Тұлғаның дара қасиетін ашу үшін оның толық сипатына дендеп көрейік.
Тарих ғылымдарының докторы Нәйла Бекмаханова пікірі де осыған саяды «Кенесарының жирен шашы, көздері, бет-әлпеті мен бойы, мінез-құлқы сипаттары халық есінде сақталған. Ғасырдың көзін көргендер мейірбан адам деп суреттейді [2, 209-б.]. Қайсыбір зерттеушілер болмасын оның келбеті мен қасиетін айта келе осалдық таба алмайды. Ашаң жүзді, қара торы, аз сөйлейтін, терең ойланып шешім қабылдайтын, қаталдық пен байыптылық қатар біткен сұлтан бойынан тектіліктілікті, жалпы, көркем персонажды ұғынады.
Сондай-ақ Кенесары қалың ойға шомған сәтінде ешкім беттеп сөйлей алмайтын өр болатын. Ойланғанда ұзақ жалғыз отырған. Күрделі мәселені шешкенде жалғыз отыру шығыс патшаларына тән ұлылықтың қасиеті деген шығыстық сенім бар. «Кенесары бір қиын мәселені шешерде қалың қабағын қарс жауып, бір қолымен исфаған семсерінің сабынан ұстап, темір торға қамалған жолбарыстай ақ орданың ішін кезіп, ерсілі-қарсылы жүріп, көп ойланатын. Мұндай кезінде сұлтанның сырт бейнесі шынында да, жолбарысқа ұқсас қаһарлы болатын, желкесі күдірейіп, өткір көздері әдеттегісінен гөрі қызара түсіп, тірі жанға тіл қатпай, сұстана қалатын» – деп суреттейді жазушы [1, 44-б.].
Кенесарының шөбересі, жазушы Нафуса Кенесаринаның: «Ол кісінің күштілігі соншалық, ұран шақырып, айғайласа болғаны, мыңдаған жігіттер оның сапқа тұруына әзір болған және жауынгерлері шайқас даласында елі үшін жан пида етуге дайын болған» [2, 97-б.]. Осылай жазуына сай Кенесары әскері әскери өнерді жетік меңгерген, қатаң тәртіп ұстанған, ауыр қылмыста, опасыздықта өлім жазасына бұйырылған. Жиырма мың жігіттен құралса да он жыл тегеурінді шайқасты. Жасақ үш жүздің де ұрысқа құмар ұлдарынан құралған болатын.
Ендігі тұста шайқас алаңында бұрын соңды болмаған өзіндік айлакерлігіне тоқталсақ, ипериялық қысымға қарамастан қазақ халқының тәуелсіздігін нығайтуды, Ресей патшалығымен дипломатиялық тату жағдайда болуды көздеп өз елшілерін жіберіп тұрды. Бірақ патша мен оның құзырлы орындарына ұнамайтын әрекеттері үшін үкімет тарапынан рухы биік Кенесарының көзін құрту үшін мыңдаған әскерлі қол жұмсалды. Алайда жазалаушы отрядтарды Кенесары алдарқатып кетті. Кенесарыны ұстап берген патшадан сый күткен қазақ сұлтандарының өзі еді.
Үкімет орындарының бірқатар жылдар бойы көтерілісті баса алмау себебі неліктен екенін зерттеушілер былай деп көрсетеді: «Далаға отрядтан соң отряд жіберіліп жатты, ал Кенесары сол отрядтың көз алдында ойқастай орғып, ойнақтай жалт беріп, құйрығын да ұстатпай шетсіз-шексіз далаға сіңіп кетіп отырды» – дейді [3, 5-6-б.].
«Қаһар» романында: «Кенесарының бір ойлаған айласы – күші басым, зеңбіректі, мылтықты жаумен бетпе-бет келіп ұрыспай, тиіп-қашып, соңынан қудыра қалжыратып, шаршата ұрысу...Кенесары жасағына жетемін деп ентелей соңынан ергенде, бір топ сарбазы шұбалып келе жатқан жаудың артынан тиіп, азық-түлігін, оқ-дәрісін артқан көшін бөліп әкетуге де қолайлы!» деп баяндалған Кенесарының әдісі жауының әбден әбігерін шығаратын тиімді әдіс еді [1,232-б.]. Кенесары әскері соңынан қуған әскерге жеткізбейді, көзден жоғалмайды да. Аралықты бір келкі ұстайды да отырады. Бизанов әскері «жетіп қаламыз» деген оймен қуа беріп, өздерінің азық-түлік орындарынан тым ұзап кеткенін байқамай, Кенесарының кейінгі шебіне тоналып қалады. Тіпті, «Аттан! Аттан!», «Кенесары! Кенесары!» ұранымен жау әскері ұйқыда жатқанда лап беріп жайпап өтетін дала сарбаздарын жазалауға келген бес мың қолды полковник Бизанов, Лебедев, Фалилеев әскерлері шығынға ұшырап, кері қайтқан.
«Кенесары әскері адамды жасыра алатын адыр, шатқал, тоғай, ши, қамыс тәрізді жаратылыстың өзі бейімдеген жер бетінің ерекшелігін пайдалануда әбден машық болып алған. Ит жылы Ақтау бекінісінің қасындағы Тіленіш-Шет бекетін алғанда да, Кенесары сарбаздары әжептеуір қаруы бар патша жасағын қалың ши арасынан шыға келіп күл-талқан еткен. Мұны естіген генерал-губернатор Горчаков штаб бастығы генерал-майор Фондерсонға ашуланып «Егер қазақтар тығылып жатқан қамыс, қарағай, ши тәрізді кісі жасырынар жерлерді күні бұрын саралап шыққан болсаңдар, олар бүйтіп аңдаусызда біздің солдаттарды бас сала алмас еді,» – деп келетін жолдары да дәлел [1,149-б.].
Кене хан – мемлекеттің жаңа құрылымын түзуші қайраткер. Кенесары «бұзақы», «қарақшы», «жабайы» деген пікірмен танитын зерттеуші Л.Мейер былай деп жазады: «Кенесары өз адамдарын қолдағанында да, бөтенге қарсы шыққанында да ешқашан байыпты ойламаған, адал болмаған» [2, 189-б]. Мұндағы пікір иелері Кенесарының ұлт-азаттық қозғалысының басшысы ретіндегі рөлін қаралауды көздеген тұжырымдарының саяси астарын аңғаруға болады. Алайда аталмыш авторлар Кенесарының халық арасында зор беделге ие болуы неліктен екенін, үкімет орындарының бірқатар жылдар бойы көтерілісті баса алмау себебі неліктен екенін түсінгендіктен амалсыз мойындады. Мейер: «Кенесарының өжеттігінде шек жоқ» десе, ал Добросмыслов: «Бұл сұлтан жігерлі, батыл, оның үстіне асқан ақылды адам еді» деді [2, 201-б.].
«Бірінші шешкендері әскер мәселесі. Екінші қаралған – қалың әскер жинауына байланысты оны жабдықтау. Үшінші әңгіме – ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту жайында болды. Ақырғы мәселе – сауда-саттық жайында еді» деп бүтін бір хандықтың негізін қалады [1,239-б.]. Себебі олар ел арасында өзара атыс-шабыспен айқасып жүрген қарақшылар емес, үш жүз құрған биік ордалы мемлекеті болатын.
1947 жылы тарихшы Е.Бекмахановтың атақты еңбегінің жарық көруі елеулі оқиға болғаны белгілі. Тарих ғылымының дамуындағы құнды зерттеуде «Кенесары реформалары арқылы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеген патриархалдық-рулық институттардың ескі формасын жойып, шаруашылықтың егіншілік, сауда сияқты неғұрлым алдыңғы қатарлы формаларын құруға алғышарт жасады. Кенесары хан Тәуке ханнан кейін феодалдық негізде қоғамдық құрылыстың анағұрлым оң формаларына негіз қалаған аса ірі мемлекеттік қайраткер болды» деген сипаттама берді [4,45-б.].
Ендігі осы хандық құрылым мен қиян кескі ұрыстың діттеген мақсаты мен нәтижесін бағамдай келе қортындыласақ, Кенесары бастаған халық ұлт азаттығын көксегенімен соңы берілумен аяқталды. Алайда біз байқамайтын бір тұсы, мұнда да Кенесары мақсатына жетті. Себебі Кенесары Ресей патшалығынан түбі құтылмасы белгілі екенін білді, бірақ мақсаты: адамық рухы мен келешек ұрпағы алдында ар тазалығын сақтау. Өмірінің соңына дейін күресіп бағуды қалады:
«– Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі демей ме?... қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді» деген І. Есенберлин бейнелеген шынайы Кенесарының сөзі еді [1,243-б.].
М.Қозыбаев «Хан Кене және Сырым батыр» атты мақаласында: «Қазақ мемлекеттігі туралы мәселені хан Кене нақты қойды. Ол Ресейден біржолата азат бола алмайтынын түсінді, сондықтан да қазақ елін Абылай хан тұсындағыдай империяның көлеңкесінде өз еркімен ішкі бостандығын, халықтық болмысын, хандық құрылысты сақтаған ел қылуды армандады» деп Кенесарының хан ретінде көрегендігін бағалайды [5, 56-б.].
Ж.Қасымбаев «Кенесеры хан» кітабында осыған дейінгі пікірлерді қортындылап, көтерілістің көзге көрінбеген куәліктерін келтіре келіп, Кенесары туралы жаңаша ойларды алға тартады. Кенесарының ұлылығын танытатын мағлұматтармен дәлелдейді. «Кенесары бар қабілетін патшаның жаулаушылық қимылдарын тоқтатуға немесе оның қарқынын әлсіретіп, үш жүздің бірлігін нығайтуға жұмсады» деген пікірі қайраткердің күрес мұратын ұғындырады [6, 5-6-б].
Ал нәтижесінде Кене хан қолы сатқындықтың зардабынан жеңіліс тапты. Патшалы үкімет Кенесарыны ұстап берушіге сыйақы дайындаған еді (300000 сом). Тіпті өлімінен соң да батыр бабаның тәніне тарих үркитін әрекеттер жасалуы – ерен ержүрек батырларға ғана тән өлім.
Кене хан – жаратылысынан текті тұлға. Оның еркінің ержүректігіне, көреген қабілетіне, сарабдал саясатына және, маңыздысы, елім деп ерге қонған хандығына қарап сөзсіз «ұлы» батыр деп қорытамыз. Ұлы Абылай ұрпағында ұлылықтың болуы да шартты.
Зерттеуші Н. Коншин: «Кенесары Қасымұлы қырғыздардың Құдайменді Газин, Сыбанқұл Ханқожин сияқты т.б. көсемдерінен әлдеқайда биік тұрған көрнекті адам болды. Олардың барлығы қырғыздардың рулық қарым қатынасының тар шеңберінен шыға алмады, тайпаларға және тіпті ордаларға бөлінген барлық қырғыздардың саяси бірлігі туралы армандаған Кенесары Қасымұлын ғана қырғыз халқының нағыз «батыры» деп айта аламыз» деген пікірі Кене ханның өз заманындағы бейнесін әп-сәтте аша салған [2,184-б.].
Ұлтымыздың тәуелсіз ел болып өмір сүре бастағанына тарих үшін азды кем 20 жылдан өтіп барады. Өте қысқа мерзімде қазақ тарихы өз халқымыздың талабына сай қызмет етуде, дегенмен осы күрделі тақырыптардың аясында – ұлт-азаттық қозғалыстар турасында өте көп пікірлер шатысып, талас-тартыстар туындауда. Нақты зерттеулерге емес, «дейді, дейді» тұжырымдамаларға негіздеу де – таластың бастапқы себебі. Кенесары, Махамбет көтерілістері толық зерттеуді қажет ететін мәселелі, кемел тақырыптардың тірегі бола алады. Өз заманында-ақ бағасын алған Кенесарылар біздің мадақтауымыз бен дәріптеуімізге мұқтаж емес, керісінше, оларды танып білуге және сол текті бабалардың тұлғалық деңгейіне жетуге біз мұқтажбыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет