Әож 811. 512. 122 Қазақ тіліндегі киім атауларының лингвомәдени мәНІ



Дата15.09.2017
өлшемі63,89 Kb.
#32847
ӘОЖ 811. 512. 122

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ КИІМ АТАУЛАРЫНЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ МӘНІ

Азадбекова Ф.А. – 117-13 тобының студенті

Ғылыми жетекші: Танабаев Ғ.Ө. – ф.ғ.к., аға оқытушы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент



Резюме

В данной статье рассматривается лингвокультурологический анализ номинаций национальной одежды в казахском языке.
Summary

This article discusses linguistic and cultural analysis of the nominations of national clothes of the Kazakh language.
Әрбір халықтың менталитетінің ерекшелігіне, яғни тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпына, наным-сеніміне байланысты түр-түстің символдық мәні қалыптасқан. Академик Ә.Қайдар бұл жөнінде: «түр-түс атаулары тамыры алыста жатқан, халықтың ұзақ өмірімен астарласа келіп, эстетикалық талғам-танымымен, ұлттық психологиясымен, салт-сана, әдет-ғұрпымен ұласатын қоғамдық, филологиялық, этнолингвистикалық мәні зор мәселелер қатарына жатады», − дейді [1,34].

Демек, киім-кешек түрлерін жасауда ата-бабаларымыз әлеуметтік, рулық т.б. да ерекшеліктерге байланысты оның түр-түсіне ерекше мән берген. Қазақ ұлтының мәдени өмірінің көрінісін этнографиялық түсінік ұғымдарынан анық байқауға болады.

Зерттеуші Г. Смағұлова: «көк» түсті қазақтар ерекше пір тұтқан. Ұлт ерекшелігін тұтастай тану үшін оның тілдік, танымдық қасиеттерін зерттеп білмейінше пәлендей ой пікір түюге болмайды. Тіл дүниенің ұлттық-мәдени айшықтарын бейнелеуде адамдардың когнитивтік (танымдық) әрекетін қоршаған ортаның ықпалымен ұштастырады», − деп түйіндейді [2,168]. Осы пікірдің растығын мынадан көруімізге болады: «Көксауыр. Осындай былғарыдан тігілген етікті бояу түсіне қарай көк етік, көксауыр етік деп айту қалыптасқан. Ертеде қазақы тондардың бас тон, қызыл тон, көк тон, қара тон, ақ тон деп аталатын түрлері болды. Тонды белгілі бір түске бояудың салттық мәні болды. Мәселен тонның көк кездемемен тысталып, өңіріне, етегіне құндыз ұстаған тері көк тон аталады. Мұндай тонды ертеде тек белгілі, атақты кісілер ғана киген». Басқа түркі халықтарында көк түстің қолданылуына байланысты Р.Шойбеков мынадай салттық дерек келтіреді: «Қаралы кезде көптеген халықтарда әйелдердің қара жамылатыны белгілі. Мәселен, өзбек әйелдері, жақын адамы қайтыс болғанда, үш күн бойы қара не көк кездемемен көйлек тігеді екен. Төртінші күні оған осы көйлекті кигізу салтын жасайды. Осы күнді және ғұрыпты «көк киді» деп атаған. Бір жыл өткенде ол көйлекті шешіп, ақ көйлек кигізген жора «ақ киді» деп аталады екен» [3, 17].

Қазақтың ерлері мен әйелдерінің киімінде әлеуметтік айырмашылықтар айқын көрініп отырған. Қазақ еркектері шашын түгел алғызып тастап, үйде де, түзде де бас киім киген. Ер адамның бас киімі оны киген адамның дәрежесі мен беделін танытқан. Қазақ қыздары мен тұрмысқа шыққан әйелдерінің бас киімдері мен шаш үлгілері қатты ерекшеленген. Әйелдер ерлерге қарағанда ұзынырақ және кеңдеу, түсі жағынан да ерекшеленетін көйлек киген. Қыздар мен жас келіншектер ашық түсті желбіршекті, бүрмелері көп, қос етек, қызылды-жасылды көйлек киюді ұнатса, ерлер көбінесе ақ түсті көйлек киетін болған. Сауданың кең құлаш жаюына байланысты көйлектер Ресейден әкелінетін шыт пен өзге мақта-мата өнімдерінен тігіле бастаған.



Етегіне желпіншек салған жібек көйлегі малынып, сызыла басып жақындап келді (Ә. Нұрпейісов. Қан мен тер).

Қына сары жібек көйлекке қызыл жібектен бүрме жаға салыпты. Жетпей қалған ғой! (Ғ. Мүсірепов.Ұлпан).

А.Байғұтованың көрсетуінше, төмендегі мысал қазақ әйелінің киім кию ерекшелігін ғана емес, кейде қажетсіз жерде жайбасарлық пен созылыңқылық таныта қалатын қазақтың бейғамдық болмысын, ұлттық психологиялық ерекшелігін әйелдің киім кию үлгісі мен қимылы арқылы астарлап дәл танытып тұр:



Үйден үстіне малынтып шұбалаң көйлек киіп, басына малынтып шұбалаң орамал тартқан әйел созалаңдап шығып, қалқи басып, ат үстіндегі күйеуіне бірдеңе апарып берді (Ә. Кекілбаев.Үркер) » [4, 45].

Бойжеткен қыз бен тұрмысқа жаңа шыққан жас әйелді, дүниеге сәби әкелген ананы, өмірден көргені мен түйгені мол салиқалы бәйбішені ата-бабаларымыз, ең алдымен олардың баскиімінен ажыратқан. Қыздар үкілі тақия, кәмшат бөрік киген.



Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен... Басында жап-жаңа кәмшат бөрік (М. Әуезов.Абай жолы).

Қаратаудың сусар бөркін киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта берді (І. Есенберлин. Көшпенділер).

Қыздардың бөркі елтірімен әдіптеліп, төбесіне қорғаушы қызмет атқаратын үкі қауырсыны тағылады. Көкті тәңір тұтқан ата-бабаларымыз құсты аспан белгісі санап, оған деген құрметін өз тұрмысында кеңінен қолдану арқылы білдірген әрі төлтума өнерінде кескіндеп отырған. Қауырсынын бала мен бойжеткен қыздың, сал-серінің баскиіміне, сәбидің бесігіне, төрдегі кілеміне, бәйге атына, шешен домбырасына, жас келіннің шымылдығына т.б.ырымдап тағатын халқымызда «үкі – киесі бар құс, одан жын-шайтан қорқады» деген түсінік қалыптасқан [5, 21].

Бөркіңді бөгіребасқа айналдырып салып ем, үкісі ғана ұйысып қалыпты (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Мен көзімді ашып қалғанымда, керегенің басында ілулі тұрған үкілі шақпақ бөрікті көрдім. Таң алдында ашылған қызғалдақтай қызыл барқыттан тігіліп, айналасына сыңғырлаған күміс теңгелер қадалыпты (Д.Исабеков. Гауһартас).

Қазақтың ұлттық киім атаулары ортақ болғанымен, әр өңірдің киім кию үлгісі бөлек. Бұл сол жердің табиғат ерекшеліктеріне ғана байланысты емес, сонымен қатар тұрғылықты халқының дүниетанымын да білдіреді. Шарқат– шәйі орамал, әйелдер басына тартады, ер адамдар белбеу етіп байлайды. Мысалы: Бұның қарап тұрғанын сезіп қап, жалт бұрылып еді, жайнаңдаған қос жанар көкірегін шоқша қарып өтті, өкпелегені де, еркелегені де белгісіз, керме қасын оқыс серпіп, жәудірей қарады да, шарқатын түзеді. Басындағы қызыл шарқатының ұшын оң қолымен мытып ұстап апты. 

Шарқат сөзінің төркіні парсы тілі деп есептейді, чарқәд – бас орамал, жаулық [6, 76]. Түрікменстан қазақтарында қызыл шарқат сөзі тұрмысқа шықпаған қыздың белгісі ретінде қолданылады. Шарқат  – үлкен қызыл шәлі екендігін Н.Ильминскийден де көруге болады. Ә.Нұрмағамбетов шарқат сөзі парсының шор – төрт, қат – жақ, бүйір  мағанасында жұмсалатын екі түбірден біріккенін айта келіп, қазақ тіліндегі мағынасын «төрт жақты, төрт бүйірлі» деп түсіндіреді [7, 133].  Яғни заттың формасы, сыртқы тұрпаты атауға негіз болған. Ал қызыл шарқат тұрмысқа шықпаған қыздың белгісі. Қызыл түс түркі мәдениетіне тән. Қызыл шарқат оның иесі, «оң жақтағы» қызға тән өскен ортасына лайық  әдеп, абыройды сақтау семантикасын танытады. 

Сонымен, ұлттық мәдениеттің көрінісі болып табылатын киім-кешек үлгілерінен халқымыздың ұлттық дүниетанымы, халықтық болмысы, әсемдікке құштарлығы, эстетикалық талғамы мен тұтыну қажеттілігін ұштастыру қабілеті, әлеуметтік ерекшелігі т.б. айқын байқалады.


Әдебиеттер:

  1. Қайдаров Ә., Ахтамбердиева З., Өмірбек Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. − Алматы, 1992.

  2. Смағұлова К.Н. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. − Ф.ғ.д. дисс: 10.02.02. − Алматы, 1998.

  3. Шойбеков Р.Н. Кейбір түр-түс атауларының мағыналары. − //Қазақ ССР хабарлары. Фил.сер. − Алматы, 1990. №3

  4. 4. Байғұтова А. Қазақ әйелі концептісінің этномәдени сипаты. − Ф.ғ.к. дисс: 10.02.02. − Алматы, 2008. – 149 б.

5. Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. – Алматы: Арыс, 2006. – 166 б.

6. Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан 1974. – 76 б.



  1. Нұрмағанбетов Ә. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні. – Алматы: Мектеп, 1985. – 159 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет